Қасиетті сөз
Қасиетті сөз
Мақсаты: Балалардың өмірге қажетті білік дағдыларын тереңдете отырып, сыйластық, үлкенге құрмет көрсету, кішіге қамқор болуға тәрбиелеу. Әдептілік қағидаларын меңгерту арқылы имандылыққа, инабаттылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Тематикалық слайд, бетперде (маска),сандық, «Қасиетті сөздер» жазылған қағаз қималары.
Әдісі:Пікірлесу, ой қозғау, көрініс.
Сабақ түрі: Саяхат сабақ
Мұғалім:Балалар, бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы — «Қасиетті сөз». Бұл тақырыпта қанша мән-мағына жатыр. «Қасиетті сөздерге не жатады? Ол сөздерді біз қай кезде және қалай қолданамыз? Бұл сөздердің қасиеттілігі неде?» деген сұрақтар әркімнің ойларыңда туындаған шығар. Ендеше, көкейіміздегі сұраққа жауап беру үшін бәріміз бірге саяхатқа шығайық. Әр аялдамада жасырынған қасиетті сөздерімізді мына сандыққа жинап алайық.
1-аялдама: Отбасы – «Жанға жайлы сөздер»
— Әрқайсымыздың өз отбасымыз бар. Ең бірінші жанға жайлы сөздерді біз отбасымызда естіп, рухани нәрленеміз. Мінеки, балалар, тақтада сол сөздердің тізбегі ілінген.Бұл жылы сөздерді бізге кім айтады екен? Соны біліп, сандығымызға жинайық.
(Әр аялдамадан қасиетті сөздерді жинап, сандыққа салу.)
Ата-үлкен,кәріміз
Қуат берер дәріміз
Әулиедей аялап,
Ардақтаймыз бәріміз. (Атам мені «айналайын» дейді)
Мейірімдіапалар,
Балаларкеп бата алар
Қалтасынакәмпит сап
Немерегеапарар. (Мен апамның «ботасымын»)
«Күнім» — дейсің мені,
Күн мейірі сенде.
Күннің ыстық лебі
Құшағыңа тең бе.
Айналайын, ана!
«Жаным» — дейсің мені,
Жаратушым бір сен.
Жалғыз өзің тегі
Жанашырым, білсең.
Айналайын, ана!
«Құлыным» — деп мені,
Құрақ ұштың дәйім.
Қамқоршым-ау сені
Қалай ұмытайын.
Айналайын, ана!
Әкеге қарап ұл өсер,
Армансыз әке қайда бар?
Ғұмырға ғұмыр жалғанар,
Көңілің содан жайланар. (Әкем мені «қошақаным» деп еркелетеді)
Ақ көңілді, тіл алғыш
Алған бізден мың алғыс.
Кіп-кішкентай інім бар,
Күлімдеген күнім бар
Ардақтап қарт атасын,
Алған күнде батасын.
Айналайын, інімнен,
Айналайын, күнімнен. («Қуанышым» менің)
Қамқоршым менің апайым
Баулыған мені әдепке.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деп
Үйреткен жақсы әдепке. («Алтыным» менің)
— Ардақты ата, мейірімді апа, асыл ана, асқар таудай әке, ерке іні, ақылды апайлары бар біз – бақытты ұрпақпыз.«Үлкенге ізет — кішіге міндет» екенін әрдайым есте сақтайық.Сыйластықтың басы – сіз бен біз екенін ұмытпайық.
Троллейбусқа отырып, келесі аялдамаға аттану.
— Жолда көңілді отыру үшін сыйластық жайлы тақпақ тыңдай отырайық.
«Сіз», «біз» деген жылы сөз
Ө. Тұрманжанов
«Сіз», «біз» деген жылы сөз,
Жылытады жүректі.
Жақсылық билеп жанды тез,
Оятады игі тілекті.
Біреуге біреу жақсылық
Тілесе әр кез жаны ашып.
Осы бір шырын-тәттілік,
Тұрмай ма жанға жарасып.
Баршаға керек жақсылық
Жақсылық сүйер жанымыз.
Баршаға жетер жақсылық,
Қызғанбай бөліп алыңыз.
«Сіз», «біз» деген жылы сөз –
Жақсылықтың мейірі.
Бір-біріне болып көз,
Кең болсын адам пейілі.
2-аялдама: Қазақ мемлекеттік циркі – «Сөз басы — сәлем»
Мұғалім: Ал, балалар, екінші аялдамамызға да жеттік.
— Қазақ мемлекеттік циркі 40 жылдық тарихында қаншама шетелдік қонақтар мен жұлдыздарды қарсы алды десеңші. Отандық өнерпаздарымыз да әлем бойынша гастрольге көп шығады. Яғни елімізің сәлемін дүниеніңбар түпкіріне жеткізеді емес пе. Ендеше,өз ілтипатын білдіріп жататын сәлемдесу сынды осы бір қасиетті сөзге тереңірек үңілейікші.
Көшелерден біз өткен
Ата көрсем, жақын кеп,
Сәлем беремізетпен:
«Ассалаумағалейкум!» — деп.
