Бастауыш сыныпқа арналған бақылау жұмыстары, мазмұндамалар
Батыс Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау департаменті
4 – сынып
Қазақ тілі
Мазмұндама
Аққу
Көктемде Жайық өңіріне аққулар қос – қостан ұшып келеді. Көл жағасындағы көк шалғынға киіз үй тіккенбіз. Сыртта тұрып, сыңғырлаған аққу дыбысын тыңдадым.
Тобымен орман ішіне қонды.
Таңертең ерте оянып, тысқа шықтым. Шығыс жақ қызыл шапақ шашып тұр. Сүрлеумен өзенге қарай жүгірдім. Кеше кешкісін қармақ құрып кеткенбіз. Жағада бір аққу қанатымен су сабалап, ұша алмай жүр.
Қармақ аяғына кіріп кетіпті.
Жалма–жан көйлегімді шешіп тастап, аққудың қасына жүзіп жеттім.Аққу су сабалап, сыңсыды. Аузын ашып, айбат шекті.
Аяғынан ұстадым да, қармақты босаттым. Рақмет айтқандай бір саңқ етті. Содан соң құрақ ішінде өзін тосып жүрген тобына барып қосылды.
Өзен жағасын әнге бөлеп, аққулар аспанға көтерілді.
(Б. Тұралиев)
Сұрақтар
- Аққулар қайда ұшып келеді?
- Сыртта тұрып, ненің дыбысына көңіл аударды?
- Таңертең қандай оқиға болды?
- Аққуға қалай көмектесті?
Жоспар
1.Жайық өңіріне ұшып келген аққулар.
2.Қармаққа түскен аққулар.
- Аққуды құтқару.
Батыс Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау департаменті
4 – сынып
Қазақ тілі
Мазмұндама
Арыстан мен қозы
Бірде арыстан тұрған тордың ішіне жаңа туған қозыны әкеліп тастады.
Түк білмейтін жаңа туған қозы арыстаннан қорқудың орнына, оның жанына жақын барып, үсті-басын иіскелеп, мазасын алады. Арыстанды өзімнің енем деп ойласа керек. Мұны көрген аң патшасы жас қозыны бас салып жеудің орнына, аңқиып тұрып қалды. Ал қозы болса, одан әрі еркінси, сүйкеніп тоқтар емес, қайта оған жабысып, жақындай түсті.
Айбатты арыстан жас қозының сүйкімді сәби қылығына қайран қалғандай тәкәппар ұлылықпен, әрі іштей бір бейкүнә жылылықпен қайта-қайта қарай берді. Оны жей салуға батылы жетпеді. Сөйтіп, аш арыстан еріксіз көзін жұмып, қалғып кетті.
Тіректі сөздер мен сөз тіркестері: иіскелеп, мазасын алады, аң патшасы, еркінси, жабысып, жақындай, айбатты, тәкәппар ұлылықпен, бейкүнә.
Жоспар:
1.Арыстан торындағы қозы.
2.Арыстанның таңданысы.
3.Сүйкімді сәби қылық.
4.Бейкүнә жылылық.
Батыс Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау департаменті
4 – сынып
Қазақ тілі
Мазмұндама
Қорқақтық жараспайды
Балалардың бәрі Асанды қорқақ деп атайды. Өйткені ол найзағайдан қорқады. Жаңбыр жауып, күн күркірегенде кірерге жер таппайды.
Бірде күн бұлттанып, майда жауын сіркіреп жауа бастады. Бір топ бала ауыл сыртындағы алаңда футбол ойнап жатқанбыз. Асан қашпақшы еді. Ол дегбірсізденіп, абыржи бастады. Ретін тауып ойыннан шыққысы келді. Сөйткенше болмай, аспан жарқ-жұрқ ете түсті. Асанның зәресі ұшты, балалар ойынды тоқтатып, қақпаның жанында үйіріліп тұр.
Асанды найзағайдан қорықпауға, жауынның өткінші екенін айтып сабырға шақырды. Асан үйіне тұра жүгіруге балалардан ұялды. Қанша қорықса да, шыдауға бекінді. Біраздан кейін жаңбыр басылды. Ойын қайта жалғасты.
Тіректі сөздер мен сөз тіркестері: күн күркірегенде, майда жауын сіркіреп, дегбірсізденіп, абыржи, үйіріліп тұр, өткінші жауын, сабырға шақырды.
Жоспар:
- Асанның қорқақ атануы.
- Бұлтты күн.
- Алаңдағы футбол ойыны.
- Асанның зәресі ұшуы.
- Сабырға шақыру.
- Қорқақтық жараспайды.
Батыс Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау департаменті
4 – сынып
Қазақ тілі
Мазмұндама
Аю мен бөрене
Қалың орманды аралап келе жатқан бір аю бал арасына кез болыпты. Ағаш басындағы бал арасына тамсанып, аузынан сілекей шұбырып, оны жегісі келіпті. Аю ағаш басына өрмелеп шығып, ұяға жақындағанда, ілініп тұрған ауыр бөрене оған кедергі жасапты. Балға ұмтылған аю бөренені итеріп жіберді. Әрі серпілген ауыр бөрене өз салмағымен қайта оралғанда аюдың басына сарт ете қалды.
Қара күшке сенген өжет аю ашуланып, бөренені одан бетер қатты итерді. Аюдың құлағы шыңылдап, басы айналады. Бұған ызаланған аю күшімен бөренені үшінші рет итеріп жібергенде, қайта оралған бөрене аюдың басын қақ айырып, ағаштан ұшырып түсіреді.
Тіректі сөздер мен сөз тіркестері: тамсанып, сілекейі шұбырып, бөрене, әрі серпілген, шыңылдап.
Жоспар:
1.Қалың орман.
2.Оңай олжаға тап болу.
3.Кедергі болған олжа.
4.Қара күшіне сенген ақылсыз аю.
5.Аюдың өлімі.
Батыс Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау департаменті
4 – сынып
Қазақ тілі
Мазмұндама
Күлмеңіздер кәріге
Бір кісінің екі баласы болыпты. Бір мезгілде көршілері оған айтады: «Сенің балаларың бір кемпірді мазақ қылды, балаларыңды тыйып қой!»-деп. Әкесі балаларына ұрсады, балалары да мұнан былай кісіге күлмеске уәде береді. Біраз күн өткен соң балалар әкесіне берген уәдесін ұмытып, бір бишара шалды тағы да келемеж қылыпты.
Мұны әкесі естіп, балаларын шақырып алып айтады: «Балалар, мен енді мұнан артық өмір сүргім келмейді, менің өлгім келеді, егер өлмей қартайғанша тұрсам, сендер секілді бір ақымақ балалар анау күнгі шал мен кемпірге күлгендерің секілді, маған да күлер деп қорқамын». Балалары ұялғанынан қызарып, не қыларға білмей, сонан кейін кәрі кісілерге күлуді қойыпты.
Тіректі сөздер мен сөз тіркестері: «Сенің балаларың бір кемпірді мазақ қылды, балаларыңды тыйып қой!», бишара шалды, келемеж.
Жоспар:
- Көршінің реніші.
- Әкесінің ренжуі.
- Орындалмаған уәде.
- Күлегеш балалар.
- Әке қорқынышы.
- Балалардың кісіге күлгенін қоюы.