Біздің өміріміз – ең басты құндылығымыз

Біздің өміріміз – ең басты құндылығымыз

Мақсаты: өмірге деген құштарлықтарын,қызығушылықтарын ояту,

өмірдің мәні туралы ой пікірлерін ортаға салдыру,өмірге жақсы көзқараспен қарауға, қадірлей, бағалай білуге тәрбиелеу өмірден өз орындарын таба біліп, айналасына қуаныш сыйлай білуге үйрету.
Өтілу түрі: ойталқы.
Көрнекіліктер: өмір туралы қанатты сөздер, слайд.

Пәнаралық байланыс: өзін-өзі тану, психология, қазақ әдебиеті.
Сабақтың барысы:

Шаттық шеңбері:  Оқушыларды  жыл мезгілдері арқылы  3 топқа бөлу.

Кіріспе сөз:  — Саламатсыз ба, балалар! Біздің бүгінгі тәрбие сағатымыз ӨМІР жайлы болмақ. Сол себепті бүгінгі  сабағымды күні кеше ғана дүниеден озған ҚР халық жазушысы, біздің жерлесіміз Қ.Мырзалиевтің өмір жайлы мына өлеңімен бастағым келіп отыр.

Адам жылап туады

Ағайынын қуантып.

Және жылап өледі

Өзгені де жылатып.

Жылайтыны туарда

Жамандар бар қинайтын,

Жылайтыны өлерде

Жақсылар бар қимайтын.

Ия, шындығында адам өмірге жылап келіп, жылап кетеді. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Сол өмірді қалай етіп  өткізем деу адамның өз қолында. Өмірде  адаспаудың ең бірінші жолы ол – өзіңді-өзің тану, өзіңді-өзің сыйлау, өзіңді- өзің қадірлеу.
Өмір дегеніміз – адам баласының туған күнінен бастап, осы күнге дейінгі жүрген жолы.. Өмір былайша алып қарағанда төрт-ақ әріптен тұратын сөз.  Алайда осынау сөзге қаншама ұғым сыйып жатыр десеңізші. Оның әрбір мезеті сынақтан тұрады. Қиындық пен қуаныш кезектесіп жетіп отырады. Бір ағамыз: “Өмір – сырын білгізбейтін тентек ат секілді, қай жағыңнан келіп тебетінін білмей де қаласың” деген екен. Иә, шынында да солай. Басқаша алып қарағанда өмір шеті де, шегі де көрінбейтін үлкен өзен тәрізді. Ал, біз сол өзенде ақырын жүзген қайықпыз Олай болса, Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Осы қамшының сабындай қысқа ғана өмірде бір-бірімізбен тек сыйласып өткенге не жетсін.

Ой қозғау: Оқушыларға ауызша сұрақтар беріліп, сол жөнінде оқушылардың ойы тыңдалады.

  • Өмір дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Өмірдің мәні неде деп ойлайсыңдар?
  • Өмір адамға несімен қымбат?

 

Топтық тапсырма:

І топ. (Өз ойларын ортаға салады)

Өмір деген тұрмайды: қап — қарадан.
Өмір деген тұрады:ақ — қарадан,
Ақ — Қара,екі арасын ашып өтіп,
Арымен өз бақытын тапқан Адам
Ақын «АҚ»және «ҚАРА»деп нені меңзеп отыр?
Қай уақытта адам өмірі «аққа»толы болады?
Адам өз бақытын табу үшін не істеу керек?
ІІ топ. (Әпсана-әңгіме арқылы ой қорытады.)

ІІІ топ. «Өмір – бұл…»  ойтолғау жазу.

Өмірдің кедір-бұдыр жерлері толып жатыр. Олар әр адым сайын ұшырасады. Оларды именбей, жасқанбай, өту-ол да бақыттың бір шыңы. Ештеңеге мойымай, өзіңе сенімді болсаң, қиындықты жеңсең – сол бақыт.

Жаратқанның адамға берген ең үлкен игілігі-өмір болса, сол өмірге өкпелеуге еш хақымыз жоқ.

Өмір жолы көшкен керуен соқпағы тәрізді. Оның бұлтарысы да, жазығы да көп. Асуы қиын асқарымен қатар, төмен қарай құлдырап өтер ылдиы да болады. Керуен жолы кейде ұзақ, кейде қысқа келеді. Бірақ қауіп-қатерсіз, қиындықсыз болмайды. Ойламаған жерден жел тұрып, сұрапыл дауыл соғады, қалың жауын нөсерлей құйып, кенет сарылдай аққан, өткел бермес, долы өзенге айналады, көшті бөгейді. Бұндай бөгеттен тек шаршамайтын, талмайтын керуен ғана өте алады. Тоқтамай көшіп өзінің деген жеріне жетеді.

Жүректен-жүрекке. (жүрекшелерге тілектерін жазып, тақтаға іледі.)

«ӨМІР» туралы слайд тамашалау.

  

Қорытынды:

Сөз соңында «Адамды өмір үйретеді, үйретпесе күйретеді.» дегендей

«Өмірдің қызығын көрудің бір-ақ жолы бар батыл болып, жеңілісттер мен ауыртпалықтардан қорықпау» дегім келеді.

 

Біз бақыттымыз, себебі біз тәуелсіз мемлекетте өмір сүреміз.

 

Келесі кездескенше сау болыңыздар!