«Менің атам – шежіре» атты тақырыптағы ғылыми еңбек

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

Атырау облысы,  Қызылқоға ауданы

Ш.Т.Еркінов атындағы орта мектебі

Дауленова Арна Тұрланқызы,

5 сынып оқушысы.

Менің атам – шежіре

Секциясы: Этномәдениеттану

Жетекшісі: Байнияз Лиза Елемесқызы,

Жоғары санатты биология пәні мұғалімі.

 

Ғылыми жетекшісі: Төлеген Жаңабайұлы,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

мемлекеттік университетінің доценті.

Атырау  — 2016

МАЗМҰНЫ

1.Кіріспе —————————————————————————————3

ІІ. Негізгі бөлім

2.1. Менің атамның  өмір жолы  ———————————————————5

2.2. Менің атам –шежіреші —————————————————————6

ІІІ. Зерттеу бөлімі

3.1. Үлгі болар  сөздер   ——————————————————————-8

3.2.Жаппас Сұлтанқұбидың жырларымен қауышу    ——————————16

ІҮ.Қорытынды ——————————————————————————19

Ү.Қолданылған әдебиеттер ————————————————————-21

ҮІ. Қосымшалар —————————————————————————22

 

Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Шүкір Еркінов атындағы орта мектептің V сынып оқушысы Дәуленова Арна Тұрланқызының «Менің атам – шежіре» атты тақырыптағы ғылыми еңбегі туралы

 

                                                 П І К І Р

 

Ізденіс еңбектің иесі Дәуленова Арна Тұрланқызы өзінің жас ерекшелігіне, өзінің көрген-білген ортасына сай дұрыс тақырып таңдай алған. Оған мектептегі жетекші мұғалімі Байнияз Лиза Елемесқызы да бағыт-бағдарды жақсы сілтеп, ойдағыдай көмек көрсеткен. Соның нәтижесінде оқушы алған тақырыбын сәтті игеріп, өз мәнінде меңгерген.

Шындығында, көненің көзіне айналған қарттар – біздің рухани қазынамыз. Олар, әсіресе, ауылдық жерлерде көп-ақ. Тілін тауып сөйлете білсең ұзақ толғап, әңгіме шертеді, көмейлерінен жыр-хиссаларды ақтарады. Сондай қадірменді ақсақалдардың бірі – сөз жоқ, жырау Дәулен Бисенғалиұлы. Мен ол кісіні өткен ғасырдың сонау елуінші жылдарының ортасынан бері білемін. Бір ауылда тұрдық. Бертін келе жазу өнерінің төңірегінде жүрген шағымда Дәулен ағамыздың талай жырды жатқа соғатынын, думанды ортада домбыраға қосып, өзінің әуезді қоңыр дауысымен  төгілте толғайтынын көріп, таңданып, таңырқай сүйсінгенбіз. Бәрінен бұрын ақпа ақын жаппас Сұлтанқұби Жұрынбайұлының жоғалуға айналған толғаулары мен термелерін, тайпалған жорға сөз сүлейі Айтмағанбет Лұқпановтың және басқа да шайырлардың жырларын  бүгінге жеткізді. Ретіне қарай сұрап, іздегендерге, ғылыми ізденісте жүргендерге табыстады. Дені газет беттерінде жарияланды, «Тайсойған–Бүйрек ақындары», «Майдангер», «Есте ғой, есте, сұрапыл соғыс» атты кітаптарда жарық көрді. Дәулен ақсақал осы жырларды жадында ұстап, өңін өзгертпей қазіргі және келер ұрпақтарға табыстауымен ардақты да сыйлы. Оқушы Арна Тұрланқызының атасының сол қасиеттерін, ілкімді істерін  дәріптеп, зерттеуге талпынуының өзі ерлікпен пара-пар.

Дәулен Бисенғалиұлының ата-бабаның шежіресін, ру-жіктің тарамдарын өте жақсы біліп, зерделейтінін зерттеу иесі Арна Тұрланқызының еңбегінен жазбай тануға болады. Атасының білетінін ғылыми еңбектермен ұштастыруы да сәтті шыққан. Өзінің ата тегін таратқанда әріден бермен қарай сабақтауы, түсінікті тілмен таратуы орынды болған. Атасының өмір жолына, еңбектегі асуларына бірқыдыру шолу жасауы да дұрыс.

Оқушы зерттеу еңбегінің келесі бөлімінде шежіре атасының жырларды қалай жаттағанын барынша талдауы және сол жырлардың мәтіндерін қағазға түсіріп алып, еңбегіне енгізуі өте қисынды. Сонымен қатар, атасының өзімен және басқалармен кездесулерін, жыр толғауларын фотодеректермен ұштастыруы да сәтті өріс алған. Бірін-бірі толықтырып тұр.

Қазір ортамызда жүрген, жасы 90-ға жуықтаған абыз ақсақал Дәулен Бисенғалиұлының біле білгендерін, көкейлерінде тоқығандарын зерттеу нысанына айналдырып, қағазға түсіру табылған ақыл. Бұл игі іс алға қарай да үздіксіз жалғасын тауып отырса қандай ғанибет болар еді.

Қорыта айтқанда, Қызылқоға ауданының Шүкір Еркінов атындағы орта мектебінің V сынып оқушысы Дәуленова Арна Тұрланқызының «Менің атам – шежіре» атты ғылыми бағыттағы еңбегі құптарлық деңгейде шыққан. Оқушының алғашқы тырнақалды қадамы ғылыми жетекші ретінде қолдау табады деген үміттемін.

Ғылыми жетекшісі:

Төлеген Жаңабайұлы ЖАҢАБАЙ,

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университетінің доценті, Қазақстанның құрметті журналисі,

        Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, Қызылқоға

              ауданының құрметті азаматы. 

Аннотация

Зерттеудің мақсаты: Менің атам Бисенғалиұлы Дәулен шежіреші, ол кісі шешен сөйлеп тыңдар құлақ болса ұйытып тастайды. Ол ел мен жердің тарихы, көне дәуірлер шежіресі, айтулы тұлғалардың артына қалдырған ғибрат сөздеріне аса құлақ қойып, өткен күндерді бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру үшін өзінің ерекше қабілеті арқылы айтарлықтай үлес қосқан жан.

Зерттеудің міндеттері: «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, атамның жыр-термелерді, тарихи оқиғаларды мүдірмей кез-келген жерде жатқа айтуы мені таң қалдырды. Атамның осындай ерекше қасиетін зерттеу менің немерелік парызым деп есептеймін.

