Қош бол, бастауышым, балбұлағым
Тақырыбы: «Қош бол, бастауышым, балбұлағым»
Мақсаты: 1.Білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын, бастауышта алған білімнің негіз болып қалатынына көз жеткізу.
- Бастауыш сыныбымен, алғаш қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстазымен қоштаса отырып, орта буында дәріс беретін ұстаздармен таныстыру, әр баланың ерекшелігін таныта отырып, сәт –сапар тілеу.
- Білім берер ордасы –мектепті, ұстаздарын құрметтеп, білімге деген құштарлығын арттыру. Өз Отанының адал ұлы мен қызы болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: «Шуағын төккен 4 жыл» фотомонтаж. Слайдтар,қанатты сөздер мен тақырып.
Кіріспе сөз:
Мұғалім:
Бұл оқу тамақ болар қарны ашқанда,
Жол табар қараңғыда адасқанда .
Мал озбас біле білсең білім озар,
Ақыры керек болар бір сасқанда – деп Міржақып ақын айтпақшы , тарыдай болып кіріп, ақыл ойлары толысып, оң мен солын танып жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттеріміздің ұйымдастыруымен өткізілгелі отырған « Қош бол, бастауыш» мерекесін бастауға рұқсат етіңіздер!
Қош келіпсіздер , құрметті ата – аналар, қымбатты әріптестер, оқушылар! Бүгінгі күн осында отырған бәріміз үшін ерекше күн. Оның ерекшелігі сол, осыдан 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған балаларыңыз білімнің негізі болатын бастауышта оқып, білім алып, қанаттарын қатайтып бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр.
Бесіктегі баланың,
Күлгенін көрген — бір мұрат.
Алдына түсіп ананың.
Жүргенін көрген- бір мұрат – дегендей, бастауыш сыныпты бітіруші түлектерімізді ортаға шақырайық!
Толқимыз , толқып тұрсыз баршаңыз да
Мұндай күй болған сірә қаншаңызда
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық
4 «Ә»- сыныбын ортамызға!
Музыка әуенімен бастауыш сынып түлектері ортаға келеді.
Мұғалім: Сіздердің алдарыңызда тұрған 4- сынып оқушылары осыдан 4 жыл бұрын 6 жасар бала болса, бүгін міне , ес біліп, етек жиған шәкірт. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап»Әліппемен қоштасу», дәстүрлі Наурыз тойлары , «Әдепті бала» , «Әнші , биші балапан», «Кішкентай күз аруы», «Наурыз аруы», «Кішкентай жігіт сұлтаны»,Мәнерлеп оқу сайыстары мен әртүрлі тақырыпта ұйымдастырылған көрмелер,сыныпаралық спорттық жарыстар, ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары балалардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Армандасаң да , қиялдасаңда балалық шағың көз алдыңа келеді. Өйткені, биік асуға беттеген аяулы ғұмыр, ғажайып өмір осынау бал күлкілі балалық шақтан басталады. Міне , бүгін біздің бүлдіршіндер өміріне өшпес із қалдырған бастауыш сыныбымен қоштасып, бір жылға тағы да есейгелі отыр.Ендеше қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған , білім нәрімен сусындатқан ,өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына,
ата- аналарына өз өнерлерін көрсетуге дайын.Олай болса жүргізушілерімізді ортаға шақырайық!
Нұрали : Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты .
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар , ұстаздарым қымбатты!
Торғын: Армысыздар әжелер мен аналар
Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.
Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,
Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар
Нұрали: Армысыздар өр тұлғалы әкелер!
Қыран құстай балапанын мәпелер.
Бүгін міне бастауышпен қоштасады,
Азамат боп , кешегі сәби- еркелер!
Торғын:
Мектебіміздің ең басты тірегі,
Біз деп соққан әркез оның жүрегі.
Салтанатты кешіміздің бастауын,
Барша қауым бір өзіңізден тілейді.
Нұрали:
«Қош бол,бастауышым,балбұлағым» атты 4 «Ә» сыныбының ертеңгілігін ашу рәсімі білім ордамыздың басшысы , мектеп директоры Қасымова Нағима Төлеубайқызына беріледі.
Торғын:
Бірдей біздің ойымыз да,сырымыз,
Бір сыныптың ұлы менен қызымыз.
