Біздің Елбасы

Біздің Елбасы

Мақсаты: Оқушыларды 1 – желтоқсан Президент күніне орай, Президентіміз       Н.Ә.Назарбаевтың өмір дерегімен, балалық шағы мен, қызметімен  таныстыру. Білімдерін,  ақыл – ойларын, сөздік қорларын дамыту. Оқушыларды еңбекқорлыққа, елін, жерін сүюге, патриоттыққа, Елбасын үлгі тұтуға, құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: дәріс – саяхат сабақ

Көрнекілігі: Президент суреттері, жолдаулары, буклеттер, презентациялар

Әдіс – тәсілдер: түсіндіру, талдау – жинақтау, әдеби монтаждар, музыкалық жолдама.

Барысы:

Құрметті оқушылар мен ұстаздар. Бүгін бізде ашық тәрбие сағаты өткелі тұр.

Биыл Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Президент күні аталып өтілгелі тұрғаны белгілі. Сол Президент күніне байланысты бүгінгі сабағымыз «Балалық шаққа саяхат» деп аталады. Бүгін біз елбасымыздың балалық шақтағы өмірдерегімен танысамыз.

  • Әнұран орындау

1 – желтоқсан –Президент күні. Қазақстан күнтізбесінде бұл күннің пайда болуы кездейсоқтық емес, ол біздің еліміздің толағай табыстарын, халқымызбен мемлекетіміздің тарихындағы ұлы бетбұрыстарды әйгілейді.

Қазақстанның тарихи табыстарының басты себептерін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз тарихтың жолайрығы тұсында таңдап алған, содан бері бір сәтте айнымай ұстанып келе жатқан өзіміздің дербес жолымызбен, Қазақстанның даму жолымен келе жатырмыз. Әлемдік тәжірибені зерттеп, саралай отырып,біз эволюциялық даму жолын таңдағанбыз. Біз ешкімнің салған соқпағын көшіріп алғанымыз жоқ, өз елімізге, өз халқымызға қажетті  жаңа жолды өз қолымызбен салып келе жатырмыз. Ең бастысы, бұл біздің қолымыздан келеді.» — деп нақты атап көрсеткен болатын.

Елбасы  өмірінен:

Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кіндік қаны тамған жері Алматы облысы, Қаскелең ауданы, асқаралы Алатаудың баурайындағы Шамалған ауылы. Негізі қол бастаған көсемдерді, сөз бастаған шешендерді Табиғат – Ананың өзі ерекше жаратылыспен толғатып туады деген рас болса керек. Нұрсұлтан – анасы Әлжанның алдыңғы көтерген құрсақтары шетінен шетіней беріп, ері Әбіш екеуінің ұзақ уақыт бір перзентке зар болып жүргенде көрген тұла бойы тұңғышы.

Баласы мен келінінің сәби сүйе алмай жүргені әжесі Тетебаланың жанына қатты батады. Әжесі келіні Әлжанды қасиетті Райымбек бабаның басына апарып, тәу еткізгенді жөн санайды. Сөйтіп жолға аттанады. Ақ атанды әруақты батырдың басына зиярат етіп, шаңырағына оралған күні Әлжан ана түс көреді. Шалқып – тасыған, шет – шегі жоқ көлбеген көк теңіз екен дейді. Бір ғажайып кұштің жебеуімен суға түседі. Жып – жылы суда жүзіп келе жатса, су астынан бірдеңе қарауытқандай болады.Еңкейіп қолына алса, екі басы еңкейіпжерге тиген кәдуілгі мылтық. Қуанып кетіп еріне апарып бермек болып, асығып келе жатқанда оянып кетеді. Бұл таңғажайып түсті енесі: «Қарағым, Құдай  ақ тілеуіңді беріп, ұлды болады екенсің. Ол тегін бала болмайды, елдің ұлы болады», — деп жақсылыққа жориды. Ақ әженің айтқаны айдай келіп, тоғыз ай, тоғыз күнде шекесі торсықтай  сәби іңгәлап өмір есігін ашады. Назарбайдың шаңырағында той болады.Тетебала әже мойнына бұршақ салып, Құдайдан тілеп алған немересіне ырымдап «Нұрсұлтан» деген есімді өзі телиді. «Жақсы есім баланың жолын ашады» дейді, шынында да Алланың қалауымен, ананың ақ тілеуімен өмірге келген ақжолтай ұл – Нұрсұлтан әлемге ақ шуақты нұрын шашқан, ақыл – ойымен жаһан жұртын еріксіз баураған патша – сұлтан болды. Ақылына келбеті сай Елбасының ұлтының ұлы мұраты жолындағы асқақ та шапағатты істері әлем жұртын таң қалдырған үстіне таң қалдырып келеді.

