Сабыр түбі-сары алтын
Тақырыбы: Сабыр түбі-сары алтын
Мақсаты: Сабырлылық,ұстамдылық тәрізді адами қасиеттер туралы түсінік беру; Сабырлы ,ұстамды болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: оқулық,дәптер, ақын суреттері
Шаттық шеңбері:
-Сәлеметсіңдер ме, балалар ! Мен бүгін сендерді көргеніме қуаныштымын. Бәріміз қол ұстасып, шын жүректен бір-бірімізге күлкімізді сыйлап жанымыздағы досымыздың жақсы қасиеттерін ізгі тілектермен жеткізейік.
-Сен нағыз доссың .
-Сен ең әдемі қызсың.
-Сен мейірімдісің.
-Сен ақкөңілсің.
-Сен әдептісің……
-Жарайсыңдар , балалар ! Әрқайсысың достарыңа деген жылы лебіздеріңді естіп, қатты қуанып тұрмын. Адами жақсы қасиеттердің бірі-сабырлылық . Бүгін сендермен сабыр, сабырлы болу, сабыр сақтау туралы әңгімелеспекшіміз. Яғни, бүгінгі тақырыбымыз «Сабыр түбі-сары алтын» деп аталады.
Өлең оқу.
Талап пен ақыл.
Сабыр деген әр іске шыдамдылық,
Қатты керек адамға бұл бір қылық.
Қолы жетпей талай жан ызданады.,
Осыдын көп шығады адамшылық.
Шәкәрім.
-Өлеңде не туралы ?
— Сабырлы болу дегенді қалай түсінесіңдер ?
-Сонымен сабыр деген-ұстамды болу, шыдымды болу, төзімді болу деген сөз екенін айттыңдар. Енді осы сөздерге қайшы келетін сөздер айтып көріңдерші.
Сабыр-сабырсыз
Ұстамды-ұстамсыз
Төзімді-төзімсіз
Шыдамды-шыдамсыз
-Адамға қандай жағдайларда сабыр керек ?
Егер адамда сабыр болмаса, ол тез ашуланады. Ал ашуланған адам ашу үстінде асығыстыққа жол береді. Асығып қабылданған шешім барлық уақытта оң бола бермейді. Сондықтан ондай жағдайда ақылға салып , ашуға берілмей –сабыр сақтау керек.
Сондықтан да Абай аталарың
«Асығыс түбі өкініш, ойланып алмақ-сабыр сол »
деп айтқан болатын.
Ойын-жаттығу.
« Неге ұқсатамын ? »
-Балалар, ашуланып тұрған адамды неге ұқсатасыңдар ?
-Ашуланған адамның бет-жүзін-найзағайға
-түнерген бұлтқа
-қызып тұрған үтікке
-айдаһарға
-дауылға т.б.
Сахналау.
Жан жарасы жазылмайды.
Ертеде бір қарияның , ашушаң, ұстамсыз ұлы болыпты. Бір күні қария баласына бір қапшық шеге беріп:
-Өзіңді ашу қысқан сайын ағаш бағанға шеге қағып, ашуың басылған кезде суырып аласың,-дейді.
Бала бірінші күні-ақ бағанға оншақты шеге қағылғанын байқап, өзін-өзі ұстауға, ашуға бой бермеуге тырысты. Қағылған шегенің саны күнбе-күн азая бастады. Бала бағанға шеге қаққанннан гөрі ашуын басқанның жеңіл екенін түсінді.
Ақырында бағанға бір шеге қақпаған күнге де жетті. Сонда әкесі бағанға жетелеп әкеліп :
-Жарайсың, балам ! Бірақ бағанның шұрық –шұрық болғанын көріп тұрған шығарсың ? Ол ешқашанда бастапқы қалпына келе алмайды. Адамға ғайбат сөз айтсаң , оның көңіліне жара саласың, оның жан дүниесі осы баған сияқты шұрық-шұрық болады. Одан кейін қанша кешірім сұрасаң да , жан жарасы жазылмайды. Ашуыңды ақылға жеңгізе біл, сабырлы бол балам,- дейді.
-Әкесі баласын сабырлы болуға қалай үйретті ?
-«Ашуды ақылға жеңгізе біл» дегенді қалай түсінесің ?
Әр нәрсенің байыбына барып , ақылға салып, өзін-өзі ұстай білу-сабырлылықтың белгісі деген сөз ба деп ойлаймын.
-Ал, енді өздерің ашуланған кезде не істейсіңдер ?
