Мен Қазақстанның болашағымын!

Мен Қазақстанның болашағымын!

Мақсаты: Өз республикасын танып-білуге, жақсы көруге, Отанына деген сүйіспеншілікке, патриоттық сезімге тәрбиелеу.

оқушыларға туған жері, туған тілі, туған дәстүр, салт санасы жайлы көркем сөздерді айтқызу арқылы әсемдік пен әдептілікке тәрбиелеу;

Көрнекілігі: Н.Назарбаевтің суреті, ҚР картасы, ҚР рәміздері, мультимедиада дайындалған слайдтар, нақыл сөздер, суреттер

Сабақтың түрі:  әңгіме, сұрақ-жауап, көрерменмен  жұмыс, әдеби монтаж.

 

Барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі. Психологиялық дайындық. Сабақтың тақырыбы мен мақсатымен таныстыру.

Саламатсыздарма құрметті қонақтар! Бүгінгі 6 және 7 класс оқушылары ұйымдастырған «Мен Қазақстанның болашағымын!» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!

(Әнұран)

ІІ. Кіріспе. Қазақстан Республикасы

 (слайд № 1:  Мен Қазақстанның болашағымын!)

Мұғалім сөзі.

Біз ежелден ер деген даңқы шыққан халықтың ұрпағымыз, ел бірлігі жолында әрқашан намысын бермеген халықтың ұланымыз.
Біз алтын күн бедерленген көк байрағын әлем биіктерінде желбіреткен бейбітшіл елдің азаматтарымыз, кең байтақ жерінде бірлігі жарасқан алуан ұлт ұлыстардан тұратын біртұтас халықпыз! Біз қазақстандықтармыз және мұны үлкен  мақтанышпен айтамыз.

Қазақстандық болу – бізге тағдыр сыйлаған ұлы бақыт. Біз оны әрдайым зор мақтаныш сезіммен ұрпақтан-ұрпаққа табыстайтын боламыз! Бүгінгі біздің ұйымдастырылған тәрбие жұмысымыз осындай мақсаттарды көздейді.

(слайд № 2: ҚР картасы)

1-Жүргізуші: Қазақстан көп ұлтты тәуелсіз мемлекет.  Жер көлемі 2,7 миллион шаршы шақырымнан асады. Республика шығысында Алтай тауларынан басталып, батысында Каспий ойпатына, ал Солтүстігінде Батыс Сібірден оңтүстігінде Тянь-Шань (Ереңқабырға) шыңдарына дейін созылып жатыр. Қазақстан жерінің  өте үлкендігінен әр аймағының табиғаты бір-біріне ұқсамайды, біркелкі емес. Оңтүстігінде ағаштар гүлдеп, жер көгергенде, солтүстігінде әлі қар жатады.
Қазақстанның оңтүстік облыстарында жылуды жақсы көретін күріш, қант қызылшасы, мақта, жеміс түрлері, әртүрлі дәрілік шөптер мен өсімдіктер өседі. Бұл аймақтарда жаңбыр аз жауады, жазы ыстық, әрі құрғақ болады.  Бірақ ол аймақтың байлығы — тау өзендерінің мол суы. Республиканың солтүстік аудандарында астық пен көкөністер жақсы өседі. Мұнда жауын-шашын мол, жазы да ыстық емес.

(слайд № 3:

2-Жүргізуші: Қазақстан – ежелгі ел, бірақ әлемнің қазіргі картасынан ол таяуда ғана, яғни 1991 жылы орын алды. Біздің Отанымыз – егеменді, тәуелсіз Қазақ мемлекеті. Жүз жиырмадан аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, асқақтаған Алатаулы өлкеде, кеңшілігі керемет, дархан дастарқандай далада, егіні теңіздей толқыған, төрт түлігі мыңғырған, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады!

Еліміз Егемендік алған  жылдардан кейін көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Өз тарихымыз, салт-дәстүріміз зерделеніп, жинақталған,  кең мағыналы кітаптар, әдеби зерттеулер жарық көре бастады. Қазақстан Республикасы экономикасы, әлеуметтік тұрмысы тұрақты дамып келе жатқан Орта азиядағы беделді мемлекеттер қатарына қосылды.

(слайд № 4)

1-оқушы: Отан — сенің  ата-анаң,

Отан — досың, бауырың.

Отан — өлкең, астанаң,

Отан — аудан, ауылың.

Отан — тарих, Отан — тіл,

Жасаған елің, ер халқың.

