Қазіргі заман мұғалімінің киіну мәдениеті мен келбеті қандай болу керек?
Әр оқушыға жол сілтеп, оның бойына жақсы қасиеттер сіңіретін бірден-бір жан болса, ол – ұстаз. «Шәкірттің жақсы болмағы – ұстазынан» деп дана халқымыз айтқандай, ұстаз оқушыларды білім нәрімен сусындатып, қолынан келгенін үйретіп, бағыт-бағдар беріп қана қоймай, сыртқы келбетімен, киім киісімен, өзін ұстау әдебімен үлгі бола білуі тиіс. Себебі, оқушылар мұғалімнің біліміне ғана емес, жоғарыда аталған қасиеттеріне де ерекше көңіл бөліп, тәлім алады.
Бүгін біз қазіргі заман мұғалімінің киіну мәдениеті мен келбетіне тоқталмақпыз.
1.Түстерді дұрыс үйлестіре білген жөн. Ұстаз киіміндегі құптауға лайық түстер ақ және қара түс болып есептеледі. Сонымен қатар ақ сары, қошқыл көк, қоңыр түстерді де қолдануға болады. Өте ашық түстер аталған салада ерсі көрінеді.
2.Егер де киімде өрнектер болса, олар классикалық киім үлгісіне сай болуы тиіс. Мысалы, торкөздер немесе түзу сызықтар. Киімдегі жазулар, көз тартатын шимай-шатпақ өрнектерден бас тартуға тура келеді.
3.Мұғалімнің өзіне сенімді, білімді, тәжірибелі екені қоғамда өзін ұстау әдебінен, өзгелермен сыпайы сөйлесе білуінен көрініп тұрғаны жөн. Сонымен қатар бұл бейнеңізді сәнді көзілдірік, сағатпен, талғаммен таңдалған сөмкемен толықтыра түссеңіз – нұр үстіне нұр.
4.Мұғалімнің шаш үлгісі өзіне жарасымды болғаны дұрыс. Психологтардың пайымдауынша, өз келбетінің артықшылығын толықтырып, кемшілігін жасыра білетін адамдарды айналасындағылар жоғары жетістікке жеткен, өзіне сенімді тұлға ретінде қабылдайды.
5.Мұғалім мамандығына сай талғаммен киініп, ұқыпты келбетімен үлгі бола отырып, ішкі жан-дүниесінің көркемдігімен, шәкірт жанын ұғына алар кеңпейіл мінезімен көрінуі керек. Адамдар үйлесімділікке баса назар аударатынын есте сақтаңыз. Мәселен, қалай болса солай жасалған шаш үлгісі талғамға сай жейдеңіздің сәнін кетіреді.
Осы нәрселерді шебер үйлестіре білген білікті ұстаз шәкірттерді білім нәрімен сусындатып қана қоймай, өскелең ұрпақтың өзіне қарап дұрыс бой түзеуіне, тұлға болып қалыптасуына септігін тигізеді.