Тіліңді қорға қазағым

Тәрбие сағатының тақырыбы; Тіліңді қорға қазағым

Тәрбие сағатының мақсаты;

Ана тілін қадірлеуде,оны бұрмалаудан қорғауға,тіл мәртебесін көтеруге тәрбиелеу.

 

Көрнекілігі;                    Қазақтың үй жиһазы арқылы сахнаны безендіру,қыл қалам шеберлерінің ті туралы ұлы сөздерді ілу.

 

Жүрісі;                             Қазанқаптың-«Құс қайтару»-күці ойнап тұрады.Сахнада қазақ  үйінің ішкі жабдығы жасалады.

 

1-бастаушы;      Тіл-ұлтымның тірегі

Таңдатпай тағдыр жолдаған.

Тіл-ұлтымның жүрегі

Лүпілін алла қолдаған.

Тіл-қорқыттың арманы

Асан қайғы өрлеткен.

 

Көрініс; Асан Қайғы жырын оқу.

(қобыз тартып отырып)

 

Құйрығы жоқ,жалы жоқ,құлан қайтіп күн көрер.

Аяғы жоқ,қолы жоқ,жылан қайтіп күн көрер.

Шыбыны шықса жаз болып,таздар қайтіп күн көрер.

Жалаң аяқ балапан,қаздар қайтіп күн көрер.

Бұл заманда не ғаріп,

Ақ қалалы боз ғаріп,

Жақсыларға айтпаған,

Асыл шырын сөз ғаріп.

Замандасы болмаса,

Қариялар болар тез ғаріп.

Қадірін жеңге білмесе,

Тойға жеткен қыз ғаріп.

Ел жағалай қонбаса,

Бетегелі бел ғаріп.

Қаз,үйрегі болмаса,

Айдын шалқар көл ғаріп

Мүритін тауып алмаса,

Азғын болса пір ғаріп.

Ата жұрты бұқара,

өз қолында болмаса

қанша жақсы болсада қайратты туған ер ғаріп.

 

2-бастаушы;  Тіл-қалың сөз орманы,

Бұталы тармақ ер жеткен.

Ат арыса жел бітер

Жүйрік озар жүйріктен

Тілің озса әл кетер

Сеп болмай қолда биліктен

Бақыт бер әрбір сөзіңе

Тар заман шеккен азабын

өз қолың жетсе өзіңе,

тіліңді қорға қазағым!

 

1-бастаушы;  Тіл десе түсер ауызға,

Қаз дауысты Қазыбек.

Айналған аты аңызға,

Ханға да әділ қазы боп.

Бергені тағдыр ғаламат

Төле бидей дананы

әр сөзін етті аманат,

жоңғарлар қысқан заманы.

Үшеудің бірі тең түскен,

Бар Әйтеке биіміз.

 

Көрініс; «Үш би».

 

Төле би;       Уа,халқым,сөз қадірін білесің;

Жаңбыр жауса жер жетім,

Басшысы болмаса жер жетім,

Ұқпасқа айтқан  сөз жетім…

Атың жақсы болса

Ер жігіттің пырағы.

Балаң жақсы болса,

Жан мен тәннің шырағы.

 

Қазыбек  би;  Аты жаманның арманы кетер.

Баласы жаманның дәрмені кетер.

 

Әйтеке би;      Биікке шықсаң,көзің ашылады

Жақсымен жолдас болсаң,көңілің ашылады

 

Төле би;          Сөз танығыш жастарға айтар он түрлі жұмбағым бар,

 

Әйтеке би;      Айтыңыз ұлы аға.

 

Төле би;           Айтсам он түрлі жұмбағым мынау; бір,екі,үш,төрт,бес,алты,

Жеті,сегіз,тоғыз,он.

 

Дауыс;              Бұл не деген жұмбақ? Осындай да жұмбақ бола ма?

 

Қазыбек би;     Ұлы аға! Бұл жұмбағыңызды мен шешейін,рұқсат етіңіз.