Отан — өлең, Отан — жыр,

Көтерген көкке ел даңқын…

Отан осы, достарым,

Көңілге мұны түйе біл.

«Отан» деп өс, жас қауым,

Оны ардақтап, сүйе біл.

(слайд № 5:

2-оқушы:  Бақытты боп жүргенім

Сенің арқаң, Ұлы Отан.

Елім менің –тірегім,

Құшағында гүл атам.

Шығысыңнан арайлы,

Күліп атқан құба таң.

Сенен бақыт тарайды

Баршамызға Ұлы Отан.

Сарқылмайтын қуатым,

Тірегімсің сен, Отан.

Мәңгі соғып тұратын

Жүрегімсің сен, Отан!

ән.

(слайд № 6:

1-Жұргізуші:  Бостандық! – деп аталатын асқақ арман жолында қаншама қан төгілді, қаншама батыр мерт болды. Бұл арпалыс бір күн, бір жыл, бір мезет емес, талай ғасырларға созылған. Осы апрылысты жай тілмен тарих дейді.

Егемендік! Тәуелсіздік! Осыдан 19 жыл бұрын бұл сөздердің қаншалықты мағыналы екенін біз дәл қазіргі уақыттағыдай түсінбеген шығарамыз. Ешкімге тәуелді болмауды арман еткен Кенесары секілді айбарлы ханымыз, Наурызбай, Ағыбайдай айбынды батырларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен күресіп құрбан болса, Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді дуалы ауыз билеріміз қызыл тілдің арқасында ел тыныштығын сақтады. Сол заманнан бері азаттық, егемендік елімнің арманы болды. Халқының қамын жеген ата-бабаларымыздың қайсар ұрпағы 1986 жылы арман еткен тәуелсіздіктің, азаттықтың туын тікті.

(слайд № 7:

3-оқушы: Тілім – қазақ, тегім – түрік, ислам– дінім, иманым,

Ұлт едім мен ұлы едім, құл бол деп жат қинады….

Жоңғарға да, шүршітке де дес бермеп ем, орыстың,

Құшағына еніп кеттім, жел сөзіне иланып.

«Тілім – шұбар, тегім –күмән, имансызбын , дінсізбін,

Өз — өзімді алдарқаттым», — дедім, — елге мұңсызбын,

Халқымды да, салтымды да дайын болдым сатуға,

Жерім тозды, елім азды, күні осы ғой құнсыздың.

Өзегімде өкініш бар, баққа қалдым жарымай,

Өзімді  өзім сыртқа тептім, қасиетімді танымай.

Хан Абылай ұмыт қалды, Қабанбай мен Бөгенбай,

Отаршылға оқ боп тиген Кенесары , Ағыбай.

(слайд № 8:

4-оқушы: Төл тарихтан бейхабармын, айтуға оны арландым,

Ажыратпай ғасыр озды, ақиқат пен жалғанды,

Көзайым боп таптым қайта  Ахаң, Жахаң, Жүсіпбек,

Шер көңілді Шәкәрім мен ұлы ақын Мағжанды.

Кіл қаймағын қалқып алған, көк жасығын қалдырып,

Отызыншы жылғы ойраннан қауым қалды мәңгіріп.

Арманда өткен Бейімбеттің, Ілиястың, Сәкеннің,

Тым болмаса жатқан жерін табармыз деп жанды үміт.

Желтоқсанда еркіндігін мұрат тұтқан халықтың,

Жалын жастар, ерлік жолы жалғасқанын таныттың.

Қайрат сынды қайраттанған бауырларым мәңгілік.

Рух көтеріп тұрып қалды тұғырында даңқтың.

(слайд № 9:

Мұғалім сөзі: Міне, Сіздер тәуелсіз қазақ елінің ең жас ұланысыңдар! Сондықтан өз жерімізді, өз елімізді әкелеріміз бен аталарымыз сияқты қадірлеуге, сүюге, қорғауға тиіс екенімізді естен шағармайық. ХХІ ғасырда Қазақстанда бейбітшілік, тыныштық болып, егеменді елдігіміз ұзағынан болсын деп тілейік.

(слайд № 10: ҚР Президенті)

1-Жүргізуші: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысының Қаскелең ауданындағы Шамалған ауылында  дүниеге келді. Білімі жоғары. Мамандығы – инженер-металлург. Экономика ғылымының докторы.