Алдан әже жолықса,
Бөгелем кеп әдейілеп.
Сәлем берем сол тұста:
«Есенсіз бе, әжей?» — деп.
Көршілерді көргенде
Сыйлап сәлем беремін.
Әдепсіз деп сөкпесін
Анама айтып өкпесін.
— Әрбір адам «қайырлы таң», «қайырлы күн», «қайырлы кеш» деген сөздерді амандасуға қосып, тәуліктің үш мезгілінде де бір-бірімен ақ жарқын амандасуы тиіс. Амандасу адамгершіліктің, әдептіліктің бір белгісі болып табылады. Амандасқан адам қазақ салтында оң алақанын жүрегінің үстіне қойып, басын изейді. Не қолын алып амандасады. Ол «Сізді шын жүректен құрметтеп, амандығыңызды тілеп, өзіңізге бас иемін» деген мағынаны білдіреді.
— «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыс жасар қария сәлем береді» деген өнегелі өсиет бар. Сәлем беру имандылық, әдептілік, көргенділік болады. Үлкенге сәлем беру – кіші адамның міндеті. Кіші адам үлкен адамға сәлем бермей кетсе, ол — әдепсіздік, көргенсіздік болады.
Метроға отыру.
— Келесі аялдамаға жеткенше , ән айтып, көңіл көтеріп отырайық.
Ән «Ата-ананы сыйлаймыз»
3-аялдама: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық балалар және жасөспірімдер театры – «Жақсы сөз – жанға қуат»
— Құрылғанына 68 жыл толып отырған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық балалар және жасөспірімдер театрының өз ғұмырында жеткен жетістіктері ұшан-теңіз. Бүгінде театр ұлттық сахна өнерінің көшбасшысына айналып, жастарға ұлттық құндылықтар мен ұлттық өнерді дәріптеуін жалғастырып келеді.Енді осы театрымыздан қандай қасиетті сөз табар екенбіз, көрелік!
Мексика ертегісінен көрініс «Сыпайы қоян»
Кейіпкерлер: автор, түлкі, қоян, жылан
Автор: Бір күні мейірімді және сыпайы қоян көршібақшада қырыққабатқа тойып алып, үйіне жиналып жатқанда, кенеттен түлкіні көріп қалады.
Түлкі: Ооо, қоян! Кездескенің қандай жақсы болды. Қарным ашып, тілім салақтап келе жатыр едім. Қарным бір тоятын болды.
Автор: Қоянның жүрегі дір етті. Қашу керек, бірақ қайда? Ойланбастан бір үңгірге кіріп кетті.
Түлкі: Қап бәлем, бұл қоян қайда кетті? Тәтті асымнан айырылдым-ау. Қой, бұл не тұрыс? Қоянды іздеп табайын, қуырдағына тояйын.
(Түлкі қоянды ідеп, шығып кетеді.)
Автор:Қоян өте сыпайы, тәрбиелі еді. Үңгірге рұқсатсыз кіргеніне ыңғайсызданып, амандасу қажет екендігін түсінеді.
Қоян: Сәлеметсіз бе, мейірімді үңгір. Сенің кеңдігің және тыныштығың жанға рақат сезім сыйлағандай. Маған кіруге рұқсат етші.
Автор: Ол үңгірдің түпкірінде жылан мекендейтін. Ол қоянның даусын естіп шығады.
Жылан: Ссс, бері кел, қояным, қорықпа.
Қоян: Сізді мазалағаныма кешірім өтінемін, кешіріңіз. Мен кетейін, мені анам күтіп отыр. Сау болыңыз!
Жылан: Осы бір сиқырлы сөздер-ай! Қоян маған жақсы сөздер айтпағанда, мен оны шағып алар едім. «Кешіріңіз»деген сөздің қасиеті қандай керемет десеңші!
— Адамдар күн сайын әлдебір қолайсыз жағдайларға душар болады. Мәселені ушықтырмау үшін әдепті адам кешірім сұрайды.Кешірім сұрау шын ниетпен жасалуы тиіс.Кешірім сұрамау – қолайсыздық көрген екінші жақты ренжітеді, адамдық намысына тиеді. Сұралған кешірім өз қателігіңді мойындаудың белгісі, қайталамау кепілі.Кешіріңіз – бұл да бір қасиетті сөз. Бұл – адамды сыйлаудың бір көрінісі.Жанға жайлы сөз айтатын жақын адамдарымызға кешірімді бола білейік!
Келесі аялдамаға жету үшін автобусқа міну.
«Қазақ биі»
4-аялдама: «Медеу» мұзайдыны –«Асыңыз дәмді болсын!»
— Медеу — Алматының төңірегінде, Кіші Алматы өзенінің жағасында жататын мұз айдыны. Медеу спорт кешені — тек спорт жарыстары үшін ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары мен қала қонақтарының әсем табиғат аясында демалатын орны.Бұл жерде туристер мен қала қонақтарының демалуына барлық жағдай жасалған.
