«ӘЛІППЕГЕ» РАҚМЕТ !

«ӘЛІППЕГЕ» РАҚМЕТ !

Бірінші бөлім.

Мұғалім:

  • Құрметті ұстаздар, ата – аналар, оқушылар. Бүгінгі «Әліппеге  рақмет!» атты мерекемізге  қош  келдіңіздер!

Осыдан  төрт ай бұрын мектеп табалдырығын  қысыла да қызыға аттаған бүлдіршіндердің  бірі отбасының тұңғышы болса, бірі кенжесі,ал енді бірі ата — әжесінің сүйікті ерке немересі еді.

Бүгін біз шексіз  қуаныштымыз. Өйткені алғаш хат танытып, сауатымызды ашқан Ә л і п п е м і з д і бітірдік.

Бала деген  шіркін – ай балдай екен,

Тәттілігі жая  мен жалдай  екен.

Арып, ашып даладан келгеніңде,

Бал иісін таттырып  алдайды  екен.  – деп Кенен атамыз жырлағандай ендігі кезекті  бүлдіршіндердің бал тіліне берейік.

(  көңілді музыка ырғағымен 1- класс оқушылары сахнаға шығады.)

 

Бірінші оқушы:

  • Армысыздар аналар!

Бармысыздар балалар !

Сөзіме құлақ салыңдар!

Әліппеге арналмақ,

Бүгінгі ән, салтанат!

 

Екінші оқушы:

  • Өтті оқу, сан сабақ,

Бүгін үлкен салтанат.

Әліппемен қоштаспақ,

Басқа пәнмен достаспақ.

 

Бәрі хормен:

  • Қ ұ т т ы б о л с ы н      т о й ы м ы з!

 

Үшінші оқушы:

  • Жақсы білім көрімдік,

Болсын сізге халайық.

Не үйреніп не білдік,

Қане, ортаға салайық!

 

Төртінші оқушы:

  • Бүгін біз шексіз қуаныштымыз. Өйткені алғаш хат танытып. Сауатымызды ашқан «Ә л і п п е н і» бітірдік!

(Хор:  «Б і з    м е к т е п к е     б а р а м  ы з »  әні.)

 

Бесінші оқушы:

  • Бар кітапқа бас болған,

Әліппе ғылым анасы.

Әліппеден басталған,

Даналықтың  данасы.

 

Алтыншы оқушы:

  • Келгенде алғаш мектепке,

Білмеуші едік әріп  те.

Оқимыз қазір ертек  те,

Үйреттің оны Ә л і п п е!

 

Жетінші оқушы:

  • Біз өзіміз оқып, жаза аламыз. Кітап оқуды, өлең жаттауды. Сурет салуды, ән айтуды «Әліппеден» үйрендік!

 

Сегізінші оқушы:

  • Әліппем менің Әліппем!

Сені қолға алып мен.

Есігін аштым білімнің,

Ертеңгі сәуле жарықпен.

(Хор:  «Ә л і п п е»  әні.)

 

Тоғызыншы оқушы:

  • Біз екі тоқсан бойы көп еңбек еттік. 42 әріпті түгел жаттап алдық. Оқуды, санауды, жазуды үйрендік.

 

Оныншы оқушы:

  • Алфавитті біліңдер!

Онда қалып жүйе бар.

Біздің қазақ  тілінде,

Қырық екі әріп бар.

 

Он бірінші оқушы:

  • «А» айтқанда дауысым дірілдейді,

Ұстазым көз алдымда күлімдейді.

Күн сайын әріптердің атын біліп,

Сөз оқимын айырып буынды енді.

 

Он екінші оқушы:

  • Ең алғаш қолға алғанда Әліппені,

Қызығып қарай бердім әріптерді.

Мен үшін сыры жұмбақ бұл кітаптың,

Ұстазым маған кілтін алып берді.

 

Он үшінші оқушы:

  • Әліппе бізді тек әріптермен ғана таныстырып қана қойған жоқ, бір-бірімізбен достыққа мектеп ережесін орындайтын тәртіпті оқушы болуға үйретті.

 

Он төртінші оқушы:

  • Әліппе деген алтын жол,

Апарар сені алысқа.

Жеңіл емес ауыр жол,

Тырысып бақ намысқа.

 

Он бесінші оқушы:

  • Бестік болсын алар бағамыз,

Білім мен бақыт табамыз.

Өнер-білім көп тоқып,

Өсе берсін санамыз.