Өзінің еңбек жолын 1960 жылы Қарағанды облысы Теміртау қаласында «Қазметаллург-строй» тресі басқармасында түрлі қол жұмысын істеуден бастады. Кейінірек шойын өңдеуші, реттеуші, газ маманы, Қарағанды металлургия комбинатының балқыту пешіндегі аға  газ маманы болып істеді.

1969 жылы партия саласына ауысты да, Теміртау қалалық комитетінің өндірістік-көлік бөлімінің меңгерушісі болды. 1969-1971 жылдары  Теміртау қалалық комсомол комитетінің  екінші хатшысы қызметін атқарды. 1971 жылы Теміртау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Ал 1973-1977 жылдары Қарағанды металлургия комбинатының парком хатшысы, Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, 1979 жылдан 1984 жылға дейін Қазақстан Компартиясы Орталық  Комитетінің  хатшысы болды. 1984 жылдан Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып Қызмет істеді.

1989 жылғы маусым айынан Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы. 1990 жылы сәуір айында Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Н.Ә.Назарбаевты Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президентті етіп сайланды. 1991 жылғы желтоқсаннын І-інде бүкілхалықтық сайлау қорытыныдысымен Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Президенті болып сайланды.

(Слайд № 11,12: Астана)

2-жүргізуші: 1997 жылы 20 қазанда Н.Ә.Назарбаев «Ақмола қаласын ҚР-ның астанасы деп жариялау туралы» жарлыққа қол қойды. 1998 жылы 6 мамырда Елбасының жарлығымен ҚР астанасы – Астана қаласы болып аталды, ал 20 мамырда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР-ның Заңы қабылданды. Бүгінде жас қазақ мемлекетінің астанасы ретінде әлемді тамсандырып отырған Астана қаласы жайлы деректер көп. Ол Есіл өзенінің оң жағасындағы жазық жерге орналасқан және Есіл өзенінің көшкен ел аттылы-жаяу өте беретін бұл тайыздау жерін Сарыарқа қазақтары Қараөткел деп атаған.

(12) Кеңес дәуірінде  Ақмола Орталық Қазақстанның қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмірінде үлкен орын алды. 1929 жылы қалаға алғашқы поезд келді. 1950 жылы қалада 58 өнеркәсіп орны жұмыс істеді. 1954 жылы 5 наурызда Ақмолаға тың игерушілер тиелген алғашқы эшалондар келіп тоқтады. 1956 жылы 26 желтоқсанда Тың өлкесі құрылып, Ақмола оның орталығы болды. Қаланың аты 1961 жылы 20 наурызда Целиноград болып өзгертілді. Қалада алғашқы жоғары оқу орындары – ауыл шаруашылығы институты, пединститут, инженер-құрылыс институттары ашылды. 1960-80 жылдары қалада 30 жобалау және ғылыми-зерттеу институттары ашылды. 1965 жылы Тың өлкесі таратылып, 1994 жылы қалаға ежелгі Ақмола аты қайтарылды.

Ақмоланың геосаяси тұрғыдан тиімді орналасуы, өнеркәсіптік әлеуеті, құрылыс индустриясын дамытуға қажетті базасының болуы және ірі тасымал торабына орналасуы ескеріліп, 1994 жылы ҚР Жоғары Кеңесі және 1996 жылы 6 шілдедегі Министрлер кабинеті ҚР-ның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулылар қабылдады.

(слайд № 13 : ҚР Туы)

5-оқушы: Ту

Күнді құшқан қас қыран,

Аясында қалқыған

Аспан түсті туым бар

Көк теңіздей шалқыған.

Көкірек жауар шымқай өң,

Көрген жерден елітер,

Көркем өрнек, кең көңіл

Көл пейілге кенелтер.

Тәжім етіп бас иер,

Туы елімнің егемен.

Тұтастығым куәсі

Туғандай бір енеден.

Елдігімді әлемге

Паш ететін байрағым,

Тұнық менің көгімдей

Әуемде мәңгі жайнаған!

(слайд № 14: ҚР Елтаңбасы)

6-оқушы:  Елтаңба

Дүние әлем көзіндей,

Дөңгеленген жамалы.

Еге елімнің қорғаны-

Кереге қанат қамалы.

Көгілдір көктің жүзінде

Шаңырақ-күн, уық-нұр.

Мәңгі сенбес күйінде,

Маңдайдан жұлдыз туып тұр.

Қуат отын қоздырған

Қос қанатты пыпағым.

Хас тұғырға қондырған

«Қазақстан» — Ұраным.

Тұлғасында түзілген

Ыстық қаным, діл, арым.

Төріме іліп,

Төсіме

Тағып жүрер Тұмарым!