Бірдей өстік оқуда да,еңбекте
Күліп ойнап біріміз бен біріміз.
Енді достарымызды таныстырып өтейік.
Торғын: Математиканы ұнатады,
Қыздарды кейде жылатады.
Дарын бізді әрқашан
Күлдіреді және қуантады.
Нұрали:Өлең жазып,өзін ол танытқан
Кітап оқып,білімін де дамытқан.
Скабылова Аружан –сыныбымыздың озаты,
Білімін ол болаттай ғып қорытқан.
Торғын: Бастауыштың түлегі,
Ел деп соққан жүрегі.
«Маи» қызметкері болам деп,
Нұрсұлтан біздің жүреді.
Нұрали: Білімді,алғыр,жан-жақты.
Қызымыз бар сымбатты.
Сезім біздің әрқашан,
Досымыз болар қымбатты.
Торғын: Ертеңгі күнін ойлайтын,
«5» алам деп қалмайтын.
Ақылды біздің Асанов Рамазан,
Жалқаулыққа бармайтын.
Нұрали: Әдепті ол сақтайды,
Әділетті жақтайды.
Гулназды біздің апайлар,
Тәртіпті деп мақтайды.
Торғын: Бойында алаулаған жалын,
Жақсылық толғандырып жанын.
Әсет біздің қайтпай үйге,
Ойлаумен жүреді сыныптың қамын.
Нұрали: Қызымыз бар ұқыпты,
Сүйкімді,әрі қылықты.
Мереке біздің әрқашан,
Таза ұстайды сыныпты
Торғын: Спорт қуған жасынан,
Сөз асырмас басынан.
Намысқой біздің Бекзат
Табылар дос қасыңнан.
Нұрали: Сыйлап сәлем береді,
Үлкендерді көргенде.
Дінмұхамедті сыныпта
Ізетті деп біледі.
Торғын: Күні бойы тынбаған
Үлкендерді сыйлаған.
Сабырлы біздің Абылхайр,
Ұқыптылыққа бойлаған.
Нұрали: Келеді сонау қашықтан,
Мектепке әр кез асыққан.
Гулстан біздің ақ көңіл,
Көңілі дария тасытқан.
Торғын: Кішкентайы сыныптың,
Тентек емес,жуас тым.
Ағатай біздің сыпайы,
Досқа адал шынайы.
Нұрали: Білімімен үлгі болған сыныпқа,
Отырмайды ойланбастан тынып та.
Тахаева Аружан біздің өнегелі,өнерлі,
Арасында достарының беделді.
Торғын: Ал мен ақын боламын,
Сусылдаған қаламым.
Дейді біздің Амина,
Таудан асқан талабым.
Нұрали: Жансая бізде өнерлі,
Әнді жақсы көреді.
Хор: Құрбыласпыз,
Тұрғыласпыз,
27-іміз күлімдейміз,
Бір бақшаның гүліндейміз.
Таланттымыз,
Қанаттымыз,
Жақсы оқимыз сабақты біз.
Өйткені біз бір класпыз.
Торғын:
Сіздердің алдарыңызда тұрған мына біздер, 4-сынып оқушылары осыдан төрт жыл бұрын 6 жасар бала болсақ, бүгін міне, етек жиған шәкіртпіз.
Нұрали:
Бұл күнге жайдан-жай жете салмағанымызды ескерсек, ,бүгінгі күні сіздердің алдарыңызда рахаттана еске алатын сәттеріміз де аз емес. «Шуағын төккен 4 жыл» атты слайдқа назар аударыңыздар! Бір сәт елестетер болсақ…….
Автор:— Ерте, ерте ерте ме екен, «Бастауыш патшалығы» атты кішкентай ел болған екен.Оның тұрғындары сондай ақылды, білімді, өнерлі болыпты. Ол патшалыққа жамандық атаулы мүлде жоламаған екен. Ол патшалық көрші екі хандықпен тату қарым-қатынаста тұрған екен. Ең кіші «Бастауыш» хандығында кішкене бүлдіршіндер өмір сүріпті. Тәп-тәтті бүлдіршіндер кез келген мейманды тәтті қылықтарымен баурап алады екен. Уақыт өте келе 10 жасқа толған «балбұлақтықтар» .Көрші «Орта буын» хандығына өтеді. Ол хандықтан кейін алған білімдерін жалғап, сапалы білім мен өнерге баулитын «Жоғары хандыққа» өтіп отырыпты.Осындай күн 2008 жылы «Бастауыш хандығының» табалдырығын аттаған,10-ға толған 4 «Ә»-сыныбының тұрғандарының басына да жеткен екен.
