Тәрбие сағатының тақырыбы: Тіл құдіреті
Тәрбие сағатының тақырыбы: Тіл құдіреті
Өткізілетін күні: 27.09.2014 ж.
Тәрбие сағатының мақсаты: Оқушыларға ана тіліміздің маңыздылығын түсіндіре отырып, тілімізді құрметтеуге, ана тілімізден бөлек шет тілдерін, соның ішінде әсіресе ағылшын және орыс тілдерін меңгерудің маңызын түсіндіріп, бірақ өзге тілде емес, өз ана тілімізде қарым-қатынас жасауға тәрбиелей отырып, оқушылардың адамгершілік, рухани, патриоттық сезімдерін қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілігін нығайту.
Тәрбие сағатының өткізілу формасы: баяндама, стикерлер, слайд, жетондар.
Тәрбие сағатының барысы: Оқушылар жетондар бойынша «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Ағылшын тілі» болып үш топқа бөлінеді.
І-бөлім.
Мұғалімнің кіріспе сөзі: 22 қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдер күні. Бүгінгі тәрбие сағатымыз осы айтулы мерекеге арналады.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Осынау қарапайым ғана өлең жолдарының астарына үңіле қарасақ, қандай терең ой жатыр десеңізші! Біз – қазақпыз, біздің туған тіліміз – ана сүтімен дарыған қазақ тілі. Өз тілімізде сөйлеу өзін қазақпын деп санайтын әр тұлғаның азаматтық борышы. Тілін сүйген бала халқын сүйеді, халқын сүйген елін, жерін сүйеді. Десек те, қазіргі таңда өз ана тілімізбен қатар шет тілдерін білудің маңызды екені даусыз.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан халқына жолдауында» «Тілдердің үштұғырлылығын» баса көрсетіп атап өткен болатын. Өйткені, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – басқа елдермен қарым-қатынас тілі, ал ағылшын тілі – еліміздің экономикалық қарым-қатынасын реттейтін дүниежүзілік тіл. Сондықтан осы үш тілдің бірігуі еліміздің алдыңғы қатарлы дамыған 30 мемлекеттің құрамына енуіне бастайтын тілдер үштігі. Сондықтан, еліміздің барлық білім ордаларында ағылшын тілін 1-сыныптан бастап оқыту жолға қойылды. Елімізде көптеген шетелдік компаниялар ел экономикасын дамыту жолында ашылып жатыр. Бұл компанияларға жұмысқа орналасу үшін осы шет тілдерін білу маңызды. Шет елдерден келген мамандардың болашақта орындарын басатындар, жоғарғы білімді, әрі білікті мамандар өз отандастарымыз болуы керек. Сондықтан мектеп бітіруші жастардың көпшілігі шет елдерде білім алуға мүмкіншілігі бар. «Болашақ» бағдарламасы бойынша қаншама жастарымыз мамандық иелері атанып, әр салада еңбекке араласуда. Яғни, еліміздің тізгіні әрқашан өз жастарымыздың қолында болуы керек.
Орысшаға жорға болсаң, не деймін,
Ағылшынға ағып тұрсаң е, мейлің.
Аппақ сүтін ақтамайсың анаңның,
Ана тілдің асырмасаң мерейін!
Ендеше, шет тілін меңгерейік, үйренейік, бірақ өз елімізде тек қана ана тілімізде сөйлесейік. Өйткені ана тіліміздің тұғыры әрқашан да мықты болуы керек.
ІІ бөлім. Топтық жұмыс. Оқушыларға нақыл сөздер беріледі. Тапсырма: қарамен жазылған сөздерді орыс және ағылшын тілдеріне аудару керек.
Нақыл сөздер:
- Тіл жоқ жерде ұлт жоқ.
- Тіл – халық тарихы.
- Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды ұмыту.
- Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерді түсіну мүмкін емес.
- Тіл – өмірдің ұлы қаруы.
Қорытынды сөз.
Сонымен, қазіргі таңда шет тілін, әсіресе ағылшын тілін меңгерудің маңызы неде? Елбасымыз өз жолдауында былай деген болатын: Қазақстанға өзінің ғылыми әлеуетіне қоса жоғары технологиялардың халықаралық бизнесіне қатысатын және оған бастапқы құрылтайшылық деңгейінде қатысу жөнінде бастамашылық танытатын уақыт жетті деп білемін. Қазақстандық бизнес қазірдің өзінде аяғынан тік тұрды, өзінің әлеуметтік жауапкершілігін пайымдай бастады және өз қызметін соған сәйкес құруда. Бұл жағдайда шет тілін білудің маңызы зор. Сондықтан заман талабына сай шет тілін меңгеру қай сала қызметкерлері үшін болмасын маңызы зор. Әйтсе де, өз ана тілімізді құрметтейік.
22 қыркүйек – Қазақстан халықтарының тілдер мерекесі баршамызға құтты болсын! Еліміздің болашағы жарқын, тұғыры мықты болсын! Ана тіліміз – қазақ тілінің мерейі әрқашан үстем болсын! деген тілекпен бүгінгі тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.