(слайд № 15: ҚР Әнұраны)

7-оқушы: Әнұран

Қаһарман қажыр, қайратым,

Шайлықпас текті айбатым.

Арман, абырой, толғаныс-

Айтылатын ар, затым.

Жұртымның мұң, мұратын

Құлқыма құйып тұратын

Сіңірген тұла бойыма,

Тәңірлік күштің қуатын.

Жан дауысы халқымның

Шабыттана шырқалар.

Киелі сөз, сазды әуен

Шырқағанда, нұр тамар.

Беріле тыңдап,

Егіле

Жанып тұрар мың жанар.

(слайд № 16,17. Теңге)

1-Жүргізуші: Тәуелсіз егемен мемлекеттің міндетті рәміздерінің бірі оның ұлттық валютасы болып табылады. Кез келген мемлекеттің тарихына оның бір-ақ рет енгізілетін өз валютасының тарихы да кіреді. Басқа көптеген елдердің ұлттық валютасының тарихы сан ғасырлар бойы қалыптасқан. Кез келген ұлттық валюта елдің өткенін, бүгінгісін және болашағын бейнелейді. «Теңге» сөзі ортағасырлық түркілік «денге» немесе «таньга» күміс шақаларынан пайда болды. Олардан сондай-ақ орыстың «деньга» және «деньги» атаулары шықты. Ал Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының тарихы Президенттің 1993 жылғы 15 қарашадағы жарлығынан басталды. Сол күннен бері қарашаның 15-і Ұлттық валюта күні болып есептеледі. 1995 жылы Қазақстанда банкноттың фабрика ашылды. 2006 жылы қолданысқа 200-ден 1000 теңгеге дейінгі жаңа үлгідегі банкноттар шығарылды. Қазақстандық теңгенің 18 түрлі қорғаныс белгісі бар. Теңге әлемде ең «қорғалған» валюталардың қатарына жатады.

(слайд № 18: ҚР Конститутциясы)

2-жүргізуші: 30 тамыз – Ата заңымыз қабылдаған күн. Өздерін білесіндер ол адамның, қоғамның, елдің құқығын қорғауға арналған. Әрбір елдің өз Ата заңдары болады. Заң болмаса адам құқығы қорғалмай, бұзақылық көбейіп кетер еді. Мінеки сен  дүниеге шыр етіп өмірге келгеннен бастап сенің өмірін, денсаулығын тыныштығын, қуанышын біздің мемлекетіміздің ұлы заңы Конституция қорғайды. Әр мемлекет ғылым, білімімен танылады, ғылым мен білімнің арқасында өркен жайып, дамиды. Сондықтан ел болашағы жас ұрпақтың әрбірінің білім алуы басты міндет. Ол Ата заңымыз – Конституцияда  да жазылып көрсетілген. Ал әр азамат заңды бұлжытпай орындауға, оны сыйлап, құрметтеуге тиіс. «Ата заңның ең ардақты арқауы – ел мұраты мен халық бірлігі. Мазмұнына өрнегі жарасқан, Тәуелсіздіктің қасиетті туы мәңгі желбіресін, күніміз мәңгі сөнбесін». Қазақстан Республикасы демократиялы мемлекет болғандықтан, адамның өмірі, құқығы мен бостандығы бірінші орында. Негізгі Заңның 98-бабының 30-тармағы адам міндеттері мен құқықтарына арналған. Құқықтық мемлекет – бұл ұлттық идеологияның негізі болып табылады. Ал, ұлттық идеология– ол тәуелсіздік, берік, мықты мемлекет, мемлекеттік тіл, бұл мәселелер тек заң арқылы шешіледі және дамиды. Біздің ата Заңымыз бізге осыншама мүмкіншіліктер беріп, біздің тиісінше білім алып, жақсы өмір сүруімізге қамқорлық жасауда. Сондықтан өміріміздің кепілі, қорғаушымыз – Конституцияның міндеттерін бұлжытпай орындап, құрметтей білейік. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Елімізді, тарихымызды, қол жеткізген жетістіктерімізді мақтан еткендей Конституциямызды қастерлеп, құрметтеуіміз, мақтан тұтуымыз керек. Конституциямызды құрметтемейінше, оның заңдылықтарын орындамайынша қоғамдық бірлікті, тұрақтылықты және жарқын болашақты құру мүмкін емес. Ата Заң әркімнің бойтұмары болып, оның әрбір қағидасы мүлтіксіз орындалғанда ғана ортақ мақсатқа қол жеткіземіз» деп атап өтті. Сондықтан да біз конституциямызда көрсетілген барлық құндылықтарды сақтап, заң қағидаларымен өмір сүруіміз қажет. «Ел ерімен мақтанар, жер кенімен мақтанар» деген, елімізді қорғар ер-азаматтар, асыл ұрпақтар, тәрбиелі ұл-қыздар молая берсін.

