Бастауышым-балбұлағым

Тақырыбы. Бастауышым-балбұлағым

Кіріспе бөлім:

(Көңілді музыка ойнап тұрады)

Ортаға ертекші шығады:

Ерте, ерте ерте ме екен, әлде мүлде келер күн бе екен, әлемде мектеп деген мықты патшалық болса керек. Оның тұрғындары сондай ақылды, білімді, өнерлі болыпты. Ол патшалыққа жамандық атаулы мүлде жоламаған екен.  Ол патшалық үш хандықтан тұрады екен. Ең кіші «Балбұлақ» хандығында кішкене бүлдіршіндер өмір сүріпті. Тәп-тәтті бүлдіршіндер кез келген мейманды тәтті қылықтарымен баурап алады екен. Уақыт өте келе 10 жасқа толған «балбұлақтықтар»  « Орталық» хандыққа өтеді. Ол хандықта алған білімдерін жалғап, сапалы білім мен өнерге баулитын Жоғары хандығына өтіп отырыпты. Бүгін міне, 2011 жылдың 18 мамыры да айтулы күн болып қалмақ. Дәл осы күні «Балбұлақ» хан өзінің үлкен ағасына қонаққа келген болатын.

Орталық хан:

Пай, пай, қош келдің бауырым!

Балбұлақ хан:

Қош көрдім, ағатай! Өзіңді сағынған екенмін. Кел төс қағыстырып амандассам деп едім.

Орталық хан: Әрине, еркем! Кел, кел.

(Екеуі құшақтасып амандасады)

Балбұлақ хан: Аға, менің хандығымнан тағы бір қарлығаштарым ұшқалы отыр. Ақ батамды тілеп, сенің хандығыңа өткелі отырған бүлдіршіндерімнің жұмысымен келген едім. 2008 жылы тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған кішкене бүлдіршіндер бүгін міне ақыл –ойлары толысып, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды ажырыта алатын шәкірт болды.

Орталық хан:

Е, бауырым, уақыт деген сиқыршы ғой! Міне көзді ашып – жұмғанша кешегі кішкене бүлдіршіндер де есейген екен, Сенің хандығыңнан келген барлық балаларға өте разымын. Десек те, сен білесің, менің хандығыма өту оңай емес, мен хандығыма өнерлі, білімді шығармашыл балаларды қабылдаймын.

Балбұлақ хан:

Аға, жылдағы дәстүрді бұзбағым жоқ! Ендеше сол балалардың өнері мен білімін көрсетер сәтте келген екен. Ал, ендеше көрелік

Көңілді әуен ойналып, ортаға сынып жетекшісі шығады.

Сынып жетекшісі: Құрметті ата-аналар, оқушылар, ұстаздар! Бүгінгі күн барлығымыз үшін ерекше күн! Бұл күннің ерекшелігі сол, осыдан 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған балаларыңыз ақыл-ойы толысып, оң мен солын айырып, жаман мен жақсыныны ажыраты білуді үйреніп, ең қызық шағы бастауышпен қоштасқалы тұр. Ендеше осы қуанышты да, қайталанбас күндеріңізбен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Ортаға бүгінгі тойдың иесі 4 «а» сынып оқушыларын ортаға шақырайық.

Ортаға Алина, Серғазы, Әділет бимен шығады.

Алина: Құрметті ұстаздар мен ата-аналар,

Кез келді сіздерден ақ бата алар,

Ұл-қыздарың көрсетпекші өнерін,

Бар қауым тамсана таңдай қағар

 

Серғазы: Dear teachers and students! You are welcome to our party «Бастауышым –балбұлағым»

Әділет: Добрый день, дорогие друзья,-
Гости, родители, учителя!
Мы очень рады видеть вас
В этот день и в этот час.

 

Көңілді әуен ойналып, ортаға Алишер Аида, Жұлдыз, Нұрлы шығады.

Алишер:Білім алған өзіңнен

Шәкірттердің бірімін

Бақытты етіп өсірген

Анама басты иемін

Жұлдыз

Жұлдыз қызбын әдемі,

Көркіне сай әдебі

Есепке де жүйрікпін,

Ұстаз болғым келеді

Нұрлы: Тез үйрендік әділ мен адамдықты

Жирендік, ажырыттық жамандықты

Ата-апамның қуанышы Нұрлымын

Ел қорғаны,  мен ертең болам мықты

Аида: Өнеріне халқымның бас иемін,

Тыңдап өскен бабалар өсиетін,

Мен-Аида деген қыз инабатты

Қадірлеген елінің қасиетін

Көңілді әуен ырғағымен ортаға Есенбеков Жандос, Секенов Мерхат, Қалымбеков Ильяс шығды.