 

Он алтыншы оқушы:

  • Алфавиттің «А» тұрады басында,

Әрқашан да «Ә» тұрады қасында.

Байқадың ба «Б» тұрады үшінші,

Ал осының сыры неде түсінші.

 

Он жетінші оқушы:

  • «А» деген ол аналар ғой ардақты,

«Ә» деген ол әкелер ғой салмақты.

«Б» деген ол балалар ғой көңілді,

Біздің елде үшеуі де кәделі.

 

Он сегізінші оқушы:

  • Оқуды көп ойладым,

Қызығына тоймадым.

Әріптерді үйреніп,

Сауат аштым, тойладым.

 

Он тоғызыншы оқушы:

  • Әліппемен қош айтысып қаламыз,

Енді қолға басқа кітап аламыз.

Ата-ана қуанышқа ортақ бол,

Сауатты боп шықты міне балаңыз.

 

Жиырмасыншы оқушы:

  • Таныстырған 42 әріппен,

Қош бол, менің қасиетті Әліппем!

Сенің арқаң оқи жаза білгенім,

Сауатты адам санатына кіргенім!

 

Жиырма бірінші оқушы:

  • Біз енді әліппемен қоштасамыз,

Жолына гүлмен қоса жыр шашамыз.

Білімнің бұлағынан сусындауға,

Көптеген кітаптармен достасамыз.

 

Ә л і п п е:

  • Балалар, мен сендерге ризамын! Мені жақсы меңгеріпсіңдер. Ана тілінде өте жақсы сөйлейді екенсіңдер. Әріптер елінен іздеген қымбат қазына «Ана тілін» алып келдім. «Ана тілін» де өте жақсы оқитындарыңа сенемін. Қош болыңдар, достар!

 

Хормен:

  • Қош болыңыз, сүйікті «Әліппе»!

 

Жиырма екінші оқушы:

  • Мектебің мынау классың,

Осында он жыл тұрасың.

Тарыдай болып кіресің,

Таудай болып шығасың.

 

Жиырма үшінші оқушы:

  • Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тапта бар қалан.

 

Жиырма төртінші оқушы:

  • Отан – жерім, Отан – суым,

Отан қуат, нәр береді.

Отан – ұран, Отан – туым,

Отан мәңгі гүлденеді.

 

Жиырма бесінші оқушы:

  • Отан – сенің ата-анаң,

Отан – досың, бауырың.

Отан — өлкең, астанаң,

Отан – аудан, ауылың.

 

Жиырма бесінші оқушы:

  • Отан – тарих, Отан – тіл,

Жасаған елің, ер халқың.

Отан — өлең, Отан – жыр,

Көтереген көкке ел даңқын..

 

Жиырма алтыншы оқушы:

  • Отан – осы достарым,

Көңілге мұны түйе біл.

«Отан» деп өс жас қауым,

Оны ардақтап сүйе біл!

(Х о р: «О т а н» әні.)

 

Мұғалім:

  • Әліппені бітірді балаларым,

Әліппеден нәр алған даналарым.

Өзі жазып – оқитын хәлге жетті,

Құтты болсын қадамы балалардың!!!

  • Балалардың білімі құтты болсын,

Денсаулығы әр қашан мықты болсын!

Білімдерін әрі қарай дамытатын,

Ерінбейтін еңбекқор, мықты болсын!!!

 

Екінші бөлім.

Екінші бөлім оқушылар күшімен әзірленген концертпен жалғасады.

  1. Ән «Әліппе» орындайтын Жексембай Д.
  2. Ән «Ақ көгершін» орындайтын Абдыкаримова А, Ерболатова Р.
  3. Би «Қара жорға» ұлдар тобы.
  4. Ән «Көк тудың желбірегені» орындайтын Серікханов М.
  5. Ән «Айгөлек» орындайтын Курмантай С.
  6. Би «Мен қазақпын» орындайтын Сайфуллаев А.
  7. Ән «Алға қазақ жігіттері» орындайтын Қырықпаев С.
  8. Би «Қамажай» қыздар тобы.
  9. Ән «Қошақан» орындайтын Қабдылашимова Д, Акинаева А.
  10. Ән «Атамекен» орындайтын Қодашев Б.

 

Құттықтау сөз мектеп директоры, оқу ісінің меңгерушісі, тәрбие ісінің меңгерушісі, бірлестік жетекшісі, ата-аналар комитетіне беріледі.