Тіл табыса білейік
Сабақтың тақырыбы: Тіл табыса білейік
Сабақтың мақсаты:
Білімділік мақсаты: өзара түсіністік, өзара сыйластық, тіл табысу туралы түсінік беру
Дамытушылық мақсаты: балалардың өзін және басқа адамдарды түсіне білу қабілеттерін дамыту
Тәрбиелік мақсаты: балаларды өзара жағымды қарым қатынас жасай білуге тәрбиелеу
Сабақтың түрі: аралас
Көрнекілігі: буклет
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушылармен амандасу, кезекшімен сұхбат. Құрал-жабдықтарын тексеріп шығу. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
Шаттық шеңбері
Жағдаяттарды шешіңдер.
¯ Тілес Бегарысты байқамай
қағып кетті…
¯ Абзал мен Ғазиз ойыншыққа таласып қалды…
- Осындай жағдайларда өзара түсінісу үшін не істеуге болады?
Піл мен Маймыл
Ертегі
Бір орманда Піл мен Маймыл кездесіпті. Содан екеуі кезек-кезек мақтаныпты.
– Дүниеде менен күшті ешкім жоқ! Мен ашулансам, қандай ағаш болса да тамырымен жұлып аламын! – дейді Піл мақтанып.
– Ағаштан-ағашқа мен сияқты ешкім секіре алмайды. Мен ептімін! – дейді Маймыл тез-тез сөйлеп.
Піл мен Маймыл осылай мақтана береді, мақтана береді. Ең соңында Үкіден сұрамақ болады. Үкі бір ағаштың бұтағында ұйықтап отыр екен.
– Уа, данышпан, Үкі! – дейді Маймыл бұтақтан бір қолымен ұстап тербетіліп тұрып.
– У-у-х! Өй! – деп Үкі шошып кетеді. – Не болып қалды? Айта беріңдер!
– Піл: «Дүниедегі ең күшті менмін», – деп мақтанады. Ал мен оған: «Дүниеде менен асқан епті жоқ» деймін. Төрелігін өзің айтып бер.
– Бір сөзбен айтқанда, – дейді Піл сөзге араласып. – Күшті болған жақсы ма, жоқ епті болған жақсы ма?
Үкі ұзақ үнсіз отырады. Содан үп-үлкен көзін бір ашып қалады да, қайта жұмады.
– Мына өзеннің арғы жағында бір зәулім алма ағашы бар. Жалғыз ғана ағаш. Соның ең болмағанда бір алмасын жесем, сонда ғана төрелік айта аламын, –дейді Үкі.
Піл мен Маймыл жүгіріп отырып өзенге келеді. Өзеннің ағысы қатты болатын. Содан Маймыл:
– Өзеннен қалай өтеміз? – деп уайымдайды.
– Уайымдама! Кел арқама мін. Өзеннен сені мен алып өтемін. Мен күштімін ғой! – деп Піл Тұмсығын көкке көтеріп, мақтана қышқырып алады.
Маймыл лып етіп Пілге мініп алады. Екеуі өзеннен өтеді.
Зәулім биік алма ағашының жанына келгенде Піл алмаға тұмсығы жетпейтінін көріп:
– Алманы қалай жинаймыз? –деп уайымдайды.
– Сен осы жерде тұр, – дейді Маймыл қуанып. – Қазір тез өрмелеп шығамын да, жемісті саған лақтырып тұрамын. Мен ептімін ғой!
Екеуі осылай бір-біріне көмектесіп, алманы жинап алады. Содан қайтадан Үкіге келеді.
Үкі тағы да көпке дейін көзін ашпайды.
– Уа, ормандағы құс атаулының ақылдысы! Біз саған алма әкелдік. Соны жеп ал да, өзіңнің әділ төрелігіңді айт, – дейді Маймыл.
– Сен өзеннен өзің өттің бе? – дейді Үкі көзін ашпаған күйі.
– Піл өткізді.
– Епті едің ғой, ебің көмектеспеді ме?
– Ағысы қатты, тау өзені екен. Ағызып әкетуі мүмкін еді.
– Ал, Піл, сен зәулім биіктегі жемісті қалай тердің?
– Маймыл көмектесті.
– Оның қалай, күшің көмектесе алмады ма?
– Жоқ. Егер Маймыл көмектеспесе, мен жеміс жинай алмас едім.
– Дұрыс, – дейді Үкі. – Мен екеуіңді, қиын сәтте бір-біріңе қалай көмектесуге болатынын білсін деп алмаға жұмсаған едім. Дүниедегі ең қымбат – достық, татулық екенін енді екеуің білдіңдер. Мына әкелген жемістеріңді өздерің жей қойыңдар. – Мен мүлде алма жемеймін.
Міне, осылай Піл мен Маймыл дос, тату болыпты, олар бір-біріне әрқашан көмектесіп жүреді екен.
- Піл мен Маймыл ортақ келісімге қалай қол жеткізді?
- Өзара тіл табысу қандай сезімдерге бөлейді?
- Ренжіскенде қандай көңіл күйде боласыңдар?
Келісіп пішкен тон келте болмас.
Мақал
Келісім:
- басқалармен жақсы қарым-қатынас жасауға көмектеседі;
- адамдарды бір-бірін жақсы тани білуге үйретеді;
- басқалардың көңіл күйін сезіне білуге ықпал етеді.
Ізгі тілек
Көк аспанда күн күлсін,
Бірге күлсін бүлдіршін.
Көк аспанда күн күлсін,
Жерге ұдайы нұр құйсын.
Көк аспанда күн күлсін,
Ұл қолында ту жүрсін.
Қыз қолында гүл жүрсін.
Көк аспанда күн күлсін,
Бірге жүрсін бүлдіршін.
ҮІ. Қорытынды бөлім.
Оқушылардың еңбегін мадақтау.