«Бастауыш патшалығының» ханы:
-Аға, менің патшалығымнан тағы бір қарлығаштарым ұшқалы отыр. Ақ батамды тілеп, сенің хандығыңа өткелі отырған бүлдіршіндерім 2008 жылы тарыдай болып патшалық табалдырығын аттаған кішкене бүлдіршіндер, бүгін міне ақыл –ойлары толысып, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды ажырыта алатын шәкірт болды.
«Орта буын» хандығының патшасы:
— Е, бауырым, уақыт деген сиқыршы ғой! Міне көзді ашып – жұмғанша кешегі кішкене бүлдіршіндер де есейген екен.
«Бастауыш патшалығының» ханы:
— Армандасаң да , қиялдасаңда балалық шағың көз алдыңа келеді. Өйткені, биік асуға беттеген аяулы ғұмыр, ғажайып өмір осынау бал күлкілі балалық шақтан басталады. Балдырғандар өміріне өшпес із қалдырған бастауыш патшалығымен қоштасып,- Аға өзіңнің қанатыңның астына барғалы отыр.
«Орта буын» хандығының патшасы:
-Сенің хандығыңнан менің патшалығыма өтетін балдырғандарға өте разымын. Десек те, сен білесің, менің хандығыма өту оңай емес. Мен хандығыма өнерлі, білімді шығармашыл балаларды қабылдаймын.
«Бастауыш патшалығының» ханы:
-Аға, жылдағы дәстүрді бұзбағым жоқ! Ендеше сол балалардың өнері мен білімін көрсетер сәт те келген екен. Ендеше қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған , білім нәрімен сусындатқан ,өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына,ата- аналарына,өз өнерлерін көрсетуге дайын. Сынақты бастасақ бастайық.
-Міне,менің патшалығымның ұшқалы отырған мақтаныштары.
«Орта буын» хандығының патшасы:
Көріктеріне ақылдары сай,тамаша балдырғандар екен.Бастауыш патшалғында 4 жыл бойы оқу үздіктері болған балдырғандар бар ма?
«Бастауыш патшалығының» ханшайымы
Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма?
Бастауышта айтылмаған сыр бар ма?
Бастауышта алған білім, жырларын
Үздіктерім қане,шықсын ортаға
(Ортаға оқу үздіктері шығады. Музыка ойналады .Қолдарында білім алауы)
Ән: Егемен Қазақстан
Торғын:Армысың сен , алтын ұя мектебім
Саған айтар жыр- алғысым көп менің
Жүректерге жаққан білім шырағын ,
Мектебіме арналады бұл әнім!
Нұрали : Дұрыс айтасың Торғын ! Бұл мектептен қаншама адам тәлім алған десеңші.Менің атам да, әжем де , әкем де, анам да , енді мен де мектептен тәлім алудамын.
Торғын : Олай болса Нұрали алтын ұя мектебімізге арнап
Бота Бисенова апамыздың «Мектебім» әнін шырқайық!
Слайд: «Мектептегі мерекелер»
Нұрали: Иә мектебімізге қандай жыр арнасаң да жарасады. Ендеше сыныптастарымыздың мектепке арнаған жырларын тыңдайық
Оқушы : Мектеп деген білім кені , жыр кені,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген тәрбиеші адамға.
Мектеп деген даналардың мекені.
Оқушы: Мектебім- білім берер алтын ұям.
Ер жетіп сенде сөзім, артты санам.
Баулыған 4жыл бойы ата- анамдай.
Әрқашан қасиетті атың маған.
Арада өтсе дағы дүркіреп жыл ,
Әр күні балалықтай бір жүрек бұл.
Өзіңе борыштармын өмір бойы
Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.
Оқушы:Армысың сен алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мақтан етем сені мәңгі мектебім.
Оқушы:Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға киелі.
Қанат қаққан білім алып өзіңнен,
Күллі шәкірт саған басын иеді.
Оқушы: Мектебім- сүйікті мектебім,
Бауырыңда түлеймін , көктеймін.