Болжам: Атамның айтып жүрген жыр-толғауларында осы қазіргі күнмен байланыс бар.

Зерттеу пәні: Халық ауыз әдебиетінің ауыздан-ауызға, атадан-балаға көшіп келе жатқан үлгілері.

Зерттеу нысаны: Аталар ісінен ұлағат алып, өзінен кейінгі ұрпаққа өнеге қалдыруға тырысқан зейнеткер еңбек ардагері шежіреші атам Бисенғалив Дәулен туралы

Зерттеу әдістері: Пікірлесу, «Шалқыма» мәдениет үйінің мұрағатынан құжаттарды зерделеп танысу, Ш.Т.Еркінов атындағы орта мектебінің кітапханасынан Қызылқоға газетінің жинақтамаларымен оқып танысу

Зерттеу жаңалығы: Тайсойған өңірінде туып-өскен халық арасында Жаппас Сұлтанқұби атанған Сұлтанқұби Жұрымбайұлының Ұлы Отан соғысы тұсында неміс фашистерінің қолдарында тұтқында болған шағында шығарған мәнді, мазмұнды толғауларының авторы екендігін табуға көмектескен.

Зерттеу нәтижелері мен шешімдері: Қазақ шежіресінің өскелең ұрпақты ұлтын ұлықтауға тәрбиелеуде үлкен мәні бар. Тыл ардагері Бисенғалиев Дәулен атамның өмір жолы үлгі боларлықтай. Атамның ерекше қырларының бірі өнерге жақындығы. Атам атақты ақын Айтмағамбет Лұқпанов пен Сұлтанқұби Жұрымбайұлының тағылымды термелерін тамылжыта орындайды. Атамның ерекше қасиеті: есте сақтай білу қабілетін пайдаға асыра білуі.  Атамның өмірлік ұстанымы:  оқып, естіп білгенін кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру. Мен атамның осындай ерекше қабілетін құрметтей отырып оны мақтан етемін. Келешекте мен де атам тәрізді домбра үйреніп, осындай жыр-толғауларды нақышына келтіріп орындағым келеді.

Кіріспе

Менің атам адамзаттың шежіресін әрі бері қарай қозғайды. Ол кісінің айтқандарын оқулықтармен, кітаптармен салыстыра отырып  зерделесем көп нәрсе түсінікті болады.

     Шежіре, (арабша шаджарат — бұтақ, тармақ) —  тарих ғылымының халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тармағы. Ру, тайпалардың тарихын ұрпақтан ұрпаққа жеткізген, қалыптасқан ресми шежіре барлық халықтарда кездеседі. Ресей, Германия, Англия, Франция және көптеген шығыс елдерінде шежіренің көп томдық жинақтары шыққан. Башқұрт, өзбек, түрікмен, қырғыз, Сібір халықтарында шежіре дерек көздері ретінде молынан кездеседі. Шежірені шежіреші қарттар ауызша таратып отырған. Сондықтан оны кейбір ғалымдар далалық ауызша тарихнама (ДАТ) деп те әспеттейді. Кеңес өкіметі заманында Қазақстанда Шежірені зерттеу, оны тарихи дерек ретінде пайдалану идеологиялық саясат әсерінен көп қолға алына қойған жоқ. Дегенмен,  Х.Арғынбаев, М.Мұқанов, В.Востров, т.б. этнолог ғалымдар еңбектері тарапынан ішінара көрініс тапты. Жалпы Шежірені жинақтаған көнекөз қариялардың көмегімен қазақтың ру-тайпа- ларының өткені туралы біршама мәліметтер алуға болатындығы 18 ғасырда белгілі болды. 18-19 ғасырларда мұндай шежірелердің  біразын Н.Аристов, А.Левшин, В.Григорьев, Л.Мейер, П.Рычков, М.Тевкелев, Н.Гродеков, И.Андреев, Ш.Уәлиханов, Г.Н.Потанин, Ә.Диваев, т.б. зерттеушілер жазып алып, ғылыми айналымға енгізді. Алынған жинақтар Шежіре деректері орта ғасырлардан бастау алатындығын, тіпті жекелеген нұсқалары Адам атадан басталатындығын айқындады. Кейбір Шежіре нұсқалары ортағасырлық деректемелермен де ұштасып жатты. Рашид әд-Дин, Ұлықбек, Әбілғазы, Бейбарыс, ибн Халдун, т.б. көптеген ортағасырлық авторлардың еңбектерінде белгілі бір тұлғалардың, ру-тайпалардың, халықтардың шығу тегі таратылып, бірнеше ұрпақтар алмастығы өрбітіліп отырды.[2-45 б]

Шежіре арқылы біз халықтың этникалық құрылымы, шығу тегі, таралуы, тұтастығы жөнінде мол мағлұмат аламыз. «Шежіре» сөзі «сақтау», «ағаштың бұтағы» деген ұғымдарды білдіреді. Шежірешілдік көшпелі қоғам туғызған қажеттілік және көшпелілердің әдет-ғұрып, салт-санасының негізінде туған. Ел арасында өмір тарихын өте жақсы білген «шежіре адамдар» болған. Олар қазақтың ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрін, заңдарын, әдет-ғұрпын, ай-күн есептерін жақсы білген, небір аңыз-әпсана, жырларды жадында сақтаған. Қазақ тарихын зерттеуші ғалымдар негізгі дерек көзін шежіреден алады. Шежіренің ішінде аңыз бен шындық та, ертегі мен әпсана да, өнер мен ғылым да бар. Осыларды ұғындырып отыру – парызымыз.

    Зерттеудің мақсаты: Менің атам Бисенғалиұлы Дәулен шежіреші, ол кісі шешен сөйлеп, тыңдар құлақ болса ұйытып тастайды. Ол ел мен жердің тарихы, көне дәуірлер шежіресі, айтулы тұлғалардың артына қалдырған ғибрат сөздеріне аса құлақ қойып, өткен күндерді бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру үшін өзінің ерекше қабілеті арқылы айтарлықтай үлес қосқан жан. Соны бүгінгі және келер ұрпаққа жеткізіп, ортақ рухани қазынаға айналдыру керек.

    Зерттеудің міндеттері: «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, атамның жыр-термелерді, тарихи оқиғаларды мүдірмей кез-келген жерде жатқа айтуы мені таң қалдырды. Атамның осындай ерекше қасиетін зерттеу менің немерелік парызым және міндетім  деп есептеймін.