— Енді осы жердегі ұлттық тағамды шетелдіктерге ұсынатын«Қазақ ауылы» атты ресторанга барайық. «Ас – адамның арқауы» деп, ата-бабаларымыз көнеден-ақ асқа үлкен мән беріп қастерлеген. Сондықтан да тамақтану үстінде де қарапайым ережелерді ұстап, қасиетті сөздерді пайдалануды ұмытпайық.
— Ас үй – бұл күн сайын, таңертең және кешке отбасымызбен бас қосатын орын. Сондай-ақ онда барлық отбасы мүшелері бір-бірімізбен әңгіме− дүкен құрып, көңіл көтереміз. Тамақтанбас бұрын сыпайылықтың белгісі ретінде бір-бірімізге «Асыңыз дәмді болсын!» деп лебізімізді білдіріп жатамыз. Бұл тамақтану мәдениетіне жатады.
— Асты «біссімілла» деп бастап алатын халық тамақтанып болған соң, оны батамен қайыратын әдетінен әлі күнге дейін жаңылған жоқ. Мұны «ас қайыру» деп атаймыз. Ас қайыру тілек, батамен айтылады. Оны қарасөзбен де, өлеңмен де, тақпақтап та жеткізуге болады.
— Ауыз әдебиетінде ас қайыру батасының көптеген түрлері бар. Асты құрметті қонақ немесе сол дастарқан үстінде отырған қария береді. Үй иелері «әумин» деп бетін сипайды. Ас қайырылмай дастарқаннан тұрып кетуге болмайды. Ол әдепке жатпайды.
Дастарқаныңа береке берсін,
Бастарыңа мереке берсін,
Астарыңа адалдық берсін,
Бастарыңа амандық берсін,
Дендеріңе саулық берсін!
Әумин!
-Соңғы аялдама «Көктөбеге» бару үшін қанатты жолға отырамыз. Онда бізді ата-аналарымыз күтіп отыр.
5-аялдама: «Көктөбе» – Халықаралық «Рақмет» күні
— Көктөбе Алматы қаласына панорамалық шолу жасайтын орын болып саналады. Көктөбеде биіктігі 372 м болатын телевизиялық мұнара, қала тұрғындарының демалыс аймақтары, т.б. ойын-сауық орындары орналасқан.Бұл керемет орыннан қандай қасиетті сөз табылар екен?
— Білесіңдер ме, балалар? 11 қаңтар — ең сыпайы күн десе болады. Бұл халықаралық — «Рақмет» күні. Әрине, жылдың әр күні сыпайы болуға тырысуымыз керек. Алайда, көп жағдайда алғыс айтуды ұмытып, немесе оған ерекше көңіл бөлмейміз. Алғыс сөздерінде бір сиқырлық бар — олар арқылы біз бір-бірімізге ризашылығымызды көрсетеміз, көңілімізді білдіреміз, жақсы эмоциялар сыйлаймыз.
— Ғалымдардың айтуы бойынша, рақмет сөзін айту — адамдар арасында жақсы қатынас орнатады. Орыстың «спасибо» сөзі 16 ғасырда «спаси Бог» — «Құдай сені сақтасын» дегеннен шыққан екен.
— Ағылшындардың «Тhank you» тіркесі де жай алғыс айту сөздері ғана емес,«сенде жақсылық болсын» деген мағынаны білдіреді екен. Осыған қарап, қай тілде болмасын, рақмет сөзі әр халықтың тіл мәдениетінде үлкен орын алатыны көрінеді.
— Қазақтарда да «рақмет» сөзі «рақым етіңіз», яғни бір-біріңізге мейірімділік, қамқорлық көрсетіңіз дегенді білдіреді.
— Психологтардың айтуы бойынша, алғыс сөздері — адамды тыныштандыру, жүрегін жылытудың бірден-бір амалы. Бастысы, алғысыңыз жүректен шығуы шарт. Сондықтан да барлығымыз жақындарымыз бен дос-жарандарымызға өз ілтипатымыз бен алғысымыздың жарқын көрінісі ретінде «Рақмет» сөзін жиі айта жүрейік.
Тәрбие сағатын қорыту
Мұғалім: Мінеки, балалар, саяхатымыз да аяқталды. Қаламыздың көрікті жерлерін аралап, жаңа мәліметтер жинаумен қоса, көптеген қасиетті сөздермен танысып, сандығымызды да толтырып алдық. Сонымен қасиетті сөздер дегеніміз – адамгершілік, ізеттілік, тәрбиеліліктің көрінісі екен. Осы сөздерді күнделікті өмірде пайдаланып жүруді ұмытпағайсыңдар.
Керек
А.Асылбеков
Үлкенге иман керек,
Кішіге иба керек.
Адамдар бірін-бірі
Құрметтеп, сыйлау керек.
Жастарға білім керек,
Бәрін де білу керек.
Азамат болсаң алғыр,
Анашың: «Күнім!» — демек.
Сол үшін талмау керек,
Биікке самғау керек.
Бойыңда бар жақсыны
Халқыңа арнау керек.
Ән «Не деу керек?»