Ән

(слайд № 19:

8-оқушы: Қайтесің , дос, тамағыңды құр кенеп!

Қиналғанда

Жолдас емес,

Жыр керек.

Сөздің бәрі құдіретті,

Әйтсе де

ЕЛ деген бар,

Оның орны бір бөлек!

Сөз дейміз ғой,

Өз сөзіме иемін.

Осы сөзден сауыт тоқып киемін.

ЖЕР дегенде

Туған ауыл шетінде

Топырағын жатып алып сүйемін.

Мен – домбыра,

Сөзден жонған тиегім.

Ой дегенің осы сөздің жиені.

ЕР дегенде

Атып тұрып орнымнан,

Кішірейіп,

Ақ басымды иемін!

Тектен –текке жазылған жоқ осы өлең!

Өлең – қымыз беру емес кесемен.

АНА десе,

Бүктеуімнен жазылып,

Жолына оның кілем болып төселем!

Бағасы бар,

Орыны бар әр айдың.

Мен әр айға үмітпенен қараймын

БАТЫР десе,

Зиратының басына

Құлпытас боп тұруға  ұзақ жараймын!

Шаттық емес,

Жаныңды жер уайыммын.

Бүйіріңе балта тиген қайыңмын.

АҚЫН десе,

Нөкері боп дарынның

Шашбауын, дос, көтеруге жараймын.

О, Ағайын, ажыраспа!

Ұйысқан!

Тымық,

Тынық тірлігі бол мүйістің!

КӨСЕМ десе,

Тосып мына кеудемді,

Оққағары болуға оның тиіспін!

Қайтесің ,дос, тамағыңды құр кенеп!

Қиналғанда

Жолдас емес,

Жыр керек.

Сөздің бәрі құдіретті,

Әйтсе де

ЕЛ деген бар,

Оның орны бір бөлек!

Сайран далам!

Қайран далам – кенішім!

Қақпақылдай қаға аласың мені шын.

Кемеңгердің

Даналардың өзі де

Көп ұлының бірі ғана Ел үшін!

(слайд № 20 )(көрініс.

(Музыка ойнап, аяғын ақырын басып Ата шығады. Орындыққа келіп, демалып отырады. Осы кезде жүгіріп немересі шығады).

Немересі: Ата, не ойлап отырсыз?

Атасы: Ә, балам, атаң не ойламайды дейсін! Сенің болашағынды ойлаймын. Еліміздің болашағы жайлы, өткен өмір жайлы ойлаймын, қуанамын!

Немересі: Ата, «өткен өмір» деген не?

Атасы: Ә, балам, «өткен өмір» деген сонау ежелгі бабаларымыздан бергі өткен өмір жолы, тарихы емес пе?

Немересі: Ол қандай болған?

Атасы: Ендеше тыңда, балам, атаң бір сөйлесін:

Болмаса да оқыған тарихшы атаң,

Жинадым ескілерден тарих хатын.

Мақсатым – кейінгі ұрпақ ұмытпаса,

Айтылған аталардың аманатын.

Есімі еш адамның өшпейді екен,

Артында ұрпақ жүрсе өздерінде,

Ұмыттырмас «Жеті атасын» парыз екен,

Бұрыңғылар ұрпақтың қамын жеген.

«Білмеген жеті атасын жетесіз» деп,

Өткендерін қалай да білесін деген.

Сондықтан, балам, сен де өз тарихынды, жеті атанды білуге тиіссің. Сонау ерте кезде біздің ата — бабаларымыз 29 қазақ руының басын қосып, халық болып қалыптасуының негізгі болғаннан басталмай ма бұл тарих?

Менің елім – Қазақстан. Бұл әрбір дала перзентінің (кәрісі бар, жасы бар) көкірегінде мақтанышпен айтатын сөзі. Бұл тақырып төңірегінде сан ойландым, көп толғандым. Елім жайлы, алтын бесігім туған жерім жайлы азаматтық жүрегіммен толғана сыр шерте алар ма екем?!

Құс ұясыз,

Жыртқыш інсіз болмайды.

Отансыз жан өмірінде оңбайды,

Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.

