Оқушының күн тәртібін жоспарлау

Оқушының күн тәртібін жоспарлау

Өз  уақытын тиімді пайдаланып, әр ісін жоспарлай білетін адам үлкен жетістіктерге жететіні хақ. Бірақ ісін күнделікті қадағалап, уақытын орынды пайдалану кез-келген адамның қолынан келмейді. Ол үшін адамға үлкен шыдамдылық, мықты ерік-жігер қажет. Балаңыз болашақта өз бетімен шешім қабылдауға қабілетті, биік белестерді бағындыра алатын тұлға болып қалыптассын десеңіз, қазірден бастап күн тәртібін жоспарлауға үйретіңіз. Дұрыс ұйымдастырылған күн тәртібі балаңыздың бойына жоғарыдағы қасиеттерді сіңіріп қана қоймайды, сонымен бірге физиологиялық тұрғыдан да дұрыс қалыптасуына оң әсер береді. Сонымен, оқушының күн тәртібін қалай ұйымдастыру керек дейтін мәселеге тоқталатын болсақ:

1.Мектеп үйіңізден қаншалықты алыс болса, соған қарай балаңызды ертерек оятыңыз. Балаңыздың мектепке жиналып, тамақтануы үшін жеткілікті уақыт болуы керек.

2.Орындауға, шамамен, он минут уақыт кететін, қиындық тудырмайтын жаттығулар жұмыс күніне тез бейімделіп, ұйқыны ашуға көмектеседі. Психологтар баламен бірге жаттығу жасауға кеңес береді.

3.Пайдалы таңғы ас балаларға ғана емес, сонымен қатар үлкендерге де қажет. Алайда, балаңыздың тамаққа деген тәбеті болмаса, оны мәжбүрлеп тамақтандырудың қажеті жоқ. Сондықтан таңертеңгі асқа балаңыз сүйіп жейтін тағамдарды қойыңыз.

4.Балаңыз мектепке ертерек шықсын. Мектепке асықпай, табиғат көрінісін тамашалай отырып бару жақсы көңіл-күйдің кешке дейін сақталуына әсер етеді.

5.Зерттеулер көрсеткендей, көптеген балалар сабақтан кейін қатты шаршайды. Мектептен келген соң балаңызға сүйікті ісімен айналысып, демалып алуына мүмкіндік беріңіз.

6.Күндізгі 30-40 минуттық ұйқы бала денсаулығы үшін аса пайдалы. Ол бала бойындағы шаршаңқылықты жойып, ағзаның демалуына жағдай жасайды.

7.Таза ауада серуендеу немесе ойнау – ми жұмысын жақсартып, сергітетін тәсілдің бірі.

Оқушы уақтылы ұйықтап, уақтылы тамақтанғаны жөн. Ұйқының қанбай қалуы немесе дұрыс тамақтанбау бала денсаулығына кері әсер етеді.

Баланы кішкентай күнінен күн тәртібін жоспарлап, сақтауға әдеттендіретін болсаңыз, келешекте күрделі мақсаттарды алға қойып, мәселелерді ретімен шеше алатын тұлға қалыптастырасыз.