“Электр өрісі” тарауы бойынша бекіту сабағы. 8 сынып.
Тақырыбы: “Электр өрісі” тарауы бойынша бекіту сабағы. 8 сынып.
Мақсаты:
Білімдік: «Электр өрісі» тарауы бойынша сынып оқушыларының оқу материалын меңгеру деңгейін анықтау, білімдерін тексеру, қорытындылау және бекіту.
Дамытушылық: Дәстүрлі емес сабақ түрінде оқушылардың белсенділігін арттырып, өзіне-өзі баға беруге, өз жетістіктерін сезініп, әлсіз жақтарына сын көзбен қарауға үйрету, іскерліктерін, білім сапасын арттыру.
Тәрбиелік: Еңбекке баулу, ғылымға қызығушылықтарын арттыру, өз бетімен іздене білуге дағдыландыру.
Сабақтың типі: Аралас.
Сабақтың әдістері: Зерттеу, әңгімелесу, модульдік оқыту технологиялары әдістері, жылдам ойлануға, келелі мәселелерді қоя білуге үйрету әдістері, деңгейлік тапсырмалар орындай білу, компьютерде жұмыс жасауы.
Сабақтың көрнекілігі: «Электр өрісі» тақырыптарына керекті құралдар: компьютер, электроскоп, шыны, эбонит таяқшалары, тері, жібек маталар қиындысы, сұлтандар, штатив, плакаттар.
Сабақтың байланысы: физика, математика, информатика, тарих.
Сабақтың өту жоспары:
- кезең. Ұйымдастыру.
- кезең. Өткен тарауды қайталау.
- кезең. Білімдерін бекіту.
- кезең. Білімдерін бағалау.
- кезең. Үй тапсырмасын беру.
- кезең. Сабақты аяқтау. Қорытындылау.
Сабақтың барысы:
І кезең. Мұғалімнің кіріспе сөзі: Сабақ барысында сынып оқушыларының 4 топқа бөлінетіндігін түсіндіру, сабақ мақсатына тоқтала отырып, сабақ жоспарымен таныстыру.
ІІ кезең. Өткен тарауды қайталау.
І топ: «Анықтама орталығы» — топ мүшелері бастапқы берілген сұрақтарды еске түсіре отырып жауаптарын дайындайды. (Топ осы бағытта түрлі анықтамалармен энциклопедиялар және әдебиеттермен жұмыс істейді).
Сұрақтар төмендегідей:
- Заряд дегеніміз не?
- Электрленген дене дегенді қалай түсінесің?
- Электрлік күштер деген не?
- Денелерді тек қана үйкеліс арқылы ғана электрлеуге болады ма?
- Денелердің электрлену табиғаты дегенді қалай түсінесің?
- Электр өрісі деген не?
- Нүктелік заряд деген не?
- Тұйықталған денелер жүйесі деген не?
- Электр зарядының сақталу заңы қалай тұжырымдалады?
- Электроскоп деген не?
- Электр зарядтарын өткізу қабілетіне қарай заттар неше топқа бөлінеді?
- Атом құрамына қандай зарядталған бөлшектер кіреді?
- Электрон туралы не білесің?
- Оң ион және теріс ион деген не?
- Электр өрісінің сипаттамалары қандай? (Күштік және энергетикалық).
2-топ: «Ойлы орталық». – Топ мүшелері жоғарыдағы туындаған сұрақтар бойынша гипотезалар мен ғылыми ойлар, заңдылықтар ұсынады, есептеулер жүргізеді.
- Электрлік өзара әрекеттесу күшінің шамасы қалай анықталады?
- Электр өрісінің қасиеттері.
- Электр өрісінің күш сызықтары деген не?
- Берілген суреттер бойынша дене зарядының таңбасын анықтаңыздар.
Тапсырманы орнында, компьютерде орындау.
Windows операциялық жүйесінің стандартты бағдарламасы Раіnt графикалық редакторын қолданып электр өрісінің күш сызықтарын салу.
Есептер шығару (тақтамен жұмыс).
1-есеп: Мырыш атомы ядросының заряды 4,8∙10-18 Кл. Мырыш атомы ядросының 10 км қашықтықта тудыратын электр өрісінің потенциялын анықтаңыздар.
2-есеп: 10 см қашықтағы 2,7∙10-6 Кл нүктелік зарядтың электр өрісінің кернеулігін анықтаңдар. Заряд суда орналасқан.
3-есеп: Потенциалдар айырымы 1600 В болатын электр өрісінің екі нүктесі арасына 5∙10-8 Кл зарядты орналастыру үшін өріс қандай жұмыс істейді? Есептердің берілгендерін компьютерде MS Word мәтіндік процессорын қолданып теру, формулалар редакторын қолданып формулалар жазу, мәтінді безендіру, есептің жауабын алу.
