Аппликация

Бейнелеу өнері, 4 сынып

Сабақтың тақырыбы: Аппликация

Сабақтың мақсаты:

білімділігі: Оқушыларды аппликация ұғымымен таныстыру. Аппликацияны бейнелеуге қажетті құралдармен жұмыс жасаудың әдіс — тәсілдерімен таныстырып, бейнелеу іс — әрекеттерін меңгеруге баулу.

тәрбиелігі: Оқушының бейнелі ойлау, қол икемділі қабілеттерін қалыптастырып, жетілдіру. Түс жарасымдылығын, композициялық шешімін табуға баулу.

дамытушылығы: Оқушыларға форма, көлем, түс жайлы түсініктер бере отырып, олардың бейнелеу, безендіру, құрастыру қабілеттерін дамыту.

Пәнаралық байланыс: технология

Сабақтың әдісі: сәндік қолданбалы өнер

Көрнекілігі: Түрлі қағаздан, матадан, табиғи материалдан жасалған аппликациялық суреттер.

Керекті құралдар: Түрлі түсті қағаздар, мата түрлері, қайшы, желім, сурет альбомы, қарындаш т. б.

 

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі.

а) Оқушылардың сабаққа қатысын белгілеу

ә) Күннің жадын белгілеу

б) Оқу құралдарын тексеріп, назарын сабаққа аудару

 

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.

а) Оқушының сурет альбомын қарап, бағалау

ә) Өтілген тақырыпты тест әдісімен сұрау.

  1. Еркін тақырыпқа сурет салу деген не?

а) таңдаған тақырыпқа сурет салу

ә) нұсқадан қарап салу

б) берілген тақырыпқа сурет салу

  1. «Пейзаж» жанрында не бейнеленеді?

а) табиғат көрінісі

ә) теңіз, көл

б) жан – жануарлар

  1. Сурет салуда қандай заңдылық қатаң сақталуы тиіс?

а) перспективалық

ә) үйлестіру

б) конструкциялық

  1. Мыналардың қайсысы анималистік жанрға жатады?

а) аңдар

ә) табиғат көрінісі

б) теңіз, көл

  1. Сурет салудың төртінші кезеңі қалай?

а) орнын табу

ә) суретті бояу

б) суретті толық аяқтау

  1. Үй тапсырмасын қорытындылау.

 

ІІІ. Жаңа сабақты түсіндіру

  1. «Аппликация» атауы латынның «жабыстыру», «қиыстыру» деген сөзінен шыққан. Аппликацияны қолданылатын материалына қарай үшке бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – түрлі қағаздармен орындалатын аппликация. Екіншісі – әр түрлі мата, киіз, тері, шүберек, т. б. қолданумен орындалатын аппликация. Үшіншісі – табиғи материал (сабан, ши, қамыс т. б.) қолдану арқылы орындалатын аппликация.

Сурет түрінде орындалған аппликация түрі біздің заманымызға дейінгі ертеректе Греция өнерінде пайда болған.

Ал әр түрлі мата материалдарында орындалған аппликация түрі 16 ғасырда Италия мен Испанияда, 17 ғасырда Германия мен Францияда пайда болған. Аппликацияның силуэттік түрде орындалуы 18 — 19 ғ. Россияда жақсы дамыды. Аппликацияның қай халық өнерінде болса да алатын орны ерекше. Әсіресе қолданбалы өнерде көп қолданылады. Аппликация Қазақстанда да жақсы дамыған. Қазақ халқының ақ, қара киіз арқылы оюлап жасаған сырмағының өзі – аппликацияның бір түрі. Әсіресе ұлттық киімдерді ою — өрнекпен әшекейлеуде аппликация озық үлгіде дәріптеледі.

 

Сәндік аппликация түрлері қорап қағаздарды, открыткаларды безендіруде қолданылады. Сәндік аппликациямен қабырға газеттерді, альбом, папкаларды да безендіреді. Сәндік аппликация үлгісімен әр түрлі түсті қағаздардан гүлдердің алуан түрін жасауға болады. Сәндік өрнектік аппликацияны төртбұрыш, үшбұрыш, шеңбер ішінде ою — өрнектерден үйлестіріп орындауға болады.

Сюжеттік аппликация түрінде әр түрлі мазмұнда тапсырмалар орындаудың маңызы ерекше. Өйткені еркін, әр түрлі тақырыпта жасалған аппликация оқушылардың дербес ойлауына және шығармашылық жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызады.

  1. Жасалу жолдары:
  2. a) Орындалатын суретті түрлі түсті қағаз бетіне қарындашпен салып, қайшымен ойып алу;

ә) Ойылған қиынды кескіндерді қағаз бетіне желімдемес бұрын,

үйлестіріп қойып, орындарын қарындашпен белгілеп алу;

б) Әрбір қиындыны нөмірлеп, рет бойынша белгіленген орынға желімдеу.

  1. Өзіндік жұмыс.

Тақтаға салынған сурет бойынша, аппликация орындау.

 

  1. Бекіту сұрақтары:

а) «Аппликация» қай елдің сөзі?

ә) Қазақша қандай ұғымды білдіреді? Қалай орындалады?

б) Түрлерін ата

в) Қазақ халқы аппликацияны қайда қолданған?

г) Алғаш қай елде пайда болды?

д) Сәндік аппликация түрлері қайда қолданылады?

(открытка, қабырға газеті, альбом т. б.)

 

ІV. Қорытынды бөлім

а) Жаңа сабақты қорытындылау

ә) Оқушыларды бағалау

б) Үйге тапсырма беру