Мектептегі психологиялық қызметтің қажеттілігі.

Мектептегі психологиялық қызметтің қажеттілігі.
Дамуы сонау көне заман қойнауынан бастау алған жантану ғылымы күнделiктi өмiрге қарқындап енiп келедi. “Өзiңдi өзiң тани бiл” деген Сократ тұжырымының өзектiлiгi де артып барады.
Оқу- тәрбие үрдiсiне қосар үлесi мол екенiн педагогтар мойындап, психология ғылымына ден қойып, бет бұра бастады. «Баланы жан-жақты етiп тәрбиелеу үшiн оны жан-жақты бiлу керек» деген белгiлi педагог К.Д.Ушинский. Оның көрегендiгi педагогикалық iс-әрекеттiң психологиялық қызметпен тығыз қарым-қатынаста екендiгiн дәлелдегендей.
Ертеңгi күннiң бүгiнгiден гөрi нұрлырақ болуына ықпал етiп, адамзат қоғамын алға тартатын құдiреттi күш тек бiлiмге ғана тән. Ал сол бiлiм дiңгегi сапалы болу үшiн жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу, үйретудi одан әрi қарай ұлттық негiзде жалғастыру керек. Ұлттың болашағы — ұрпағында болса, ұрпақтың тәрбиесi-ұстаз қолында. Ал ұстаз мұраты- жетiлген, толыққанды азамат тәрбиелеу. Толыққанды азамат тәрбиелеу үшiн жеке адамды толығымен танып бiлу керек, сонымен қатар, ақыл-ой тәрбиесi, имандылық, еңбек, эстетикалық, тiлдiк қатынас, дене тәрбиесi, экономикалық, экологиялық, жыныстық, патриоттық тәрбие берiлуi тиiс. Олар адамның рухани бейнесiн қалыптастыып, жан-жақты мәдениеттi болуына бағыттайды.
Өкінішке орай, оқушылардың жас ерекшелiктерiн, әлеуметтiк жағдайын, психологиялық ерекшелiктерiн /мiнез-құлқы, темпераментi, таным процесстерiнiң даму деңгейi, сол кездегi көңiл-күйi, қызығушылығы, қабiлетi/ ескермеудiң нәтижесiнде педагогикалық процесске қатынасушылардың арасында кикiлжiң жағдайлардың туындауы, оқушылардың қызығушылықтарының төмендеуi, қарым-қатынастың тиімсіз жағдайлары кездесуде.
Сондықтан ұстаздар қауымына баланың ойлауы, есi, зейiнi, қабылдау заңдылықтары туралы мағұлматтармен қоса, баланың дамуындағы жас және жеке ерекшелiктері, мiнез-құлық бiтiстерi, темпераментi, шығармашылық ынтасы мен оны жан-жақты дамыту мүмкiншiлiгi туралы мағұлматтар қажет. Ал ең бастысы мұғалiм оқытудың белсендi, дамыта отырып оқыту, оқыта отырып дамыту әдiсiн меңгере бiлуi қажет.
Ал психологиялық қызмет шаралары балалар мен жасөспірімдердің, жеткіншектердің психикалық және психологиялық тұрғыда толыққанды жеке адам болып қалыптасуына, олардың қабілеттік деңгейлерін, бейімділігін, шығармашылығын, таным үрдістерінің даму деңгейін, жас ерекшеліктеріне байланысты даму кезеңдеріндегі кездесетін қиындықтардың алдын алуға, мұғалім қолына жеке тұлғаның мүмкіндігі туралы құнды деректер береді. Адамды байқағыштық пен байсалдылыққа, зейінділік пен зеректікке, тапқырлық пен алғырлыққа, ойлампаздыққа баулып, тәрбиелеп, бағыттайтын да осы психологиялық қызметтің негізгі мақсаты мен міндеті болып табылады.
Сонымен бірге педагогикалық үрдіске қатынасушылар арасындағы өзара қарым-қатынас стильдерін реттеуге мүмкіндік бере алады. Мысалы: мұғалім — оқушы, оқушы -оқушы, оқушы — басшы, басшы — мұғалім арасындағы іс-әрекеттер мен байланыстар, бірлескен іс-шараларды реттеп, тиімді қарым – қатынас жасауына бағыттай алады.
Ұстаздар қауымына, ата-аналарына білім берудің бала танымына лайық жолдарын сұрыптап, оқушылардың белсенділігін арттыруына көмектеседі, оқытудың белсенді, дамыта отырып оқыту әдісін меңгере білу қажеттілігін айқындауға көмектеседі. Оқытылып жатқан білімді саналықпен миға тоқудың түрлі айла-тәсілдерін білуге ұмтылдырумен қатар ерік — жігер мен қажыр — қайратын шыңдай түсуге бейімдейді.

 

 

 

 

Мектептегі психологиялық қызметтің жұмыс кезеңдері:
І кезең – мектеп мұғалімдеріне қажетті психологиялық көмек көрсету.
ІІ кезең – мектептегі психологиялық қызметтің жұмысын жоспарлау
ІІІ кезең – мектептің шығармашылық тақырыбы мен мақсат-міндеттерін ескере отырып, педагогикалық үрдіске қатыскушылардың қажеттілігін анықтап, жұмыстың негізгі бағыттарын іске асыру
ІV кезең – Нәтижелерді қорытындылау, жалпылау және есеп беру кезеңі.