3-топ: «Экспериментаторлар орталығы» — топ мүшелері физикалық құбылыстың негізіне алынып отырған жұмыстарды тәжірибе жүзінде көрсетеді.
- Эбонит таяқша мен тері бөлігі;
- Шыны таяқша мен жібек қиындысы;
- Электрленген эбонит таяқша мен электрленбеген эбонит таяқша;
Үрленген шар мен жібек мата;
- Фольгадан жасалған гильза мен эбонит таяқша;
- Электроскоп пен шыны таяқша;
- Екі шыны таяқша мен электроскоп.
- Екі электроскоп пен шыны таяқша және оқшауланған тұтқасы бар металл сым.
- Кулон заңын түсіңдіру. (Плакат немесе интерактивтік тақта арқылы).
- Сұлтандармен тәжірибе.
4-топ: «Тарихшылар орталығы» — топ мүшелері «Электр» термині, Кулон заңы, Иоффе-Милликен тәжірибелері, Э. Резерфорд тәжірибесі, Максвелл мен Фарадей тәжірибесі туралы тарихи тұрғыдан түсіндіреді. (Шығармашылық тапсырмалар).
Сабақ барысында жұмыс жасаған топтар мен жекеленген мүшелерінің жауаптары мен өз ойларынды жинақтай отырып, тарау бойынша білімдерімізді қорытындылап бекітейік.
Бекітуді деңгейлік тапсырмаларды орындай отырып жүзеге асырайық: (Орындарында және компьютерде).
III кезең. Білімдерін бекіту.
Деңгейлік тапсырмалар:
1-деңгей:
- Әр аттас зарядталған денелер бір-бірімен қалай әрекеттеседі?
- Жібекке үйкелген екі шыны таяқша бір-бірімен қалай әрекеттеседі?
- Атомның құрылысы қандай бөліктерден құралады?
- Электронның заряды қандай? Протон ше?
- Электронның маңайында электр өрісі болады ма?
- Зарядталған дененің маңайында электр өрісінің бар екендігін қалай білуге болады?
2-деңгей:
- Берілген суреттегі шариктердің заряды туралы не айтуға болады?
- Мына суреттегі шарик пен таяқшаның заряды жөнінде не айтасың?
- Протонның зарядынан атом ядросының заряды аз болуы мүмкін бе?
- Хлор атомына 1 электронды қосылды. Пайда болган бөлшек қалай деп аталады? Оның заряды қандай?
- Теріс зарядталған таяқшаның көмегімен электроскоптың белгісіз зарядын қалай анықтауға болады?
- Электр өрісінің материяның бір түрі екендігін қалай дәлелдеуге болады?
3-деңгей:
- Бензин таситын автоцистерналардың корпусына бірнеше буындары жерде сүйретіліп жүретін шомбал шынжырларды не үшін қыстырып бекітеді?
- Электроскоп өзекшесін неліктен металдан жасайды?
- Азот атомының ядросында 14 бөлшек бар, оның 7-уі нейторн. Атом ядросында қанша протон, қанша электрон бар?
- Оттегінің атомы ядросының айналасында 8 электрон қозғалады. Оттегі атом ядросыда қанша протон бар?
- Электроскопты ылғалды бөлмеде электрлеу неге қиын, кейбір кезде мүлде болмайды?
- Жәшікте мыстан және темірден жасалған бұйымдар бар. Егер аккумулятор, ұзын мыс өткізгіш сым және темір стержень болса, онда бұйымдарды қалай бөліп алуға болады?
4-деңгей:
- Эбонит таяқшасын үйкелеу арқылы электрленгенде заряд немесе теріс зарядты болуы мүмкін бе?
- Автоцистерналардың корпусы шынжырлар арқылы жерге сүйретіледі. Ал теміржолдар арқылы цистернамен бензин тасығанда неге осындай шынжырлар қолданылмайды?
- Екі зарядтың шамасы тең, бірақ заряд таңбасы бойынша қарама-қарсы болған жағдайда, оларды бірге бір өткізгішке енгізсе жойылады ма?
- Жібекті шыны таяқшаға үйкелегенде оң зарядқа ие болады. Осыдан кейін таяқшаның массасы өзгереді ме? Өзгерсе қалай өзгереді? Неге?
- Токтан туындаған отқа кәдімгі отты сөндіргіш немесе суды пайдаланбайды, міндетті түрде құрғақ құмды пайдалану керек. Не себепті?
- Желестіру дегенді қалай түсінесің? Не себепті жерді пайдаланады?
IV кезең. Білімдерін бағалау.
- Жетондар тарату арқылы (Сұрақ-жауап)
- Есептер шығару. Топ жетекшілері бағалайды.