Ильяс:

Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,

Алтын ұя, ақ босаға киелі

Ильяс атты сымбатты ұлың ардақтап,

Бар пейілмен басын саған иеді.

Жандос:

Гүлге толы жан-жағым,

Асыр салып жүгірдім.

Өсті талап-талғамым

Көп нәрсені ұғындым

Маңғазданып, аз сөйлер

Жандос деген ұлыңмын

Мерхат:

Ақ сүтін емген ананың

Еркелеп өскен баламын

Балғын үнім тербетсін,

Отанымның алаңын

Кітапты жүйрік оқыған

Мерхат ұлың боламын

Ән «Жездеке» Мұқанова Шырайлым

 

Адал қызбын халқыма,

Адал болам антыма

Әнімен әуелеген Шырайлыммын

Дақ салмайтын елімнің мен даңқына

Шыраылым. Ән «Мектебім»

Нұрлы: Жұп жазбастан жүреміз

Біздің сынып мақтаулы

Өйткені біз сүйеміз

Дәйім тәртіп сақтауды

Біздің сынып – мақтаулы

Алишер:

Оқуда да алдамыз

Біздің сынып осындай

Шырайлым: Ұлдар, ұлдар тоқтаңдар, құр сөзбен мақтана бергеннен ешкімге ештеңе дәлелдей алмаймыз.

Алина: Дұрыс айтасың Шырайлым. Мына отырған ата-аналарымыз бен ұстаздарға өз білімімізді көрсетудің жолын таптым. Достарым, біз қонақтарға әр пән бойынша өз білімдерімізді көрсетіп жіберелік

Барлығы: Дұрыс, дұрыс. Ендеше іске сәт!

Қоңырау соғылады. Слайдтан математика сабағы деген жазу шығады.

Алина: Достарым, өз білімімізді көрсету үшін екі топқа бөлініп жарысайық! 1-топтың тапсырмасы: біз оқыған 4 жылда қанша рет математика сабағы жүргізілді?

2-топ: Біз оқыған 4 жылда қанша рет қоңырау соғылды?

Топтардың жауаптары тыңдалады.

Алина: Тамаша. (Қоңырау соғылады. Балалар үзіліске шығады)

Вальс

Қоңырау соғылады (Слайдтан Ана тілі сабағы басталғандығы туралы жазылады)

Мұғалім: Құрметті оқушылар ана сүтімен бойымызға дарыған тіліміздің сонау  тереңнен келе жатқан мұрамызбен танысуға үлкен мүмкіндік жасаған ана тілі сабағы болғаны анық. Кәне не білдік, нені үйрендік ортаға салайықшы.

Серғазы: Аяжан Нұрланқызы, рұқсат етіңіз!

Маған 4-ші сыныптағы ана тілінен ең керемет әсер қалдырып, ұнаған шығарма «Қанат туралы хикая»

Мұғалім: Жақсы Серғазы, ендеше сол өлеңді мәнерлеп айтып бере ғой!

Өлең мәнерлеп айтылады

Мұғалім: Бұл өлең саған неліктен ұнады?

Серғазы: Осы өлеңді оқыған кезде ата-анама деген ризашылық сезімім арта түскендей болды.

Алина: Аяужан Нурланқызы, ғафу етіңіз! Мен де өзіме ұнаған шығармам туралы айтып бергім келеді. Ол Баубек Бұлқышевтің «Ана» деген шығармасы еді. «Ана» мәтіні оқылады.

Мұғалім: Ол саған неліктен ұнады?

Алина: Бұл менің анама деген сезіміммен ұштасып жатқандай көрінді және менің анама айтқым келетін барлық сөздер осы шығармадан табылды.

Мұғалім: Ал, Нұрлы саған қандай шығарма ұнады? Неліктен?

Нұрлы: «Арыстан мен тышқан» шығармасын жатқа айтып береді.

Мұғалім: Өте тамаша! Саған неліктен бұл шығарма ұнады?

Нұрлы: Бұл мысалды оқыған кезде қандай мықты болсаң да, мақтаншақтықтан аулақ болу керектігін, өзіңнен әлсіздерді мазақ етпеу керектігін түсіндім және достарым осы мысалдан үлгі алса екен деймін.

Мұғалім: Өте жақсы, балалар. Әлі де тамыры тереңге кеткен қазақ әдебиетінің жаңалықтарымен танысып, сусындай берулеріңе тілектеспін.

