Аман болшы ақ мамам!

Сабақтың тақырыбы: «Аман болшы ақ мамам!»

  Сабақтың мақсаты: Ана жайлы тамаша сөздер, өлеңдер, әндер арқылы аналарды мерекелерімен құттықтау. Ананың мейірімін, махаббатын, жақсылығын түсініп, оған балалық сүйіспеншілікпен жауап бере білуге баулу.

Көрнекілігі: плаккттар, үнтаспалар, кеспе қағаздар,

Жоспар: І Кіріспе сөз.

Қайырлы күн, құрметті абзал жанды аналар мен ұстаздар!

Наурыз күні – Ана күні, әлем күні

Әлемді тебірендірер ана үні

Анасыз жан туған жоқ жер бетінде

Ұғып ал, бөбектерім, сендер мұны.

Адам баласы үшін – ана. Бала дүниеге келген күннен бастап өзінің жұмсақ алақаны, жылы жүзі, ыстық ықыласы арқылы барлық сүйіспеншілік, мейірімділік, махаббатын бере білген аналар үшін жер дүниені мекендеген адамзат қауымы бір күнді мейрам етіп белгілеген.

Ол – 8 – Наурыз мерекесі.

Бүгін біз де аналарымызды мейрамымен құттықтау үшін «Аман болшы ақ мамам!» атты кешімізді ашық деп жариялаймыз.

8 – Наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі құтты болсын! Аяулы, қымбатты, абзал аналарға ұзақ ғұмыр, бақытты өмір, отбасыларына амандық пен қуаныш тілейміз.

Хор. «Құттықтаймын мама»

ІІ. Адам бойындағы асыл қасиеттің бәрі ананың ақ сүтінен жаралып, күннің нұр шапағынан нәр алып, бүр жаратынын атам қазақ атамзаманда ақ білген. Алаш баласының ананы айрықша ардақтап, есімін асқақ ұстайтыны да сонан болса керек. Шынында да, ел бастаған көсем де, топты жарған шешен де, азуын айға білеген ақын да, семсерін қанға суарған батыр да, ой кенін қазған ғалым да, әлемді аузына қаратқан дарын да анадан туған ғой. Туған халқының атақ – даңқын дәуірлетіп, дүйім дүниеге танытатын да сол аналар. Демек, бұл дүниеде анадан асқақ жан иесі жоқ.

Ата – бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ғибрат аларлықтай өсиет сөздері бар. Сол сөздерден аналарымызға, әжелерімізге байланысын айту. Оны қарт ата мен жас жігіт арасында болған әңгіме түрінде жеткізеді.

1 оқушы:

 — Үйдің алтын қазығы кім? – депті қарт.

 — Ата, үйдегі алтын қазық бала, — депті жігіт.

— Жоқ, балам, үйдегі алтын қазық – ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі – қызға үлгі, әке тәрбиесі – ұлға үлгі. Ана ақылшың, әке қамқоршың, ағаң қорғаушың, інің сүйенішің, қарындасың қанатың екенін ұмытпа. Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі – көзінде, ықыласы – көңілінде, ақылы – сөзінде, қарағым.

 

 

2 оқушы:

— Жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?

— Ата, жоқты бар, ашты тоқ ететін мейірімді әке, — депті жігіт.

— Жоқ, балам, әке қанша мейірімді болса да ананың жөні бөлек. Жоқты бар, ашты тоқ ететін – ол – ана. Анасыз бала ұйқтамайды, қатықсыз айран ұйымайды.

3 оқушы:

— Өмір сүру үшін не қажет? – депті қарт.

— Ата, өмір сүру үшін алтын, ақша, мал қажет, — депті жігіт.

— Жоқ балам, адамның өмір сүруі үшін су, от, тұз, қыз, ақыл қажет. Су тіршіліктің нәрін береді, От өмірдің сәнін береді, Тұз астың дәмін келтіреді, Қыз көңілдің сәнін келтіреді, Ақыл өмірдің мәнін келтіреді.

ІІІ. Ана – деген адамзаттың данасы,

Ана – деген сәбилердің панасы.

Ана – деген жарық жұлдыз шырағың,

Ана – деген қайнар ыстық бұлағың.

Ана – деген өмірдегі қамқорың,

Ана – деген сүйенерің, жан құрбың.

       Ал енді аналарымызды топқа қосайық, сіздерге сұрақ.

  1. Ана тілі пәнінен балаңызбен бірге жаттаған қандай тақпақ есіңізде қалды? (орындап беріңіз)
  2. Балаға әдептілік, мәдениетілік жағынан қандай ырым – тыйымдар айтасыз?
  3. Отбасында балаға тәлім — тәрбие беретін қандай мақал – мәтел айтасыз?

 

Атамыз қазақ мейірімділікті анадан үйрен, әдептілікті данадан үйрен деген екен, олай болса отбасындағы бар жақсылықты, әдептілікті, мәдениетті сөйлеуді, барлық жақсы қасиеттерді сіздерден алады.

Ол – ана, адамзатқа қанық үні,

Әр жүрек, әр көңілдің жарық күні.

Ол деген – алыбы ғой алыптардың,

Ананың тілі емес пе, халық тілі?!

Ананың өмірдегі рөлі: Ана – бала үшін өмірдегі ең қымбатты жан. Қандай ана болмасын балаға деген мейірімі, махаббаты, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтін беріп асырайды. Әр ана баласының дені сау, жақсы азамат болса екен деп арман етеді. Ананың мейірімділігі сонша, жанұяда қанша бала болса да, солардың бас – басына өзінің жақсы қасиеттерін үйрете отырып, тәрбиелейді.

 

 

 

 

 

Аналарға жұмбақ жасыру.

  1. Табаққа түспес,

Қазанға піспес.

Оны ішпей адам өспес. (Ана сүті)

Әлемде өзгермейтін үш-ақ зат бар. Ол – ананың сүті, күннің нұры, сәбидің күлкісі.

Жан ана, жарық күн – жанарың,

Бір сенде кеңдігі даланың.

Балаңды құшақтап сүйгенде,

Сеземін көктемнің самалын.

Әлемге тыныштық тілеген,

Жан ана, жаныңа гүл егем.

Балалық жүрекпен айтылған,

Махаббат белгісі бұл өлең.

Ендігі кезекте оқушыларының мерекелік өлең шумақтарын қабыл алыңыздар.

Би. Орындайтын 2-сынып оқушылары.

Оразгүл — Әділет.

Ақгүл – Жандос.

Хор. Аналармен бірге. Әні Ш. Қалдаяқовтікі.

                                  Сөзі Ғ. Қайырбековтікі.

Аналар сіздерге арналған балаларыңыздың шығармашылығымен танысасыздар.

Қорытынды: Сіздерге айтарымыз              Аналар қуат күшің талмасын,

Бақыт гүлің солмасын,

Асқарына арманның

Ұрпақтарың самғасын.

Сен – анасың, сен – данасың, асыл жан

Бар ақылдан артық тұрған басың бар.

Өзің де жас, көңіл де жас қартайма.

Бір байлығың мына тұрған балалар.

Бәрі хормен: Бағымызға аман болып жүз жаса

                   Мол бақытқа бөлене бер, жан ана.