Жыр — менің жалғыз тарланым

Жыр — менің жалғыз тарланым

Әдеби-сазды жыр кешінің мақсаты:

Оқушыларды қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынованың өмір жолдарымен

таныстыру, өлеңдерін мәнерлеп оқуға дағдыландыру, өлеңдерінің тәрбиелік      мәнін түсіндіру.

Балғын бүлдіршіндерді ақынның өлеңдері арқылы халқын сүюге, туған жерін    қадірлей білуге,  адал, шыншыл болуға тәрбиелеу.

Көрнекілігі : Ф. Оңғарсынованың портреті, плакатқа жазылған өлең жолдарынан

үзінді, кітап көрмесі.

Шығармашылық кештің барысы:

Ә. Желдібаевтың  «Ерке сылқым» күйінің әуенімен кешті бастау.                            

1-жүргізуші: Қымбатты ұстаздар, ата-аналар, шақырылған қонақтар және оқушылар!

Қазақ поэзиясын ерекше  нұрландырып, жұлдыздай жарқыратқан, намысты қайрап, қыр қазағын жыр бесігінде тербеткен, қаламын басты қару етіп ұстаған ақындарымыздың бірі – Фариза Онғарсынованың мерейтойына арналған 2 «б» сынып оқушыларының күшімен әзірленген «Жыр — менің жалғыз тарланым» атты әдеби-сазды жыр кешімізге қош келдіңіздер!

2-жүргізуші: Ақынның тұтас  бір әлемге  айналуы — кез келген таланттың, тіпті кейде тегеурінді  таланттың да маңдайына біте бермейтін құбылыс. Ақын жыры- айдын көл , шалқар теңіз емес, тылсым мұхит.

Өнер- халықтікі. Халық өзі тудырып, өзі иеленеді дараларын да, даналарын да.

Осындай шоғыр жұлдыздардың бірі, қазақтың көркемсөзшісі, аудармашы ақын қызы Фариза Оңғарсынова биыл 70 жасқа толып отыр.

1-жүргізуші:                       Жыр — менің жалғыз тарланым

Аялап өтер ардағым

Талықсып атар таңдарым,

Айымдай жалқы арман үй.

Қарқылдай берсін қарға мың

Бұрқытсын боран шаңдарын,

Тарттырсын дүлей зардабын

Жанымды жырмен жалғадым

Өзімді саған арнадым.

2-жүргізуші:             Жырым еді жырласам жанды ұғынар

Бірақ соның арты құм, алды мұнар.

Өлең деген өр мінез адамға ұқсас

Әрқайсының өз жолы, тағдыры бар.

  1-жүргізуші: Фариза Оңғарсынова 1939 жылдың 5–желтоқсанында Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған.

1966-1968 жж. Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкер болып істеген.

 

 

 

 

2-жүргізуші: Көрнекті ақын 1968-1970жж. Республикалық  «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе , Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілші қызметін атқарған.

1970-1978 жж. Республикалық «Қазақстан пионері» журналының бас редакторы болып істеген.

  1-жүргізуші: Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап  шыққан.

Әр жылдары 20-дан астам өлеңдер жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, «Біздің Кәмшат» повесі, аудармалары «Жазушы», «Жалын», «Молодая гвардия» баспаларынан жарық көрді.

Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың                                    жырларын, кейбір драмалық шығармаларды  қазақ тіліне аударған.

2-жүргізуші: 1984 жылы «Үйім-менің Отаным,» «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлеңдері топтамалары үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат», «Достық» ордендерімен марапатталған. Республикалық мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған. Халық жазушысы.

1-жүргізуші: Фариза Оңғарсынованың  «Алғашқы сабақ» кітабы балғын бүлдіршіндерге арналған. Бұл кітаптағы тақпақтардың тәрбиелік мәні өте зор. Олай болса, бір топ өлеңдеріне құлақ түрелік.

«Мен», «Жанар», «Үй жақсы ма, бақша ма?» өлеңдерін бір топ оқушылар оқиды.

