Химия сабағында зертханалық – практикалық жұмыстардың орындалуының тиімді тәсілдері Химия ғылымы- Эксперименттік ғылым.
Химия сабағында зертханалық – практикалық жұмыстардың
орындалуының тиімді тәсілдері
Химия ғылымы- Эксперименттік ғылым.
Сондықтан химия сабақтарында химиялық эксперименттің демонстрациялық тәжірибелер, лабораториялық жұмыстар, практикалық сабақтар сияқты түрлері қолданылады. Ондай химиялық эксперименттің бірнеше мақсаты бар:
- Зерттелетін заттармен оқушыларды көрнекі таныстыру. Мысалы: заттардың физикалық, химиялық қасиеттерін сипаттайтын тәжірибелерді көрсету.
- Оқушыларды заттардың сандық, сапалық өзгерістерімен жан-жақты таныстыру. Оқушылар көрсетілген тәжірибеден заттардың қасиеттері туралы қорытынды шығарады.
Сөйтіп әрбір оқушы осы химиялық эксперименттерде заттарды көзбен көріп қолмен ұстайды, табиғат заңдарын пайдалана отырып, жаңа заттардың қасиеттерін жаңаша талдайды, және адам ойының қаншалықты құдіретті жүйрік және кемеңгер екеніне ойын жеткізеді.
Химия сабағында эксперименттік жұмыстар өтуі үшін ең негізгі жағдай қазіргі талапқа сай жақсы жабдықталған химия кабинеті болуы керек.
- Оқушылардың кәсіптік білім алуына көмектеседі . Химияның өмірмен, халық шаруашылығымен байланысын, химия өндірісінің ғылыми негіздерін ашып көрсетеді.
- Оқушылардың практикалық іскерліктері мен дағдыларын қалыптастырады.
Химия кабинеті мектептің үшінші қабатында орналасқан. Кабинет: сынып -лаборатория және лаборант бөлмесі немесе зертхана сияқты екі бөлмеден тұрады.
Химия сабағында демонстрациялық тәжірибелер, лабораториялық жұмыстар және практикалық сабақтарды жоспарлы түрде жүргізу үшін арнайы күнтізбе жоспары жасалады.
Химия пәні бағдарламасы мен осы жоспарды басшылыққа ала отырып, әрбір сыныпқа арнап лабораториялық және практикалық сабақтарды жүргізу жоспарын жасаймын. Жасалған жоспарды әрбір тақырып бойынша қай күндері қандай демонстрациялық тәжірибелер және лабораториялық жұмыстар жүргізу керектігі атап көрсетіледі. Химияның әрбір сабағы тәжірибелер жүргізу арқылы қызықты, тартымды өтеді. Жеке сыныптарда жүргізілетін тәжірибелердің жоспарлары химия кабинетінің лаборант бөлмесіндегі мұғалімнің жұмыс столының жанында ілулі тұрады. Күнделікті сабаққа әзірлену кезінде тиісті тәжірибелерді алдын –ала сынап көріп , қажетті жабдықтар даярланып қойылады.Сабақта тәжірибелерді жүргізуде мен көптеген қосымша материалды пайдаланамын. Әсіресе С.Мұсабековтың «Органикалық химия практикумы »,С.А Балезин,
Г.С Разумовский, Д.И Филько «Жалпы химия практикумы» , Л.В Бабич «Практикум по неорганической химии» деген көмекші құралдар көп көмегін тигізіп жүр. Мектеп практикасында химиялық эксперименттің үш түрі : демонстрациялық эксперимент, зертханалық және практикалық сабақтар кезіндегі эксперимент жүреді.
Демонстрациялық экспериментті көбінесе жаңа сабақты түсіндіру барысында мұғалімнің өзі жасайды. Демонстрациялық эксперименттің нәтижелі болуы үшін экспериментті алдын-ала мұқият даярлап , оны міндетті түрде тексеру керек. Демонстрациялап отырған тәжірибенің сыныптағы барлық оқушыларға көрнекі болуы да алдын-ала ойластырылады. Демонстрациялық эксперимент кезінде мұғалім аспаптың құрылысын, жұмыс істеу принципін , реакцияға алынған заттардың қасиеттерін, реакция жүргендегі өзгерістерді сөзбен біртіндеп түсіндіреді. Түсіндіру процесінде мұғалім оқушылардың бақылауын жүйелі түрде бағыттап отырса ғана эксперимент тиісті нәтиже береді. Әрбір тәжірибеден кейін мұғалім оқушылардың қатысуымен логикалық талдау жасайды.
