Баяндама: Суицид қайдан шығады?
Баяндама:Суицид қайдан шығады?
Суицид қайдан шығады?
… Кеше ғана жарқын күн күлімдеп, бау-бақшада құстар сайрап, өмір маған қызықты да әсем ертегідей еді… Кенеттен көңіліме бұлт торлап, қандайда бір көңіл толмаушылық, реніш, себепсіз ашу кернеп, көңіл-күйім түсіңкі, өзімнің ешкімге керек еместігімді сезіндім..
Міне осылай адам бойындағы депрессия кенеттен пайда болып, кейде өте ұзақ жалғасуы мүмкін. Ол бірден тез өтіп кетеді, не болмаса терең де созылмалы түрде болады. Қандай жағдайда да депрессия — түрлі эмоциялар, елестетулер, еске алулар мен ойлардың жиынтығы. Әдетте, депрессияны бойынан кешіретін адам оның не себептен екендігін анықтай алмай әлек болады Депрессиялық жағдайға түскен адам жиі агрессиялы (ұрысқа, қақтығысқа бейім) болады. Сонымен бірге, оның агрессиясы бірінші кезекте өзіне, содан соң жақынына және қоршаған ортасына бағытталады. Көп жағдайда жақындары немесе қоршаған ортасы оның бойындағы өзгерістерді түсінбейді де, қабылдай да алмайды. Ал бұл оны көптеген тығырыққа тіреп, соңы суицидке әкеліп соғуы мүмкін. «Суицид» латын тілінен алынған «өзін-өзі өлтіру, өзіне қол салу» деген мағынаны білдіреді. Тағы бір синонимдік мағынасы — қасақана өз өмірін қию. Қазіргі таңда өзіне-өзі қол салу мінез-құлқы біржақты патологиялық тұрғыдан қарастырылмайды. Бұл әрекет көп жағдайда есі дұрыс адамның мінез-құлқы. Сонымен бірге, өзіне-өзі қол салуға қатысты әрекет.
Жасөспірім кезеңде суициалдық мінез-құлықтың кейбір өзгешеліктері болады. Жасөспірімдер арасында ересектерге қарағанда өзін-өзі өлтіруге әрекет жасау жиі кездеседі. Бірақ олардың азғана бөлігі өздерінің қойған мақсатына жетеді. Суициалдық мінез-құлық бұл жаста көп жағдайда демонстративтік сипат, сонымен бірге байбаламдық сипат алады. Психолог-ғалым А.Е.Личконың көрсеткеніндей, тек қана жасөспірімдердің 10 пайызы шынайы өлгісі келетін ниет білдірсе, ал 90 пайызы көмекке шақырған жан-айқайы болып есептелінеді.
Міне, осы жағдайлардың барлығында психолог пен отбасының көмегі қажет. Өкінішке орай, көпшілік психолог қызметінің не екендігін және оның не үшін қажеттігіне мән бере бермейді. Психологты көп жағдайда психиатрмен шатастырады, сондықтан да оның алдына баруға ұялады.
Ал бұл екеуінің арасындағы айырмашылық бар. Қарапайым сөзбен айтқанда, психиатр ауруларды емдейді, ал психолог – психикалық тұрғыдан сау адамдарды. Дегенмен, депрессиялық жағдайда адамға көбінесе отбасы мүшелерінің шынайы қамқорлығы, жақындығы, түсіністігі мен демеуі қажет. Осы жағдайда мектеп балаға қандай көмек бере алады? Мектеп психологы – бұл кешегі мұғалім, бүгінгі – жас маман. Психологиялық қызметтің мазмұнын түсініп, игерген адам оны жақсы меңгеріп кетуі ықтимал.
… Егер Сіз өзіңізге жақын адамда депрессия басталғанын байқасаңыз, оның себептерін анықтауға тырысыңыз. Бұл — болатын қауіпті жағдайдың алдын алуға септігін тигізеді. Осыған орай ұсынылатын психологиялық кеңестер:
- Адамның өзі қызығатын жұмыспен айналысуына ықпал жасаңыз.
- Оның бір өзін қалдырмауға тырысыңыз. Егер ол қарсылық білдірсе, онда жайына қалдырыңыз, мүмкін осылай болғаны жақсы шығар.
- Оның Сіз үшін қадірлі екендігін, жақсы көретініңізді, оның қаншалықты керектігі туралы көп айтыңыз. Оның Сізбен бірге болуы өте қажет екендігін көрсете біліңіз.
- Кеңістікті өзгертіңіз, егер мүмкіндік болса, оның барғысы келіп жүрген жаққа немесе оның жағымды естеліктер қалдырған жерлеріне барып қайтуға тырысыңыз.
- Бірге жүретін саяхатқа немесе қонаққа баруды алдын ала жоспарлаңыз. Бұл оған көп көмегін тигізеді, себебі ол жақын болашаққа өз жоспарларын құра бастайды, сөйтіп теріс ойлардан арылуы мүмкін.
Депрессия адамда ауыр өтуі мүмкін. Дегенмен одан сауығып кетуге әбден болады. Адам бойындағы стрестік жағдайлар мен жүйкенің шаршауы депрессияға жетелейді, сондықтан бұл жағдайдың қайсысы қайдан шығып жатқандығын ол біле бермейді. Өзіңізге жақын адамдарға көңіл бөліңіз, оларды сүйе біліңіз, сонда ғана Сіз күннің күлімдеп жарқырағанын, құстардың қуана сайрағанын сезінесіз…