   Болжам: Атамның айтып жүрген жыр-толғауларында осы қазіргі күнмен байланыс бар.

   Зерттеу пәні: Халық ауыз әдебиетінің ауыздан-ауызға, атадан-балаға көшіп келе жатқан үлгілері.

   Зерттеу нысаны: Аталар ісінен ұлағат алып, өзінен кейінгі ұрпаққа өнеге қалдыруға тырысқан зейнеткер, еңбек ардагері, шежіреші атам Бисенғалив Дәуленнің жадындағыны бүгінге жеткізу.

   Зерттеу әдістері: Пікірлесу, «Шалқыма» мәдениет үйінің мұрағатынан құжаттарды зерделеп танысу, Ш.Т.Еркінов атындағы орта мектебінің кітапханасынан «Қызылқоға» газетінің жинақтамаларымен, оқып, танысу.

   Зерттеу жаңалығы: Атамның Тайсойған өңірінде туып-өскен, халық арасында Жаппас Сұлтанқұби атанған Сұлтанқұби Жұрымбайұлының Ұлы Отан соғысы тұсында неміс фашистерінің қолдарында тұтқында болған шағында шығарған мәнді, мазмұнды толғауларының авторы екендігін табуға көмектесуі.

   Зерттеу нәтижелері мен шешімдері: Қазақ шежіресінің өскелең ұрпақты ұлтын ұлықтауға тәрбиелеуде үлкен мәні бар. Тыл ардагері Бисенғалиев Дәулен атамның өмір жолы үлгі боларлықтай. Атамның ерекше қырларының бірі өнерге жақындығы. Атам атақты ақын Айтмағамбет Лұқпанов пен Сұлтанқұби Жұрымбайұлының тағылымды термелерін тамылжыта орындайды. Атамның ерекше қасиеті: есте сақтай білу қабілетін пайдаға асыра білуі.  Атамның өмірлік ұстанымы:  оқып, естіп білгенін кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру. Мен атамның осындай ерекше қабілетін құрметтей отырып, оны насихаттаймын және үлгі етемін. Келешекте мен де атам тәрізді домбыра үйреніп, осындай жыр-толғауларды нақышына келтіріп орындағым келеді.

ІІ. Негізгі бөлім

2.1. Менің атамның өмір жолы

Менің атам 1928 жылы қазіргі Жанкелдин ауылында (Қызылқоға ауданы құрылғанға дейінгі, бұрынғы мекен-жайы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Миялы ауылдық советі, Амангелді колхозы) қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Қожасов Бисенғали 1900 жылы туған, Базарғали мешітінен діни сауаттанған, қарапайым колхозшы болған. Анасы Қожасова Кенжеш. Қарапайым колхозшы. 1936 жылы 1 сыныпты Миялы бастауыш мектебінде (қазіргі Жангелдин ауылы) сауаттанған. Балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен еңбекке ерте араласқан. Күндіз шаруашылықта мал бағып, соқаға жұптап жегілген өгіздермен жер жыртып, егін егіп, орақпен шөп шауып, пішен тасып жұмыс жасаған. Соғыстағы солдаттарға киімдер дайындап, қолғап, шұлықтар тоқыған. Жауынгерлерді  азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету үшін барын сала еңбек еткен. Қамыскөл орта мектебінде 1945 жылы 8 сыныпты оқып жүріп Доссорға қолөнер училищесіне жүргізушілік курсқа оқуға түседі. Осы училищеде оқып жүріп Доссор қолөнер училищесінің оркестріне қатысқан. 1946 жылы құрамында 50 адамнан тұратын оркестр республикалық байқауға Атырау облысынан қатысып екінші орын алған. Атам оркестрде домбыра тартқан. Атаммен бірге оркестрде қазіргі Миялы селосының тұрғыны Тайтуллин Жаңбырбай екеуі оркестр құрамында болған. Қолөнер училищесін аяқтағаннан  кейін 1947 жылы АтКОКН мекемесінде (Автотранспортная контора обьединенная Каз Нефть) жүргізуші мамандығы бойынша жұмыс жасаған. 1950 жылы елге келіп, Қарабауда (сол кездегі аудан орталығы) жүргізуші болып жұмыс жасайды. 1955 жылы комсомолдық жолдамамен ауыл шаруашылығын көтеруге «Путь к Коммунизму» колхозына (қазіргі Жасқайрат ауылы) жүргізушілік кәсібін жалғастыруға жіберген. бір жылдай жүргізуші, кейін тынымсыз еңбегінің арқасында автомеханик, гараж меңгерушісі  (завгар) болған.

Жетпісінші жылы «Шалқыма» мәдениет үйінің директоры қызметін атқарған. Аз уақыт ішінде ауыл көркемөнерпаздары мен театр ұжымын ұйымдастырып, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын, аудармашы Қуандық Төлегенұлы Шаңғытбаевтың  Қанабек Байсейітовпен бірігіп жазған «Беу, қыздар-ай» (1960) пьесасын аудан көлемінде қойған екен. [11-400 б]

Осындай қажырлы еңбегінің арқасында талай марапаттарға ие болған. 1989 жылдан бастап атам  зейнеткерлікке шықты.

 