Мысалы: 1. Тәжірибе не үшін жасалады ?
2. Тәжірибеге қандай заттар алынды және олардың
қасиеттері қандай?
- Тәжірибе кезінде не байқадыңдар?
- Реакцияның жүруі үшін қандай жағдайлар қажет?
- Тәжірибеден қандай қорытынды жасауға болады?
Енді осы демонстрациялық экспериментке бір сабақтан мысал келтіре кетейін.Мысалы 8-сыныпта « Оттегінің қасиеттері» тақырыбын түсіндіргенде оттегінің қандай заттармен және қандай жағдайларда химиялық реакцияға қатысатынын анықтап, сабаққа қажетті құрал жабдықты дайындап алу керек.Оған қажетті жабдықтар : калий перманганаты, қызыл фосфор ұнтағы,ағаш көмірі,темір ұнтағы, натрий, спирт шамы, пробиркалар, шырпы, химиялық қасық. Жаңа сабақты түсіндіргенде оттектің ашылу тарихына бір оқушы тоқталып өтеді. Оған осы тақырыпқа хабарлама жасау күні бұрын беріліп қойылады. Одан кейін оттектің физикалық, химиялық қасиеттерін мұғалім демонстрация түрінде дәлелдейді.
- Калий перманганатын пробиркада қыздырудан алынған оттекті бір стаканнан екінші стаканға «құю» оның ауадан ауыр екендігі , шала жанған шырпының оттегінде күшті жарық шығарып жанатындығын көрсетумен жануды қуаттайтынын, иіссіз, түссіз, дәмсіз, суда аз еритін газ екенін айтамын.
- Оттегінің химиялық қасиеттерін түсіндіру үшін оның жай заттармен қосылуының бірнеше реакцияларымен таныстырамын.
а) Темір қасыққа аздап қызыл фосфор салып, спирт шамында қыздырып, жанған фосфорды оттек бар пробиркаға батырсақ, фосфор оттегінде көз қаратпайтын жарық шығарып, ашық жалынмен жанады, ыдыс ішінде қою ақ түтін (ақ ұнтақ) фосфор (v) оксиді түзіледі.
4P+5O2=2P2O5+Q
фосфор (v) оксиді.
ә) Қасыққа салынған ағаш көмірінің кішкене кесегін спирт шамның жалынына қыздырып, жалыннан алып ауада ұстаймыз. Онда көмір нашар жанады. Көмірді қатты қыздырып , оттегі бар стаканға салғанда ол жалын мен түтін шығармай жанып кетеді.
C+O2=CO2 +Q
б) Болат сымның ұшына шырпының сынығын түйреп, оны жағып, оттек бар ыдысқа батырсақ, темір шырпыдан от алады да, түтін шығармай жарық ұшқын шығарып шашырап жанады.
3Fe+2O2=Fe3O4+Q
Тәжірибелер нәтижесінде оқушылар бос күйіндегі оттектің активті, химиялық реакцияға оңай түсетін элемент екендігін қорытындылайды. Оқушылар тақтадағы реакция теңдеулерін пайдаланып төмендегі сұрақтарға жауап береді:
- Оттекпен жасалған тәжірибелер кезіндегі химиялық реакциялар қай типке жатады?
- Жылу эффектісі жөнінен қайсы реакцияға жатады?
- Реакция теңдеулерін элементтердің химиялық таңбасы бойынша оқы.
Жаңа сабаққа қорытынды жасалып, үйге тапсырма беріледі.
Химиялық эксперименттің екінші түрі – зертханалық тәжірибелер жасау.
Зертханалық тәжірибелер жаңа сабақты түсіндіру процесінде жаңа эаттарды алу және олардың қасиеттерімен танысу, мұғалімнің түсіндірген ережелерін нақтылау мақсатында жүргізіледі. Оқушылардың өздігінен орындаған жұмыстары заттардың қасиеттері туралы дұрыс және нақты түсінік алулары үшін мұғалімнің көрсеткен тәжірибелеріне қарағанда анағұрлым әсерлі болады.