Тірі адамға сол қайғы,

деп ақын ағамыз Мұқағали жырлағандай, Отаны жоқ адамдар нағыз бақытсыз жан екен. Ал біз қазақ халқы нағыз бақ қонған халықпыз деп шаттана айта аламыз. Өзіміздің мемлекетіміз, тарихымыз, тіліміз, тәуелсіз еліміз бар.

Бала : Қазақстан туған өлкем.

Жер көп пе сендей көркем?

Көрсін деп күллі әлемге,

Жалауыңды желге желпем.

(Ата мен немересі  шығып кетеді.)

(слайд № 21:

9-оқушы: Менде сөйлер сөз болса –

Өзің берген сөзің ғой!

Менде көрер көз болса –

Өзің берген көзің ғой!

Шаттық құшқан шеруде,

Күйді өтерген өзің ғой!

Қиындықты жеңуге

Үйреткен де өзің ғой!

Толқығанда сезім –ой,

Әппақ арым, тілегім.

Туған елім өзің ғой –

Арқа сүйер тірегім!

Туған елім, өзіңнің,

Жазираңды кездірдің.

Жайма –шуақ кезімнің,

Рахатын сездірдің!

Туған елім – гүл елім,

Қасиетіңді білемін.

Өзіңе деп жүремін –

Лүпілдеген жүрегім!

(слайд № 22

9-оқушы: Мен,   Қазақстанның   болашағы   бүгінгі   жас  ұрпақ,  Тәуелсіз, Егеменді Еркін ел Қазақстанда дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. Мұндай кең байтақ елді, бүгінгі ұрпағына аман-есен сақтап жеткізу үшін ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, қызыл қанымен қорғап, ғасырлар бойы күресіп, бастарынан талай қиын кезеңдерді өткізді. Сол армандар орындалып, 1991 жылы 16 желтоқсанда өз егемендігін паш етті. Қазір аяғынан тік тұрған, дамудың нарықтық жолына түскен ел атандық, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың дана бастауымен, көрегендік саясатының арқасында еліміздің экономикасы қарыштап дамып бүкіл әлемге танылдық.
Көк байрақты, нұр елімнің мәртебесі биіктеп жақын жылдарда әлемдегі дамыған елу елдің қатарына кіретінімізге біз кәміл сенеміз. Қазіргі кезеңде Елордамызда қаншама әлемдік деңгейдегі кездесулер, жиындар, самиттер, форумдар өтіп жатқанын әлем көріп, тыңдап отыр.
Біздер, яғни жас ұрпақтар келешек Қазақстанымыздың әлі де еңсесі биік, татулығы берік, жылдан-жылға гүлденіп, көркейе беруіне өз үлесімізді қосатынымызға уәде беремін.

(слайд № 23:

10-оқушы: Адам  баласының бір қуанышы, жарық жұлдызы, темір қазығы — туған елі. Әркім де туған елін жақсы көреді. Еңсесі биік, мәртебесі асқақ, көгінде  көк байрағы желбіреген қазақ елін мен де жақсы көремін.
Ең қымбат қазына — адам өмірімен бағаланған қазақ елінің ата заңы, көгінде көк байрағы желбіреген туы, шарықтаған әнұраны бар. Осындай көркейген ел ішінде мен де өмір сүріп, ер жетіп, есейіп келемін. Бүгінгі өміріме, өз ортама, ризашылықпен қарай отырып, ертеңгі өмірімнің жарқын боларына толық сенемін.
Жас ұрпақтың білім алуына, денсаулығына жағдай жасап, ұлтының болашағын ойлап жүрген аға-апаларымыз бен ағаларының ерен еңбектері-елдігімізді нығайта түсуде. Елдікті — білімді ұрпақ қана жалғай алады. Ендеше,сол білімді ұрпақтар қатарында мен де барамын.
Мен  өзге ұлт өкілі болғанымен, бақытты балалық шағым Қазақстанда өтті. Шындығында мен Қазақстанды мақтан тұтамын. Әрбір оқушының жүрегіне жылылық ұялатқан ұстаздарымыздың арқасында қазақ тілін еркін үйрендім. Ана тілін, өз мемлекетін, ұлттық нышардарын қастерлеп, құрметтеу әрбір оқушының парызы деп санаймын. Ендігі менің алға қойған мақсатым алған білімімді жалғастырып, өз мемлекетімде оқу орнына түсіп, өндіріс орындарына жұмысқа орналасып, елімнің болашағына үлес қосу.
Еліміздің рухани құндылықтарын қастерлеп, қадірлеу, парызым деп санаймын. Егемен елімнің ертеңіне қажетті мамандық таңдап, жақсы кәсіпті игерген ұлт азаматы боламын деген сенімдемін.