2-жүргізуші: Бірінші класқа барғанда мен кітапты әжептеуір оқи алатынмын. Есепті жақсы шығаратын едім. Керісінше қазақ әдебиетінен өз ойымды өз сөзіммен айтуға шорқақтау едім. Жатқа жазу, шығармаларды жазудан алдыма жан салмаушы едім. Мені қинайтын- жұрт алдында сөйлеу еді. Ішімнен бәрін біліп тұрғаныммен, ойымды көркем жеткізуге жоқ едім.

«Алғашқы сабақ», «Серт» өлеңдері оқылады.

1-жүргізуші: Бала кезде маған үлкен әсер еткен бір жәйт- қырдың түнгі аспаны. Жазда, күзде, көктемде, қыста жатар алдында далаға шықсаң, аспан беті самсаған жұлдызға толып, өзінің құпия әлеміне жымыңдап шақырғандай әсер беретін.

Аспанмен астасып жататын дала. Осының бәрі адамды ойға, дүниенің неше түрлі құпияға толы әлеміне жетелейді.

2-жүргізуш: Далам менің!

Сен жатырсың сусын ғып заман демін.

Бусану да сол демнен жарау жерім,

Толқынданып толықсып даламда егін!

«Көгілдір түн», «Жазда», «Қыспен қоштасу», «Көктемде» өлеңдері оқылады.

1-жүргізуші: Анам Халима көп сөйлемейтін, сөйлесе ылғи мақалдап сөйлейтін, аса ақылды, рухани қуатты құйған мүсіндей сұлу, қараторының әдемісі еді. Бізді айналып-толғанып, не шөпілдетіп сүйіп елпектемейтін. Бірақ барлық мейірім сол кісінің бойында деп сезінетінбіз.

«Ананың әлдиі», «Анама» өлеңдері оқылады.

Барлық абзал аналарға арнап ана туралы әсем ән орындалады.

2-жүргізуші: Әкеміз елге сыйлы кісі еді арлы,

Білмейтін жағынуды, күш амалды.

Әкенің абыройын оранып ап

Кешпедік жетім күйді, құла зарды.

«Перзент сөзі», «Баланың ойы» өлеңдерін оқиды.

Асқар таудай әкелердің құрметіне «Әкеме» әнін сыныптың бір топ оқушылары шырқап береді.   

1-жүргізуші:  Өз балам, өз жайым деп күбірлеуден

Аспайтын адамдардан түңілген ем.

Мен бірақ үміт күтем жылап жатқан,

Сәбиге жаны шығып жүгіргеннен.

«Қанат туралы хикая», «Алақандағы жазу» өлеңдері оқылады.

2- жүргізуші: Ұрпағыма айтар мақтаным,

Сендермен тірі салт, қаным,

Алдымда дәйім жүріңдер,

Қазығым- алтын қарттарым.

«Менің атам» өлеңін оқиды.

1-жүргізуші:  Немерелер кіл ерке заманы нұр,

Ертегі емес әжесіз бала ғұмыр.

Кейде айырмай қалады тәмпіштерді

Қай ұлының, қай қыздың жаманы бұл.

«Әженің жыры», «Әже» өлеңдері оқылады.

Сыныптың оқушысы Әлішердің әжесінің орындауындағы «Әженің әлдиі» әнін

тыңдаңыздар.

2-жүргізуші: 1939 жылы менімен жарыса дүниеге келген қазақтың біраз азаматтары бар. Құрдас дегеннің орны біздің халқымызда ерекше ғой: әзілдессе де,  жаны ашыса да, «бір жылдың төліміз ғой» деп, іштей бір жақындықты сезініп, «запастағы аэродромдай» көреді.

Менің құрдастарым: Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Қоғабай Сәрсекеев, Қалдарбек Найманбаев секілді жазушылар.

 «Достар әні», «Дос» өлеңі оқылады.

Ән «Достарға».