Сен – бұлақ, мен- қайың бүр ашқан,
Өзіңнен нәр алып көктедім.
Оқушы: Мектеп – кеме , білім – теңіз,
Барар жерге тез жетеміз.
Төрт жыл алған білім нәрін ,
Азық етіп ер жетеміз.
Нұрали: Иә осыдан 4 жыл бұрын , біз 6 жастағы сәби -балалар сөмкемізді зорға көтеріп,мектеп табалдырығын жасқана аттаған едік.
Торғын: Енді міне сауатымызды ашып, білім негізін қалаған бастауыш мектеппен қоштасып, орта буын қатарына қосылғалы тұрмыз.
Нұрали: Иә, міне сағымдай өте шыққан 4жыл ішінде біздің ұстаз анамыз сауатты, тәрбиелі, өнегелі азамат етіп шығарды.
Торғын: Ендеше бастауыш сыныбымыз туралы неге айтпасқа !
Оқушы : Жасқана кіріп жарық сыныпқа біз.
Әр бетін Әліппенің күле ашқанбыз.
Мұғалім сабақ өтіп жатқан кезде,
Қайталап атымызды сұрасқанбыз.
Оқушы: Әр үйдің ерке өскен тентегі едік,
Ақылға келе алмадық ерте көніп.
Бойымыз бірте- бірте үйренісіп.
Мектептің ережесін үйрендік кеп.
Оқушы: Өмірдегі жолымды бір өзіңнен бастадым,
«А»әрпін алғаш сеннен бастадым.
Ұстазым естен кетпес мәңгілікке,
Мейіріммен жауырынымнан қаққаның.
Оқушы:Бірдей біздің ойымыз да , сырымыз,
Бір мектептің ұлы менен қызымыз.
Бірдей өстік оқуда да еңбекте,
Күліп – ойнап біріміз бен біріміз.
Оқушы:Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма?
Бастауышта айтылмаған сыр бар ма?
Бастауышта алған білім, жырларым,
Азық болар , мәңгі талай жылдарға.
Оқушы:Бастауышым- бал бұлағым ,
Алдым сеннен балдың дәмін.
Әріп танып, білім алып
Рахметімді жаудырамын.
Оқушы : бастауышым- балбұлағым
Лаулап жанған шам шырағым.
Өзің берген біліміңмен,
Самғап ұшар тау қыраның.
Оқушы :Өтті сенде қызық шағым,
Бастауышым- бал бұлағым.
Қоштасар күн жетті міне,
Қимастықпен қол бұлғаймын.
Ән: Біз бақытты балдырған
Нұрали: сынып оқушылары мен ата- аналары өмірінен көріністер.
«Есеп».
Баласы:
Әке, кешегі шығарып берген
есебіңіз түп түгел қате екен.
Әкесі: Не дейді? Мүмкін емес!
Баласы:
Ашуланбай ақ қойыңыз, өзге балалардың
Әкелері де сол есепті шығара алмапты.
«Ең қиын сұрақ»
Баласы: Мама, мен бүгін бүкіл сынып
Оқушылары жауап бере алмаған сұраққа жауап бердім.
Анасы:
Өте жақсы балам, ол қандай сұрақ?
Баласы:
Сынып бөлмесінің терезесін
Кім сындырды деген сұраққа…
«Емтихан»
Әкесі: Балам, кешегі емтиханды қалай тапсырдың?
Баласы: Жақсы тапсыған шығармын. Өйткені мұғалім жазда тағы келесің деді ғой.
Әкесі: Жарайсың балам, өзіме ұқсаған екенсің.
Ән: Тойға тілек.
«Орта буын» хандығының патшасы:
Ана тілім –
Анам тілі болғаннан,
Ана тілім —
Бабам тілі болғаннан,
Далам тілі,
Балам тілі болғаннан,
Арғы-бергі Заман тілі болғаннан …
Темірқазық жұлдызым деп ұқтым мен,
Жаза басып,
Жаңылыссам жолдардан,
Бағыт сілтеп,
Бағдарымды оңғарған!-деп жырлайтын.болашақта тіл жанашыры болатын,немесе тілмаш боламын дейтін өнерлі балдырғандарыңыз бар ма екен .Орта буын патшалығында біз бұған қатты көңіл бөлеміз.
«Бастауыш патшалығының» ханы:
Тілсіз, жырсыз тіршілік те тұншығар.