(слайд № 24:

11-оқушы: Ұлттық тіл — әр халықтың өзіне тән ой – санасың парасатты бүкіл болмыс – тіршілігі мен сезім – түйсігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін күретамыр. Қазіргі уақытта қазақ тілі – Қазақстанның мемлекеттік тілі. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, қазіргі өмірімізде, оның ішінде жастар үшін мемлекеттік тілдің алар орны ерекше.
Тілсіз ұлттың болуы мүмкін емес десек, біз жастар өз ана тіліміз – қазақ тілінің мәртебесін көтеруге тиіспіз.
Елімізде қазақ тілін дамытудың мемлекеттік жоспары жасалған, Конституцияға енгізілген, енді оны жүзеге асыру жағына ерекше көңіл бөлуіміз қажет.
Бүгінде дамыған елу елдің қатарына бет бұрған еліміз үшін – мемлекеттік тілге көшу міндеті тұр. Менің ойымша, қазақтың әдебиетін, төл мәдениетін, өнерін асқақтатып, бағалау баршамыздың ісіміз. Өйткені, ел бірлігін нығайтып, тіл дамытуда ұлттық мәдениеттің, дәстүрлер мен әдет – ғұрыптардың алатын орны ерекше.
Президентіміздің стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыратын – біз, жастар.
Сондықтан, өмір деген үлкен жолға өз тілімізбен, мәдениетімізбен, салт-дәстүрімізбен қадам басатынымызға сенімім мол. Өз басым қазақ елінің абыройын асыруға, өз ана тілінде сөйлейтін сауатты маман болуға ұмтыламын.

(слайд 25:

12-оқушы: Біздің елде биыл Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдау жазды. Мен бұл Жолдауды оқыдым. Жолдауда Президент халық, мемлекет алдына көптеген  мақсаттар  қойды. Менің ойымша, біздің ел бәсекеге қабілетті болу үшін экономикасын дамытуы керек. Елімізге білікті мамандар керек. Менің ұлтым қазақ, Отаным — Қазақстан. Мен елімнің патриотымын. Мен Батыс  өлкенің тамаша жерінде тудым. Бұл жер Ақтөбе  деп аталады. Бұл табиғаты тамаша жерде балалық шағым өтті. Қазақстандық патриотизм  — Отанды, туған өлкені, оның халықтарын сүю, табиғатын қорғау. Мен өз елімді әлемдегі дамыған елдердің қатарынан көргім келеді. Мен елімнің патриоты ретінде Отанымды қорғаймын.

(слайд № 26:

13-оқушы: Біз қазақ еліміз бастан не көрмеген.

Намысын ешкімге қолынан бермеген.

Тұс –тұстан анталап, көз сүзген жаулардан

Кең байтақ даласын қас қақпай қорғаған.

Төрінде жерімнің байрағым желбіреп,

Тұп –тұнық аспаным тұрады мөлдіреп.

Қазақтың тілері ата жол салтымен

Достасу, туысу әр елдің халқымен.

Қонақжай халықпыз, жомартпыз, дарханбыз,

Келешек күндерге тәтті үміт артқанбыз.

Таныған жұмыр жер Алаштың баласын,

Қазақтың елі мен даңқты даласын.

ән.

(слайд 27:

ІІІ. Қорытынды бөлім.

Мұғалім сөзі:

Туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған елдегі адам қайдан білсін?

Туған жердің кәдірін алыс жерге ұзатқан, ұзатқанына әлде талай жыл өткен қыз білмесе, кім білсін?

Туған жердің қымбатын ғылым іздеп, шет жайлап, кітап қарап сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірт білмесе, кім білсін?

Туған жердің артығын, жазатайым іс етіп, күштілерге күш етіп, еріксіз елден айырылған, шеттен дәмі бұйырған, жаттан сыйлау көрмеген ер білмесе кім білсін?

Туған жердің асылын қараңғы үйге қамалып, қара нан мен қара шай жүрегін кесіп жатқанда, қазы, қарта, сары қымыз көзінен бір – бір ұшып есіл елін сағынған, бір көруге зар болған тұтқын білмесе, кім білсін?