2.2. Менің атам –шежіреші

Бұл қысқаша шежірені атам әкесі Бисенғалидан жазып алған екен. Әнес сахабадан басталған. Әнес Мұхамбет пайғамбарымызға қызмет еткен деседі, сол Әнестен Жабал.  Жабалдан Мағаз, Мағаздан Сахил, Сахилдан Ақшолпан, Ақшолпаннан Қурай, Қурайдан Аламан, Аламаннан Алаш, Алаштан: Сейілхан, Жайылхан. Сейілханнан 8 арыс түрікпен, Жайылханнан: Мақы, Сапин. Сапиннен: Өзбек, Естек. Мақыдан Айырқалпақ. Айырқалпақтан: Қазақ, Созақ. Созақтан: Қырғыз, Қарақалпақ. Қазақтан: Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс. Ақарыстан: Албан, Дулат, Шымыр 36 ата Ұлы жүз тарайды. Бекарыстан: Арыс, Найман, Қыпшақ, Қоңырат 26 ата Орта жүз тарайды. Жанарыстан: Қыдырқожа, Нәдірқожа, Сәдірқожа. Жанарыстан: Кіші жүз жеті ру: Әлім, Байұлы. Сәдірқожадан жеті ру: Кердері Керей, Рамазан, Тілеу, Тама, Табын, Жағалбайлы. Әлімнен алты ру: Қарасақал, Шөмен, Шекті, Кете Қаракесек, Төртқара. Байұлынан: Бақытсиық, Қыдырсиық, Сұлтансиық. Бақытсиықтан: Ысық. Қыдырсиықтан Шеркеш. Шеркештен: Қосым, Қойыс, Жауқашты, Қылышкестен, Шумақ. Сұлтансиықтан: Тана, Байбақты, Алаша, Қызылқұрт, Масқар. Жауқаштыдан: Құлан, Тума, Қара, Құрмас, Батырқожа, Андақұл, Жатай, Аманай. (8 арыс Жауқашты деп атайды.) Құрмастан: Әлеуке, Дәулетек. Әлеукеден: Қыдыр, Мәшен, Шақат. Қыдырдан: Жанайдос. Жанайдостан Қозыбақ. Қозыбақтан Оңбай. Оңбайдан Қожас. Қожастан Бисенғали. Бисенғалидан: Дәулен, Дәулетияр. Дәуленнен: Бөкен, Нұрлан, Ерлан, Тұрлан, Болат. Бөкеннен Жанболат. Ерланнан Ақжол. Тұрланнан: Ақан, Әсет, Дәулет. Болаттан: Есет, Мерей.

«Елбасының Жарлығымен қыркүйектің екінші жексенбісі 2013 жылдан бері  «Отбасы күні» мерекесі болып белгіленді. Бақытты балалық шақ пен алаңсыз қарттық, әрбір шаңырақтың шаттығы – «Қазақстан 2050» стратегиясының ең басты мақсаттарының бірі. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы – Атамекеннің тұтастығы. Біз жас ұрпақтың білімді, дені сау болуы, әрбір некенің мызғымас берік болуы, қарттардың зейнетті өмір кешуі үшін барлық жағдайды жасап келеміз. Бұл демографиялық ахуалға оң әсерін тигізуде» дейді Н.Ә.Назарбаев.[1-36 б]

Отбасы – Отанның ошағы демекші, үлкен шаңырақтың ақылшысы, арқа сүйеріміз жан атам, бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеткен, түн ұйқысын төрт бөлген аяулы әжем 5 ұл мен 5 қыз тәрбиелеп өсірген. Қазақ халқының ерекше бір көңіл бөлетін ғұрыптарының бірі – өмірге жаңа келген бөпеге ат қою. Әрбір ата-ананың өзінің баласына әдемі әрі мағыналы есімді қоюды қалайды. Сондықтан болар ырымшыл халқымыз перзентіне қол бастаған батырлардың, сөз бастаған шешендердің, ел бастаған билердің, жез таңдай күміс көмей әнші-жыршылардың атын қоюға тырысады. Байқап қарайтын болсам үлкен атам (атамның әкесі Бисенғали) ұлдарына ерекше аттар қойыпты. Қызылқоға өңіріндегі ХІХ ғасыр тарихынан елеулі орын алатын тұлғалардың бірі Тұрлан батырдың есімін, [6-19 б] қасиетті топырақтың арғы-бергі тарихында елге танымал тұлға от ауызды, орақ тілді билердің бірі  және көрнектісі Бөкен бидің есімін берген екен.           [6-26 б] Үлкен қызы Орынша Бисенғалиева Ш.Еркінов атындағы орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі. 6 бала тәрбиелеп өсірген ана. Нұржамал Бисенғалиева «Өрімтал» балалар бақшасының меңгерушісі. Бақытжамал Бисенғалиева Қызылқоға ауданы әкімшілігінде бас маман болып жұмыс істейді. Миялы селосының тұрғыны. Гүлжамал Бисенғалиева Атырау қаласында №9 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі. Кіші қызы Жасқайрат ауылының тұрғыны Ақжамал Бисенғалиева РЦКУ мекемесінде қызмет жасайды. Келіндері: Едішева Майра, Қонарова Фаризат, Байнияз Лиза және Енбаева Эльмира Ш.Еркінов атындағы орта мектепте ұстаздық қызметте.

 

ІІІ. Зерттеу бөлімі

3.1. Үлгі болар сөздер.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, атамның жыр-термелерді, тарихи оқиғаларды мүдірмей кез-келген жерде жатқа айтуы мені таң қалдырды. Атамның осындай ерекше қасиетін зерттеу менің немерелік парызым деп есептеймін. Атамның әкесінен «Үлгі болар сөздер» деп естіп жазып алғандары. Айтмағамбет Лұқпановтың өлеңдері. (сурет №1)

Атамның айтуы бойынша Айтмағамбет Лұқпанов атамның Қарабауда тұрған көршісі екен. Жұмыс уақытынан кейін кешқұрым  осы кісінің өлеңдерін тыңдайды екен. Сол өлеңдерді атам зердесіне құйып, есінде сақтапты. Атам күні бүгінге дейін осы өлеңдерді қонақтықтарда, әртүрлі кездесу кештерінде айтып отырады.

Телегей теңіз шайқалып,

Тасқын су аспас кемерден

Он саусағы майысқан,

Іс құтылмас шеберден

Мәжіліске кез болдым,

алдарыңда сөйлейін

5,6 ауыз өлеңмен,

Бұл  өлең деген асыл зат,

Ойыңды бөліп тыңдасаң,

Ұлағатты  үлгілі,

Қиядан алып қинасаң,

Сана  болар адамға,

Жақсы сөзді жинасаң,

Қор  болмайсың негізі,

Жасы үлкенді сыйласаң

Мінін адам түзетер,

пікірсіз жаман болмасаң

Екінші жақсы қор болар,

біреудің сөзін сырласаң.

Төртінші жақсы қор болар,

өнеріңді бұлдасаң

Айып етпе әлеумет,

өзі айтып өзі шешті деп

Өзі кесіп пішті деп,

бұл сөзді маған қимасаң

Мен кішілік таптым демейін,

артық сөз тауып сындасаң

Мұнан да бәсім кем болмас,

Тіпті атадан жаман тумасам

Мен үлгілі сөздің иесі едім,

Жақсыға сырлас дос едім

****************

Ақындар өткен ертеде

Атағы шыққан халқына,

Сөздері қалған артына,

Шаруалық етіп мал бағып,

Қараған әр ел салтына.

