Математика әлемі
«Математика әлемі»
8 – сынып оқушылары арасында
Мақсаты: Оқушылардың ойлау қабілетін, ой ұшқырлығын, оқуға ынтасын,
математика пәніне қызығушылығын арттыру, алдағы
сынақтарға алдын-ала дайындау. Оқушыларды ұйымшылдыққа,
жауапкершілікке, өзін-өзі тәрбиелеуге баулу.
Көрнекілігі: презентация, безендірілген зал.
Жоспары: І. Ұйымдастыру кезеңі.
Таныстыру сәті
ІІ. “Кім тапқыр?»
ІІІ. Математика мақал-мәтелде
ІV. Жұмбақтағы математика
- Математикалық сұрақтар
VІ. «Ерте-ерте, ертеде…»
VІІ. «Тапқыр болсаң тауып көр»
VІІІ. Қорытынды
Жүргізуші: Қайырлы күн, білім сүйер қауым! «Математика әлемі» атты іс-шарамызға қош келдіңіздер!
«Арифметика математиканың, ал математика ғылымдардың патшасы» деп ұлы ғалым Гаусс бекер айтпағаны белгілі. Осы нақыл сөзді бүгінгі іс-шарамыздың ұраны ретінде алып, «Математика әлеміне» сапарымызды бастайық.
Бүгін математикалық іс-шара 8 сынып оқушылары арасында өтеді. Оқушылар 2 топқа бөлінген. Ортаға І топ: «???», ІІ топ: «????» топ сайыскерлерін ортаға шақырамыз.
Математика сырлары,
Қызықтырды біздерді.
Ойынға бірге қатысуға,
Шақырамыз сіздерді, — дей отырып сайыскерлеріміздің білімін сынайтын және өздерінің әділ бағаларын беретін әділ-қазылар алқасымен таныстырып өтейін.
(Әділ-қазылармен таныстырады)
І. Келесі кезекте таныстыру сәті
І топ «???» тобы.
Ұраны:
Сәлемдесуі: Біз дайынбыз бұл сайысқа достарым,
Көрсетеміз бізде қандай күш барын.
Алға қойған мақсатымыз бір екен.
Сәтті болсын сапарымыз әрдайым.
ІІ топ. «????» тобы.
Ұраны:
Сәлемдесуі: Қиындықтан сірәда біз қашпаймыз,
Алғырлық пен тапқырлықты ұштаймыз.
Қияларға самғап ұшқан құстаймыз,
Шегінбейміз жеңістерге бастаймыз.
ІІ. «Кім тапқыр?»
«Білімділер» тобына.
Ярметигео – ГЕОМЕТРИЯ, мароглелалрапм – ПАРАЛЛЕЛОГРАММ, даквтра – квадрат,
«Болашақ»тобына. Римтимясе- Симметрия, яцетипра – трапеция, утедең — теңдеу
ІІІ. Математика мақал –мәтелде
Жүргізуші: Келесі біздің кезеңіміз «Математика мақал-мәтелде» деп аталады. Мұнда мен мақалдың басын айтамын, сіздер жалғасын табуларыңыз керек.
1-топқа.
- Бір тал кессең , …. (он тал ек)
- Алтау ала болса, ауыздағы кетеді …. (төртеу түгел болса, төбедегі жетеді)
- Досыңды үш күн сынама, (үш жыл сына)
- Білгенің бір тоғыз… (білмегенің тоқсан тоғыз)
2-топқа.
- Бір кісі қазған құдықтан, (мың кісі су ішеді)
- Ұлға отыз үйден …. (қызға қырық үйден тыю)
- Білекті бірді жығады, …(білімді мыңды жығады)
- Жақсы жігіт он бесінде де жас емес, ….(жүзге келсе де пәс емес)
ІV. Жұмбақтағы математика
Жүргізуші: Келесі кезеңімізде қатысушы топтарға математикалық жұмбақтар жасырылады. Әр топ өз жұмбақтарының шешуін 1 минут ойласып алып жауабын береді.
1-топ. 1. Алды –артымыз шексізде
Жете алмайсыз біздерге
Сәуле менен кесінді шыққан тегін білсін бе? (түзу)
- Бір кемпір: Сапырып-сапырып Сарманға бер,
Құйып-құйып Құрманға бер,
Есіктегі екеуге бер,
Төрдегі төртеуге бер
Өзің іш те маған бер деген екен. Мұны естіген ұрылар – «Қой мұнымыз болмас. Бұл үй толы кісі болды, әрі бізден екі есе артық екен, кетейік»-деп кетіп қалыпты. Кемпір тапқырлығымен ұрылардан осылай аман қалыпты. Сонда үйдегі адам нешеу, ұры қанша? (10 адам, 5 ұры)
2-топқа. 1. Нәрселерді санағанда
Керек бізге ауадай
Айтыңдаршы бұл қандай сан
Жан-жағына қарамай (натурал)
- Түйе, бота маң басқан,
Төрт аяғын тең басқан.
Шұнақ құлақ бес ешкі
Қос лақты қос ешкі
Төрт қозылы екі қой
Бәрін білсең санап қой. (17)
Жүргізуші: сайыскерлерімізге үзіліс берейік ал қазір ортаға біздің сайысымызға музыкалық сәлеммен келіп отырған ___________ оқушыларын ортаға шақырамын.
V.Математикалық сұрақтар
Жүргізуші Әр топқа 4 сұрақтан беріледі. Сұрақтарға дұрыс жауап 1 ұпайдан есептеледі.
1-топқа.
- Қандай санның кез-келген дәрежесі сол санның өзіне тең? (1)
- 2 мен 3-тің арасына қандай таңба қойғанда 2-ден үлкен, 3-тен кіші сан шығады? (үтір)
- Үстел беті төртбұрышты, оның бір бұрышын
арамен кесіп алсақ, неше бұрыш қалады? (5 бұрыш)
- Төртбұрыштардың түрлерін атап, олардың өзара өзгешеліктерін айтып шық. (ромб. Трапеция, квадрат, параллелограмм, тіктөртбұрыш)
2-топқа.
- Қатар тұрған 3 санның қосындысы да көбейтіндісі де 6-ға тең. Бұл қандай сандар? (1,2,3)
- Санның жүзден бір бөлігі (пайыз)
- Фалес теоремасын айт. (Параллель түзулер бұрыштың бір қабырғасынан пропорционал кесінділер қиятын болса, екінші қабырғасын ан да пропорционал кесінділер қиып өтеді)
- Жанұяда 2 ұл және әр ұлдың 2 әпкесі, 1әкесі бар. Әр қыздың бір анасы бар. Жанұяда барлығы қанша адам бар? (2ұл, 2 қыз, 1 әкесі, 1 анасы — 6 адам)
- «Ерте, ерте, ертеде…»
Жүргізуші: Бұл кезең шығармашылық кезең деп саналады. Кезеңнің негізгі шарты: әр команда өзіне берілген тақырып бойынша 3 минут ішінде ертегі құрастыру қажет. Сайыс 10 ұпай бойынша бағаланады.
ТӨРТБҰРЫШТАР.
VІІ. «Тапқыр болсаң тауып көр»
Жүргізуші: Әр топқа 3 стақан және ақ парақ беріледі. Сол заттарды пайдаланып 2 стақанның үстіне 3-ші стақанды бір-біріне тимейтіндей етіп орналастыру қажет.