Қатігездік пен мейірбандық (балаларға)
Ол кезде ызғарлы қыс болатын. Бұл дүние есігін ашып келгенде, анасының жылу төккен құшағында мәңгілік асыр салып ойнаймын деп ойлаған. Бірақ ойлағаны болмады. Адамдар қатігез екен. Суық күні бес-алты үйірлес күшіктерімен бірге өзен жағасына апарып тастап кетті.
Ызғар өңменінен өтіп барады. Қыңсылаған, шиқылдаған дауыстан азаптың, өмірге деген өкпенің лебі ұйтқыған желмен ұласа шығады. Ары-бері өткен екі аяқтылардың көзінен немқұрайлылық көреді.
Екі күн өтті. Дауыстар тыйылған. Кірпігі әрең қимылдайды. Қозғала алар емес.
Біреу қарап тұрған сияқты. Анасы ма? О, Құдірет, шынымен анасы бұларды тауып алып, мына таусылмас азаптан құтқаратын болғаны ма? Ана жүрегі қайғыдан қарс айрыла, жанарына үміт түнетіп, күннің ызғарын да елеместен, бұларды ұзақ іздеген болар.
Жо…жоққ…Екі аяғы ғана бар! Адам ғой. Бұл шошып кетті. Көзін ашқалы адамдардан азап қана көрген күшік бүрісе қалды. Кішкентай қолдар бұны сипалап қояды. Тоқта. Жылуы бар қолдар сияқты. Демек мейірімі бар ғой.
Бала күшікті құшағына қысты. Көзінен жас ыршып-ыршып кетті. Жаңа туған күшік болса да, бұл тамшылардың аяушылық моншағы екенін түсінді. Бала күшікті қайта жерге қойып, өзге күшіктерді ұстап көрді. Ешқайсысы қозғалмайды.
Тірі қалған жалғыз күшікті қойнына орап, көзінен аққан жасы тоқтамастан, белгісіз жаққа бет алды.
Баланың құшағында жылынғандай ма, қалай?... Күшік маужырап, аздап жыбырлай бастады.
Қақпадан кірді. Үй сияқты. Әйтеуір алдында өзін әкеп тастаған үй емес екен. Бала күшікті бір үйшікке жатқызды. Қарда жатқаннан көрі мына үйшік жүз есе, тіпті мың есе жайлы екен. Алдына тамақ та келді. Жанталаса ішіп алды. Бала күшікті сипап қояды. Бұл баланың қолына сүйкеніп, мейірім іздегендей.
-Сенің атың – Ақтөс,-деді бір кезде бала күлімсіреп.
-Менің атым – Бейбарыс,-деді тағы да.
Ақтөс баланы нағыз құтқарушы періштедей көрді. «Екі аяқтылар деген тек жауыздар ғана емес. Мейірімділері де бар екен. Өзі кішкентай сияқты. Сөйте тұра алдындағы адамнан әлдеқайда ақылды, әлдеқайда мейірбан ғой»,-деп ойлады кішкентай бала туралы кішкентай Ақтөс.
Бейбарыс Ақтөсті құшағына қыса түсіп:
«Кей жандардан артық көрем иттерді,
Достығы үшін ерекше сый күтпейді.
Рас, одан сен де күтпе тосын сый,
Бірақ иттер опасыздық етпейді!»- деп әндетті.
Мейірге толы кішкентай жүрек иесі — Бейбарыс пен Ақтөстің достығы осылай басталды.