Көрініс «Аққулар ұйықтағанда» М. Мақатаев Мұңды музыканың сүйемелдеуімен

Автор (Серғазы): Бала жатыр төсекте албыраған

Әке жатыр еденде қалжыраған

Түн күзетіп ана отыр, қос жанары

Шарасыздан шаршаған, жаудыраған

Түні мынау – тамыздың маужыраған

Тауың мынау – шымылдық салбыраған

Бала жатыр төсекте күйіп жанып,

Баласының ана отыр күйін бағып

Қайдағы қатігез бір сұрқай ойлар

Миын қарып барады, миын қарып

 

 

Ана: (Жұлдыз) — Тұрсаңшы, таяу қалды таң атуға,

Неткен жансың санасыз жаратылған

Манағы тәуіп шалдың айтқан сөзі

Ұмытылып кетті ме санатыңнан

 

«Жетім көлгк барып қайт таң жамылып,

Таң атқанша қалайда тауға ілік

Біреулердің көзіне түсіп қалып,

Дүрліктірме жұртыңды, салма бүлік

Кім білсін, мүмкін, бәрі жалған үміт

 

Әке (Нұрлы): — Апырай, қалай барам, қалай барам?!

Атармын аққу құсты қалай ғана

Айдынның аққулары ұйықтағанда

Өрген мал, өскен шырша абайлаған

Барлығы қасиетке қарайлаған

Оқ атам қасиетке қалай ғана

Бармаймын, бара алмаймын, қалай барам

 

АНА: Жалғыз ұлдан артық па, жалған бәрі?

Балам өлсе бақыттың керегі не?

Топан су басып кетсін қалғандарын

Перзент сұрап несіне армандадың

Құрысын онсыз сенің жалған бағың!

Мылтықты әкел, Атты ертте! Жалған бәрі!

 

Автор: Шошымай шолжаң өскен батырларың,

Ана отырған шыршаға жақындады

Көзі тұнған бейбағың, топ аққуға,

Білмей қалды мылтықтың атылғанын

 

«Жетім көлдің» басында жылқы жатқан,

Дөңге шығып қарт тұрған жылқы баққан:

 

Қарт (Әділет): Апыр-ай, бұл кім болды, таң сәріде,

Көргенсіз, көл басында мылтық атқан

 

Автор: Мылтық даусы, құстардың шулағаны

Шыдамын алды қарттың бермеді ерік

 

Қарт: Ей,

Кімсің?

Тірісің бе

Жаның бар ма?

Аққуды неге атасың, арың бар ма?

Тастағын қаруыңды келгін бері,

Келгін бері, кеудеңде жаның бар да!

Автор: Қартқа қарай ақырын аяңдады

Қарусызға қарт келді аянбады

Көзінен жас көңілінен зар төгіліп,

Болған жәйтті келіні баяндады.

Қарт: — Әй, балам!

Болмады ғой, болмады ғой

Қасиет кетті көлден, сорлады ғой

Тәуіптің айтқанының бәрі өтірік

Атқа мін,  ауылға қайт, олжаны қой!

 

Мін атқа, қайт ауылға, тағат қыл да

Білмеймін, сор аттың ба, бақ аттың ба?

Аққуға кезенерде, ырым жасап,

Тым құрыса саусағыңды қанаттың ба?

 

Ана: Әлек боп, арпалысып, сор-қайғымен

Жоқ, ата, жасамадым ондайды мен

Жасымнан естігенім бар – тын  еді

Әйтеуір аққу атқан оңбайды деп

Автор: Аунап түсіп атынан, үйіне енді

Есіне алып ерін де, баласын да

өліп жатқан ұлына қарасын да

Қалсын ана «Жетім көл» жағасында

Өлі мен тірінің арасында

Ана: Қасиет!

О, қасірет!

Осындай ма ең?!

Сорымның қалыңдығы шашымдай ма ең!

Қасиет!

 

Қасиеттер ұшып кетті,

Қасірет!

Қасымдағы досымдай ма ең!

Қасиет… Қасірет..

Қасірет… қасиет

Мұғалім: иә, балалар, қазақ тілінің құдіреті осында. Бір ауыз сөзбен жадыратып, балаша қуантса, бірде бір ауыз сөзбен көңілге мұң ұялатар тіл кереметі осы. Әркез өз ұлтының тілін сүйетін, қадірлейтін және достарын өз соңынан ілестіре білетін азамат болып өсіңдер!

Қоңырау соғылады. Оқушылар үзіліске шығады.

Фокус

Тәжік биі

Қоңырау соғылады. Қазақ тілі басталғаны туралы слайдтан көрінеді. Сабақты Батырханова Аида флипчарттың көмегімен жүргізеді.

Ойлы болсаң озып көр.

