Көркем өнер — көненің көзі
Суретшілік өнердің өзі сол халықтың тарихын, мәдениетін, тұрмыс тіршілігін, салт дәстүрін паш етіп тұратын көркем өнердің бір саласы.
Кез келген картинаның айтайын деген ойы, белгілі бір тақырыбы, мән мағынасы болады. Суретші сол арқылы өзінің ой қиялын, сол кезде болып жатқан оқиғаны қаз қалпында халыққа жеткізуге тырысады.
Менің негізгі мақсатым да сол, суретшілердің қолынан шыққан картиналардан алған әсерімді әңгімелей отырып, қазақ халқының суретшілік өнеріндегі көненің көзіндей, өмірдің өзіндей картиналардың, полотнолардың қадір — қасиетін жас ұрпаққа ұғындыру. Балалардың өнерді түсініп қарауға насихаттау.
Кейбір елдерде көрермендер осындай жұмыстардың алдында сағаттап тұрып қарап кейбір суретшілердің картиналарынан өзінің алған әсерін айтып түгесе алмай, дәріптеп, жоғары бағалап, картинаның шоқтығын биіктетіп, суретшінің атақ – даңқын көкке көтеріп жатады. Бұл халықтың өнерді түсінуге құштарлығы болар, бәлкім… Мүмкін бұл сол суретшінің еңбегіне деген құрметі шығар. Себебі, суретші сол картинаға бар уақытын жұмсап, күш – жігерін сарқып, жан дүниесінен шыққан сезімдерін сарп етіп, жан тәнімен беріле орындады ғой…
Кейбір картиналардың жазылып бітуі көп жылдарға созылып кетуі мүмкін. Мысалы үшін, В.Суриковтың «Бояр әйел Морозова» картинасында көзін (жанарын) суретші 25 жыл бойы іздеген көрінеді. Бұл картинада бояр әйелдің жалаң аяқ қар кешкен жарлы – жақыбайға, қарапайым халыққа деген көз қарасынан оның қаталдығын, бірбеткей өр көкіректігін, мейрімсіздігін көруге болады…
Ал, енді қазақ халқының суретшілік тарихына келер болсақ, қазақ тарихында өз қол таңбасымен, кәсіби шеберлігімен жазылып қалған суретшілер көп – ақ. Солардың көш басында тұрған қазақтың байтақ даласын, тарихи тұлғаларын халықтың өмір салты мен тұрмысын, мәдениетін кең түрде шебер бейнелеген – Әбілхан Қастеев.
Оның «Турсиб» картинасын жақсы білеміз. Бұл тарихи картина! 1930 жылдары қазақ даласына темір жолдың келуі. Халықтың алыстан аттылы – жаяу келіп «Отарба» деп қызықтап қарсы алуы. Алыстан көз салып тұрғандары қаншама… Бұл картинаның сәтті шыққаны сонша – паровоздың буы аспанға атқылап…, айғайлап…, жер танабын қуырып келіп, келіп қалған пойыздың… дала төсін тарсылдата соғып, ысқырған – пысқырған дауысы құлаққа естілгендей болады… Тіпті бүкіл дала – бір сәт тына қалып, пойыз үнін тыдап қалғандай әсер қалдырады… Міне мұны өнердің құдіреті десе болады!
Әбілхан Қастеевтің бір ерекшелігі — болып жатқан оқиғаның ортасында жүріп, тау – тасты аралап, тарихи тұлғалармен кездесіп шынайы жазуында.
Бұл өз өмірінің жарқын сәттерін, бүкіл саналы ғұмырын өнерге арнау болар, бәлкім. Сондықтан да, ол кісінің қолынан шыққан жұмысқа бей – жай қарай алмайсыз. Оның «Бие сауу», «Мектепке», «Шөп шабу», «Жағалаудағы автолавка» картиналарын көргенде ойға шомып, сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қазақ даласына келіп тұрғандай сезінесіз. Халықтың қайсарлығын, өмірге деген құштарлығын, болашаққа деген сенімді көзқарасын, жаңашылдығын көз алдымызға жайып салады.
Амангелді Имановтың портретін көргенде таңданбасқа шараң жоқ. Бүкіл қазақ даласын ақ патшаға қарсы көтерген, ақтардан қорғаған жау жүрек, жауына қатал қас батырдың жүзінде тек имандылық пен мейірім тұнып тұрғанын көресің.
Мен өз халқымның көшіп – қонып жүретін ауыр тұрмысына қарамай, басынан өткен көп қиындықтарды жеңе білген қайсар да қайратты, өте мәдениетті, қолында барды ұқсата білетін, талғампаз да шебер, ісмер халық екенін көненің көзіндей көркем өнер туындыларынан көріп отырмын және осы арқылы менің өз халқыма деген сүйіспеншілігім арта түседі. Сондықтан болар көз алдымда қазақ деген халықтың шоқтығы одан әрі биіктей түседі. Еріксіз бұл халықтың ұлылығын мойындай түсесің.
Сөзімнің соңында айтпағым, адамзатқа сыйлар өнер туындыларының кереметтері ұшан теңіз. Мысал үшін айтар болсақ, кейбір картиналар сізді рухтандырса, екіншісі биік армандарға жетелейді, ал кейбірі ұлан сыр қуаныш сыйласа, кейбірі жастық жігеріңді жаниды, кейбірі қимас күндеріңді, жастық шақтарыңды еске салса, кейбірі терең ойға шомдыруы мүмкін.
Сізді рухтандырып, жақсылық әлеміне жетелейтін, ұлылықты паш ететін, сезіміңді селт еткізер, санаңызға ой салар картиналар көп болсын!
Айбосынова Зулфия