Туған жерім — алтын бесігім

Сабақтың тақырыбы: «Туған жерім — алтын бесігім»

Білімділігі: Оқушылардың ой-өрісін кеңейту, сөздік қорын толықтыру, ізденісін, шығармашылығын ояту, мәнерлеп оқуларын қалыптастыру.

Тәрбиелілігі:            Оқушыларды туған жерді аялауға, қадірлеуге, қорғауға, сүюге баулу.

Көрнекілігі:«Маңғыстау» тақырыбына буклеттер, кітап көрмесі, нақыл сөздер, слайд, сөзжұмбақ

Сабақтың барысы:

І.Ұйымдастыру: Тәрбие сағатына қатысушы мұғалім, ата-аналарды қабылдап, оқушылармен амандасып, ашық тәрбие сағатының мақсатын айтып өтемін.Одан соң кіріспе сөз сөйлеп, қысқаша мәлімет беріп өтемін.

Бұл жарыққа аяқ басып туған жер.

Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.

Жастық-алтын, қайтып келмес күнімде

Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер.

Жаратылдым топырағыңнан, сен — түбім.

Жалғаны жоқ, бәрі сенен жан-тәнім.

Сенен басқа жерде маған қараңғы,

Жарық болар Шолпан, Айым, сен — Күнім.

ІІ.Ән.   Көшкінбай Назерке

ІІІ.Туған жерге арналған өлең-жырларға кезек берейік:

1-оқушы:    Нұргүл А.

Жердегі гүлім, көктегі күнім — Маңғыстау

Ақ махаббатым, мәңгілік жырым — Маңғыстау

Тебіренбей қалай- қалай шыдарсың

О, туған жер, шабыттың көзі шығарсың.

Бұйратты құмды, қасиетті таулы мекенім

Өзіңде туып өмірдің ұқтым не екенін

Аңсасам егер шалғайда жүріп мен сені

Қанат қып байлап сағынышымды жетермін.

2-оқушы:     Фариза

Қыранды өлкем , жыр-әнді өлкем — Маңғыстау

Сазды әуен қосып домбыра шертем — Маңғыстау

Керуен жолда төсінде жатқан не қилы

Бабалардың әжімді жүзі секілді.

3-оқушы:      Айгерім К.

Боз жусан, боз далаңда қыр гүліңді

Танытып бар қазаққа Пірлігіңді

Маңғыстау — әулиелі құт мекені,

Көтерді тың ғарышқа түбегіңді.

4-оқушы:       Мейірбек

Өткеріп жатыр жылдар белестерін,

Тарихтың ашқан жарқын жетті үндерің

Алланың берген бізге бұл да сыйы

Мәңгі өлмес аты әйгілі есімдерің

5-оқушы:    Аяжан

Маңғыстауым менің

Абыл күйінің болып сазынан демің,

Қашаған — жырымен, сірә да,

Жазылар ма едің?!

Сұр замандардың тоңына

Көмілген бақыт,

Көп күттірдің-ау

Жұртыңды, қазынам менің!

Құт мекен болып жалыннан

Жаралағандарға,

Тарта бер енді, алыбым,

Замандарды алға.

Мен сенің алауларыңды

Алдымнан көрем

Мәңгілік бақыт іздеген

Адамдар барда!

Ән:»Ұшады Маңғыстаудан шағалалар»

6-оқушы:     Назерке

Аққу сынды әулие

Халайық, көкейіңді тапқым келер,

Бір отты жүрегіңе жаққым келер.

Есімқұл атам десем, көз алдыма:

Киелі құс төресі — аққу келер!

Адамдар арманымен күшті дейді,

Қиялмен аспанды да құшты дейді.

Ер Бекет, Есімқұл мен Аманбайлар —

Құс болып көк жүзіне ұшты дейді!

7-оқушы:     Асхат

Арыстардың аруағы.

Адайдың асау басы не көрмеген!

Тағдыры талай тұста көгендеген,

Ата жұрт Маңғыстауға жеткенінше,

Әйтеуір, көсегесі көгермеген.

8-оқушы:       Нұргүл Т.

Маңғыстау

Маңғыстау, күнің аптап, желің тентек,

Менде де саған тартқан сезім тентек.

Ғасырдың тұйығында тынып келіп,

Аспанға атқылаған селің тентек.

9-оқушы:       Диас Қ.

Маңғыстау — Қашаған мен Абыл өлкем,

Қырларын құйын кезген сағым өлкем.

Аңыздап мұнаралар аспаныңа

Атағың алыс кеткен дабыл өлкем

Маңғыстау — мұнаралар арманысың

Темірдей жұмысшының қолдарысың.

Аңсарын адамдардың арқалаған

Бастайтын болашаққа жолдарысың.

10-оқушы:      Өтебай Қ.

Маңғыстау — жыр мекен,

Ақындары дүр мекен.

«Ақбөбектей» ән қайғырған,

«Ақжармадай» саз қайырған,

Перзенттері гүл мекен.

11-оқушы:     Қуаныш

Маңғыстау — мерейім,

Мерейлі сөз терейін.

Күн аптаған ерніңе

Қарлығаш жыр қанатыммен

Бір тамшы су себейін.

12-оқушы:    Айгерім Х.