 

Төле би;            Рұқсат ,қаз дауысты Қазыбегім,рұқсат»

 

Қазыбек би;      Бір дегеніңіз-бірлігі кеткен ел жаман.

Екі дегеніңіз-егесіп өткен ер жаман.

Үш дегеніңіз-үш бұтаққа бөлінген ағайын жаман.

Төрт дегеніңіз-төсектен безген жас жаман

Бес дегеніңіз-белсеніп шапқан жау жаман.

Алты дегеніңіз-асқынып кеткен дерт жаман

Жеті дегеніңіз-жесір қалған жас жаман.

Сегіз дегеніңіз-серпілмеген қайғы жаман.

 

Тоғыз дегеніңіз-торқалы той,топырақты

өлімге бас көрсетпесе,сол жаман.

Он дегеніңіз-оңалмас кәрілікке  дауа болмас-деген

сөзіңіз,ұлы аға!

 

Төле би;             Рахмет,дәл тауып шештің,ойы да,тілі де жүйрік тұлпарым менің…

 

Әйтеке би;         Суалмайтын суат жоқ.

Тартылмайтын бұлақ жоқ.

Тамыры суда тұрса да,

Уақытысы жеткенде

Құралмайтын құрақ жоқ…

Тек жақсыдан өлмейтін сөз қалады.

 

Төле би;              Дұрыс айтасың,Әйтеке. Ал,қаз дауысты Қазыбек би,мынау жиылған халайыққа не айтасың?

 

Қазыбек би;        Өркенім өссін десең,

Кекшіл болма-

Кесапаты тиер еліңе.

Елім өссін десең,

өршіл болма-

өшкеніңді өшірерсің.

Басына іс түскен пақырға

Қастық қылма-

Қайғысы көшер басыңа

Жанашыры жоқ жарлыға,

Жәрдемші бол асыға

Қиын-қыстау күндерде

өзі келер қасыңа.

Бүгін сағы сынды деп,

Жақыныңды басынба.

 

Төле би;               Сөзің асыл,қаз дауысты Қазыбек!

Уа,халайық!

Көсіре шабар жерің бар,

Тау көтерген ерің бар!

Қол боларлық елің бар,

Атадан қалған сара жолың бар!

Сөз қадірін біліңдер!

 

2-бастаушы;        Түгел қамтып,кең пішкен.

Солардан қалған тіліміз

Дербес ел болсаң,шежіре

Аударар бізге назарын!

өз қолың жетсе өзіңе

тіліңді қорға қазағым!

 

1-бастаушы;         Тіл-Абылай ұраны,

Қалың жауға бастаған

Тіл-Біржан сал бір әні,

Ақан сері қостаған.

 

Ақан серінің әні; «Балқадиша».

(Бала бір ағашты үңгіп,ыңылдап отырады.Жыр айтып,біреу келе жатады,сахна сыртында).

 

Сахна сыртында Махамбет;

Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Ерлердің ісі бітерме…

(Батыр отырған баланың қасына келеді. Бала әдеппен иіліп сәлем береді).

 

Бала Құрманғазы;        Армысыз аға?

Махамбет батыр;          Қай ұлансың,қарағым?

Бала;                               Мен,Қызылқұрт Сағырбайдың баласы Құрманғазымын.

Махамбет батыр;           Көзіңде өшпес жалын бар,болғалы тұрған ұлмын де,иә!

 

Қабырғасын сөксе де қайыспас қайсар нар болатын түрің бар ұлым!

 

Бала;                               Өзіңіз кім боласыз

Махамбет батыр;           Мен де,үлан,мен болам,

Ағатай –беріш ел болам,

Исатайдың серігі,

Ел жұртым деп жанымды

Шүберекке түйген ер болам

Халық жауы хандардың,

Қарны жуан билердің

Басын кессе-дер болам,,,

Жайықты малға толтырып

Халыққа теңдік әперсем-

деп,арманға қол созған,

Махамбет батыр мен болам!