Аспан, Жердің амандығын апаттан
Сақтап тұрған қасиетті Тіл шығар,
Тіл болмаса үнсіздікке кім шыдар?
Ал,қане ортаға шығыңдар.Өнерлеріңді көрсетіңдер!
Оқушы:
Сөйлеме тілім, бұлтарып,
Өзіңді сөз ет – ұлт арын.
Түтінін тілдің түзу қыл,
Гүлденсін десең ұрпағың.
Ана тіл – кәусар бұлағым,
Қана алмас сенсіз құмарым.
Әр әрпің маған – бір-бір тау,
Шыңыңа қалай шығамын?
Тіліңе берік байланғың,
Тіл – айдын, келіп жайланғың.
Аққудай аппақ арымсың,
Ана тіл, сенен айналдым!
Оқушы:
Орысша ө лең
Оқушы:
Ағылшынша көрініс
«Бастауыш патшалығының» ханы:
Өнерге ошақ тәрбием
Өзіңнен қуат алады.
Домбыра тартып,ән салған
Таудай ғой оның талабы дегендей менің патшалығымнан ұшқан балапандарым «Өнер мектебінің» арқасында қазақтың киелі домбырасын да қолға алып үйренді. Мың бұралған бишілеріміз бар. Сол өнерпаздарды ортаға шақырсақ , бізді қуантсын!
Күй: «Туған жер».
Би: испан биі
«Орта буын» хандығының патшасы:
Шыныменен,балдырғандар өте өнерлі, білімді екен.Сендер 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған бүлдіршін едіңдер!Білім алып, қанаттарыңды қатайтып осындай дәрежеге жеткізген ұстаздарың туралы не айтасыңдар?
Торғын:
Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек.
Сондықтан да ұлы ақын Абайдың:
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас
Үйретуден балаға, – деп айтуында терең ой жатыр.
Нұрали: Олай болса, келесі тамашалайтын бөліміміз «Ұстаз ұлағаты» деп аталады.
Торғын:Адам өміріндегі ең қымбат жанның бірі – ұстаз. Өйткені оқушының көкірек көзін ашып, дүниетанымын кеңейтіп, қиялға қанат қақтырады.
« Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға»,-деп Абай атамыз айтқандай , алғаш қолымызға қалам ұстатып, оңымыз бен солымызды танытқан, бізбен бірге қуанып, 42 әріпті танытып , білім нәрімен сусындатқан, мектептегі анамыз- ұстаз екені бәрімізге мәлім. Балалардың ұстазға арнаған ән -жырларын айтпас бұрын, ұстаз туралы не айтар едің Нұрали?
Нұрали :Әр шәкіртін өз баласынан кем көрмей, оқуға , жазуға үйреткен мұғалім еңбегі шексіз. «Мұғалім – мектептің жүрегі» — деп Ыбырай атамыз бекер айтпаған.
Торғын:Дұрыс айтасың Нұрали,ғылым иесі ғалым да , ел қорғаған батыр да , тілінен бал тамған ақын да , тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, көкті шарлаған ғарышкер де, бәрі- бәрі ұстаздан білім мен тәрбие алған.
Нұрали: Иә ,бұл туралы батыр Бауыржан атамыз: «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді»деген екен. Олай болса келесі жырларымызды ұстаздарымызға арнаймыз!
Оқушы:Алғашқы ұстазымыз анамызбен тең келеді,
Бар асылын бізге жиып , мол береді.
Қанатымен су себелеп асыл жан,
Әр шәкіртін баласынан кем көрмейді.
Оқушы:Тек үйреттің әділдікті , адалдықты,
Жирендік , ажыраттық жамандықты.
Жалғастырар ақ жолың сенің салған,
Бар деп ұққын әрқашан балаң мықты.
Оқушы:Қоңыр үнді даусың әсем таңдардай ,
Ұстазымның жүзіндегі нұр қандай?
Мейірлене қарап қойып біздерге,
Күн астынан сабақ беріп тұрғандай..
Оқушы:Алғашқы ұстаз, ерекше тұлға дара шың,
Ұмытылмастай көңілде мәңгі қалатын.
Сағына әркез суреттерді парақтап.
Шәкірттерін жиі еске алатын.
Оқушы:Шәкірттер сіздерді айтып мақтанамыз,
Бейнеңіз жүректерде сақталады.