Лабораториялық жұмыс кезіндегі эксперименттің өзіне тән артықшылықтары бар. Лабораториялық жұмыстар мұғалімнің тікелей басшылығымен жүргізіледі. Сыныптағы оқушылар бір мезгілде бір ғана жұмысты орындайды.Зертханалық жұмыс кезіндегі эксперимент уақытты көп керек етпейді. Мұғалім зертханалық жұмыс кезінде оқушылардың тәжірибелерді жасау барысын бақылап және бағыттап отырады.Оқушылар зертханалық жұмыстардан мұғалімнің көмегімен қорытындылайды .
Тақырыбы: 1. Глицериннің қасиеттері
2.Тапсырма :
а)Глицеринді суда еріту
ә) Глицериннің ылғал тартқыштық қасиетін байқау
б) глицеринге тән реакциялар
- Жұмыстың барысы:
а) глицериннің суда еруі
Оқушылардың әрқайсысы пробиркаға 5 мл глицерин құйып , оның үстіне сондай мөлшерде су құйып араластырғанда , глицериннің суда жақсы еритіндігі байқалады.
ә) Глицериннің ылғал тартқыштығы
Бір парақ сүзгі қағаздың бетіне 2-3 тамшы глицерин мен одан бөлек жеріне бірнеше тамшы су тамызып бақылағанда , су тез буланып кетеді де , глицерин тиген жері бұрынғыдай ылғал күйінде қала береді.
б) Глицериннің жануы
глицерин түссіз жалынмен жанып C O2, H 2O түзіледі.
в) Глицериннің натриймен әрекеттесуі .
Пробиркаға 1-2 мл глицерин құйып , оған тазартылған металл натрий түйірін салып , аздап қыздырғанда , қуатты әрекеттесіп , нәтижесінде глицерин мен сутегі түзіледі
CH2OH CH2-ONa
CHOH+2Na CH-ONa+ H2
CH2OH CH2-OH
натрий глицераты.
г) Глицериннің мыс (II) гидроксидімен әрекеттесуі
Пробиркаға мыс (II) гидроксидінің тұнбасынан салып, үстіне глицерин құйып , қоспаны шайқап араластырғанда ,көк түсті мыс глицериатының ерітіндісі түзіледі.
CH2OH HO CH2-O
Cu Cu
CH OH + HO CH-O + 2H2O
CH2OH CH2-OH
Бұл көп атомды спирттерге тән реакция.
Лабораториялық жұмысты жасап болғаннан кейін оқушылардың белсенді қатысуымен логикалық талдау жасалады.
- Глицерин суда қалай ериді ?
- Глицегин жанғанда қандай заттар түзіледі?
- Натрии глицератын қалай алады?
- Көп атомды спирттерге тән реакция қандай?
- Тәжірибеден қандай қорытынды жасауға болады?
Тәжірибені оқушылар өздері жасаған жасағандықтан қойылған сұрақтарға дұрыс жауап береді.
Енді практикалық жұмыстарға тоқталамыз.
Химияны оқыту барысында оқушыларға кәсіптік білім беруді қамтамасыз ету мақсатында белгілі бір тақырыпты, тарауды өткеннен кейін шәкірттердің химиялық тәжірибелерді өздігінен орындауы үшін арнаулы практикалық жұмыстар жүргізіледі.
Практикалық сабақтардың негізгі мақсаттарының бірі – оқушылардың білімін бекіту, алған теориялық білімін практикада қолдануға үйрету және практикалық іс- дағдыларын дамыту.
Практикалық сабақтарды нәтижелі өткізудің бірнеше жағдайлары бар.
- Мұғалім алдын ала практикалық жұмыстардың мақсатын, орындау жолдарын оқып келуді, нені және қалай бақылау керектігімен, бақылауды қорытындылау тәсілдерімен таныстырады.
Оқушылар үйлерінде оқу құралдарын және жетекші нұсқауларды , тәжірибені орындау тәртібін оқып келеді.
- Лабораториялық жабдықтар мен реактивтер оқушылардың санына қарай алдын-ала дайындалады.
- Практикалық жұмыстар кезінде әрбір оқушының жұмысы қатаң бақылауға алынып, тиісті жәрдем көрсетіп отырады.
- Оқушының жазба есептері тексеріліп, баға қойылуы керек.
