Армысың, әз Наурыз!
Күні: 19.03.2014
Тақырыбы: Армысың, әз Наурыз!
Мақсаты:
- Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып, дәстүрлі түрде тойланып келе жатқан жыл басы – Наурыз мерекесінің қасиеті мен дәстүрінен сыр шерту. Оқушыларға ұлттық тағылым мен ұлттық салт-дәстүрлерден хабар беру.
- Халқымыздың мол мұрасын саналарына сіңіре отырып, тағылым алуға жетелеу.
3. Ұлттық тәрбие көзінен нәр алуға түрткі жасау.
Туған халқының бай ауыз әдебиетін қадірлеуге, салт-дәстүрін пір тұтуға, ұлттық тағылымдармен сусындап өсетін халқының азаматы болуға баулу.
Түрі: мерекелік кеш
Сабақтың барысы
1 жүргізуші:
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!
Босқа қарап тұрмаңыздар!
Наурыз тойы басталды!
Көрген де арманда,
Көрмеген де арманда,
Қызықтан тыс қалмаңыздар!
Наурыз келсе құт келгені халайық!
Шашу шашып, ел боп қарсы алайық!
2жүргізуші:
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!
Ұлыс тойы басталды.
Наурыз тойын көтеріп,
Жар салайық әлемге.
Көрмегендер көріңдер,
Естімегендер естіңдер.
Дабылын наурыздың ғажайып,
Шақырамыз бәріңізді ұлыстың ұлы күніне!
1жүргізуші:
«Алаш! Алаш!» деп айбатын асырған ер қазақ, «Абылайлап» ел шақырған өр қазақ, «Қара қазан, сары баланың қамы үшін» деп ұран салған нар қазақ, кейінгі кеңес дәуірінде кетеуі кетіп, бүкіл барынан да, нарынан да айырылып, жадап-жүдеген, жарлы қазақ енді қайтып амалдаймын, аман қалам ба, қалмаймын ба, ел қатарына қалай қосылсам, мені жарылқап жебейтін жарық әлемде кім бар деп қамыққанда, талпынғанда қарайған талының бір бұтағын Ұлыстың ұлы күні тіршілік басы, исі түркі халықтарына ортақ әрі төл мейрамымыз Наурыз болды емес пе?
2жүргізуші:
Мұсылман қауымы жыл басы деп мәртебе берген бұл күннің ұлылығы сонда, ол көктемгі жасарған табиғат құбылысы мен тіршіліктің оянуымен үндес, төл өргізіп, егін егуге кірісер уақыттағы бейбіт еңбекпен мәндес, достыққа, бірлікке, елдікке шақыратын уағыздарымызбен мағыналас. Наурыз мейрамының тағы бір қасиеті түркі халықтарының, жалпы мұсылман қауымының туыстығын еске салып, түп тарихымызды жадымызда жаңғыртып, жердің алыс жақындығына қарамай арадағы шекара белдеулерін де елемей, Ұлыстың ұлы күнін пір тұтқан елдерде, жерлерде үлкен той думанмен аталып өтілетіндігінде. Бұл тарапта қазаққа жат ешнәрсе жоқ, оның бауырмашылдығы, жомарттығы, дархандығы, құшағының айқара ашықтығы әлемге аян.
1жүргізуші:
Қымбатты қонақтар, баршаларыңызды жақсылықтың лебізіндей жыл құсымен бірге келер Наурыз мейрамымен құттықтаймыз.
Наурыз күнінің бір есте қаларлық салтанаты бұл күн көрісуден басталады. Ол жай амандасу емес, адамдар бір-бірін құттықтап қана қоймай, бір-біріне деген өкпелерінде кешірген. Қане, бәріміз құшақтасып, амандасып өкпемізді ұмытайық.
2жүргізуші:
Армысың ауылымның асылдары
Жайнасын көңіліңнің жасыл бағы.
Сендер үшін ән мен күй, өлең мен би,
Сендер үшін Наурыз той шашулары.
Шашу! Шашу! Көп шашайық шашуды,
Жауғандай көк аспаннан нөсер жаңбыр.