(Елбасының балалық шақтағы суреттері мен таныстыру)

  • Хронологиялық кестемен таныстыру.
1940 жылы 6 шілдеАлматы облысы Қаскелең ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген.
1967 жылыҚарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын бітірді. Экономика ғылымдарының докторы
1960 – 1969 жылдарыҚарағанды металлургия зауытында жұмыс істеді
1969 – 1973 жылдарыҚарағанды облысы Теміртау  қаласында партия – комсомол  жұмыстарынжа жауапты қызметтер атқарды
1973  — 1977 жылдарыҚарметкомбинаттың партком хатшысы
1977 – 1979 жылдарыҚарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы
1979  — 1984 жылдарҚазақстан КП Орталық Коммитетінің хатшысы
1984 – 1989 жылдарыҚазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы
1989 – 1991 жылдарыБірінші хатшы, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің төрағасы болды.
1990 жылдың сәуіріненҚазақстан Республикасының Президенті
1991 жылы

1 — желтоқсанда

Қазақстан Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтті.Нәтижесінде Н.Назарбаев 98, 7% жеңіске жетті
1995 жылы

29 — сәуірде

Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Н.Ә.Назарбаев өкілеттілігі 2000 жылға дейін ұзартылды.
1999 жылы

10 — қаңтарда

Сайлау нәтижесінде Н.Назарбаев 79,78 % дауыс алып, ҚР Президенті болып қайта сайланды
2005 жылы

4 –желтоқсанда

Сайлауда 91,5 % дауыс жиып, жеңіске жетті.
2006 – 2009 жылдарыҚазақстан Халықтар ассамблеясының төрағасы. Қазақстан Қарулы Күштертерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы. Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының төрағасы.
2010 жылыЕуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық  ұйымына төраға болды.
2011 жылы сәуірдеСайлауда 95 % дауыс жинап, жеңіске жетті.

 

 

Н.Ә.Назарбаевтың жұбайы – сара Алпысқызы Назарбаева. Халықаралық «Бөбек» қайырымдылық қорын басқарады.Президенттің үш қызы бар: Дариға Назарбаева – саясаттану ғылымдарының докторы;

Динара Назарбаева – Н.Ә.Назарбаев атындағы білімді қолдау қорын басқарады.

Әлия Назарбаева – бизнеспен айналысады, «Элитстрой» құрылыс компаниясын басқарады.

Н.Назарбаевтың бастамасымен ашылған оқу орындар:

Елбасының бастамасы бойынша елімізде бірнеше оқу орны ашылды.Мысалы: Қазақстан менеджмент институты, Экономика және болжау институты, Қожа Ахмет Иасауи атындағы қазақ – түрік университеті, Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті, Ұлттық Мемлекеттік заң университеті, Назарбаев университеті, бірқатар лицейлер мен колледждер, «Назарбаев зияткерлік мектептері»

Президенттік «Болашақ» бағдарламасы іске асуда, ол бойынша жастар дүниежүзінің ірі оқу орындарында білім алып жатыр. Аса талантты балалар үшін президенттік «Дарын» сыйлығы тағайындалған.

Президент кітаптары: Н.Назарбаев бірқатар ғылыми еңбектердің және әлеуметтік — экономикалық даму мәселелері мен қоғамдық – саяси тақырып бойынша кітаптардың авторы: «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Бейбітшілік кіндігі», «Сындарлы он жыл», «В сердце Евразии», «Қазақстан жолы – Тәуелсіздік белестері», «Тарих тағылымдары және қазіргі заман», т.б.

Президент айналысатын спорт түрлері:үлкен теннис, тау шаңғы спорты, гольф ойнауды ұнатады. – Мен жұмасына екі рет теннис ойнаймын. Ол шамамен бір жарым сағатқа созылады. Таңертең қай жерде болсам да міндетті түрде 30 – 40 минут дене шынықтыру қимылдарын жасаймын – дейді Н.Назарбаев

Президент және музыка: Елбасы «Жерім менің», «Үшқоңыр», ҚР – ның әнұранының авторы

Елбасы туралы еңбектер: Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жайлы әр жылдары жазылағн және әлемнің отыздан аса тілінде жарық көрген бірнеше кітап бар. Олар: Джонатан Айткеннің «Н.Назарбаев және Қазақстанның құрылуы», Пьер –Люк Сегийонның «Еуразия тұғыры» кітаптары, «Нурсултан Назарбаев на исторической ленте РИА Новости» деп аталатын ҚР Президентінің баспасөз қызметі мен Ресей Ақпарат агентігінің бірлескен жобасы, Халықаралық Қазақ тілі қоғамы жәнеМемлекеттік тілді дамыту қорының қолдауымен жарық көрген «Елбасы және мемлекеттік тіл» кітабы бар.

ҚР – ның Тұңғыш Президентінің мұражайы: Есілдің оң жағалауындағы ескі әкімшілік орталығының ҚР –ның Президенті сарайы 1998 жылы салынды. Мұнда орталық салтанатты холл, Президенттің БАҚ өкілдерімен кездесуге арналған баспасөз залы, Мемлекет Басшысының жұмыс бөлмелері, шет мемлекет басшыларымен жеке кездесуге арналған «Камин» залы, наградалар мен сенім грамоталарын тапсыруға арналған «Күміс» залы, жоғары деңгейдегі кездесуге арналған «Алтын» залы, банкет залы, мәжіліс залдары орналасқан. 2005 жылы 7 – шілдеде осы ғимараттан Тұңғыш Президент мұражайы ашылды. Мұражайда Қазақстан тарихы, Н.Назарбаевтың өмірі мен қызметі жайлы сыр тартатын 40 мыңнан астам жәдігерлер бар.

Елбасының лауазымдарымен мансаптары, атақтары: экономика ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының, Халықаралық инженерлік академияның, Ресей Федерациясы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. Әл – Фарби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің құрметті профессоры. Белорус ғылым академиясының құрметті мүшесі. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының төрағасы. «Нұр — Отан» ХДП –ның төрағасы.Орталық Азия мемлекеттері Достық қорының құрметті төрағасы.

Нұрсұлтан – Қазақстанның ең жоғарғы ерекшелік белгісі – «Алтын қыран» орденімен, сондай – ақ әлемнің көптеген елдерінің, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың жоғары наградаларымен марапатталған.

  • Әдеби монтаждарға кезек беру.
  • Музыкалық жолдома
  • «Елім менің» әні орындайтын А.Халелина
  • «Үшқоңыр» әні орындайтын С.Шанаева
  • «Қара жорға биі» бүкіл сынып болып билеу.

 

Қорытынды:

Бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразия кеңістігі басты ықпалдастырушы – саяси көшбасшысы ретінде қабылдайды. Соңғы жиырма жыл бойы қарқынды даму үлгісін көрсетіп келе жатқан Қазақстанның саяси көшбасшылық моделі тек өз халқына емес, тұтас аймаққа, сол арқылы барша адамзат баласына пайдасын тигізіп келеді.

Сол себепті де, біз Президент күні – Қазақстанның тарихи табыстары күні деп нық сеніммен айтуға болады.