 

Бала;                         Ақын аға Махамбет,мені өзіңмен ала кет,

 

Батыр;                      Жоқ қарағым,ертерек,қабырған әлі қатпаған,томаған әлі толмаған. Әзірге жассың,ертерек! Мынау не қарағым?

 

Бала;                          Домбыра жасап алмақпын,ел кегін егіз шектен еңіретіп төгетін.

 

Батыр;                       Мақұл,балам,әзірге қош. (батыр кетеді,бала  Құрманғазының орнына шал Құрманғазы келіп отырады.Жәймен күй ойнап тұрады.)

 

1-бастаушы; 1888 жылдың дауылды бір күні еді. Кәрі Атырау ақ бас толқындарын шыңға соғып жатты. Етектегі ауылдың шеткері тігілген киіз үй жанында күмістей ақ сақалы төсін жапқан бір қария отырады.Оның өткір қара көздері бір нүктеге қадалған. Қария салалы саусақтарымен перне қуып,ақ үкілі домбырасын шертіп қояды.Оның домбырасынан теңіз толқынындай арындаған асау күй төгіледі. (Айналасына халық шоғырлана түсті.Осы кезде қолына домбыра ұстаған қыз бала,қарияның қасына келіп отыра кетті де,жаңағы күйді тартып берді).

 

Құрамнғазы;             Айналайын,қыз да болсаң мұрамды ұстарлық болып туыпсың. Көп жаса ,қызым,көп жаса!

Жан шошыр бастан өтті талай майдан,

Шыққан жоқ атқан оғым терең сайдан.

Екпінді кек күш беретін,

Ұл туар дәл өзімдей ана қайдан.

Бұл тартқаның қандай күй?

 

Дина қыз;           Бұл күйді «Көбік шашқан» деп атайық,ата.

 

Құрманғазы;        Тауып айттың,қарағым. Күйдің аты «Көбік шашқан» Атың кім шырағым.

 

Дина қыз;            Атым Дина,

 

Құрманғазы;        Мерейлі бол,Динажан,мен кек күйшісі,Құрманғазымын.Тәрбиешім-Махамбет ақын-Исатай ердің серігі.Мұрамды саған тапсырдым,халыққа жеткіз күйімді.

(домбырасын Динаға ұсынады)

 

Дина қыз;          Егер де маған,атажан,шынымен сеніп берсеңіз,кек ұрандас күйіңізді халыққа ойнап беруге жас жүректен ант етемін( тізерлеп отырып домбыраны сүйеді).

 

1-бастаушы:     Міне күй атасы Құрманғазы мен Динаның кездесуі жөнінде ел осылай аңыз етеді. Дина апа осы антын адал орындады. Ол күй атасы Құрманғазыдан алған асыл мұрасын алтындай сақтап,қазынасына табыс етті.

 

2-бастаушы;      Тіл-Абайды тудырған,

Білсін деп бізді бар ғалам.

 

1-бастаушы;       Құлақтан кіріп бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

әнді сүйсең менше сүй.

Дүние ойдан шығады,

өзімді-өзім ұмытып.

Көңілім әнді ұғады,

Жүрегім бойды жылытып.

 

Абайдың әні «Желсіз түнде жарық ай».

 

2-бастаушы;       Тіл Жамбылды ту қылған,

Жеткенше жүзге сайраған.

Зер салсам ойлы сөзіне

Коремін ән,күй базарын.

өз қолың жетсе өзіңе,

тіліңді қорға,қазағым.

 

Хормен; «Жамбыл ата» әнін орындау.

 

1-бастаушы;        Тіл-жалықпас мұрагер,

өлсең де жоқтау арнаған.

Тіл-«шаппай бер» Құлагер,

Алдына өнер салмаған.

Тіл-Төлеген ажалы,

саналы жанды күррсінткен.

Тіл-Қыз Жібек ажары,

жүрегі барды сүйсінткен.

Тіл-үзілмес әз үнім

шарықтап құмар қандырған.

Тіл-Ләйлі,біз-Мәжнүн,

махаббат естен тандырған.

Тағдырдың түсіп тезіне,

Шекпестей қорлық мазағын.