Психологиялық қызметтің алдына қойған мақсаты:

Оқу – тәрбие үрдісінде психологиялық заңдылықтарды ескере отырып, жеке тұлғаны қалыптастыру, оқушылардың шығармашылық және интеллектуалдық потенциалдарын дамыту, психологиялық денсаулығын сақтау

Психологиялық қызметтің міндеті

  • Әр баланың толық психологиялық және тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін психологиялық ахуал туғызу.
    • Педагогикалық үрдіске қатынасушылардың арасындағы өзара қарым – қатынас стилін реттеу.
    • Әлеуметтік және жеке даралық жетістіктерге жол ашу.
    • Оқушының жеке тұлғасын қалыптастыруда таным үрдістерінің дамуына жол ашу.
    • Қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауға үйретуде мінез-құлық мәдениетіне тәрбиелей отырып, рухани – адамгершілік құндылықтарының негізін қалау.

Психологтың жұмыс жасау топтары:
• Оқушылармен жұмыс;
• Ата-аналармен жұмыс;
• Ұстаздармен жұмыс;
• Мектеп әкімшілігімен жұмыс;
Психологиялық қызметтің жұмыс бағыттары

  1. Психологиялық зерттеу жұмыстары
    Мақсаты: Тұлғаның жеке және жас ерекшеліктерін, сондай-ақ тұлғааралық өзара әрекет ерекшеліктерін зерттеу, жан-жақты толлық мүмкіндіктерін ашу.
    2. Психологиялық алдын-алу шаралары
    Мақсаты: Тұлғаның психикалық және тұлғалық дамуында кездесетін сәтсіздіктерге ескерту жасау, алдын алу шараларын ұйымдастыру.
    3. Психологиялық теңестірулер мен түзетулер, дамыту шаралары
    Мақсаты: Тұлғаның психикалық және тұлғалық дамуындағы кездескен келеңсіздіктерді теңестіру, түзету жұмыстары, жалпы оқу дағдысы мен біліктілік деңгейін арттыру.
    4. Психологиялық кеңес беру шаралары
    Мақсаты: Педагогкикалық үрдіске қатынасушылардың барлығына дамыту, оқыту, тәрбиелеу мәселелері бойынша кеңестер беру.
    5. Психологиялық ағарту шаралары
    Мақсаты: Педагогикалық үрдіске қатынасушылардың психологиялық мәдениетін көтеріп, психологиялық білімге жұмылдыру шаралар ұйымдастыру.

Психологтың құжаттары:
1. Нормативтік құжаттар жиынтығы.
2. Мектеп психологтың жылдық жұмыс жоспары.
3. Психологтың апталық немесе айлық жұмыс жоспары.
4. Психологтың аналитикалық және статистикалық есептері;
5. Әртүрлі бағыттағы әдістемелік материалдардың жинағы.
6. Барлық бағыттарда жүргізілген жұмыстарды тіркеу журналдары:
— психологиялық зерттеу жұмыстарын тіркеу журналы
— психопрофилактикалық шараларды тіркеу журналы
— теңестірулер мен түзетулер, дамыту шараларын тіркеу журналы,
— кеңес беру журналы
— ағарту шараларына байланысты жүргізілген жұмыстарды тіркеу журанлы;
— мектеп ұжымы мен оқушылардың қажеттіліктерін тіркеу журналы;
— жеке – дара жүргізілген жұмыстарды тіркеу журналы;
— сыныппен, топпен жүргізілген жұмыстарды тіркеу журналы;
— ата-аналармен, ұстаздармен, мектеп әкімшілігімен жүргізілген жұмыстарды тіркеу журналы.

Психологиялық қызметтiң аспектiлері:
1. Ғылыми аспектi – ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргiзумен, психодиагностика, психокоррекция, дамыту жұмыстарын жүргiзу, әрi iске асыру. Белгiлi сұрауларға, өтiнiштерге сүйене отырып жұмыс iстеу.
2. Қолданбалы аспектi – психологиялық мәлiметтердi халыққа бiлiм беру саласындағы қызметкерлер қолданады. Бiрлесе отырып бағдарламалар, әдiстемелiк материалдар жасайды.
3. Тәжiрбиелiк аспектi – мектеп психологтары жұмыс iстейдi. Олардың мiндет, мақсаттары оқушылармен, мұғалiмдермен, ата-аналармен бiрiге отырып белгiлi бiр көкейкестi мәселенi шешуге негiзделедi.

Негізге алатын мәселелер жиынтығы:
1. Физиологиялық ерекшеліктер (жас ерекшелігі, дене бітімі, түр-сипаты)
2. Әлеуметтік жағдайлары (отбасындағы тәрбие стилі, тұқымқуалау қасиеттері,
материалдық және моральдық құндылықтары)
3. Әлеуметтік орындары (мектепке, оқуға деген көзқарасы, сыныптастарымен,
ұстаздар қауымымен қарым қатынасы мен алатын орны)
4. Психологиялық ерекшеліктері (мiнез-құлқы, темпераментi, таным процесстерiнiң даму деңгейi, сол кездегi көңiл-күйi, қабiлетi)