-Ашуланған кезде 1-ден 10-ға дейін іштей сана
-Жақсы нәрсе туралы ойлаймын
-Соңынан өкінетінімді ойлаймын
Өзімді ұстамды, сабырлы адаммын деп есептеймін.
Данышпан ата кеңесі.
1. Әрбір істі ойланып , ақылға салыңдар !
2. Шыдымсыздық танытпай, ұстамды болыңдар!
3. Әр кезде де өз-өздеріңді жігерлендіріңдер.
Өзіммен-өзім
Баяу сазды әуен қосып қою.
Қазір сендер іштеріңнен сабырлы болу жолдарын ойлап көріңдер.
«Менің сабырлы , ұстамды болғым келеді. Мен үйде де, аулада да, мектепте де өзімді сабырлы ұстаймын, еш нәрсеге ренжімеймін . Ақырын басып , баппен сөйлеп келе жатқан өзімді сыртымнан көріп тұрмын. Ол сондай тартымды, жарасымды екен. Маған сабырлы, ұстамды болған сондай ұнайды »
Сахналау.
Ақыл. Ғылым. Бақыт.
Ақыл, Ғылым, Бақыт үшеуі бір-бірінің артықшылығын салыстырып сарапқа салыпты. Сарапшылар оларға былай депті:
Бірінші Бақытқа: сен , тұрақсыз , опасызсың, орныңды таңдамай қонасың, қонғаныңды ісінтесің , тасытасың, ақырында бір күні лақтырып тастап кетесің. Ақылмен тізе қос, сонда көп жасайсың,- депті.
Екінші Ғылымға: дүниеде сенен күшті нәрсе жоқ, қара тасты қайнатасың, дүние жүзін жайнатасың, жоқтан бар, бардан жоқ жасайсың, бар ғылымды өзіңе бағындырғың келеді, бағынбағанды демде әлек қыласың. Түзеу де, бұзу да сенен шығады. Ақылмен бірік , сонда абыроймен ұзақ жасайсың ,-депті.
Үшінші Ақылға: дүниеде адамзатқа сенен артық дос жоқ бірақ ашу кіріп келгенде , орныңды беріп шығасың да кетесің. Ашу бүлдіріп-бүлдіріп кеткен соң кіресің де ашудың бүлдіргенін ойлайсың. Әуелден орныңнан тұрмай отырсаң, Ашу сенің үстіңе кірмеген болар еді.
— Барыңдар, Ақыл, сен адам бол , Ғылым , сен ат бол , Бақыт сен қамшы бол. Үшеуіңнің біріксең ешбір мұң-мұқтажың болмайды,-депті.
-Осы ертегіден көңіліңе не түйдің ?
-Егер ақыл, сабыр біріксе мұратына жетеді екен.
-Бүгінгі сабағымызда көңіліңе не түйдің ?
-Сабырлы адам деп қандай адамды айтуға болады ?
-Басқаның сөзін байыпты тыңдайтын
-Өз ашуын тежей білетін
-Әр ісін ойлап , ақылмен шешеді
-Сабырлылық-адамның мұратына жетуіне мүмкіндік береді.
Ребус шешу.
Егер мына ребусты шешсеңдер бүгінгі сабағымыздағы ғажайып сөз шығады.
Ақыл -адам көрігі, ақылдың сабыр серігі.
Жүректен жүрекке
-Балалар, бұл мектепте Махаббат періштесі бар екенін білесіңдер. Ол бізге көрінбейді. Ол сендерді күнделікті сырттарыңнан бақылап жақсы істеріңе риза болып бақылап жүреді. Мына қорапшаны бізге махаббат періштесі беріп жіберіпті.
Ішінде жүрек бар екен.
Жүректің үлкен қасиеті бар. Ол өзі кішкентай болса да, қуаныш, бақыт, мейірім, сабыр , достық сияқты сезімдердің барлығы оған сыйып кетеді.
-Қане, қолдарымызды жүрегімііздің тұсына қойып, жүрек қағысын байқайық.
-Егер біз қуансақ, ашулансақ жүрегіміз қалай қағады деп ойлайсыңдар ?
-Ашуланған кезде жүрегіміз ренжіп, ал қуанғанда күлімдеп ерекше бір сүйкімді күйде болады екен. Көңіл күйіміз арқылы жүрегіміздің соғуы да өзгеріп тұрады екен.
-Ендеше жақсы игі тілекпен бүгінгі сабағымызды аяқтайық.
-Сабырлы бол.
-Төзімді болa біл
-Ашуыңды ақылға жеңдіре біл.