Ру, ру ел болып

Бағынған бәрі қартына.

Біз атағына ғана таныспыз,

Тарихта қалған даңқына.

Ақыны сегіз Адайдың

Абыл, Нұрым, Қашаған,

Мәулімберді, Аралбай,

Ақтан менен Қарасай,

Енді бірі Қалнияз.

Тазда болды төрт ақын

Құлмамбет, Қоспақ, Бала Ораз.

Енді бірі Жиенқұл.

Мәлім болған жалпыға.

Беріште болды бес ақын

Махамбет, Мұрат, Ығылман,

Төлеген, Зімбіл бесеуі

Естіліп жүрген бұрыннан.

Сөз асылын ақтарып

Сөйлесе тілі суырылған.

Шеркеште болды бес ақын

Арыстанбай, Өмір, Жанкелді,

Бәленей менен Досы  еді

Мақтау алған жиыннан.

Ысықта болды Жылқышы,

Абат пенен Сұлтанбек.

Шешендер өткен солардай,

Қиысқан сөзі қиыннан.

Болмасақта солардай,

Жарамайды жігітке

Мәжілісте тиылған.

****************

Жігітке ең әуелі білім деген,

Білімсіз адамдыққа ілінбеген.

Екінші елден таңдап бір сұлу ал,

Қиғаш қас алма мойын күлімдеген.

Үшінші елден таңдап бір жүйрік мін,

Шапса да қазған орға сүрінбеген.

Төртінші елден таңдап бір мылтық ал,

Көзіңе ілінгенде мүдірмеген.

Бесінші елден таңдап бір кездік ал,

Алмастай кескен жері білінбеген.

Барында оралыңның ойна да күл,

Ертең – ақ шал боларсың дірілдеген.

«Шалқыма» мәдениет үйінің мұрағатынан құжаттарды зерделеп танысу барысы кезінде фотоальбомнан атамның суреттерін (сурет №2,3),  даусымен айтылған жазба тауып, сол жазбаның сөздерін атамнан қайтадан қағазға түсіріп алдым.  (сурет №4)

Балуан Шолақтың айтқаны:

Келгенше бір жасқа құндақтайсың,

Екі де тек шүлдірлеп тіл қатпайсың.

Бес жаста тал-ат мініп үйден безіп,

Он жаста жарға ойнаған лақтайсың.

Келгенде жиырмаға сазда өсетін,

Балауса бейне балғын құрақтайсың.

Отызда ор қоянша аспанға атып,

Қырықта мүшеленген құрақтайсың.

Елуде ақыл-ойың тегіс толып,

Төскейде сарнап аққан бұлақтайсың.

Алпыста жапырағын түгел жайып,

Айнала сәуле шашқан шырақтайсың.

Жетпісте түрегелсең жер таянып,

Жарыңнан құдай қосқан жырақтайсың.

Сексенде тұла бойың дір-дір қағып,

Болдырған арық аттай бұрақтайсың.

Тоқсанда өлсең де өлдің өлмесең де,

Сұм жалған енді қайда тұрақтайсың.

 

Термелер

Өнерім барды өрлеген,

Өлеңім барды термеден.

Ақылмен билеп ұстаған,

Ерлігім барды еңіреген.

Ер жігіт болар табанды,

Дұшпаны аңдып жеңбеген.

Ойым терең теңіздей,

Парапар күшті желменен.

Тілім кескір алмастан,

Тиейін десем сөзбенен.

Асылы бар өнердің,

Бәрі бізден табылар.

Ғылыммен өңдеп жөндеген,

Жаңа күй-әнге әуеспіз.

Қулықтап айтқан түрімен

Мәжіліске әуеспіз.

Шақырып құрбы жүр деген

Тең құрбыға әуеспіз.

Қосылған сыры бізбенен

Өзінің жүрген шағында,

Кім- кіммен ойнап күлмеген.

Кім өлең, билік айтпаған,

Кім домбыра тартпаған.

Біреулер ғылым көп оқып

Халқын тұра бастаған.

Ей, адамзаттың баласы

Өздерің ойлап қарашы,

Осы жалған дүниеге

Еңбегім жоқты сіңбеген.

Қартайған кезде сәнің жоқ,

Бір күндер өтті гулеген.

Заманы бірге әлеумет

Өтірікті олжа қылмаңдар.

Дұрыстық барда шынымен,

Адамға бір кен әуелден,

Ақылдың асқан данасы.

Жақсы менен жаманның

Жер мен көктей арасы.

Кеудеңде батпан қылғанмен

Өлшеулі мысқал шамасы.

Тәкаппарлық құлданба,

Қазақтың қара баласы

Жігітке өлім сол болар.

Жабылса нақақ жаласы

Жақсыдан ісің тез бітер.

Сөзіңнің болар бағасы

Жаманда болса адамзат.

Сірә да болмас дауасы

Тіршілікте жігіттер

Татулыққа бұл жетпес

Қосылса көңіл сағасы.

Асқартау сенде бір мін бар,

Асу неге бермейсің.

Дария сенде бір мін бар,

Өткізбеуге мегзейсің.

Көңілім сенде бір мін бар,

Құр далаға мегзейсің.

Ашуым сенде бір мін бар,

Ақылыма көнбейсің.

Ауызым сенде бір мін бар,

Аршындайсын кездейсің.

Көзім сенде бір мін бар,

Көретінді көрмейсің.

Құлағым сенде бір мін бар,

Естімейсің сезбейсің,

Осыларды айтсам жобалап.

 

****************

Бір алланың ісі деп

Осылай деп артын жөндейсің.

Арыстан деген аң болар,

Жүрген жері шаң болар,

Арыстан айбаттанып ақырса,

Айналасы қан болар.

Қанша арыстан әлді болғанмен,

Басынан бағы тайған күн,

Бағуға басын зар болар.

Сол арыстан деген бір аңды,

Күзен алды деген бар.

Ол да адамға таң болар.

Жер биігі тау болар,

Арасы қабылан жау болар.

Таудың басы құласа,

Шоқаменен тең болар.

Тау мен тасты бұзатын

Тасқын су менен жел болар

Қарғаса қудай жігітті,

Қатарынан кем болар.

Арғымақ деген ат болар,

Ер жігітке бақ болар,

Жаманның сөзі жат болар,

Жақсының сөзі хат болар.

Қанша айтқанменен мысалдар

Жазмыштан озмыш жоқ деген,

Бұрынғының сөзі хат болар.