Біз әлі биіктерден көрінеміз,
Үміт пен сеніміңіз ақталады .
Оқушы: Отанның ұланын,
Баулыған мұғалім.
Өзіңсің ағытқан,
Білімнің бұлағын.
Мен сенің көктемің
Нұрыңмен көктедім.
Сол үшін өзіңе,
Алғысым көп менің!
Оқушы: Сүйікті мұғалім,
Бес алсам ұнадым,
Екі алсам сынадың,
Алдыңда әрқашан,
Бас иіп тұрамын,
Сүйікті мұғалім!
Оқушы: Сен менің әкемдейсің ,анамдайсың
Мен үшін армандайсың, алаңдайсың.
Ұстазым сенен артық ақылшым жоқ,
Адалдық пен парасаттан жаралғансың.
Оқушы: Бастауыштан алдық біз білім нәрін,
Бар білімнің жинадық шырын балын
Бала деген ұстазға тартады екен,
Менің осы мектептен ұғынғаным,
Оқушы: Жүрегімде ұстаз берген сабағы,
Өн бойыма тамырланып тарады
Ұмытпаймын салған жолын ,ақылын
Мәңгі,мәңгі есімізде қалады.
Оқушы: Атағым Алатаудай болса биік
Тұрса төбем өсіп ,көкке тиіп.
Алдында әрқашанда тағзым етіп
Тұрамын ұстазым деп басымды иіп.
Оқушы: Әлі есімде мектепке келгеніміз.
Келгеніміз,сыныпқа енгеніміз
Жасқаншақтап,тосырқап тұрған шақта
Өзің болдың ұстазым сенгеніміз.
Арманым болып аңсаған
Мәңгілік қалдың мекендеп
Өзіңе арнап ән салам
Оқушы:
Бітірдік бастауыш сыныпты,
Ер жеттік буындар қатайды.
Үйреткен білімнің қыр-сырын,
Қимаймыз Гулжан апайды.
Біз енді кішкентай бала емеспіз,
Біздерді орта буын деп атайды.
Әрқашан есімде ұстаймын,
Алғашқы ұстазым Гулжан апайды.
Оқушы:
Оқытты ұстаз анамыз,
Өсті білім санамыз.
Білгір ,ер боп өсетін,
Біз бақытты баламыз.
Бойымызда бұла күш,
Еркін өскен ұланбыз.
Оқу ,білім үйреткен
Бәрі : Мың алғыс сіздерге біздей түлектерден,
Мың алғыс мына отты жүректерден!
Ән:Б.Бисенова «Ұстазға мың тағзым
Біз нені үйрендік?
Оқушы: оқуды, жазуды, есеп шығаруды, ән айтып би билеуді.
Оқушы: Үлкенді сыйлауды, кішіге қамқор болуды, жерімізге, елімізге жақсылық жасауды.
Оқушы: Халқымыздың салт- дәстүрін, әдет- ғұрпын үйрендік.
Оқушы:Біз нені сүйеміз?
Хормен: ата- ананы, халқымызды, жақынымыз бен алысымызды, құрбы құрдастарымызды, табиғатты, ел байлығын, ұстаздарымызды, алтын ұя мектебімізді!
Оқушы: Бізді болашаққа не бастайды?
Хормен: Ұстаздың көрсеткен жолы, ата- ананың ақылы, болашаққа деген берік сезім.
Оқушы: Біз кім боламыз?
Хормен: адал азамат, ақылды ару, ғалым, елін сүйген ер, нағыз адам.
Нұрали:Сіздерге шексіз алғысымызды айта отырып, жеке құндылықтарыңызды бағалай әр-түрлі номинацияларда Сіздерді дипломдармен марапаттаймыз.
Торғын: «Қамқор және мейірімді» номинациясымен мектеп директоры Қасымова Нағима Төлеубайқызы марапатталады.
Оқушы: Анамдай мейірімді құшақ ашып,
Тұрасыз Нағима апай амандасып.
Әр уақыт жылы сөзің шабыт беріп,
Барамын болашаққа қадам басып.
Нұрали: «Самая обаятельная и привлекательная » номинациясымен оқу ісінің меңгерушісі Гулмира марапатталады.
Оқушы
Ақ көңілдің ізі бар
Нұр жайнаған жүзінде
Мың алғыс жолдап сізге тоқтамамай,
Гулмира апай, ризамыз өзіңізге
Торғын: «Самая энергичная» номинациясымен Хауия марапатталады.
