Әртүрлі ұлттардың бала тәрбиелеу әдістері
Әртүрлі ұлттардың бала тәрбиелеу әдістері
«Тәрбиеден мақсұт – адамды, һәм сол адамның
ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу»
М.Жұмабаев
Бала тәрбиелеу — оңай іс емес екенін білеміз. Қазіргі таңда бала тәрбиесіне арналған әдебиеттердің көптігіне қарамастан, тіпті педагогикалық білімі болса да адам баласын тәрбиелеуде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін нақты айту қиын. Тәжірибе теорияға қарағанда әлдеқашан озып кеткен. Әр отбасының өскелең ұрпақты тәрбиелеуде өз салт дәстүрі болғанымен, әр ұлттың бала тәрбиелеуде ұстанатын салты бір болып келеді.
Әр ұлттың бала тәрбиелеу әдістері әртүрлі. Біз олардың кейбіреуін қолдасақ, кейбіреуімен келіспей жатамыз.
Мысалы, Жапония: жапондықтар өз балаларын 5 жасқа толғанша еркелетіп, ешқандай тыйым салмастан, жазаламай өсіреді екен. Бірақ, бала бес жасқа толысымен қандай-да бір жетістіктері бойынша қатаң бәсекелестік ортаға түседі. Ер баланың да, қыз баланың да ойнайтын ойыншығына дейін ұлттық нақышта жасалады. Ойын арқылы жапон баласы ер бабасының ерлігін түйсініп, дана әжесінің шеберлігін ұғынады.Мысалы, «Карута тори» деген ойынды кішкене баладан бастап ересек адамдар да ойнайды. Бұл ойын әншейін уақыт өткізу үшін емес, елінің кешегісін санасына сіңіруге арналған. «Карута ториді» ойнау үшін байырғы әдебиеттен жүз жыр білу керек. Бұл жүз ақынның өлеңін жатқа айту деген сөз. Феноменалды ми қабілеті осылай дамиды. Жапондар бала тәрбиелеуде «ұл», «қыз» деп бөлмейді. Күншығыс елі мен қазақ халқының ұлттық тәрбиесіндегі бір ұқсастық – ер баланы ел қорғаны, қыз баланы келешек отбасы ұйытқысы болуға тәрбиелеу.
Ұлыбритания: ағылшындар керісінше, балаларын өте қатаң тәртіпке, эмоцияға берілмеуге, яғни өмірдің қатаң жағдайларына дайындыққа тәрбиелейді.Сол себепті де олар сезімді сыртқа шығаруда салмақтылық танытқанмен мейірімге толы болады екен.
АҚШ: американдықтардың бала тәрбиелеу әдістері славяндықтарға жақын келеді. Олар балаларының әрқашан ата-анасының жанында болғаны дұрыс деп санайды. АҚШ-та көпшілік жиналатын орындарда бұл үшін барлық жағдай жасалған, тіпті ата-аналардың баласының жөргегін ауыстырып, тамақтандырып алу үшін арнайы жабдықталған бөлмелер де қарастырылған. Айта кету керек, соңғы кездерде біздің елімізде де осындай бөлмелерді ұйымдастыру қолға алынып жатыр.
Сонымен қатар әр ұлттың бала тәрбиесіндегі ата-әжелердің рөлінің де өз ерекшеліктері бар. Әсіресе мұсылман халықтарында бала тәрбиесіне ата-әжелер өте белсенді араласады. Ал француздар мен американдықтарда немерелер ата-әжелерінен алшақ тәрбиеленеді. Себебі, зейнеткерлікке шыққаннан кейін аталған елдерде үлкен кісілер көбінесе уақыттарын туристік сапарларға немесе жеке өмірлеріне арнап, отбасымен тек үлкен мерекелерде ғана бас қосады екен.
Кең байтақ Отанымызда ынтымағы жарасқан жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері мекендейді. Қазақстанда тұратын барлық ұлттар еліміздің ашық аспаны мен көкшіл туының астында бейбіт өмір кешіп жатыр. Осындай қоғамда өз ұлтымыздың ұрпағына дұрыс тәрбие беру еліміздің әр азаматының борышы. Техниканың дамыған заманында балаларды компьютерге таңа бермей, ертедегі жыраулардың жырларын жаттатып, ерлік дастандарын да оқытқан дұрыс. Әсіресе ер балаларға ерлік дәстүрдегі тәрбие қажет.
Қолданылған әдебиеттер: