Жаңғақтың балаларға пайдасын біле жүріңіз
Жаңғақ – баланың ойлау қабілетін дамытатын жеміс. Баланың ойлау қабілеті мен ми құрылысы жақсы дамысын десеңіз, жаңғақты күнделікті тұтыну өніміне айналдыру қажет. Әсіресе, грек жаңғағы мен бадамды бергеніңіз жөн. Бадамның ежелгі араб, грек оқымысты-дәрігерлері мидың қабілетін арттыратындығын дәлелдеген. Сонымен қатар бадам жаңғағынан сиырдың сүтімен пара-пар бадам сүті өндіріледі. Кейде бадам сүтімен кішкене балаларды да қоректендіреді. Бүлдіршіннің жақсы өсуіне көмектеседі. Сондықтан да жаңғақ ағашын «білім ағашы» деп бекер атап жатпаса керек. Бадам жаңғағы адамды зерек, зейінді етеді. Алайда өте көп, шектен асып қолдануға тағы да болмайды. Уланып қалуы мүмкін.
Кезінде адамдар грек жаңғағын «ойлай алатын жаратылыс иесі» деп санаған екен. Себебі жаңғақтың дәні адам миының құрылысына өте ұқсас болатын. Осыдан барып грек жаңғағы бас ауруларын ғана емдеп қоймайды, сонымен қатар, адамға ақыл береді, сумиға дауа болатын бірден-бір шипа көзі деген түсінік пайда болған. Ал кейінгі медициналық зерттеулер мұны растаған. Грек жаңғағы ми жұмысын жақсартып, адамның логикалық ойлауын күшейтіп, ұмытып қалу жағдайларын азайтады. Сондықтан грек жаңғағын күнделікті өмірде көп тұтыну – ми қызметін жақсартуға мән беріп жүрсіз деген сөз.
Грек жаңғағы – еттің құндылығын алмастыра алатын бірден-бір өсімдік. Нағыз энергия көзі, қуат нәрі. Егер 100 грамм майлы етте 386 калорий болса, жаңғақ дәнінде 652 калорий тағам құндылығы болады екен. Грек жаңғағының құрамында адам ағзасына керек заттардың барлығы бар. Жаңғақ дәнін тұрақты пайдаланғанда бойдағы қан тамырларын зиянды заттардан тазартады, бүйректі қуаттандырады, өкпені тазалайды. Сондықтан грек жаңғағы, ең біріншіден, пайдалы да қоректік маңызы зор азық болып табылады.
«Суырып тілді үйірген
Тәтті жоқ со бір жаңғақтай», – деп Сырбай Мәуленов атамыз жырлағандай жаңғақты балаларға тәттінің орнына тәтті, тағамның орнына тағам ретінді ұсынса болады ғой.
Слямбеков Қымбат