Оқушы:
Мектепті ойлап күні-түні,
Сондықтан да біздің мектеп үлгілі.
Хауия апай дана кісі мектептің,
Білім менен тәрбиенің символы.
Нұрали: «Кең пейілді, ұлағатты» номинациясымен оқу ісінің меңгерушісі Абдикалымова Ләззат марапатталады.
Оқушы: Кемшілікті кезінде
Кесіп айтар өзіне.
Өнеге мол өзінде,
Өсиет көп сөзінде.
Көңіліңнің хошын-ай,
Көп шәкірттің досындай,
Ақ ниетті кең пейіл
Абдыкалымова Ләззат осындай.
Торғын: «Байсалды, мейірімді» номинациясымен тәрбие ісінің меңгерушісі Асем марапатталады.
Оқушы: Адамға деген мейірімнің өзінен
Бойыңыздан толған жылылық лебін сезінем.
Мың алғыс жолдап сізге тоқтамай
Асем апай, ризамыз өзіңізге,
Сәлеміміз сізге алыстан құралады.
Нұрали: «Жас, әрі шебер» номинациясымен Ақылбекова Айкүн марапатталады
Қуаныштың ізі бар,
Нұр жайнаған жүзінде.
Қараған жан қызығар
Айкүн апайдың өзіне
Торғын: «Ардақты ұстаз» номинациясымен алғашқы ұстазымыз Аралгуль марапатталады.
Оқушы:
Читать и писать на русском,
Нас научила она.
Это наша царица,
Аралгуль Смагуловна. .
Нұрали: «Баға жетпес, өнегелі» номинациясымен сынып жетекшіміз, ұстазымыз Жахып Гулжан марапатталады.
Оқушы:
Сөз сөйлесе жарқын – ақ,
Күніміздей жарқылдап,
Қызық өтіп сабағы,
Өсіреді ой-сананы.
Біздермен ойнап күледі,
Сырымызды біледі.
Қасымызда қашан да,
Қамқор болып жүреді.
Гулжан Жахыпқызына
Алғыс айтады түлегі.
Торғын: «Инабатты» номинациясымен әдістемелік бірлестік меңгерушісі Бекназар Жанат марапатталады.
Оқушы:
Көрмеген артық күліп, артық жүріп,
Шәкіртіңді баулыдың тәртіпті ғып.
Қоштасамыз біз бүгін, Жанат апай,
Шәкірттердің алғысын айтып тұрып.
Нұрали: «Ақ көңіл» номинациясымен орыс тілі пәнінің мұғалімі Тлеуова Роза марапатталады
Оқушы:
Завучу от нас поклон. Кто из нас в Вас не влюблен?
Вы душевны и добры, и при этом так умны
Знайте, не забудет Вас
Выпускной четвертый класс!
Ақ көңілдің ізі бар
Нұр жайнаған жүзінде
Мың алғыс жолдап сізге тоқтамамай,
Роза апай, ризамыз өзіңізге
Торғын: «Күміс көмей» номинациясымен ән-күй пәнінің мұғалімі
Әсем марапатталады.
Оқушы:
Әдемі ғой ән сабағы мектептің,
Жүректерге әсемдікті сепкен кім?
Ханзада апай, бас иеміз сізге де,
Ән мен сазды талмай бізге үйреткен.
Құрметті ұстаздар бұл би сіздерге арналады.
Би: Ореn gangnam stile
«Бастауыш патшалығының» ханшайымы :
Біздің ата-аналарымыз,ұстазбен бірге оқып, шыдамдылық танытып,көп еңбек етті.Бала тәрбиесінде қосқан үлестеріңіз үшін мың да бір рахмет!
Торғын: Біздің жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырып жүрген біздің ата- анамыз. Қатарымыздың теңі болып , тамағымыз тоқ, көйлегіміздің көк болып жүруі де сол кісілердің арқасы.
Оқушы:Ыстық- ау кім- кімге де әке деген,
Суыққа шалындырмай, мәпелеген.
Өмірдің соқпағымен өрге тартып,
Алдымен адам бол деп жетелеген- дегендей әкенің орны бөлек ау.
Оқушы:Әкешім тілеуімді тілеп жүрген,
Аумайсың жарығы мол ашық күннен.