өз қолың жетсе өзіңе,

тіліңді қорға қазағым!

 

2-бастаушы:         Тіл-той,думан,ғажайып,

немерем тілі шыққан күн.

Тап неше құным азайып,

Тап бүгін бәрін ұққаным.

Арқа сүйер пана бар,

Ахмет,Мағжан,Мұхтардай.

Тіл зергері даналар,

есімін елі құптардай.

өкінбе алтын жезіңе,

аз емес басқа қазарың.

Өз қолың жетсе өзіңе,

Тіліңді қорға қазағым!

 

Көрініс;                 М. Әуезов «Әженің әңгімесі».

 

1-бастаушы;         Биыл Абайдың жасы он нүшке толған еді. Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі біртүрлі шебер әңгімеші екен,қызық сөйлейді. Әңгіменің барлық жерін дәмді қып,қызықтырып айтады. Әуелі Абай ауыра бастағанда,бір күні кешке ұйықтай алмай жатып,әжесінен әңгіме айтуды сұраған. Сонда ол ойланып отырып;

 

Әжесі;                    -Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен,

Бұрынғыда кім өткен!?

 

2-бастаушы;          Әжесі әңгімені осылай бастайтын,ылғи әңгіме тыңдарда,Абай әжесінің тізесін қағып;

 

Абай;                     -Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен,

Бұрынғыда кім өткен!?

 

1-бастаушы;           Кейде әжесі шаршаса,өз шешесіне жабысатын. Ұлжан да көп әңгіме білуші еді. Оқымаған шешесінің әлі күнге ұмытпай,білдірмей сақтап жүрген зейініне таң қалады.Сондаи шеше әңгімелеріне бар пейілін беріп жүрген күндердің бірінде бұл үйге бөгде екі қонақ келеді (екі қонақ кіріп, отырғандарға амандасады). Бірі қартаң,бірі жас қонақ. Жасын Абай біледі,таныған жерде қуанып кетті. Ол былтыр жайлауға келіп,осы үйде үш күн жатып, «Қозы Корпеш-Баянды» жырлап берген Байкөкше еді. Қасындағысын Абай білмесе де ,шешесі әбден таниды екен.

 

Шешесі;                  Ал,балам,әжең екеумізді қажай беретін едің, әңгіме-жырдың дүкені,міне,жаңа келді. Мына кісі;-Барлас- деген ақын.

 

2-бастаушы;            Барлас Абайға салғаннан ұнады. Білгенін ішіне  бүгіп,үндеми отырған өзге үлкендердей емес.

 

Барлас ақын;            Е, балам; «Шешенің судай төгілген, тыңдаушың бордай езілген»-дегендей сөйлеуіңді де,тыңдауыңды да сүйген ел-ел-дағы. Тыңдауға өзің жалықпасаң,айтуға Байкөкше жалықпас (жолдасына қарап).

 

2-бастаушы;             Осы түнде ас піскенге дейін «Қобыланды батыр» жырын жырлады. Абайдың қазақ аузынан да,кітап ішінен де өмірі естіп білмеген,ең бір сұлу,ең бір әсерлі,күшті жыры осы еді (Барлас қолын жуғалы қамданғанда);

 

Абай;                        Мұны айтқан кім? Осы өлеңді шығарған кім екен?

 

Барлас;                      Бұл Абай тілегі еді… Абай бұл күнге дейін өмірінде осы Барлас,Байкөкше баян еткен дастан-жырларға бара-бара еш нарсе естімеген сияқты болды. Күндіз де,түнде де Барластың қасынан шықпады. Осы жолы Абай әрі өзі ысылып, әрі шешесі арқылы салмақ салып,Барлас пен Байкөкшкні дәл бір айдай жібермеді.

 

Барлас;                       -Шырағым,ер жетерсің,

Ер жетсең сірә не етерсің?

Алысқа шырқап кетерсің,

Шыңдасаң шыңға жетерсің.