Практикалық жұмысты есепке алу, бағалау мұғалімнің бақылауы және оқушылардың жазбаша есебі бойынша жүргізіледі.
жұмысты бағалауда 1) тәжірибенің дұрыс орындалуы
2) оқушы түсінігінің қорытындылары және формула, реакция теңдеулерінің сауаттылығы
3) Зертханалық жабдықтар мен реактивтерді орынды қолдана білуі
4) Жұмысты орындау дәлдігі
5) Оқушының жазбаша есебінің сапасы
6) Жұмыс барысындағы ұйымдастырушылық дағдылары есепке алынады.
Оқушының практикалық сабақтардың есебін жазуға арналған дәптерлері болады. Ол дәптерде практикалық жұмыстың орындалған күні тақырыбы , үйде орындауға берілген тапсырмалар , жұмысты орындау барысы , мақсаты ,қажетті құрал- жабдықтар және жұмыс туралы оқушы есебінің үлгісі , жұмыстың қорытындысы немесе есептің жауабы бір үлгіде жазылуы керек. Жұмыс соңынан оқушының шығарған есебін бірден жазуы оны жинақылыққа , тәртіптілікке , оқу материалын терең меңгеруге көмектеседі. Практикалық жұмыстарды есепке алу, бағалау оқушылардың практикалық сабаққа қызығушылығын арттырады .Оқушының практикалық жұмыс дәптеріне қалай ,не жазу қажеттігі туралы мысалдар келтірейін.
11-сынып Практикалық жұмыс №1
Тақырыбы: Органикалық зат құрамындағы көміртекті және сутекті сапалық жолмен анықтау.
Мақсаты: Органикалық заттың көміртегі мен сутегінен тұратынын іс жүзінде анықтау.
Керекті құрал- жабдықтар: Сынауық, ұстағышы бар металл тұрғы, қыздыруға қажетті құрал, газ жүретін түтігі бар тығынмен тығындалған сынауық, қосымша сынауық, парафин (немесе басқа да органикалық зат),мыс (II) оксидінің ұнтағы, кальций гидроксидінің мөлдір ерітіндісі, сусыз мыс (II) сульфаты.
Тапсырма :
Органикалық заттағы көміртекті –көміртек(IV) оксидіне , сутекті –суға айналдырып анықтау.
Жұмыстың орындалуы:
Сынауыққа газ жүретін тығыны бар түтікті кигізіп , оның герметикалығын тексеріңдер.
Құрғақ сынауыққа 0,5-1 г ұнтақ мыс (II) оксидін және оның жартысындай парафин салыңдар. Пробирканы горизанталь бағытқа келтіріп , оған құрғатылған тотияйыннан аздап салу және мыс (II) сульфаты тығынға жақын болатындай етіп пробирканы газ өткізгіш түтікпен бекіту.Газ өткізгіш түтіктің екінші ұшын әкті су құйылған пробиркаға батыру.Спирт шамымен пробиркадағы қоспаны қыздыру.Пробирка қабырғаларында су тамшылары түзілгеніне , пробиркадағы мыс сульфатының түсінің өзгергеніне және қызыл түсті мыстың пайда болғанына назар аудару.Реакция кезінде түзілген газдың әсерінен әкті судың лайлануын , демек көмір қышқыл газы түзілгенін байқау. Тәжірибені тоқтатып, пробирка салқындағаннан кейін мыс (II)сульфатын пробиркадан төгіп , реакция өнімдерін бөлек алу. Органикалық зат тотыққанда мыс (II) оксидінің таза мысқа айналатынын бақылау. Жасалған тәжірибелерге сүйеніп , парафиннің сапалық құрамы жөнінде қорытынды жасау. Тәжірибе соңында әр оқушы жұмыс орнын тазартып ,істеген жұмысы жөнінде есеп жазады.Оқушылардың есебін мен дәптерге мынандай кесте түрінде беремін
Жұмыс барысы | байқалған құбылыс | реакция теңдеуі | қорытынды |
Тәжірибенің сапасына сай оқушылар бағаланады.Химия сабағында осындай химиялық эксперименттерді жүргізу оқушылардың творчестволық ізденулерін , ой-өрісін дамытып , сабаққа қызығушылығын арттырады.Шәкірттердің өздігінен жұмыс істеу қабілетін дамытып, білімге құштарлығын оятады.