Отағасымен тіл табыса біліңіз
«Үйлену оңай, үй болу қиын». Екі жас үйленбей тұрып, тәтті армандар мен қиялдарға беріледі. Болашақты бірге бағындырып, тату әрі ұзақ өмір сүретіндеріне сеніммен қарайды. Тәуекелге бел буады. Екеуі үшін алынбайтын қамал жоқтай көрінеді. Отбасылық өмірдің тек сәулелі жақтарын елестетіп, кездесуі мүмкін қиындықтар, оларды шеше білу туралы ойланбайды. Бір жыл немесе одан да көп уақыт өткеннен соң арада алғашқы түсініспеушіліктер орын алады. Жолдасыңыз сіздің жаныңызды мүлдем түсінбейтіндей, түйінді мәселелеріңізді, уайымыңызды бөліспейтіндей көрінеді. Шағымданып айта бастасаңыз, сөзіңізді орта жолдан бөліп, оның түкке тұрғысыз, бос ұсақ-түйек екенін алға тартады. Кейде оның айтқандары да мағынасыз мылжыңдай ашуыңызға тиеді.
Кез-келген кикілжіңде екі жақтың да кінәсі болады. Отағасымен қалай тіл табысу керек екенін кез-келген әйел білмейді, сондықтан түймедей нәрсе түйедей мәселеге айналады. Психологтар отбасының берекесін ойлайтын әр әйел білуі тиіс қарапайым кеңестерді ұсынады:
1.Күйеуіңізді мақтап отырыңыз. Жеке қалғанда ғана емес, көпшіліктің көзінше де тек жақсылығын айтып отырсаңыз, тірегіңіздің мерейі асқақтай түседі.
2.Бірге уақыт өткізу үшін себептер ойлап табыңыз. Комедиялық фильм көріңіздер, әзіл немесе қызықты оқиға айтып беріңіз. Күлкі адамдарды жақындастыра түседі.
3.Қанша уақыт бірге тұрсаңыздар да, өз сезіміңізді білдіруге ұялмаңыз.
4.Жиі күлімсіреңіз. Күлкі жарыңыздың жанына жылу таратады.
5 Кейбір келіспеушіліктерді міндеттерді бөлісу арқылы шешуге болады.
6. Сізге көрсеткен кез-келген көмегі үшін, тіпті кішкентай болса да, алғыс айтып отырыңыз.
7 Сенім артыңыз. Сіздің жарыңыз әр қадамын бақылап отыратын кішкентай бала емес, ер-азамат екенін ұмытпаңыз.
8.Күйеуіңізді қайта тәрбиелеуге тырыспаңыз. Ол қандай болса, сол күйінде жақсы көріңіз. Өзіңіздің де кемшіліктеріңіз бар екенін естен шығармаңыз.
9 Ренжи бергенді қойыңыз. Одан да оның орнына өзіңізді қойып көріңіз. Сіздің де қателесетін кездеріңіз жоқ емес.
Сөз соңында айтарымыз, отбасыларыңыз сәби күлкісі мен жылылыққа толы болсын!