Табиғат-тал бесігім

Тақырыбы: Табиғат-тал бесігім.

Мақсаттары:

  1. Оқушыларға табиғат оның маңызы туралы түсінік қалыптастыру, табиғат туралы білімдерін жетілдіру.
  2. Сөздік қорларын молайту, тілдерін, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
  3. Табиғатты сүюге, оны көздің қарашығындай сақтауға, оған әрдайым қамқорлық жасауға тәрбиелеу.

Көрнекіліктері: табиғат суреттері, слайдтар.

Барысы:

Ұйымдастыру.

Шаттық шеңберіне тұрып, тілектер айту.

Армысың,шапағатты Аспан!

Армысың, мейірімді Жер!

Армысың, шұғылалы Күн!

Бәріміз күндей жарқырайық!

Бәріміз дос болайық!

Сабақтың тақырыбы, мақсатымен таныстыру.

Қызығушылықтарын ояту.Ребус шешу.Шешуі: «Табиғат»

Сұрақ: Табиғат туралы не білесіңдер?Слайдтан көрсете отырып, әңгімелеу.

Табиғат нешеге бөлінеді? «Өлі және тірі табиғат». Мысалдар келтіру.

«Күніміз жарқырай берсін!». (Бұлттардың артындағы тапсырмаларды орындау).

Топпен жұмыс.

  1. «Біздің ұққанымыз…»Шығармашылық жұмыс. Сурет бойынша әңгіме құрап, негізгі ойды табу, соған сай мақал- мәтел, нақыл сөз айту.
  2. 1 топ: «жер». 2 топ: «су» .Сызбаға жазып, қорғау.

«Сыр сұхбат» МҰТП ( Катонқарағай Мемлекеттік Ұлттық Табиғи Парк)  туралы мәлімет, оның міндеттері туралы МҰТП қызметкері баяндайды. (Оқушылар сұрақтар қояды.)

Жүргізуші:

Табиғат! Осы бір жүрекке жылы, көңілге қонымды салиқалы сөзде қаншама мазмұн, терең мағына, ұлағатты мол ұғым, тұжырымды кең ой жатыр десеңізші!

1-оқушы:

Табиғат, сенде бәрі ортақ,

Аспаның, күнің, айың да.

Тегінде жаның жомарт-ақ,

Ізгілік жатыр бойыңда…

Игілікке әрі толысың.

Алалауды әсте білмейсің,

Сүйемін сені сол үшін.

Жалпыға тек сен бірдейсің

2-оқушы:

Замандасым,ең алдымен досыңды ұқ,

Досың-жер, мөлдір ауа, өсімдік.

Ала жүріп осылардың сыйлығын

Осыларды қорлау деген-не сұмдық?

Білсең егер, табиғатта зор мән бар,

Онда аң, құс, жануар,  ормандар.

Жерің, суың, таза ауа қажетті,

Шын жүректен оны сендер қорғаңдар!

3-оқушы:

Табиғат-әсемдіктің төркінісің,

Ән саламын бір сенің көркің үшін.

Жан-жануар табынып бір өзіңе,

Сенен алып тұрғандай бар тынысын.

4-оқушы:

Табиғат адам үшін жаралыпты,

Бар қызық табиғаттан таралыпты.

Адам мен табиғат егіз .

Табиғат-асыраушың, қамқоршың.

5-оқушы:

О,Табиғат, тіршілікке ұйық болған мекенім,

Құшағыңнан нәр алып мұратыма жетемін.

Алақанда аялаймын ұл-қызыңдай үйдегі,

Азаматтық борышым-қорғаушың боп өтемін.

6-оқушы:

Табиғат-біздің анамыз,

Жер-ана болар панамыз.

Табиғатты қорғаймыз,

Бар күшті біз саламыз.

7-оқушы:

Табиғаттан бабамыз ала берген секілді,

Дархандықты қазаққа дала берген секілді.

Еркелікті,ерікті желден алған секілді,

Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді.

8-оқушы:

Табиғат- ол  анамыз,

Табиғатқа баламыз.

Құшағында ойнаймыз,

Шаттық әнге саламыз.

Жазда аралап тауын да,

Барамыз біз бауына.

Өзеніне шомылып,

Жүгіреміз жауында.

Сергіту сәті

Ағаш болып жайқалайық.

Балық болып жүзейік.

Құс болып ұшайық.

Қоян болып секірейік.

9-оқушы:

Әй, табиғат,

Шеберсің-ау, шеберсің,

Көрмегенді көрсетерсің, берерсің,

Ұланғайыр байлығыңды місе  етпей,

Ашкөзденген адамдарға не дерсің?!

10-оқушы:

Орман іші тамаша,

Жұпар ауа, ақ бұлақ.

Ойнайды аңдар балаша

Көк шалғында шапқылап.

Аң мен құстар таласа

Мекендейді орманды.

Соларға арнап жасаған

«Қорық» дейді сол маңды.(оқушылар кезекпен  10 қорықты атап шығады.)