Адамға ақыл таптырмас,

Ақылды адам қас қылмас.

Үйіңе қонақ келгенде

Барыңды беріп құрмет қыл,

Ықыласың болса азсынбас.

Азаматы алаштың

Жақсы болса жарастың,

Өзіңдей көрер жатсынбас.

Ниеті бұзық жамандар,

Көңіліңді шат қылмас.

Ақылы асқан жан болса

Жамандық істі жақтырмас.

Қадіріңді білетін,

Достық  пен ойнап күлетін,

Мендей шалың, қарағым,

Іздесеңде таптырмас.[5-72 б]

 

****************

Адай руының атақты ақындары Қашаған мен Аралбай туралы Лұқпанов Айтмағамбеттен жазып алғаны:

Аралбайдың 25 жасқа келген жалғыз баласы кенеттен қайтыс болады. Аралбай сол қайғыны көтере алмай жатып қалған екен. Қашаған оның баласының қайтқанын естімей Аралбайдың үйіне келіпті. Сондағы Аралбайдың Қашағанға өз баласының қайтқандығын: есіттіргені дейді.

Қашеке, менің немді сұрайсың,

Мен шаттанып жүрген күнімде.

Домбыраны қолға алғанмын,

Итіңді бұраң шалғанмын.

Дулығалы қара нар едім,

Артуын таппай мертігіп,

Мен базардан қалғанмын.

Мен қияғы сынған сұңқармын,

Тұяғы сынған тұлпармын.

Өздеріңдей жақсыны

Бір көруге іңкәрмін.

Мен қанаты сынған қаршыға,

Бір қанаты жоқ болса,

Қаршыға түсер шаршыға.

Қимастықтан айтайын

Заманның болған парқына.

Заманым түзу күнімде

Аралбай едім халқыма.

Сылап, сипап өсірген

Кешегі жүрген жалғызым,

Қайырылмай кетті-ау артына, —  деп есіттіргені дейді. Сонда Қашағанның айтқаны:

Жан жолдасым Аралбай,

Білмедім сенің балаңды-ай.

Тәуекел хаққа шүкір ет,

Ауызыңа алма жаманды-ай.

Аллатағала тап қылса

Көтер жүкті адамдай.

Тағылық жайға барғанда,

Жақсы мен жаман тең болар.

Зираттың жолы қадамдай,

Білмей қалдым қапыда.

Түсінбей сөздің парқына,

Қайырын бергей артына,

Шайтаннан адам  сақтан-ай,

Тамұқтың оты шарпыла.

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ

Қияғы бүтін сұңқар жоқ,

Осы сөзді айтпасқа,

Біз байғұста іңкәр жоқ.

Айы жеткен айда өлер,

Күні жеткен күнде өлер,

Тататын дәмі таусылса,

Таңға бір жетпей түнде өлер.

Өлімгі қатты налиды

Ақылсыз кейбір пенделер.

Бас сау жанның бәрінің

Айтқандары жөн келер.

Екеуміз қосылып жыласақ

Жұбатуға бізді кім келер, — көтер басыңды өлінің сыбағасы дұға, балаңның басына барайық  деп мәйіт басына келгенде өзіне – өзі тоқтау айтып Аралбайдың айтқаны:

Сөздің басы құдадан,

Әмірін қақтан сұраған.

Сайғаділ Мәуіт ішінде

Мағынасын тұтқан бұл адам.

Көз қаралы көңіл қан

Әмірін екі қыла алман.

Еңсесі кеткен жүйрікпін,

Еріксіз шауып бұланған.

18 мың ғаламға

Патша болып жаралған.

Дәуіттің ұлы Сүлеймен

Одан да өткен бұл жалған.

Бұлардың да соңынан

Медіресе мешіт құраған,

Зұлқарнайын Ескендір 27 жасында

Дүниеден ол да тұл қалған.

Жапырақ ұшып сарғайса

Бәйшешек солып қураған.

Балапан өлсе ұяда,

Ақ сұңқар құстар шулаған.

Атасы өлсе жігіттің,

Асқар тауы құлаған.

Анасы өлсе жігіттің,

Суалып көлі құрғаған.

Ағасы өлсе жігіттің,

Кеңесі тарқар құрмадан.

Інісі өлсе жігіттің,

Жез қанаты қайырылған.

Талабынан шырмалған.

Баласы өлсе жігіттің,

Базары тарқап маусымды

Басылып көңілі тынбаған.

Баласының басында,

Базарының қасында,

Аралбай қартың жылаған.

Жылады деп халқым сөкпеңдер,

Мен ботасы өлген боз мая,

Тұлыбыма келіп ыңыранған,

Иіскесем тарқар құмардан.

Жатырмысың аман-сау,

Тілеп бір алған қарағым,

От пенен суға түсірмей,

Мәпелеп бағып қарадым.

Қамқорың келді қасыңа,

Кәнеки берген сәлемің.

Қасыңда қалқам жоқпа еді,

Ағайын-тума жараның.

Үйде жүрсем базарым,

Түзге шықсам ажарым,

25 жыл құлданған,

Тарқады қолдан базарым.

Базарым тарқап басымнан,

Таусылды менің амалым.

Миуалап өткен терегім,

Шаршағанда көмегім,

Қысылғанда демеуім,

Шыныменен бір алла,

Береді ме деп жүр едім.

Көп тілегі көлдеген,

Әншейін айтқан сөз екен,

Жана түсіп сөндірген.

Алланың қара шеберін,-деген екен.

 

3.2. Жаппас Сұлтанқұбидың жырларымен қауышу

Ел қайда, елім қайда, жерім қайда,

Жайлаған асқар, асқар белім қайда?

Қаңқылдап қаздар қонып, үйрек ұшқан,

Батпақты, баттауытты көлім қайда?

Жел болып бір ауыз сөз бетке айтпаған,

Кәдірлес жеңге менен келін қайда?

Ойнаған құлыншақтай балдар қайда?

Қой сойып, қол алысқан жекжат қайда,

Баласы текті атаның бекзат қайда?

Ат мініп, алма мойын тізгін түйген,

Антты қанды көйлек жолдас қайда?

Біз жүрміз шет елінде плен болып,

Жақсылар танысайық, біздің жайға.

Бас қорғау, бұршақ жауған заман болды,

Таба алмай бір шыбындай жанға айла.

Кең дала Қазақстан қайран жерім.

