Менің кәсіби ұстанымым
Менің кәсіби ұстанымым
Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық — ұстаздық мамандығы. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Менің пікірім бойынша бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелей отырып, оқушының бойына жүрек жылылығын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын дарыту қажет. Ол үшін білімді, еңбекқор, бала жанын түсіне алатынболса ғана ұстаздық мкәсіптің шыңына жете алады деп ойлаймын. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Мен өз кәсібімді, өз пәнімді, барлық шәкірттерімді, мектебімді шексіз сүйемін. Ұстаздық қызметіме деген қызығушылық пен сүйіспеншілік мені небір қиын әрекеттерге жетелеп, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалатыныма сенемін. Әр ұстаздың қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс- тұрысы, жинақы іс- әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге бола білуі тиіс деп ойлаймын.
Менің педагог ретіндегі басты ұстанымым Өз ұлтыма рухани діңгегі мықты, әлемдік кеңестікке еркін самғай алатын, білім мен тәрбие деп аталатын қос қанатын қомдаған заманына сай ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесімді қосу.
Қазіргі тез құбылмалы әлемде функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналуда .
Жалпы білім беру жүйесіндегі және мектеп мұғалімінің алдында тұрған көлемді әрі жауапкершілігі мол міндеттердің бірі – оқушыға тиянақты білім беру болып табылады. Өз мамандығын шын сүйетін, өзі оқытатын пәнін жақсы көретін мұғалім әрбір сабағын ерекше дайындықпен және үнемі ізденіс үстінде жүргізеді. Оқушылардың ынтасын арттыру, пәнге қызығушылығын дамыту, білімді берік те саналы жеткізу жолында жаңаша әдіс-тәсілдерді ізденіп қолданады. Мемлекеттің күшеюі мен ұлттық гүлденуі дарындыларға, таланттыларға тәуелді екені белгілі. Ал дарындылар тәлім — тәрбиенің алдыңғы шегінде жүрген мұғалімдер алдынан шығатыны сөзсіз. Оқыту мен тәрбиелеу мақсатында жүргізілген жұмыстың тиімді көрсеткіштерінің бірі – оқушының белсенділік қабілеттері және пәнге деген қызығушылығын ояту, терең де мазмұнды білім беру, ой-өрісін, шығармашылық ізденісін дамытып, қазіргі нарық заманы бәсекесіне төтеп бере алатындай білікті тәрбиелі шәкірт, азамат тәрбиелеу.
Еліміз егемендік алып, өз алдына тәуелсіз мемлекеті болды. Тәуелсіз елеіміздің болашағы кімдер? Олар – бүгінгі менің алдымда отырған шәкірттерім. Тәуелсіз елеміздің берік тірегі – білімді ұрпақ. Ендеше жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған келелі мәселе- оқытудың жаңа технологияларын қолдана отырып, саналы, рухани бай, салауатты жан-жақты дамыған жеке тұлға даярлау менің басты парызым. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев қазіргі мұғалімнің қоғамдағы орнын бағалай отырып: «Сіздер мен біздер тек болашақ буынды ғана емес, жалпы азаматтық қадір-қасиеттердің мән-маңызын түсінетін, жаны да, тәні де таза білімді патриот азаматтар буынын тәрбиелеуге міндеттіміз» деген еді. Ұстаздық қызметті ерекше ұлықтаған халқымыз өзінің ең қымбаттысын – балаларын оқытып, тәрбиелеуді бізге — мұғалімдерге тапсырған. Сондықтан кездесетін қиындықтарға қарамастан білім сапасын арттыру, баланы тәрбиелеу – мұғалімдер қауымының міндеті. «Адамның адамшылығы… жақсы ұстаздан» деп Абай атам айтқандай, мен қандай болсам, алдымдағы шәкірттерім сондай боп шығарын түсінемін. Шынында да, бала болашағы – менің қолымда. Қызығы да, қиындығы да мол ұстаздық жолдан мүдірмей өтсем, менің де биік шыңға шыққаным.
Абай атамның «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретудан балаға» деген қасиетті қағидасы менің әрдайым жүрегімнің түкпірінде ұстайтын ұстанымым.