Маңғыстауда «Адайдың бес жүйрігі» ақпа-төкпе, суырып салмалық қасиеттеріне қарай аталған. Олар мыналар: Абыл Тілеуұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Ақтан Керейұлы, Қашаған Күржіманұлы, Аралбай Оңғарбекұлы

13-оқушы:   Ақерке

Әншілердің ішінде озық, шашасына шаң жұқтырмас дүлдүл, даусының кеңдігі ұлан-ғайыр, тек ән өнерімен ғана шектелмей, оған қоса ақындық қасиеті бар тума дарын иелеріне «қайқы» атағы берілген. «Адайдың жеті қайқысы» мыналар: Жылгелді Теңізбайұлы, Өскінбай Қалмамбетұлы, Әділ Өтеғұлұлы, Шолтаман Байсарыұлы, Тастемір Шыршығұлұлы, Тұрсын Алдашұлы, Досат Бәймембетұлы

14-оқушы:      Мерей

Біздің Маңғыстау облысы Қазақстан Республикасының батысында орналасқан. Облысымыз Өзбекстан, Түрікменстан Республикаларымен, Каспий теңізі арқылы Ресеймен шектеседі.Өлкемізден мұнай, ұлутас өндірілетінін мақтанышпен айта аламыз. Облысымызда 5 аудан бар: Маңғыстау, Бейнеу, Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы.

15-оқушы:   Мереке

Біздің тұратын ауылымыз Мұнайшы деп аталады. Біздің ауыл Қарақия ауданына қарайды. Қарақия ауданында ең терең ойпат Қарақия орналасқан. Ол теңіз деңгейінен 132 м тереңдікте. Біздің ауылда өндіріс орындары, мекемелер бар.

16-оқушы:    Әсемгүл

Ұранымсың, жан баба,

Жыр-әнімсің ,жан баба,

Жебеушімсің, жан баба,

Демеушімсің, жан баба,

Бекет ата — Пір баба!

Маңғыстау десе аузымызға бірден Бекет ата немесе 362 әулие түседі.»Маңғыстаудағы әулиелер саны-360, қырда — Бекет, ойда — Саназармен 362″ деген қағиданың қатесіздігін айғақтай түседі. Қазақстандағы тарихи — мәдени ескерткіштердің 80 пайызы Маңғыстауда шоғырланған.

17-оқушы:     Жаңылсын

Бекет Ата- 1750-1813 жылдары өмір сүрген әулие, көріпкел, батыр, сәулетші, ағартушы. Жем өзені бойындағы Ақмешіт — Құлжан, Маңғыстау өңірі. Мүрдесі Маңғыстауда Оғыландыдағы өз мешіт ғимаратында қойылған.Ол 4 мешіт салған: Құлсарының біріншісі — Ақмешіт, екіншісі- Бейнеу ауылынан 20 шақырым жерде, үшіншісі — Үстірттегі Байшатыр, төртіншісі — жерасты мешіті Оғыланды.

18-оқушы:    Камила

Киелі Маңғыстау жері әулиелерге бай. Әрқайсысының өзіне тән қайталанбас қасиет- ерекшелігі болғаны да аян. Уақыттың куәлік етуіне олардың әрқайсысының әсер ету күші де әр алуан болып келеді.

19-оқушы:   Нұрзаман

Уа, дариға, алтын бесік  — туған жер,

Қадіріңді келсем білмей кеше гөр!

Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,

Ақын болмай, тасың болсам мен егер.

20- оқушы:    Жансая

О, туған жер, кеңпейіл, құшағың кең.

Саған көңіл бұлқынар күш ағынымен.

Сағынышты қанат қып саған қарай

Балапандай талпынып ұшамын мен.

Сенде жанды тербетер дастан бар-ау.

Менің мынау өмірге құштарлығым,

Сені жақсы көруден басталғаны-ау.

ІV. Кезекті туған жер туралы мақал-мәтелдерге береміз.

Би»Кішкентай», орындайтын Қалмұқан Жансая

  1. Келесі кезекті»Маңғыстау» сөзжұмбағына береміз.

Сөзжұмбақ тақтада ілінген. Оны оқушылар шешіп, жауаптарын тақтадағы сызбаға жазып отырады.

 

М
А
Ң
Ғ
Ы
С
 Т
А
У

 

  1. Облысымызда соңғы ашылған аудан
  2. Ең терең ойпат
  3. Облысымыз туралы құнды энциклопедия атауы
  4. Бекет ата мүрдесі қойылған жер атауы
  5. Ауданымыздың орталығы
  6. Облысымыздағы теңіз атауы
  7. Облысымыздың орталығы
  8. Бекет атаға баратын жол қай ата арқылы өтеді?
  9. Облысымыдағы ауданның бірі
  10. Оқушылар шығармашылығына кезек береміз. Үйге туған жер туралы өлең шығарып, шағын шығарма жазып келу берілген болатын. 4-5 оқушыға оқытамын.

VII. Қорытынды сөз: — Құрметті оқушылар!

Біз бүгін»Туған жерім — алтын бесігім» атты ашық тәрбие сағатын өттік.

Тәрбие сағаты барысында біз өлкеміз туралы көптеген мәліметтер алдық, біраз нәрсе білдік.

—     Айналайын!

Атамекен, Ақ мекен!

Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!

Туған өлке тәтті екен ғой,

Тәтті екен!— деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай туған жеріміз, атамекеніміз біз үшін әрдайым ыстық.Өз жерімізді әрқашан қастерлейік, сүйейік, болашағына үлес қосайық.

Қатысушы мұғалімдерге, ата-аналарға сөз беріліп, олар да өз пікірлерін айтады.