Олар: Ақсу-Жабағылы, Наурызым, Алматы, Барсакелмес, Қорғалжың, Марқакөл, Үстірт, Батыс Алтай, Алакөл.

Жүргізуші:

Құрап жойылуға жақындаған жануарлар, құстар, жәндіктер, өсімдіктер, балықтар, қосмекенділер мемлекет қарауына алынып отыр. Мұндай жерлерді қорық дейді

11-оқушы:

Сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарларды қорғау мақсатында 1974 жылы Қазақстанда «Қызыл кітап» шықты. Қызыл парақтарына- жойылып кету қаупі бар жануарлар енді.Ақ парағына- саны азайған жануарлар мен өсімдіктер енді.Жасыл парғына-қайтадан аяласа қалпына келетіндер енді.

 

12-оқушы:

Табиғат- күллі тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, алтын ұя бесігі, құт-берекесі. Ал адам үшін табиғат  ең қасиетті де, қастерлі ұғым. Өйткені адамның өзін дүниеге келтіретін аяулы анасы болса, адамның табиғатты «Ана» деп құрметтеуінде өте үлкен ұғым жатыр.

13-оқушы:

Табиғат-нағыз сұлулықтың ортасы. Оны түсінген адам қуаныш көзі ретінде сақтауы керек. Табиғат-емші, денсаулық көзі. Біздің кең байтақ жерімізде табиғаты сұлу, ауасы таза, суы дертіңе ем болатын қаншама жерлер, шипажайлар бар.

14-оқушы:

Қазақ халқы- табиғатты аялаған халық. Ата-бабамыз табиғатты қорғау туралы әртүрлі құнды сөздер қалдырып кеткен.Мысалы: «Сулы жер-нулы жер», «Құлазыған шөл жетім, құс қонбаған көл жетім».

Слайд. «Болжамдар».

  • «Көктей соласың» деп жамандыққа жорып көкті жұлғызбайды.
  • «Қарғысы қатты» деп жарғанат пен жапалаққа тигізбейді.
  • Құмырсқаның илеуін бұзғызбайды.
  • «Киелі құс» деп аққуды атқызбайды.
  • «Тырна жылы жақтан ұшып келсе, жаз болғаны, қаз қайтса-күз болғаны» деп есептейді.
  • Көкек келсе-көктем.
  • Аспанда жұлдыз көп болса, күн жылы болады .

15-оқушы:

Ауа ластанбай,

Көліміз тартылмай,

Суымыз лайланбасын десек,

Табиғатты қорғайық!

16-оқушы:

Табиғат- адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұялататын сұлулық пен әсемдік әлемі.

17-оқушы:

Табиғаттан нәр алған ғой жанымыз,

Жер бетінің ажары ол, сәніміз.

Туған өлке табиғатын аялап,

Ұсынайық жүрек нәрін бәріміз!

18-оқушы:

Табиғат-сұлу мекенім,

Өзіңді пана етемін.

Саяңда өсіп ер жетіп,

Биікке самғап жетемін.

19-оқушы:

Табиғат-халық қазынасы. Адамның бар тіршілігі табиғатқа байланысты. Күш –қуатты, бар игілік пен жақсылықты біз табиғаттан аламыз.

20-оқушы:

Бүкіл жер бетіндегі, адамзатты қатты ойландыратын және кезек күттірмейтін мәселелердің бірі- табиғи ортаны қорғау,табиғатты тиімді пайдалану. Соңғы кезде қоршаған ортаның ластануы барынша көкейкесті мәселеге  айналып отыр, өйткені техникалық прогрестің және адамның ойланбай жасаған әрекетінің салдарынан өмір сүруге қажетті нәрселердің бәрі ластануда.

21-оқушы

Бүгінгі таңда мемлекетімізде Елбасымыздың 2030 жылға арналған жолдауында, Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасында т.б. табиғатты қорғауға, сақтауға міндеттейді. Біз де сол табиғаттың бір бөлшегі бола тұра табиғатты қорғауға міндеттіміз. Ендеше, сіз де сұлулыққа бір сәт көз тоқтатып көріңізші…

Слайд «Ауылымның әсем табиғаты»

Қорытындылау:

Адам өмірі табиғатпен тікелей сабақтас әрі тығыз байланысты. Олай болса, сол Табиғат-Ананың алдында әркім өзінің перзенттік борышын ұмытпағаны жөн. Табиғат-Ананы сүйе білу, оны аялау- адамның борышы және парасатты парызы. Біздің қазақ халқының табиғатқа деген жанашырлық сезімі ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған. Біз өзіміз осы туған табиғаттың төл перзенті екенімізді ұмытпайық!

Атамекен-жанға жайлы саябақ,

Ар алдында күнә болар табиғатты аямау.

Қанымызға сіңген екен ақ сүтімен ананың

Туған жердің табиғатын аялау.

Ән. «Табиғатым».  Хор.