Қасқыр мен жеті лақ
Тақырыбы: Қасқыр мен жеті лақ
Мақсаты: Тіл дамыту.
Балаларды сахнада өздерін еркін ұстауға үйрету,
кейіпкер кейпіне еніп, сөйлеуге баулу.
Артистік өнерлерін ашу.
Мектепте өтетін шараларға қатысуға
белсенділігін арттыру.
Көрнекіліктері: Плакаттар, кейіпкерлер киімі, үйшік.
Қатысушылар: 3-сынып оқушылары:
Автор— 3 «б» сынып оқушысы Бакберген Аружан
Қасқыр— 3 «в» сынып оқушысы Мархабекұлы Ерсұлтан
Анасы— 3 «в» сынып оқушысы Закир Қазына
Жеті лақ— 3 «а» сынып оқушылары
Тұрсын Нұрхан
Сейменғали Нұрай Адайбек Айгерім
Болатқызы Әсем Халық Фарида
Әбдіғани Гүлжайна Төлеген Жадыра
Жеті лақ пен қасқыр
Автор: Ерте, ерте, ертеде бір ешкі болыпты, оның жеті лағы болыпты. Олар ормандағы үйшікте тұрыпты. Ешкі орманға кетерде лақтарын үйіне қалдырып кетеді екен. Кетерде өзінің лақтарына:
Анасы: -Балаларым, үйде отырыңдар, есікті ешкімге ашпаңдар. Әйтпесе қасқыр келіп сендерді жеп қояды.
Автор: Кешке ешкі үйіне келіп есікті қағып, былай деп әндетеді:
Анасы: Лақтарым, шұнақтарым,
Анаң келді есік аш.
Мүйізіме орап шөп әкелдім,
Желінімді толтырып сүт әкелдім.
Автор: Лақтар есікті ашады.
Бір күні ешкінің қалай әндеткенін естіген қасқыр ешкі кеткесін есікті келіп қағады. Өзінің зор даусымен былай әндетеді:
Қасқыр: Лақтарым, шұнақтарым,
Анаң келді есік аш.
Мүйізіме орап шөп әкелдім,
Желінімді толтырып сүт әкелдім.
Автор: Лақтар оның қорқау қасқыр екенін біліп қойып, былай дейді:
Лақтар:
— Жоқ есікті ашпаймыз.Сен біздің анамыз емессің, қасқырсың. Біздің анамыздың дауысы жіңішке, ал сенің дауысың дөрекі.
Автор: Қасқыр есікті қағып-қағып, лақтар есікті ашпаған соң кетіп қалады. Ол кеткесін анасы келіп:
Анасы: Лақтарым, шұнақтарым,
Анаң келді есік аш.
Мүйізіме орап шөп әкелдім,
Желінімді толтырып сүт әкелдім.
Автор: Лақтары есікті ашып, анасына былай дейді:
Лақтар:
-Анашым, анашым, қасқыр келді. Ол сенің әніңді айтты. Біз оған есікті ашқан жоқпыз.
Анасы:
-Сендер өте дұрыс істедіңдер. Сендер ақылды балақансыңдар. Әрқашан аналарыңды осылай тыңдаңдар. Есікті ешкімге ашпаңдар,- дейді.
Автор: Сүт пен шөпке тойған лақтар анасының қасында әбден шаршағанша ойнайды. Түн болған соң анасының құшағында тәтті ұйқыға кетеді.
Ал қасқыр болса аштықтан қарны бұралып, ақылды лақтарды жей алмай, сол орманнан біржола кетіп қалады.
Сөйтіп, ешкі өзінің жеті лағымен ұзақ та бақытты ғұмыр кешіпті.