 

(Абай домбырасын ұсынады). Міне ,балам осы менің батам болсын (Ақындар жүруге қамданды. Абай  шешесін шақырып алып);

 

Абай;                          Апа,екеуіне де жақсы сый беріп аттандыршы (қонақтарға қымыз құйылады).

 

Ұлжан;                        Мынау балам оқудан қайтқалы сүле науқас боп,арыла алмай қойып еді. Сендер келгелі жақсы сөздеріңмен ем әкелгендей болдыңдар,қадамы құтты қонақ екенсіңдер.

 

2-бастаушы;               Абай шынында да,дәл осы кезде өзін-өзі бір сырқаттан құлан таза болып алғандай,бойына қайрат жиып алғандай сезінді.

 

Ұлжан;                        Тағы да келе жүріңдер. Анау кәрі әжесі мен бізді де сөйлетіңдер. Жолдарың болсын! Келген сапарларыңа тыста бір азырақ ырым байлаттым. Ала кетіңдер… Риза қош болып аттаныңдар.

 

Әжесі Зере;                 Қонақтар жүруге қамданып отырсыңдар ғой,ас қайырып бата алайық!

 

Байкөкше;                   Асқа берекет,

Адамға қанағат,

Аллаға сабыр ет,

Не тілесең соны қабыл ет!

әумин!

 

(Қонақтарды аттандырады).

 

Абай;                         (шешесіне риза болып);-Апа сізге де үлкен рахмет! Адам жанын айтқызбай ұғасыз. Ризамын,анашым (бәрі сахнадан кетеді).

 

1-бастаушы;               Тіл-ұлтымның санасы,

елдікке дербес  жараған.

Тіл-ұлтымның жарасы,

ұлы дерт бойға дарыған.

 

Ауданымыздың ақыны Аманқос Сабыровтың «Ана тілім-ардақтым» жыры.

 

Несіне мен қазақпын ,өз тілімді білмесем.

Өз елімде жарқылдап,еркін сөйлеп жүрмесем.

Құт мекенім қасиетті ата-бабам жерінде,

Нағыз қорлық-деп білемін,басқа тілде тілдессем.

Ана тілдің қасиетін айта білген түсінер,

өз тілінде сөйлейді өмір көрген кісілер.

Жойған күні тіліңді,жойылады қазақ та,

Жоя білген адамдар-құлдыққа да түсірер.

Мансап үшін өз тілін құрбан еткен адамдар,

Басқа тілді қастерлеп,ана тілін жамандар.

Ондай жандар ортадан аулақ болса сол дұрыс.

Қазақ емес шіріген жұмыртқа деп санаңдар!

Ана тілін сатқандар опасыз-деп білемін,

Білген жанға өз тілің-қунышың,тірегің.

Қазақ тілі қор болса,қор болғаным менің де.

Ол жойылса мәңгілік тоқтап қалар жүрегім.

Керек емес байлығын,керек емес алтының,

Менің жалғыз тілегім,тілін сақта халқымның.

Ана тілім бар жерде сақталарын білемін

Қазақ үшін қасиетті ата-дәстүр салтымның.

Ана тілін тартқылап0салып жүрген көкпарға.

Ойлаңдаршы қазағым,осы бізде бет бар ма?

Ана тілін ту етіп,көтер қазақ көгіне.

Айқасқа түс,сол үшінайтыс болса шегінбе.

Ана тілді сыйламай,өгей бала болмайық.

өз тіліңде сөйлемей,өзің туған жеріңде.

 

1-бастаушы;    Төс қақпайық,ағайын,

өзім де шошып ескерем.

Өзгермей тұр ғой маңайым,

Ескеріп,толқып,ес берем.

Ордалы жылан көтермес.

Ойыңды тапқан оңаша.

Қимылсыз міндет өтелмес,

Қапыда қатер орнаса.

Бақыт бер әрбір сөзіңе,

Тар заман шеккен азабын.

Өз қолың жетсе өзіңе.

Тіліңді сақта ,қазағым!

 

Хор;    Ән ұран.

 

Тіл туралы тәрбиелік шараның көріністерін әр ұстаз өзгертіп алуларына болады.