1-жүргізуші: Менің мінезім қыңыр болатын. Мені қазіргі қалпымда сақтап келген қорғаным да — сол қыңыр мінезім. Жұрт бұл мінезімді сан-саққа жүгіртіп, сыртымнан түрлі әңгімелер шығарып, жақсы-жаманды анықтауыштармен маған айдар тағып жүреді. Біреулер «тентек» дейді, енді біреулер «мінезі шатақ» дейді. Мен бұлардың ешқайсысына айылымды жимаймын. Себебі, өзімнің жан дүнием, көңілім өзіме аян: сәл өтірік, көлгірсу, жағымпаздану мен мақтаншақтық-осының бәрімен менің жұлдызым қарсы және жан дүнием сезіп қалады да, ондай адамдарды қабылдамайды.

«Мақтаншақ», «Өтірікші», «Сужүрек», «Жасық» өлеңдері оқылады.

 

2-жүргізуші: Мұғалімдік-киелі мамандық. Ол үлкен, жан-жақты, терең білімдарлықпен қатар, аса сезімтал болуды талап етеді. Әр бала — тұнып тұрған сезім. Олардың пианиноның тіліндей сезім пернелерін тура баса алсақ қана жан дүние әлемдеріне еркін ене аласың. Әйтпесе, олар маңайлатпайды.

«Ұстаз», «Ол оқушы бола ма?»  «Құштарлық» өлеңдері оқылады.

1-жүргізуші: Мен балажанмын. Кішкентай немерем Анитаны өте жақсы көремін. Ол мені Шах-мама деп атайды. Анита ертегіні ұнатады. Менің қолым қалт етсе, екеуміз ертек кітаптар оқимыз, үйде қуыршақ ойнаймыз, қыста далада шанамен сырғанап, қар лақтырысамыз, коньки тебеміз. Мен балалардың бәрі менің Анитөгімдей ерке де бақытты болса екен деп тілеймін.

 «Әженің жыры» өлеңі оқылады.

2-жүргізуші:  Фариза…. Көп қазақтың құлағына бұл сөз Париза болып шалынады.

Пәриза…. Пәризамыз…. « Пәлі ризамы з» дегендей болып естіледі.

Қазақтың біртуар дарынды ақыны Мұқағали Мақатаев қазақтың жігітінен дос таба алмай , Фаризаға мұң шағуынан ақынның қаншалықты адамның жан дүниесін түсінетін адам екенін айқын байқауға болады.

«Фаризаға» өлеңін  оқитын ата-ана Беленова Райхан Жаскелеңқызы.

Кеш соңында сөз алған Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Махмет Қажиахметов бүлдіршіндерге ақын апаларының өлеңдерін мәнеріне келтіре оқып, кешті жақсы өткізгендері үшін рахметін айта отырып, өзінің Фаризаның өлеңдерін сүйіп оқитынын жеткізіп, ақынның жыр жинағынан Мұқағали Мақатаевтың «Фаризаға» өлеңіне жауап ретінде жазған өлеңін оқып берді.

Әдеби кешке қатысқан «Сырым елі» газетінің  меншікті тілшісі Мүсірбек Айташев балаларға Фаризаның  өлеңдерін нақышына келтіре оқығандары үшін алғысын білдірді.

1-жүргізуші: Жыр оқы деп қолқалап қоймадыңдар,

Жарқылдауға шамам жоқ, бойда мұң бар.

Мені құрмет тұтқаның үнімді емес,

Жырларымды оқы да, ойларымды ал,

Ойларымды ал, сонан соң ойланыңдар.

2-жүргізуші: Жырыңды оқы жарқылдап, төгіл деме,

Қылығымды алмаңдар көңілге де.

Жыр оқу да — бір дарын, көрген емен

Артист болып түсімде, өңімде де

Өмір атты сахна төрінде де.

Бүгін, міне, ақын апамыз Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған  әдеби-сазды жыр кешімізді аяқтай отырып, ақын апамыздың жолын қуған батыр да батыл ұлдар мен қыздар көбейе берсін демекпіз.