Уа жамағат, жинап ал несібеңді,
Ризығың болсын көл – көсір!
Шашу! Шашу! Шашу!
(шашу шашылады)
Ардақты ағайын! Қадірменді қауым!
Бүгінгі Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз тойын ашу үшін сөз ата-аналарға беріледі.
1жүргізуші:
Игі тілекпен әндете келген жарапазаншыларды шашу шашып қарсы алайық. Оларға риза болғандар құрт-ірімшік ұсынып, шапан жауып, белдеріне жібек орамал байлайтын болған.
Жарапазаншы:
Айтамыз жарапазан отбасыңа, тілейміз денсаулықты бас-басыңа
Тілесек денсаулықты бас-басыңа, амандық келер әр күн отбасыңа.
Айтамыз жарапазан ауылыңа, береке, бірлік берсін қауымыңа.
Береке, бірлік берсе қауымыңа бас имес кімдер келіп ауылыңа
Айтамыз жарапазан еліңізге, байлаңыз жақсы орамал белімізге.
Байласаң жақсы орамал белімізге, кетеміз мақтай-мақтай .
Айтқанмен жарапазан тоямыз ба, дәстүрін халқымыздың қоямыз ба?
Дәстүрін халқымыздың біз ұмытсақ, дүниеде екі бірдей оңамыз ба?
2 жүргізуші:
Ән мен күйді төгілтіп,
Інжу – маржан шашайық!
Жиналған жұрт таң қалсын
Өнерден шашу шашайық!
Ән. «Тойға тілек» Орындайтын: Г. Әділгереева
1 жүргізуші:
Салтымен ата – бабамның
Жаңғырды қайта заманым.
Жаңа жыл басы – бұл Наурыз
Қайырлы болсын қадамың!
Қазақ биі
2 жүргізуші:
Бекбол, осы сен Қыдыр түні не екенін білесің бе?
1 жүргізуші:
Әрине, Раушан. Наурыздың 21 түні даланы Қыдыр ата аралайды екен. Сол себептен осы түн «Қыдыр түні» деп аталады. Қыдыр ата әр шаңырақтың табалдырығын аттап, әр отбасына береке-бірлік, таусылмас ырыс, денсаулық тілейді.
2 жүргізуші:
Иә, қазақ елі Қыдыр түні Жаңа Жыл табалдырық аттап, үйге енгенде «жалғыз шала сәуле болмас» деп төрге қос шырақ жаққан. Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқау, пәле-жаладан аман болады деген сеніммен Наурызға дейін үй ішіндегі мүліктің шаңын қағып, жуып, тазартқан.
Жыл бойы ақ мол болсын, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын деп Қыдыр түні ыдыс атаулыны ырысқа – бидай мен күрішке, аққа – сүт, шұбат, қаймаққа, кәусәр бұлақ суына толтырған.
1 жүргізуші:
Ұлы күнде халайық,
Қалай қарап қалайық,
Сәйгүліктей ағайық,
Жасын болып жанайық.
Ортамызға шақырып,
Бабамыздың Қыдырдай
Ақ батасын алайық!
2 жүргізуші:
Наурыз болып бізге сын,
Кержалқаулар торықсын.
Талапты мен іскерге
Қыдыр келіп жолықсын!
Қыдыр ата:
Армысыздар жамағат!
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Қайда барсаң жол болсын.
Жаңа жыл бақыт жылы болсын!
Малың тоқ, уайым, қайғың жоқ болсын.
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Дастарқанымыздан дәм кетпесін,
Көңілімізден сән кетпесін.
Ұрпақ, ұлыс аман болып
Өмірімізден мән кетпесін.
Құдай пейілімізді тарылтпасын,
Қуаныштан арылтпасын.
Халқым ешбір қамықпасын,
Қасиеті шарықтасын!
Әумин!
1 жүргізуші:
Құрманғазы күйінің күмбірлеген
Төгіледі әуені сізге деген.
Толқиды домбырадан шыққан күй
Жырлайды қазағымның сырын шертіп
Назды әуен, сырлы сезім сиқырлы күй.
