Атты, міне, азаттықтың ақ таңы!
Сабақтың тақырыбы: Атты, міне, азаттықтың ақ таңы!
Сабақтың мақсаты:
а) Оқушыларды туған жерін,елін,отанын сүюге, қазақ елінің қаһармандарын ұмытпай, оларды үлгі тұтуға шақыру, Қазақстан туралы білімдерін кеңейту.
ә) Отаны үшін отқа түсетін елжанды азамат етіп тәрбиелеу. Оқушылардың патриоттық сезімін қалыптастыру.
Сабақтың көрнекілігі:
І- жүргізуші:
Тәуелсіздік – елдігім мен ерлігім,
Соған сүйін, Сүйсіне алсаң сен бүгін!
Мақтан соған, Қуан соған баладай,
Соған арнап жер жаһанның тер гүлін!
ІІ- жүргізуші:
Тәуелсіздік – азаттығың мәңгілік,
Соны жырла, Соны шырқа ән қылып!
Соны ғана әспеттеуге арналсын,
Барша дәстүр, Барша өнеге, Бар ғұрып!
І- жүргізуші:
Армысыздар, Егеменді елдің азат халқы!
ІІ- жүргізуші:
Қайырлы күн, қымбатты қонақтар, ұстаздар, ата-аналар, Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – жарқын ұл мен қызы! Бүгін сіздер 9 «ә» сынып оқушыларының «Атты, міне, азаттықтың ақ таңы» атты ашық тәрбие сағатын тамашалауға қош келдіңіздер!
І- жүргізуші:
Бабалар аманат еткен Қазақтың киелі, Ұлы даласының Ұлы тұлғаларының құрметіне арналған бүгінгі кеш табалдырығымызда тұрған Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне арналмақшы.
1-оқушы:
Жалғасып соғыс өрті сан ғасырға,
Біз көрдік хас дұшпанның балтасын да.
Еліме тәуелсіздік келіп жетті,
Мың жылдық күрестердің арқасында.
Жаңғырды халқымыздың мың өшкені,
Бар мұнда сан ұрпақтың үлестері.
Ел үшін мәңгілікке жалғасады,
Ақыл-ой, ар-намыстың күрестері.
2-оқушы:
Тойланып мың мереке, ұлыс күні
Құйылған шаңырақтан ырыс нұры.
Халқымның бақыты үшін аз байлық па,
Тәуелсіз еліміздің тыныштығы.
Ішкі жау балағыңнан тартпасын кеп,
Сыртқы жау пәле-жала жаппасын тек.
Мен әр кез отырамын Тәуелсіздік,
Қадірін білмегеннен сақтасын деп!
3-оқушы:
Шаттық нұры шашылып зеңбіректен
Шуағын күн төгеді енді көктен.
Шылбыр үзді даланың арғымағы,
Тәуелсіздік жалауын желбіреткен.
Дүбір қосып өзіңдей сәйгүлікке
Ақ боз аттың алдынан жанды үміт те.
Ту ғып ұстап аңсаған азаттықты,
Қазақстан бет алды мәңгілікке!
4-оқушы:
Ел болдық ерік алдық Астаналы,
Енді кімнен қазағым жасқанады.
Тәуелсіз мемлекеттің шежіресі,
Нұрсұлтанның атымен басталады.
Биік ұста тәуелсіздік жалауын,
Бірлік достық бейбітшілік қалауын
Мерейлі жыл 20 жылың құтты болсын
Бақ кетпесін әр үйіңнен қазағым.
І- жүргізуші:
Құрметті ұстаздар, оқушылар! Қазаққа тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Тарих беттеріне шолу жасасақ, талай батырларымыз Отанымызды ат үстінен түспей қорғап, қан кешкен болатын. Бір ғана ХІХ ғасырдың өзңнде отаршылдыққа қарсы күрескен батырларымыз қаншама?! Кешегі Сырым Датұлы, Есет батырлар, Исатай Тайманұлы, Кенесары Қасымұлы, Желтоқсан оқиғасының ұл мен қыздары!..
ІІ- жүргізуші:
Тәуелсіздікті ту еткен Кенесары көтерілісі кешегі кеңес өкіметі кезінде «феодалдық монархиялық қозғалыс» деп, ал Кенесары туралы жазғандары бас бостандығынан айырған болатын. Алайда, қазақ халқының соңғы ханы – Кенесары Қасымұлы заманының кемеңгері, мемлекет қайраткері, көреген стратегі, батыр болған адам.
І- жүргізуші:
Ол 10 жыл бойы (1837-1847) басынан бақайшағына дейін қаруланған патша өкіметінің тұрақты әскеріне қарсы күрескен, соңынан үш жүздің батырларын ерте білген, өте ақылды адам болған. «Тарих қиянатты кешірмейді», олай болса, құрметті көрермендер бүгінгі кеште сіздер әділеттілік қашанда жеңіске жететіндігіне куә боласыздар.