Басатын топырағыңда күндер қайда?!

Көптен де көрмей сағындым,

Алыста қалған қонысым.

Сол қоныста бар еді,

Миуалы терек жемісім.

Жемісім жерге төгіліп,

Қабырғам қаусап сөгіліп,

Түземей қалды ау кемісім.

Каспий теңіз шалқыған,

Еділ, Жайық өзенім,

Сарытау, Самар, Астрахань

Жағалай жатқан өз елім.

Орынбор, Қазан атақты

Солардай қалам көп едің.

Еділ мен Мәскеу арасы

РСФСР жері едің.

Қазақстан бер жағы,

Бір-бірімен айқасып,

Алып бір тұрған керегін.

Еділден әрмен өткенде

Арасы жалғас жақын ед.

Лбішін, Кнәз, Тайпақпен,

Жымпиты, Қаратөбенің

Арасы жалғас жақын ед.

Қобда мен Ойыл, Елегім,

Сол қоныстан айырды,

Алла бір тауып себебін.

Еділдің бойын жағалай,

Қуанай, Әбіз, Құндызбай,

Шыңғырлау шиті бұл едің.

Торат басы, Қыз емшек

Арасы жақын бір едің.

Бұдан өтсең алдыңда

Тұзтөбе мен Ақбұлақ,

Мартук пен жайсаң Ақтөбе

Қаласын салған жақсылап.

Жұрын мен Темір, Қобда, Ойыл

Бұлардан көрі жақсырақ.

Үлкен аға, кіші іні,

Қалған қатын баланы,

Көреміз қашан бас құрап.

Балапандай қалған балдарым,

Жүрме екен аман шапқылап.

Ит көңіл неге босайсың,

Мен бе екен жалғыз аққұлақ.

Сағынып жазып жатырмын,

Ой менен қырын қалдырмай.

Жерімнің атын айтқылап,

Көршілес аудан қасымда.

Ключовый , Табыным,

Соңынан болып Байғанин

Есітті халық дабылын.

Қиқулап көшкен халық едік,

Күмісті төбе бауырын.

Кешегі өткен заманда

Еркін көшіп, ен жайлап,

Таңдадық қоныс тәуірін.

Сол секілді қоныстан

Баз кешіп жүрміз далада.

Айдалған күні тәңірім,

Ойыл да Қиыл мекенім,

Туған да жерім Тайсойған

Айтпай да неғып кетемін.

Қызылқоға, Сарыкөл, Қарабау

Жоқ еді тіпті бөтенің.

Бер жағы мынау Тұманшы

Көңірсітіп көң төккен

Жағалай құмның етегін.

Сол Тайсойған бойында

Жалғызағаш, Сарқыз, Қазанғап,

Құлымбет пен Қатты көл,

Секердей шөбі тәтті көл.

Мақтауға сияр біздің жақ. [3-66 б]

Бидайығы белден майысып,

Тізеден шыққан боз құрақ.[4-103 б]

Ұлы Отан соғысы жылдарында Атырау аймағы соғыс жағдайында деп жарияланған. Неміс фашистеріне қарсы жұмыла күш біріктірген өңір. Қолына қару ұстауға жарайтындар майданның алғы шебіне аттанып, елді ерлікпен қорғағаны баршаға аян. [10-96 б]

Осы өлең жолдары қаламгер, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан журналистер одағының лауреаты, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті Төлеген Жаңабайұлының Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне тарту еткен «Есте ғой, есте, сұрапыл соғыс» атты кітабында жазылған екен. [3-64б]

Осы кітаптағы «Тар қапастағы аза мен ыза» деп аталатын бөлімінде концлагерь азабын шеккен Сұлтанқұби Жұрымбайұлының толғаулары мен термелерінде көрініс тапқан. Төлеген Жаңабайұлы осы өлеңнің авторын іздеу барысы кезінде Орлыкөл орта мектебінде шәкірттер тәрбиелеген, ұзақ жыр-толғауларды жатқа соғатын Жұмабай Дүзелбаев ақсақалмен кездеседі. Ол кісі Сұлтанқұби жырларын менің атамнан қызығып жазып алғандығын айтқан. Жұмабай қарт менің атамды былай суреттеген: «Дәуленнің өзі домбырамен әсем әуенге қосып, шебер толғайды», — деген екен. Сұлтанқұби осы Тайсойған өңірінде туып, өскен азамат. Неміс фашистерінің тұтқынынан аман-есен  босанып шығып, бертін келе қайтыс болған. Руы – Жаппас. Сондықтан болар халыққа атағы   Жаппас Сұлтанқұби деген  атпен жайылған. Әйелі мен бала-шағасы Құлсарыда тұратыны туралы айтқан. Сұлтанқұби толғауларын қағазға түсіріп алған Төлеген аға «Қызылқоға» газетіне ұсынады. Оны «Қызылқоға» газетінің редакторы Нұрлан Қабылов «Елім қайда, жерім қайда» деген тақырыппен 1990 жылғы қазанның 16 күнгі санынан жариялайды.[7] Іле-шала аудандық газетке Сұлтанқұбидың Маңқыстау өңірінің Бейнеу ауданындағы Опорный кентінде тұратын баласы Бағытжан Жұрымбаевтан хат келеді. Редакция басылымының сол жылғы 10 қараша күнгі санында жүрекжарды қуанышқа толы хатты оқырмандарын елең еткізетін «Өлгенім қайта тірілді» деген атпен жарыққа тағы шығарады. [8] Онда хат иесі өлеңнің авторы әкесі екендігін, отбасы туралы толық мәлімет бере отырып, әкесінің өлеңдерінің жарыққа шығуына себепші болған менің атама, яғни, Дәулен Бисенғалиевке, қарт ұстаз Жұмабай Дүзелбаевқа және осы өлеңдердің жарыққа шығуына себепші болған әдебиетші Төлеген ағаға алғыс білдіретіндігі айтылған. [3-68 б] Сұлтанқұби Жұрымбайұлын көп зерттеген Төлеген аға  ол кісінің 1069  жол өлең – жырларының бар екенін айтып өткен. [3-69 б]

Төлеген Жаңабайұлы елге келген кезде атаммен кездесіп тұрады. (сурет №5)

 

 

ІҮ. Қорытынды.