Күй «Балбырауын» Г. Әділгереева, А. Курманбаева, Б. Жолдыбаева
2 жүргізуші:
Тәуелсіз биік халқымның
Желбіреп туы шалқысын.
Әз Наурыз келіп еліме
Жер – Ана бойы балқысын.
Жаңғырар дәстүр-салтымның
Көзелсін бұлақ жылғасы
Қастерлі менің халқымның
Мереке Наурыз – жыл басы! – дей келе ендігі кезек Наурыз мерекесінің шығу тарихына тоқталсақ.
Динара: Наурыз – өте көнеден келе жатқан мейрам. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналып отырған бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын. Бұл күні күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстінде шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Наурыз сөзі парсы тілінің «Нау – жаңа», «руз – күн» деген сөздерінен қалыптасып, жылдың бірінші күнін білдірген. Ал қазақ тілінде «Наурыз» сөзі біріншіден жыл басына байланысты думанды халықтық мейрам, екіншіден Наурыз айы, үшіншіден Наурыз күні жасалатын көжеге қатысты айтылған.
1 жүргізуші:
Бізге қазақ халқының Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі мәлім, ал өзге елдердікі ше? Олар да біз сияқты бұл мейрамға аса назар аударып, ерекше көңіл бөле ме екен? Қане, бір сәт зер салайық.
Түрік елі: Ежелгі түріктер Ұлыс күндері жаңа киімдерін киіп, сақал – мұрттарын түзеп, шаштарын алады. Алты күн садақ тартып машықтанған соң, жетінші күні алтын теңге – «жамбы» атып жарысады. Егер кімде-кім жамбыны бірінші боп атып түсірсе, сол адамға «бір күн» патша болуға, ел билеуге ерік беріледі.
Иран елі:Иран патшасы Наурыз күні қол астындағы адамдардың біріне патша шапанын сыйға тартады екен. Тіліміздегі күні бүгінге дейін айтылатын. «Құлға бір күн азаттық» деген сөзде осы бір көне рәсімге қатысты болса керек.
Мұсылман дініне дейін Күнге табынған иран елдері Наурыз күні сөзінің бас әрпі «шинмен» басталатын жеті түрлі затты дастарханға қоятын: шарап, шир (сүт), шырын, шекер, шербет, шам, шона (тарақ). Ежелгі ирандықтардың түсінігі бойынша шарап – өрлеу, сүт – пәктік, тәттілер – шаттық, шекер – ризалық, шербет – демалыс пен қонақжайлылық, шам – отқа табыну, тарақ – әйел сұлулығы.
Ауған елі: Ауғандарда Жаңа жылды мейлінше шаттық – құрметпен қарсы алады. Ауған елінде “алғашқы түрен” – “кулькабаши” деп аталатын ғұрып бар. Ол бойынша шаруалар егіс алқабына барып, алғашқы түрен түсіреді, ал соқаның соңынан сый – құрметі мол шаруалар еріп жүреді. Жеті күн бойына жеті түрлі жемістерден аса дәмді сусындар жасалады, міндетті түрде жаңадан киім – кешектер тігіледі, осыған орай бүкіл елде жаңа жыл «жаңа киім күні» деп аталады.
Араб елі: Арабтар мейрам салтын өзгертіп, басқы әріпі–«синнен» басталатын мүлде бөлек өзге жеті затпен алмастырады: сарымсақ, бидай, жиде, сірке суы, рут шөбі, егеу.
Парсы елі: Парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күні әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды, жаңа өнген жеті дәнге қарап, келешек егін жайлы болжам жасайды. Жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалақ» ұсынады. Соқамен жер жыртады, ат шаптырып, жамбы атысып жарысады. Ескі киімдерін тастап, ұсталған шыны – аяқты сындырады. Бір – біріне гүл ұсынып, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – «күн» белгісін салады, үйдің тіреу ағашына гүл іледі.
2 жүргізуші:
Қазағымның салт-дәстүрі жаңғырған
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған
Салт-дәстүрді ардақтайық, ағайын,
Қазақ атты үлкен, кіші балдырған – деп ендігі кезекті Наурыздағы салт-дәстүрлерге берсек.