7 сұрақ

1.Сұлу сөзіне мәндес сөздерді ата (келбетті, көрікті, әдемі ажарлы,)

2.«Көз сүріну» тіркесінің мағынасын түсіндір (каз ала алмау, қатты қызығу) 3.Артық сөзді тап

Сулы, балықты, оқушы, білім, асқазан (Асқазан сөзі себебі ол күрделі сөз, екі сөздің бірігуі арқылы жасалған)

  1. Өлеңді аяқта
  2. қате жазылған сөзді тап.

Мектеп, ұстаз , қоштасу, жұмышшы (Жұмышшы сөзі, себебі, жұмысшы деп жазылуы керек.

  1. 5 етістік ата
  2. қоян сөзінде неше дыбыс бар?

Мұғалім: Балалар ненің суреті шықты.

Жетіқарақшы

Осындағы Темірқазықтың қандай пайдасын білесіңдер?

Мұғалім: Адасқан адам аспандағы Темірқазыққа қарап, солтүстікті анықтаған екен, ендеше қазақ тілінен алған білімдерің сендердің өмірлеріңнің Темірқазығы болсын.

Қоңырау соғылады

Өзін — өзі тану сабағы (Көрініс)

Нұрлы: Біз төрт жыл бойы бәріміз бірге оқыдық. Бізбен бірге ата-аналарымыз да балалыққа талай сапар шеккен болатын. Олар бізге қиын есептерді шешуді, шығарма жазуды, картадан өзедер мен көлдерді, қалалар мен мемлекеттерді табуға болысты. Бір сөзбен айтқанда ата-аналарға РАХМЕТ (барлығы бірге) Сол себепті біз ақылдаса келіп, мынадай шешімге келдік.

«Алғыс хат»

Бастауышым – балбұлағым атты кешті ұйымдастыру коммитетінің шешімімен 4 жыл көлемінде сапалы білім алып, саналы оқушы атануыма тер төгіп, аянбай еңбек еткені үшін анамды марапаттаймын.

 

4 «А» сынып оқушысы:                                                     /Жеңісов Н./

Ән « Аяулы анашым» Хормен

Би Қыздар топ би

Қоңырау соғылды. Ағылшын тілі сабағы басталды. Оқушылар қуыршақ театрын көрсетеді.

Қоңырау соғылады.

Жандос, Алишер, Серғазы 3 тілде 4 жыл көлемінде сабақ беріп, білім нәрімен сусындатқан пән мұғалімдеріне құттықтау тақпақтарын айтады.

Ән «Ұстазым» Алина мен Шырайлым

Қоңырау соғылады. Дүниетану сабағы басталады. Сабақты Шырайлым жүргізеді. Асықтың көмегімен ойын  «Кім жылдам» Ойын шарты: Жылдам құс пен жануардың атын кезектестіріп айтып шығу керек немесе мемлекет пен қалалардың атын кезектестіріп айту. Аз уақытта 10 асықты жинап үлгерген бала марапатталады.

Интермедия

Тақырыбы: Оқушы арманы

Ортаға оқушы шығады. (Иьляс) Ортаға үлкен қорап келеді.

Ильяс: Мынау не қылған қорап.? Жаңа жылда аяз атаға менің тілектерімді орындайтын джин жіберші деп сұраған едім. Сол орындалды ма?

Ашып көрем бе екен?

Ары, бері жүреді.  Санамақ ойнап жібереді ашайын, ашпайын, ашайын, ашпайын, ашайын

  • Әй, қойшы, ашып көрейін!

Музыка ойналады да, қораптың ішінен Джин шыға келеді

Мерхат: Тақсыр, қош көрдік. Сенің үш тілегіңді орындаймын.

Ильяс: Түу, шошыттың ғой. О, сиқыр деген осы екен ғой! Расымен орындайсың ба? Түу, не армандасам екен? Армандарым көп еді! «Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас» демекші, сөзге жүйрік Ильяс едім, маған не болды?

Мерхат: Апырай-ай, болсаңшы! Жаңа жыл кезінде сен сияқты қанша жалқаудың аяз атаға сиқыршы жібер деп хат жазғанын білесің бе? «Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылдық қой!

Ильяс: Жарайды, жарайды. Дәп қазір үйге берілген барлық тапсырмалар орындала қалса екен!

Джин сақалын жұлып алады да, «Сим, салабим, рахатум» үзіп қалғанда барлық тапсырма орындала қалады. (Слайдтан дәптері шыға келеді)

Ильяс: Ойбай, мынауың не? Мынау менің жазуым емес қой!

Мерхат: Сен маған менің жазуым болсын демедің ғой! Қойшы оны кім біліп жатыр!