- Шығармашылық жұмыс. Топ жетекшілері бағалайды.
5. Өзін-өзін бағалау. Рефлексия
|
- Деңгейлік тапсырмалар.
|
- Қорытынды баға. (Мұғалім).
Бағалар | Баға саны | Білім сапасы % | Оқу үлгерімі % | Мониторингі |
«5» | ||||
«4» | ||||
«3» | ||||
«2» | ||||
Қатысқандар |
V кезең. Үй тапсырмасын беру. «Электр өрісі» тарауы бойынша сөзжұмбақ, кроссворд құрастырып келу.
VI кезең. Сабақты аяқтау.
Сонымен бірге назарларыңызға пәнаралық байланыс арқылы өткен мектепішілік сыныптан тыс жұмыс «Физика және өмір» ғылыми-практикалық конференциясын ұсынып отырмыз.
Мақсаты: Физика ғылымының XXI ғасырдағы орны, ғасыр жаңалығы — ақпараттық технологиямен байланысын ашып, өмірмен және өндіріс орындарындағы физика ғылымының рөлін көрсету.
Міндеттері: Физика ғылымы — ғылыми техникалық прогрестін іргетасы екендігін түсіндіру. ЭЕМ-нің физикалық негіздерін оқу, оның ішінде электроника саласы мен техникалық білімдерін ұштастыру.
- Оқушылардың ғылыми білім деңгейінің жоғарылауына, логикалық ойлау қабілеті, шығармашылық ізденістерінің дамуына ықпал ету, материалдық әлемнің бірлігі жөнінде түсінік алуға, табиғат пен қоғамдағы құбылыстардың өзара байланысын білу мүмкіндіктерін арттыру.
- Өндірістегі техника мен технологияның өркендеу маңыздылығын түсіне отырып, оқушының кәсіби білім, білік дағдыларын қалыптасуына жағдай жасап, политехникалық бағыттағы мамандықтарды таңдай білуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Плакаттар, оқушылардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі, конференция бағдарламасы, баяндамалардың мәтіндері, қосымша әдебиеттер.
«Физика және өмір» ғылыми-практикалық конференцияның өту барысы:
- Мұғалімнің кіріспе сөзі. Конференцияның жоспарымен, мақсатымен таныстырады, баяндамышыларды зейін қойып тындау сұралады.
Баяндамалар: «Физика және медицина», «XXI ғасырдағы ақпараттық технологияның физикадағы орны», «Физика және өнер», «Физика және электр», «Физика және техника».
Қорытынды: Әдістемелік бірлестік жетекшісі, математика, тарих мұғалімдері сөзі.
Марапаттау рәсімі. Жақсы жасалған баяндамаларға баға беру.
- 2010 жылы 6-10 желтоқсан күндері Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде қоғамдық, жаратылыс, техникалық және гуманитарлық ғылымдар бойынша студенттердің XIV ғылыми-практикалық конференңиясында 11 сынып оқушылары Мубараков Қыдырбай «Полимердің электростатикалық қасиеттері», Саменов Саят, Жақсыбаева Айым, Асенов Ақылбек «Білім беру жүйесін ақпараттандыру» тақырыбымен, ал 10 сынып оқушылары Мұханов Заңғар мен Тортубекова Еркежан «Электромагниттік сәулеленудің адам өміріне техногенді қауіптілігі» тақырыбымен баяндамаларын оқып, нәтижесінде университет ректорының «Алғыс хатымен» марапатталды.
Қорытындылай келе «Білім беруді ізгілендіруде пәнаралық байланыстар арқылы жеке тұлғаны қалыптастыру» тақырыбы бойынша шығармашылық және өздік жұмыс тақырыбымыздың атқарылу нәтижесінде:
- Жоғары нәтижелі үлгерім;
- Иновациялық әдістемелерді қолдану барысында дарынды балаларды анықтауға мүмкіндік береді;
- Дербестігі, өз-өзіне сенімі қалыптасады;
- Білімді өз бетімен алуды үйренеді;
- Танымдық іс-әрекеті, ойлау белсенділігі, тапқырлығы, шешім жасау әрекеті дамиды.
- Оқушының шығармашылығы дамып, кәсіби білім беру жүзеге асады.
- Ғылым мен техника жаңалықтарын қолдана отырып, ой-өрісі кеңейеді.
Болашағы:
- Баланың дарындылық қабілеті дамиды;
- Олимпиадаларға қатысып, жүлделі орын ала алады;
- Бала өз білімі мен жоғары оқу орнына түсе алады;
- Жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптасады.
Пайдаланған әдебиеттер:
- «Математика және физика» журналдары.
- «Информатика негіздері» журналдары.
- «Физика в школе» журналы.
Семей қаласы.