І-көрініс: (көрініс: «Тәуелсіздік туы – хан Кене!»)
Ән:
ІІ- жүргізуші:
Биігім сол! Аңсап, самғап шығатын.
Шың деу керек.Оның рас, Шан атын!
Тәуелсіздік –адамзаттың бақыты,
Оның, сенің асыл-арман мұратың!
І- жүргізуші:
«Халқым!» деп айта алу да азаматтық. Ал халық басына күн туғанда, қасқайып халқын қорғау – азаматтықтың шыңы. Қилы кезең сын сағаттарда бір емес, бірнеше дүркін қасқайып тұрып халық мүддесін сөйлеген Жұбан Молдағалиев ағамыз еді. Халық Азаттық атты ұлы сөзді ақынның есімімен байланыстырады.
Мен – қазақпын
Авторы: Жұбан Молдағалиев
1-оқушы
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен – жігітпін, айқасқа, сынға асықпын,
Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.
Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,
Шарықтасам қыран боп шыңға шықтым.
Жаза алмадым, қайтейін, хат білмедім
Білдім бірақ найза мен аттың белін.
Ат үстінде ұмыттым кедейлікті,
Ат үстінде өлсем мен шатпын дедім.
Ал бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,
Жаза алатын, ғылымды қаза алатын,
Жаза алатын дүниелік дастандарды,
Жаза алатын тарихқа қазақ атын.
Атымның да кеше еді ғой танылғаны,
Оған дейін не таңба танылмады?
Солар жайлы ойлансын ұрпағымыз –
Шолпан қызы, шапақты таң ұлдары.
2-оқушы
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Таңба-таңба тәнімнің тыртықтары,
Қатпарына қаншама сыр тықпады?
Шежіренің беттерін ашар о да,
Оқи алсаң кітаптай, сүртіп қанын.
Қан да, көздің жасы да сорықпады,
Күреңітті көлдердің борықтары.
Азан-қазан «Ақ табан шұбырынды»,
Ала топан жоңғаржың жорықтары.
Сарыарқада сарнады Асан қайғы,
Домбырадан бақсыдай бас алмады.
«О, қарт баба, еңсеңді көтер!» дер едім,
Көп күрсінсең, көңіл де қасаңдайды.
Жерімізде жау қолы жосығанда,
Тура айтуға тірі тіл шошығанда,
Жалғыз дауыс – домбыра емес пе еді,
Қарсы болған қаныпезер Жошы ханға?!
3-оқушы
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен – қазақпын, бір биік белеспін мен,
Европа да, Азияда емеспін мен.
Аралықпын, жетінші материктей,
Бірақ барша адаммен тел өстім мен.
Шалқы, қазақ, шалқитын заман келді,
Текке қанын төккен жоқ Аманкелді.
Кең далаңда керіліп, атыңды атап,
Жырла, қазақ, жаңа күй, жаңа ән келді.
Әуеніңнен сонда мен алып көрдім,
Жақсылыққа жаралған халық көрдім.
Жорамалым ақталды, жаңылмаппын,
Жайла, қазақ, өмірдің жарқын төрін!
4-оқушы
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен – қазақпын, жаныммен, жүрегіммен,
Еңбек өмір, ер өмір, жыр өмірмен.
Алабөтен болмаймын өзгелерден,
Өзгемен бір өзім боп жүремін мен.
Мен – қазақпын, жан Отан, бел балаңмын,
Махаббаты сенікі жер-даламның.
Ана сүйсе бір жүрек, менше сүйсін,
Кешір мені, аса айтсам – мен де адаммын.
Қандай дүние жетеді балауына!
Бәрі сенің, жан Отан, қалауыңа!
Өз бейнеңдей әлемге тұр танылып,
Қазақстан Гербі де, Жалауы да.
Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске –
Айта бергім келеді, айта бергім!
І- жүргізуші: Иә, қазақ халқының басынан небір қилы заман өтті.
ІІ- жүргізуші:1937 жылы асыра сілтеудің кесірі – біздің қазақ әдебиетінде жайқалып келе жатқан жас теректердің тамырын қиды.
І- жүргізуші:Ақтаңдақ жылдардағы қазақ деп қабырғасы қайысқан қайраткерлер де тәуелсіздігімізге жеткізер ұлы жолдағы құрбандар еді.
ІІ-көрініс:
Бес арыс бейнесіндегі бес арыс баланы әскерлер алып шығады. Атуға дайындап тұрғызады.
Әскер: Иә, соңғы сөзді кім айтады іштеріңнен.