Шаршайсың жұмыс істеп біздер үшін.
Ақылды балаларың оны білген.
Нұрали:Әр ана өз баласын мейірімді болса екен, жақсы оқып,елге қалаулы азамат болса екен дейді. Халқымызда мынадай бір нақыл сөз бар: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да борышыңды өтей алмайсың» деген Алайда ардақты анамыздың ақ сүтін ақтай білгенге не жетсін!
Торғын: Иә, дұрыс айтасың . Біз болашақта саналы да, ақылды бала болып өссек ананың арманы орындалды деген осы емес пе?
Оқушы:Дүниеге әкелген ,ол да сенің анашың,
Ақ сүт беріп өсірген , ол да сенің анашың.
Тіл алмасаң кешірген , ол да сенің анашың,
Мәпелеген баласын,аман болсын анашым!
Оқушы:Кеудемнен сезім селі ақтарылсын,
Болармын күні ертең- ақ мақтанышың.
Білім алып, тер төгем , еңбек етем,
Өзіңнің сеніміңді ақтау үшін!
Аналарды сүйеміз,
Ақылын ойға туйеміз.
Әкені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.
Ән:«Аналар».
«Орта буын» хандығының патшасы: ортаға шығады.Бұйрық оқиды.
2013 жыл.4 «Ә»-сынып балдырғандары,бастауыш патшалығынан орта буын патшалығына қабылдансын. Қабылданбас бұрын жылдағы дәстүрге байланысты ант берілсін!
1.Бастауыштағы қызықты күндерді мәңгі естен шығармауға
2.Әліппе ұстатқан алғашқы ұстаздың еңбегін ақтауға
3.Орта буында оқитын басқа пәндерден қорықпауға
4.Бастауыш патшалығының атына кір келтірмеуге
Хормен: Ант етеміз!
Бастауыш патшалығының ханы:
Өтті міне, қызық шағым,
Бастауышым -Балбұлағым
Қоштасар күн жетті міне,
Қимастықпен қол бұлғаймын!
Қоштасу вальсі.
Ән: «Көк тудың желбірегені»
Торғын: Құттықтау сөз кезегін 4 жыл бойы білім нәрімен сусындатқан , адал еңбегімен тер төккен алғашқы ұстазымыз Гулжан апайға береміз.
Құрметті оқушылар!
Міне, алғашқы басқыш бастауыш мектепті тәмәмдап, ортаңғы буынға көшкелі отырсыңдар. Қаумалаған көпшілік, ата-аналар, ұстаздар қауымы- сендер не білді, нені үйренді, білім мен тәрбиені қалай меңгерді деп сынай қарап отыр. Міне балалар сендер осы сыннан сүрінбей өттіңдер.
Бастауыш мектеппен қоштасу салтанатын аяқтай келе, 4 сыныпты сапалы білімдерімен аяқтаған оқушыларыма жоғары сыныпқа барғанда да осы сапалық құрамын сақтап, үнемі жақсы оқуымызбен, болашақ Тәуелсіз еліміздің тірегі болар азамат боп өсіңдер деп тілек білдіремін.
Ал ата-аналарға айтарым: қырандарыңыздың білім қанаттары талмасын. Тек биікке самғасын дегім келеді.
Алдарыңда ұзақ жолың бар,
Оқумен өсіп толыңдар.
Қиындыққа мойымай,
Аман есен болыңдар,- деп бастауышпен қоштасу ертеңгілігін аяқтаймыз.
Нұрали: Ата-аналар атынан сөз кезегі ___________________________________
________________________________________________________беріледі.
(ата-аналардың ыстық лебіздері)
Торғын: Осымен «Аттанайық бала шақтан болашаққа!» атты кеш аяқталды. Зейін қойып тыңдағандарыңыз үшін шексіз алғысымызды білдіреміз.
Нұрали: Жұлдызыңды жақ! Бұл сөз тек сіздерге арналады, түлектер!
Ұстаздарыңыз, мектебіңіз соған тілекші. Жолдарыңыз болсын, түлектер!
Бірге:
Аттанарда ұрпағым бақ жолына,
Түссін деп тура нақ жолына,
Арнайы ақ матадан жол төседік,
Ырым ғып түлектердің Ақ жолына!
(Ақ жолмен түлектер шығарып салынады)