Ильяс: Қайдағы, сен біздің Аяужан Нурланқызын білмейсің ғой! Ол мұғалім болмағанда, атақты ізкесуші болар ма еді, кім білсін.! Ол кісі ұйықтап жатқанда оятып, мынаны көрсетсең, мынау менің жазуым емес екенін айтады. Қой, мынауың келмейді,

Мерхат: О! Балақай, тездет, тездет! Мен саған тек 10 минутымды ғана жұмсауым керек. Үлгермесең, өз обалың , өзіңе! Тез, екінші тілегіңді айта ғой!

Ильяс: Туү, сен де болмадың ғой! Тез, тез деп. Ал онда екінші тілегімді орында! Маған Біздің сыныптағы Шырайлымның ән салғаны ұнайды. Өзі де сүп-сүйкімді. Дәп қазір Шырайлым осы жерде бола қалсын!

Джин сақалын жұлып алып, «Сим, салабим, рахатум» дегенде сыныпқа Шырайлым ұрсып кіреді

Шырайлым: А – а, Қалымбеков осында екенсің ғой! Сен үшін мұғалімнен сөз естігім келмейді, осы жолы үй тапсырмасын орындамадың, мені ұятқа қалдырдың, Тез жылдам черновигіңді ал, есепте. Жылдам, Жылдам. Түу, болсаңшы, мына есептің бәрі қате,, үш алудан шаршамадың ба? Сені емес дәптеріңді аяймын. Тез бесінші есепті орында. Жоқ бірінші диктант жазайық. Бірінші сөйлемді тыңда: «бірінші мамыр халықтар достығы күні. Енді жазамыз. Бі-рін-ші

Илья Мерхатқа қарап:

Ей, Джин, Мынаны әкет, тез, тез!

Шырайлым кетіп қалады.

Ильяс:  Уһ! Кетті –ау әйтеуір! Сен қандай Джинсің өзі! Бәрін бүлдіресің ғой!

Мерхат: Сен маған Шырайлым алдыңда күліп тұрсын деген жоқсың ғой. Өзің кінәлісің! Тез үшінші тілегіңді айт. Ойланып айтсаңшы, шаршатып жібердің ғой өзің!

Ильяс: Не ойласам екен! Көп ақша сұрасам ба екен? Бірақ апам өз адал еңбегіңмен тапқан нан тәтті деуші еді. Бұным жарамас. Бәрі менен қорықса десем бе екен? Жоқ-жоқ ! Аяужан Нурланқызы «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деді емес пе?

Ойланып тұрады да, кенет қуанып кетеді.

Ильяс: Таптым, таптым! Әй, Джин тыңда. Сыныбымдағы барлық достарым аман есен болып, бірлігіміз мызғымастай берік болсын. Жаңа мектепті мектеп мақтанышы ретінде аттайық! Елімде сәбидің шат күлкісі естіліп, әрдайым тыныштық болсын!

Мерхат сақалын жұлып алып, «Сим, салабим, рахатум» дегенде, сыныптың барлық ұлдары шығып Ильспен құшақтысып, амандасады, «Алға, қазақ, жігіттерін» айтады

Ұлдар «Алға қазақ жігіттері»

Шаттық шеңбері

Мұғалім: Құрметті, оқушылар! 1-қыркүйекте өздеріңмен осындай шаттық шеңберінде тұрып танысқан болатынмын. Енді міне осы шаттық шеңберінда сендерге ақ жол тілеп орта буынға шығарып салып тұрмын. Осы қоштасар сәтте «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бір-бірімізге жақсы тілек айтайық.

Ант беру рәсімі

Нұрлы : Біз 4 «а» сынып ұлдары мен қыздары  ұстаздар мен ата-аналарымыздың алдында бұдан былай да мейірімді, тәртіпті, шыншыл болуға, бүгінге дейін алған білімімді одан әрі толықтыруға, өзімізге білім берген ұстаздарымызды ұмытпауға,  өз Отанымызды сүюге

АНТ ЕТЕМІЗ! АНТ ЕТЕМІЗ! АНТ ЕТЕМІЗ (барлығы бірге айтады)

Ән «Бастауышым – балбұлағым»

Қорытынды.

«Орталық» хан: Бәрекелді, жарайсыңдар! Жарайсыңдар! Мен сеендерді өз хандығыма қуана қабылдаймын. Қанаттарың талмай самғай беріңдер жас өрендер!

Құттықтау сөз қатысушыларға беріледі.

Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі той тағы да қайырлы, құтты болсын. Балалар әркез биіктен көрініп барлығымызды қуанта берсін.