Менің атам қазіргі таңда Жасқайрат ауылында тұрады. Жасы сексен сегізде. Менің атам мен әжем 5ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген. Менің әжем Тұрғанғалиева Жаңылдық батыр ана. (сурет №6) Ұлын ұяға қызын қияға қондырып, 31 немере-жиен мен 15 шөберенің қызығын қызықтап отырған атам мен әжемнің ұл-қыздары әр салада еңбек етіп жүрген қоғамның белді азаматтары мен азаматшалары. (сурет №7)

Менің атам Тайсойған өңірінде туып-өскен халық арасында Жаппас Сұлтанқұби атанған Сұлтанқұби Жұрымбайұлының Ұлы Отан соғысы тұсында неміс фашистерінің қолдарында тұтқында болған шағында шығарған мәнді, мазмұнды толғауларының авторы екендігін табуға көмектескен.[3-66 б]

Менің атам бұрын-соңды ел ішінде болған сөз зергерлерінің, өлең — жырды серік етіп, жанынан шығарып айтқандардың жырларын, толғаулары мен термелерін көп біледі. Атап айтқанда, Аманжол Шамкенов, Қайып Айнабеков, Кердері Әбубәкірдің, Айтмағамбет Лұқпановтың, Сұлтанқұби Жұрымбайұлының  жыр толғауларын жатқа айтады. [4-102 б]

Атам сияқты атамның үлкен немересі Жанболат ағам да домбырамен термелерді нақышына келтіріп орындайды. Айгерім апам да музыка пәнінің мұғалімі. Термелерді домбырамен өте жақсы айтады. Әр түрлі байқауларға қатысқан марапаттары бар. Мен де атамнан домбыра тартуды үйреніп жүрмін. Атамның балалық шағы тарихтағы ашаршылық  жылдарымен тұспа-тұс келген, әңгіме арасында атшоңқай (қоға) қазып, тамырын жеген едік деп айтып отырады. Ұлы Отан соғысы жылдарында білім алғанына қарамастан жазу коллиграфиясының әдемілігі мені қатты қызықтырды. (сурет №8)          Егер атам қазіргі кезде туып, қазіргі ақпараттық технологиялармен қамтамасыз етілген мектепте оқыса қандай болар еді деген ой келеді. Алдағы  уақытта осындай бейбіт заманға жеткізген батыр бабаларымыздың арқасында жақсы азамат боп өсіп, елімнің болашағы үшін еңбектенуім керек екендігін ұққандаймын. Ол үшін жақсы оқып, оқығанымды алдағы өмірімнің қажеттілігіне қарай жұмсаймын.

Қазақ шежіресінің өскелең ұрпақты ұлтын ұлықтауға тәрбиелеуде үлкен мәні бар. Тыл ардагері Бисенғалиев Дәулен атамның өмір жолы үлгі боларлықтай. Атам туралы аудандық «Қызылқоға» газетінде мақалалар жарияланып тұрады. [9] (сурет №9) Атамның ерекше қасиеті: есте сақтай білу қабілетін пайдаға асыра білуі. Атамның қолжазба дәптерінде әр түрлі тақырыпта, әр түрлі ақындардың  1000 жол өлең жолдары жазылған, соның ішінде 202 жолы Сұлтанқұби Жұрымбайұлының толғаулары. Атам соның бәрін кез келген жерде жатқа айтады. Атамда әлі қаншама жазылмай қалған толғау-жырлар бар. Атамның  жазбаларын әлі де толықтыруға көмектесемін. Атамның өмірлік ұстанымы:  оқып, естіп білгенін кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру. Мен атамның осындай ерекше қабілетін құрметтей отырып оны мақтан етемін. Келешекте мен де атам тәрізді домбыра үйреніп, осындай жыр-толғауларды нақышына келтіріп орындағым келеді. (сурет 10)

Мен өз жұмысымды Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен түйіндеймін: «Жастық шақта ата-анаңа не көрсетсең, қартайғанда ұрпағыңнан соны көресің. Бұл – халқымыздың өмірлік қағидасы, ғасырлар бойы мызғымаған отбасылық құндылықтарының негізі. Ата-анаға құрметпен қарап, алаңсыз қарттық сыйлау, ұрпаққа қамқорлық жасау – әрбір адамның қасиетті борышы».  «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейді халқымыз. Әулеттің ізгілікті жолын жалғастырған ұрпақ – ең мерейлі ұрпақ.[1-36 б]

 

Ү. Қолданылған әдебиеттер:

  1. «Ақжелкен» журналы №9 2015 жыл, 36 бет
  2. «Балдырған» журналы. №5, 2015 жыл, 45 бет
  3. Жаңабайұлы Т. «Есте ғой, есте, сұрапыл соғыс». Атырау. «Ақжайық» баспасы. 2015 жыл 64-72 беттер
  4. Жаңабайұлы Т. «Тайсойған – Бүйрек ақындары». Ақтөбе «А-Полиграфия» ЖШС баспасы. 2003 жыл, 102-106 беттер
  5. Ел ардақтылары. Алматы. «Өлке» баспасы. 2004 жыл, 72 бет
  6. Қосшиев Н. Алматы. «Дулат» баспасы 2014 жыл. 19,26 беттер
  7. Қызылқоға газеті. №38, 16 қазан. 1990 жыл
  8. Қызылқоға газеті. №42, 10 қараша. 1990 жыл
  9. Қызылқоға газеті. №17, 1 мамыр.2014 жыл
  10. Қызылқоға энциклопедиясы. Алматы. «Үш қия баспасы» 2002 жыл, 96 бет
  11. Шайыр. 1 том // Құрастырған Гауһар Шаңғытбаева. Алматы: «СаГа» баспасы, 2010, 400-б.

 

ҮІ. Қосымшалар

Сурет №1 «Үлгі болар сөздер» атамның жазбалары

Сурет №2. «Шалқыма» мәдениет үйінде фотоальбомдарды қарау сәті

Сурет №3. «Шалқыма» мәдениет үйінде қарттармен кездесу кеші. Атамның терме орындау сәті.

Сурет №4. Балуаншолақтың айтқаны. Атамнан тыңдап жазып алу сәті

Сурет №5. Атамның Төлеген Жаңабайұлымен кездесу сәті.

Сурет №6 Атам мен әжем отбасымен дастархан басында

Сурет №7 Атам немерелерімен бірге

Сурет №8. 88 жастағы атамның жазу каллиграфиясы

Сурет №9 Қызылқоға аудандық газетіне атам туралы шыққан мақала

Сурет№10 Атаммен бірлесе домбыраны үйрену сәтім