Туған жердің кәдірін әлеуметтік ісіне басын байлап жегілген, кеңседе қағаз кемірген, күйіп – пісіп, көбеп боп, еңбегінің жемісін көрсем – ау деп телмірген, тар көше мен тар үйде бойы бір сергіп көрмеген азамат білмей, кім білсін?

Ыстық қой, шіркін, туған жер! Туған жерге жеткенше, қайтіп дәтің шыдайды? Кім сағынбас өз қағын? Кім сүймесін өз жерін?

Сүймесе сүймес зердесіз, шерсіз жүрек, тілеуі бөлек жетесіз…

(слайд № 28:

14-оқушы: Ең бірінші бақытым – Халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін.

Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,

Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей – кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,

Құдай деген кім десе, Отан дер ем!

… Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?

Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен.

Түтін түтет,

Өс, өрбі, көгере бер,

Немерелер көбейсін, шөберелер.

Жадыңда ұста :

Жақсылық күтпегейсің!

От емес, оқ сұрасаң менен егер!

Үш бірдей бақытым бар алақанда,

 

(Мені мұндай бақытты жаратар ма?!)

Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,

Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!

(слайд № 29:

1-жүргізуші. … Ел тұтас дүние, сом жартасқа ұқсайды, адам үшін қадірі өте зор. Тағдыры жермен байланысты. Туған жердің күллі сипат – сыны, құдірет –құны өзін мекен тұтқан халықтың тұрмыс – салты арқылы басқаларға құндылығын танытады. Өзі өрбіген елге, туып — өскен жерге деген адам махаббатының, алаулаған сағынышының қаншалықты тасқынды екенін, асыл қасиетін шалғай шетте, ел ішінен амалсыз шығандап, қиырға қара үзіп кеткендер, қайта орала алмай алыста жүргендер ғана айырықша анық, бұлдырсыз айқын сезінеді, қадір – құнын жетік біледі.

(слайд № 30:

2-Жүргізуші: Еліміздің келешек тағдыры, Қазақстан ертеңі өз қолдарыңызда. Туған елдеріңді өркениетті мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең ететін сендер. Ол үшін терең әрі жан – жақты білімді болу – міндеттерің. «Туған жер –алтын бесік» — демекші, бүгінгі   айтылғандарды өнеге етіп, елді, жерді сүюді, қадірлеуді өмірлік мақсат етейік, туып өскен жеріміз Қазақстан Республикасын құрметтей, еліміздің Рәміздерін қастерлей, отан – отбасынан, туған жерден басталатынын түсіне білейік.

(слайд № 31:

1-жүргізуші: Өзіңсің , Қазақстан, ән, арманым да,

Аяулым, алтын бесік, қара орманым да.

Бір нәрсе жетпейді деу қате болар

Өзіңдей ұлан байтақ далам барында.

Гүл дала – Қазақстаным.

Сен үшін бар сөздіктен сөз таңдайын көп,

Сен барда басылмайды жез таңдайымда от.

Мен сенен кете алмаспын, амалсыздан

Бір кетсем, оралармын бозторғайың боп.

Ән дала – Қазақстаным.

Сен барда ғажап шебер, ғажап ұстамын,

Түсінем өзендердің саз ағыстарын.

Қалай ақын болмайын, мен түгілі

Ұшады көгіңе жыр жаза құстарың.

Қырандар қанатында даңқы кеткен,

Дән дала – Қазақстаным.

Сен менің шұғылаға толған даламсың,

Жасампазым, сан  асу жолдарды аларсың.

Бабамның көздерінің қарашығы ең,

Баламның бақытына да қорған боларсың.

Жан дала – Қазақстаным.

Керемет өріледі гүл өңірде өлең,

Кезің қандай өрік пен шие гүлдеген.

Жүрегіме сыйғызып бар бейнеңді,

Қалсам деп ем өзіңнің жүрегіңде мен.

Кең дала – Қазақстаным.

Керегі жоқ даңқ дейтін маған сөренің,

Жетер біраз есіңде қала алса өлеңім.

Халқым маған сенеді әлсіз демей,

Үйткені мен, туған жер, саған сенемін.

Жасай бер , Қазақстаным.

2-жүргізуші: Міне, балалар Қазақстан туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Гимнімен айбатты екен. Ата Заңымызбен де елдігіміз көрінеді. Осындай ержүрек, бауырмал, қонақжай халықтың ұрпағы екендеріңді мақтанышпен айтуға болады.

Өркениет көшіне бетті бұрдық,

Қазақстан, мәңгілік жансын бағың! – деп бүгінгі ашық тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.