Жол тәртібін жадыңда ұста, жас ұрпақ !

Тақырыбы: Жол тәртібін жадыңда ұста, жас ұрпақ !

 

Мақсаты:   Оқушыларға көше қатынасы ережелерін меңгерту.

Жолда жүру ережесін есте сақтау арқылы білгендерін пайдалана

білуді тұрақты дағдыға айналдыру.

Оқушыларды жол ережелерін бұлжытпай орындауға, сақтыққа

тәрбиелеу.

 

Көрнекілігі: жол ережелері, ескертусөздер (плакатқа жазылған)

 

Барысы: І Ұйымдастыру

 

Мұғалімнің сөзі:

Құрметті ұстаздар, оқушылар сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Жаңа  оқу жылында жаңа табысқа, жаңа жетістіктерге жетулеріңізге шын жүректен тілектеспін. Бүгінгі кезекті 3 сыныптың дайындаған «Жол тәртібін жадыңда ұста, жас ұрпақ !» атты сынып сағатын бастауға рұқсат етіңіздер!

Жол ережесін білу өмірімізді сақтайды.  Оның сырын біліп, жол ережесін сақтау, орындау баршамыздың басты міндетіміз екендігін ұмытпағанымыз жөн. Көшеде жүру тәртібін орындамау көліктердің жүріп-тұруына кедергі келтіреді, ересектердің жұмысқа, оқушылардың сабаққа, басқа да баратын жерлеріне дер кезінде жете алмауына әкеліп соқтырады. Мектепке келе жатқанда өзіңе қауіпсіз болатын жолмен жүру, көшеде тоқтап тұрған машинаның қасынан абайлап өту керек екенін әркім түсінетін-ақ шығар. «Егер өз өмірлеріңді, денсаулықтарыңды сақтағыларың келсе, әрқашанда жол ережелерін сақтап, бұлжытпай орындауларың керек».

 

Жүргізуші:

Шуақты өміріміз күндей күліп,

Жүректе бүршік атып гүлдейді үміт.

Арманға сапар тарту мүмкін емес,

Жол жүру ережесін білмей тұрып.

 

Қай көше, қай қалаға барсаңыз да,

Қай ақыл өлшеміне салсаңыз да.

Жол жүру ережесі заңды тәртіп,

Ол ортақ үлкен-кіші баршамызға.

 

1-оқушы

Жолда жүру ережелері- жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер үшін заң. Жолда жүру ережелерін білу әрбір баламен әрбір адам үшін маңызды. Жолда жүру ережелерін дұрыс орындамау көліктердің жүріп тұруына кедергі келтіреді, жұмысшылар жұмысқа, оқушылар сабаққа, дәрігерге, басқа да баратын жерлеріне дер кезінде жетпеуі мүмкін.

 

2- оқушы

Қазіргі таңда балалар және үлкендер өмірін кездейсоқ жол-көлік оқиғаларынан қорғау- мәні зор мәселелердің бірі болып отыр. Еліміздің барлық қала, ауылдарына ортақ көше қатынас ережесі енгізілген. Бұл ережені оқушылар да, үлкендер де, көлік жүргізетін жүргізушілерде бұлжытпай орындауы керек. Жолда жүру ережелерін бұзбас үшін сол ережелерді орындау қажеттілігін түсіну аз, оларды нақты білу керек.

 

3- оқушы

Мынау тұрған бағдаршам

Үш түрлі боп жанған шам

Үш көзінде үш белгі

Көрсетеді аңғарсаң.

 

— Бағдаршам бар көшеде өту оңай. Ал бағдаршамсыз – қауіптірек. Жүргізуші қанша мұқият болғанымен, қанша шапшаң болғанымен, тежегішті қанша күш салып басса да, көлікті тоқтатып үлгеру кейде мүмкін емес.

Бұрылыста бағдаршам,

Қызыл, сары, жасыл көз.

Бұйырып тұр аңғарсаң.

Бұйрықты іске асыр тез!

 

4-оқушы

Өзгертпейтін тұрағын,

Бір орында тұратын

Қызыл шамы жанғанда

Қадам баспа бір адым

Бұл тоқтаудың белгісі.

Білу керек бар кісі

Бас иеді тәртіпке

Келмесе де көнгісі.

  • Қызыл түс – Мұқият бол! –Қозғалысқа тыйым салынады.

 

5-оқушы

Сары көзін жаққанда

Өтемін деп мақтанба

Бұл дайындық белгісі

Кідіре тұр аттанба

Сары түс – Абай бол! Дайындал! Көшені өтуге рұқсат беремін! Келесі белгіні күт!

 

6- оқушы

Тексе жасыл шырағын

Қауіптенбе шырағым

Жолың ашық өте бер

Жасап алға мың адым

Жасыл түс –Жол бос! Ашық! Жүріңіз! Көшені өтуге болады дегенді білдіреді.

 

7-оқушы

Өзі қызыл үшбұрышты ескертуің мен болам.

Хабарлайтын бар қауіпті оң сапарға жолдаған.

 

Маған қарап жүрер болса жүргізуші, жаяу да,

Жолы болып, сәтсіздікке ешқашан да қалмаған.

 

8- оқушы

Мен бәріне әрқашанда тыйым салып тұрамын

Қайда болса алда тұрып жібермеймін бір адым

Түсім қызыл, өзім шеңбер сызық болып бітемін

Осы жолы үндемейін бар ма тағы сұрағың

 

9- оқушы

Белгімін көрсетер жылдамдық бағытын,

Ой-шұңқыр, бұрылыс, қатерді, қауіпті

Барлығын анықтап, көрсетіп жіберем

Сондықтан бәрі де мені тез таныпты

 

10-оқушы

Баратын сапардың қашығын, тұрағын

Үн-түнсіз жол сілтеп көрсетіп тұрамын

Күндіз де, түнде де от болып жанады

Кекпеңбек боялған төртбұрыш шырағым

 

Жүргізуші:

Тап болмасын қасірет

Күдер үзіп жалғаннан

Көшені тек кесіп өт

Бағдаршамы бар маңнан

Көше деген – тағылым

Абай болсаң, жоқ қайғы

Қай кезде де Тәңірің

Сақтағанды сақтайды- дегендей,

біз өмірімізді, денсаулығымызды қорғаудың бірден-бір кепілі көшеде жүру ережелерін сақтау, жолда жүру тәртібін білу. Ендеше әрдайым жолда жүру ережелерін сақтап аман-сау жүріңіздер! Осымен 3 сыныптың «Жол тәртібін жадыңда ұста, жас ұрпақ !» атты дайындаған сынып сағаты  аяқталды. Тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет!