Бұғауға бағынбаған жырлар Шортанбай Қанайұлының шығармашылығы бойынша

Бұғауға бағынбаған жырлар Шортанбай Қанайұлының шығармашылығы бойынша

Шортанбай Қанайұлы –  ХІХ ғасырдың орта  шенінде өмір сүріп, сол кездегі  қазақ әдебиетінің дамып, өркендеуіне  елеулі үлес қосқан аса көрнекті ақындардың бірі. Ысқақ Тәкімұлы

Жоспар

І. Кіріспе

Шортанбай Қанайұлы өмір сүрген заман сипаты

ІІ. Негізгі бөлім

  1. Бұғауға бағынбаған жырларының тақырыбы, көтерген мәселелері
  2. Шығармаларының өзіндік ерекшеліктері, тіл кестесі

ІІІ. Қорытынды

Шортанбай Қанайұлының қазақ әдебиетіне қосқан үлесі

 

Туғанына 195 жыл толып отырған Шортанбай ақынды көп адамдар Абайдың:                      

                       Шортан­бай, Дулат пенен Бұқар жырау,                                                                                                          

                       Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау, —                                                                                                             деген өлең жолдары арқылы ғана біледі десек, артық айтқан­дық емес. Тіпті осыған қарап, Шортанбай жөнінде күні бүгінге дейін ұшқары пікірде жүргендер де жоқ емес. Ал, шын негізінде, Шортанбай кім, қандай ақын, оның қазақ әдебиетіндегі орны, әдеби үлесі қаншалық? Енді осы төңіректе сөз тарқатып көрелік.
Ер түріктің бесігі, түркі жұртының тұма­ры болған Түркістан жеріне қарасты Қарнақ қыстағында 1818 жылы дүниеге келген Шортанбай Қанайұлы орта ғасыр данышпандарының еңбектерімен сусындап, ақылды, зерек болып өскен. Ойшылдар Отанында оқып, мұсылмандық  тағы­лым алған. Есейген кезде  Түркістаннан Арқа­ға, Қарқаралыға қарасты Жамантай төренің мекеніне, қоныс аударған. Біржан сал және Ақан сері, Үкілі Ыбырай мен Мәди, Жанақ, Шөже, Орынбай, Кемпірбай,  т.б. төкпе ақындардың айтыстары, жыршы-жырау­лардың толғау, жырлары өнерге құштар Шортанбай ақындығының ұшталып, айшық­тануына ықпал етті. Қазақтың киелі өлкесі Шортанбайды тақуа етіп тәрбиелесе, қазақ өнерінің қан тамыры саналатын Арқа даласы оны тамаша ақын етіп шығарды. Оған ақынның:

Қожа емес едім, сарт едім,

Арқаға келіп нан жедім,

Нан жедім де дәндедім.

Жүйрігі болса, мінсем деп,

Сұлуы болса, сүйсем деп,

Жарамды тонын кисем деп,

Күннен-күнге сәндендім, –

деген өлең жолдары дәлел.

Мұхтар Әуезов «зар заман ақындары» деп анықтама берген топтың ең атаулы өкілдерінің бірі – Шортанбай Қанайұлы. Шортанбай заманы — Ресей империясы отаршылдығының әбден күшіне кіріп, қазақ өлкесін емін-еркін билей бастаған тұсы болатын. Ең алдымен, ел билеу жүйесіне өзгерістер кірді. Хандық   жойылып,   әуелі   аға   сұлтандық,   онан   соң   болыстық   жүйелер   пайда   болды.  Олардың  басына  бұрынғыдай  елге  ұйтқы  болатын  дана  көсемдер  мен  қол  бастаған  батырлар,  сөз  бастаған  шешендер  емес,  орыс  әкімшілігіне  ұнай  білетін  пысықтар  мен  басшының  ыңғайына  көнгіш  жағымпаздар  қойылды.  Олар  ел  мұңын,  халық  мұқтажын  жоқтауға  емес,  отаршылдық  саясат  пен  өз  құлқыны үшін ғана  қызмет  етті.  Елдің  берекесі  кете  бастады.  Оның  үстіне  қазақ  жері  мемлекеттің  меншігі  саналып,  оған  патша  үкіметінің  билігін    нығайтуға    арналған     бекіністер   салына     бастады,    ол   жерлерде     жаңа  қоныстанушылар  пайда  болды. Сауда-саттық кіріп,  бұрын  мұндайды көрмеген қазақтың шаруашылығын бөлшектеп, ақшаға айналдырды. Даланың  байлығын  пайдалану  мақсатымен  сауда-саттық  күшейіп,  қазақ  елі  тұтастай  орыс  капитализмінің  құшағына  кіре  түсті. Кең  жайылып  жатқан  есеп-қисапсыз  елге  есеп  кірді.  Есепке  құрылған  дүние  елдің  психологиясында,  тұрмыс-тіршілігінде  өзгерістер  туғызды.  Таптық  жік  күшейді.  Байлар  байыған  сайын  байып,  кедейлер  кедейлене  түсті.  Бай  мен  араға  есеп  кірген  кедей  оған  ермей  қалды  да,  жермен  кәсіп  етуге  көшті,  жатақтар  пайда  болды.  Осылардың  бәрі  қазақтың ескі өмір қалпын ыдырата бастап еді. Мұндай   тарихи   үлкен   үдерістің   заңдылығын,   қазақтардың   көшпелі   тұрмыс   күйімен  оңашалану  дәуірі  өткенін  ол  заманда  түсіне  қою  да  оңай  емес-ті.

Жаңа  өмір  салты  халықтың қалыптасқан ұғымымен қайшылыққа келді де,  «заман бұзылып барады» деген түсінік  тарады.  Шортанбай  бір  өлеңінде  оны  «Зар  заман»  деп  атады.

Оның  жырлары,  негізінен, өз дәуіріне риза болмай түңілуге, алдан күтер ештеме жоқ үмітсіздікке құрылады  да,  бәрі  зар  болып,  сары  уайым  болып  келеді.  Осыдан  барып  торыққан  Шортанбайдың тірелер жері де дін болып, ол бұл дүниенің опасыздығын айтып, жақсылықты о дүниеден  іздеуге  барады.  Шортанбайдан  шыққан  осы  бір  «зар  заман»  деген  сөз  кейін  біртұтас  дәуірдің атына айналды.

Шортанбай шығармаларының тақырыбы, негізінен, қазақ халқының екі жақты езгіге түскен ауыр халін суреттеуге құрылған. Халықты екі жақты қанаған қазақтың бай, би-болыстары мен патшаның озбыр отаршыларының ниетін әшкерелей отырып, оларды аяусыз сынға алды.

Шортанбай белгілі бір ортаның немесе бір аймақтың ғана тұрмыс-тіршілігін жырлаған жоқ, барша халықтың мұң-мұқтажын толғады, көптің жақтаушысы болды. Зобалаң заманның зорлығын көзімен көріп, жанымен, тәнімен сезінді. Ол патшаның отаршылдық саясатынан қорықпай, би-болыстардан қаймықпай, кеудесінен жарып шыққан, бұғауға бағынбаған жырлары: «Зар заман», «Бала зары», «Тар заман», «Опасыз жалған», тағы басқа толғаулары арқылы ақиқаттың астарын ашып берді.

Шортанбай толғауларының ішінде көпшілікке кеңінен тараған туындысы – «Зар заман». Ақын: заман бұзылды, бұрынғы қорлар зорайып, зорлар қор болуға айналды, атаны бала, ананы қыз тыңдамайтын болды, бұрынғы дуалы ауызды билер сөзден қалды, жаңа басшылар шығып, қуырып бара жатыр, қыңқ етсе қалаға шабады, орыс ұлықтары да әбден билеп алды дегенді жеткізеді.

Зар, зар, заман, зар заман,
Зарлап өткен бiр заман,-

деп бастап,

Әуелгі қорлар зор болды,
Сондай зорлар қор болды.
Әуелгі барлар жоқ болды,
Сондай жоқтар тоқ болды,-

деп шұбырта келіп,

Бұл асылық, асқан заманда,
Ұл туады атаменен егесіп,
Қыз туады анаменен теңдесіп,
Баласы кетіп тыюдан,-

дей келіп, сөзін:

Кәпірді көрдің піріңдей,
Тілмәшті көрдің жеңгеңдей,
Дуанды көрдің үйіңдей.
Абақты тұр қасыңда
Қазылған қара көріңдей!-

деген түйінмен аяқтайды.

Шортанбайдың «Зар заманында» байлардың бұқара халыққа көрсеткен озбырлығын, мансапқұмар адамдардың пысықтығы мен пасықтығын сынға алады.

Шортанбай ақында бірден көзге түсетін айқын ерекшелік – басқа ақындардай емес, не жөнінде айтса да, өзінің ойына, түпкі мақсатына әрдайым дін қағидаларын тірек етіп, Құдайды аузынан тастамады. «Бала зарының» жырға тән ырғағы осылай басталады:

Атамыз — Адам пайғамбар,

Топырақтан жаралды.

Мұсылман, кәпір — халық боп,

Сол адамнан таралды.

Ақын өз заманының өзгергенін, дін жолын ұстаушылардың азайып бара жатқанын, демек, олардың Құдайды ұмытып, малынан зекет бермей, ораза-намаздарын қаза етіп жүргендерін айта келіп, мынандай қорытындыға келеді:

Сөзім қалсын артымда,

Бір күні болар қиямет.

Дұға қылып қол жайғай,

Мұны есіткен әлеумет.

 

Шортанбай Қанайұлы шығармаларының басты ерекшеліктерінің бірі – оның Абайдан бұрын болып өткен ақындардың ішінде әлеуметтік мәселені тұңғыш рет тиісті дәрежеге көтере білуі. Сонымен қатар, осыған өзі шама-шарқынша жауап беруге ұмтылыс жасады.

Сонымен, Шортанбай ХІХ ғасырдың орта тұсында патша үіметінің қазақ даласын отарлау саясатынан туған әлеуметтік өмірді «Алдаушы жалған» дейтін өлеңінде былайша түйіндейді:

Текті туған ер жігіт

Кедейлік басса, құлығар.

Аяқты қия басу жоқ,

Орыстың салған жолы бар.

Емін-еркін заман жоқ,

Ендігі жүрген жігіттің

Маңдайында соры бар.

Шортанбай шығармаларының негізгі ерекшеліктерінің бірі деп, оның жырларының ақылгөй, өсиетшіл келетінін айтқан жөн. Ақын әр тұста терең толғап, өрнекті де өнерлі сөз термелейді. Ақылдар айтады, нақылдар қалдырады. Шортанбайдың арнайы айтып кеткен өсиет сөздері де бар. Ол өсиеттерін қалың қазаққа, оның басшы адамдарына, ұл-қызына, кәрі-жасына арнайды. Өз атынан барлық қауымға сәлем жолдап, бақұлдасқандай болады.

Билерге былай дейді:

Тыңдаңдар, жұртым, сөзімді.

Билер, пара жемеңдер,

Жалғанды жолдас демеңдер,

Кісі ақысын алмаңдар.

       Болыстарға айтқан өсиеті:

Дүниенің малы үшін,

Ақтан аттап өтпеңдер.

Старшын, болыс болам деп,

Ысырап қып малды төкпеңдер.

         «Өлер зарын» Шортанбай былай аяқтайды:

Қамсыз жүріп қамалған,

Жасын иіп, Тәңірім,

Өзің оңда халқымды.

Құрық түсті мойынға,

Тарылып тыныс алқынды.

Зармен бітті өмірім,

Жарылқа енді артымды…

Келтірілген ақынның қоштасу сөздері, өсиеттері мәнсіз емес. Елдің бас көтерген адамдарын тәубаға шақырып, мал, дүние үшін қор болмай, халық үшін, бір құдай үшін қызмет етуін тілейді. Ізгілік, әділет жолынан тайынбай іс қылып, саналы, салихалы өмір кешуін уағыздайды. Ақырет жолы мен адамгершілік, әділет жолдарын тең ұстап, ешкімге обал, қиянат жасамай, тек қана ізгілік жасап өткенін тілейді. Шортанбай өмірдегі көрген-білгендерін есіне алып, былай дейді:

Әркімнен қалады екен дүние шіркін,

Өтіңіз тәубе қылып аз жалғанда…

Шортанбай шығармаларында өлең сөздің бей­нелеу құралдарын мейлінше мол пайдаланған. Шортанбай өлеңінің сезім қуаты, көркемдік күші бейнелі көркем тілінде ғана емес. Шортанбай өлеңіне поэзиялық сәуле түсіріп тұрған – наразылық, жаттың ісінен іш жию, ұрпағын жа­ман­дықтан сақтаудағы жанұшыру сезімі. Ақын­ның тіл кестесінде ежелгі дәстүрлі қолданыстармен бірге, өз заманының ерекшелігін жеткізер өзіндік тіл айшықтары аз емес. Бір ғана заман ұғымы ақын қолданыс­тарында зар заман, тар заман, асы­лық асқан за­ман, ақыр заман, арғы­мақ ат тосыр­қап, тағалы болған заман, т. б. түрле­ніп сипатталады. Қазақ поэзиясы­ның кейіптеу тілі, теңеу тілі зар заман дәуі­рінде өзгеше сипатқа енді. Ашы­нып, кектеніп, жек көріп, айбат­танып, сес көрсете сөйлеу поэзия тілі­не жаңа айшықтар әкелді. Махам­бет Жәң­гірді қасқырға, жыланға, шаян­ға, т.б. те­ңе­ді. Дулат  шығар­маларын­дағы ел мінезін, атқамінер­лердің болмы­сын ашу – қазақ поэ­зия­сына жаңа қырлар енгізді. Зар заман ағы­мы ха­лық поэзиясындағы дәстүрлі кейіптеу, бейнелеу құрал­дарын мо­лайт­ты, түрлендірді, өз­герт­ті. Шор­танбай тілі – сол өзгер­ген, нақты­лана түскен, жүзі өткірленген, өтімі өскен өлеңнің тілі. Әрбір өзгерген қалып­тың, тіршілік дамуы­ның жаңа сөз тудырып отыра­тыны белгілі. Зар за­ман­ның да өз сөзі болды. 
       Шортанбай шығармалары XIX ғасыр­дағы қазақ өмірінің айнасы іспетті. Ол туған елінің ауыр тағдырын жырлап, көңілдегісін бүкпесіз айтқан, адамның мін-кемшілігін аяусыз сынап, жөнге салуды мақсат етіп отырған. Академик-жазушы Сәбит Мұқанов Шортанбайдың үш зары бар: «Зар заман», «Бала зары», «Өлер зары». Осы үш зарында да ол халықтың басына түскен зарды, зама­нының зарын айтқан. Бұл үш зар – үш поэ­ма және сюжеттік жағынан біріне-бірі жал­ғас, бірінің мазмұнын бірі өрбітетін поэма: «Зар заманда» Шортанбай қазақ халқының көтерілістерін патша үкіметі уақытша сөн­дір­геннен кейінгі ауырлаған халді айтады; «Бала зарында» көтерілістен кейінгі ауырлаған халді айтады; «Өлер зарында» Шортанбай өлім халінде жатып, өмірмен, елмен мақұ­л­дасып, артында тірі қалып бара жатқан жұрт­тан не тілейтіндігін баяндайды».

Шортанбай Қанайұлы көне түркі, араб поэ­зия­сының қыры мен сырын еркін меңгеріп, игерген ақын екені даусыз. Шортанбай жыршы ғана емес, айтыскер ақын ретінде де топқа түседі. Оның Шөже, Орынбай, Асан ақындармен айтыстары ғана бізге жеткен. Осылардың ішіндегі көлемдісі де, мазмұны жағынан толымдысы да Орынбаймен айтысы. Айтыстың өне бойынан ақынның тапқырлығын, сөзге шеберлігін, тілінің өткірлігін анық аңғаруға болады. Сонымен, ақынның қазақ поэзиясына қосқан үлесі зор. Ол – адамшылықты, кісілік қасиетті насихаттаған ақын.

Қорыта келгенде, Шортанбай – бая­ғы­ны баяндап беруші емес, өз дәуі­рі­нің шындығын нақты көрініспен, өлеңге өзіндік өрнекпен көшірген ірі дарын, ілгерідегі өлең дәстүрін дамытып, ба­йы­тушы және заманға сай жаңа түске көшірген суреткер.