Наурызкөк – наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана, осы құсы шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер «Наурыз келдің бе?» деп шақырып, жем шашады. Наурызкөкті ешкім қумайды, үркітпейді.
Наурызнама – шат – шадыман, ойын-сауық. Тойда ат – жарыс, палуан күрес, басқа да спорт сайысы, айтыс, түрлі ойындар өткізіледі, көңілді жұмбақтар, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады. Наурызнамада қыз – жігіттер жиналып, бас қосып, ұйқыашар әзірлейді. Ол ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Жігіттер қыз – келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны «селтеткізер» деп атайды. Бұл дәстүрлі сыйлықтағы айна – пәктік пен жастықтың, тарақ – әдемілік пен сұлулықтың, иіссу – бүршігін жаңа жарған жауқазындардай құлпырудың, жайнай түсудің белгісі.
Бұл күні қарттарға арналып жылы – жұмсақ тағамдардан «бел көтерер» деп аталатын дәм дайындалып, тартылады.
Наурызша — Наурыз айында жұп – жұқа, қиықша қырбық қар түседі. Оны халық «наурызша» деп атайды.
Наурыз көже – Наурыз тойына тән көпшілікке арналған мерекелік тағам. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен: сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс, т.с.с тағамдардан жасап, оған қазы шұжық сияқты сыйлы мүшелер қосып, мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Наурыз көженің дәстүрлік, мерекелік, ұлттық тағылымы өте зор.
1 жүргізуші:
Қазақтың түрлі – түрлі дәстүрі бар,
Оның сырын ашқанға жұрт қызығар.
Жауаптарын таба ма екен балалар,
Сол себептен қоятын сұрақтар бар.
- Ертеде жеті жігіт жеті шырақ жағып, ауылды аралайды екен. Неліктен? (Жауабы: Жаманшылық ескі жылмен кетсін деген ниетпен жеті шырақ жағып ауылды аралаған.)
- Наурыз күні дастархан үстінде қандай тағамдар болуы керек? (Жауабы: Наурыз көже, бауырсақ, жеті нан, қазы-қарта т.б.)
- Наурыз тілек деген не? (Жауабы: наурыз тілек – достық көңіл мен тілектестіктің, адамгершіліктің, белгісі әр тойдың жарасты салтының бірі ретінде айтылған. Әр адам өзіне, отбасына немесе туыс – туғандары мен дос – жарандарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек тілейді, бір – бірінің үйіне кіріп дәм татады)
- Қыдыр ата қай күні адамдар арасына келетін болған? (Жауабы: 21 наурыз)
- Наурыз бата дегеніміз не ? (Жауабы: халықта батаның түрлері көп. Соның бірі – Наурыз бата. Мұнда наурызнама өткізгендерге осы күнге арнап, «наурыз көжеге» шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға т.б. өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата береді)
2 жүргізуші:
Жердің тойы – Наурызым!
Елдің тойы – Наурызым!
Төлдің тойы – Наурызым!
Көңіл тойы – Наурызым!
Көктем тойы – Наурызым!
Сәулесіндей көріндің таңғы үміттің,
Басын қостың салт – дәстүр сан ғұрыптың.
Жаса Наурыз, жарқыра көкте күндей,
Мерекесі достықтың, мәңгіліктің.
1 жүргізуші:
Наурыз тойын тойлайық қане, ағайын,
Амандықпен туа берсін күн сайын.
Бақыт тілеп, бақ тілеп халқымызға
Мерекені бүгінгі мен жабайын.
Молшылық пен тыныштық боп жерімізде
Бейбітшілік нық болсын елімізде.
Достықпенен жайнай берсін отанымыз
Желбіресін қазақ туы көгімізде!
2 жүргізуші:
Жиналған құрметті қауым! Келесі Наурызда да төрт көз түгел, уайым-қайғысыз, амандықпен кездесейік. Бас аман, бауыр бүтін болсын! Бәріңізді мерекелік дастарханға шақырамыз.