Мағжан:
Ей тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танимысың сен мені
Мен қазақтың баласы.
Мылтық даусы естіледі.
1-оқушы:
Құрбандарым жазықсыз құрбандарым,
Бет бағдарын бақиға бұрғандарым
Қаралы жылдардай боп қарауытып,
Халқымның мәңгі есінде тұрғандарым.
Құрбандарым жазықсыз құрбандарым.
2-оқушы:
Кеудемдегі қолаңтаны қоздатқаның
Тұншықса да түрмеде тозбапты әнім.
Жазықсыз жапа шегіп бұл жалғаннан
Жалтақтатып кете барған боздақтарын.
І- жүргізуші:
Қазақ халқында бұрын болмаған ең ауырда әділетсіз көтерілістің бірі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы. Бұл оқиғаға жастарымыз бейбіт жолмен тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қатысты.
ІІ- жүргізуші:
Алаңға шығып өз ойларын айтуға тырыс-қан қазақтың қарусыз жастарына қарсы жазалау үшін кеңес елінің басқа жерлерінен арнайы жасақталған әскерлер әкелінді. Жүздеген қазақ жастары сотталды, мыңдаған қазақ жастары оқудан, қызметтен қуылды. Бірнеше апаларың,аталарың қыршынынан қиылды. Оның ішінде қазақтың батыр ұлы Қайрат Рысқұлбеков пен Ләззат Асанова апаларың да бар еді.
Мұхтар Шаханов «Желтоқсан алаңы»
1-оқушы
Сәл сялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер…
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер…
Алаң шетін қоршап тұрған шыршаларға ала көк,
Жас бүлдіршін, сезіміңді жанар етіп қарап өт.
Сол арадан сатқындық та елестейді қара бет,
Қара беттің көбі бүгін дара тұлға, дарабет.
Жас бүлдіршін, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,
Заманыңның жеңісі мен жеңілісін санап өт.
2-оқушы
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Ал, біреулер намысы жоқ, жігер, қауқар, қары жоқ,
Кемсітпекші «желтоқсанның жалаң аяқтары» деп
Жоқ!!! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттің ары боп,
Дәуірінің тауығына шашылмаған тары боп.
Тірліктегі әр ісіңнің жаңғырығы болады,
Бұл табиғи жасырын заң өзгеріссіз қалады,
Сол заңға сай сені бақыт, не сор іздеп табады.
…Дүниені дүр сілкінткен жас толқынның саналы
Даңқын ешкім, ешкім бүркей алмас. Оны да еске салады,
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы.
І- жүргізуші:
Хор «Қазағым менің» Сөзі Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаертікі, әні Бекболат Тілеухановтікі. Қабыл алыңыздар!
Экраннан 1991 жыл 16 желтоқсан күні көрсетіледі.
ІІ- жүргізуші:
1991 жылы 16желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіз Республика деп жарияланды.
І- жүргізуші:
Далада думан, қалада думан жыр бүгін
Ғасыр бойы аңсайда күткен бұл күнім.
Жасай бер, жаса қалдырған бақыт бұлбұлым.
Хормен:Тәуелсіз Қазақстаным!
1-оқушы
Биік ұста тәуелсіздік жалауын,
Бірлік,достық,бейбітшілік қалауын
Мерейлі жыл 20 жылдық құт болсын
Бақ кетпесін әр үйіңнен қазағым!
Шындықты айтып қазақ халқы шырқырап,
Адалдықтың таңы атсын бұрқырап,
Ауыз бірлік мықты болсын ағайын,
Ең бірінші ырыс алды ынтымақ.
2-оқушы
Ақынның да көкейінде жыр тұнды,
Жүрегімді мазалайды бір сұрақ
Байлық бақыт керек емес өмірде,
Ең алдымен керек екен ынтымақ.
2030-дың біз барысымыз,
Жетістікке бастайды әр ісіміз
Өркениет елімді көркейтетін
Болашақ білімді патриот жастарымыз.
І-жүргізуші.
Құрметті ұстаздар, қонақтар, оқушылар! Бүгінгі Тәуелсіздік ата-бабам аңсаған атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Сөз соңында айтарымыз:
Енді айтарым жастар елін сүйсін деймін,
Елі үшін , еркіндік үшін күйсін деймін.
Бұрынғы өткен батыр ер бабалардай ,
Жерін,елін,халқын қорғап жүрсін деймін.
ІІ-жүргізуші:
Қазақстан 20 жылын құтты болсын!
Мәңгі бақи елімізде өмір болсын!
Талайды таңқалдырып,тамсандырып,
Қазағымның әрқашан жолы болсын.
Ендігі сөз кезегін тәрбие сағатымыздың арнайы қонақтарына береміз.