Алмас қылышты ардагер
Пән мұғалімі: Оразалы Ақмарал
Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы
Бейнеу гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі
Сабақтың тақырыбы: Алмас қылышты ардагер (Ел аузынан)
Сабақтың мақсаты: а) білімділік: берілген мәтіннің мазмұнын ашу, Бөгенбай батыр туралы, батырлық туралы түсінік беру.
ә) дамытушылық: проблемалық жағдай туғыза келіп, оқушылардың ойлау, сөйлеу дағдыларын, танымдық қасиеттерін дамыту.
б) тәрбиелік: оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру, батылдықты бағалай білуге, ел, ұлт намысын қорғаған батырларды сыйлап, құрметтеуге үйрету.
Сабақтың міндеттері: тарихи оқиғалар бойынша батырлар жайлы оқушыларға түсінік беру.Ерлік, батылдық пен батырлық тақырыбына байланысты әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып,сөйлеу қабілетін арттыру.Жағдаяттар арқылы қоршаған ортадағы проблемаларға төтеп бере алатындай жаттығулар жүйесін ұйымдастыру.
Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, слайдтар, суреттер, сызбалар.
Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ-жауап, топтық, сұхбаттасу, мәтінмен жұмыс, өзіндік жұмыс.
Сабақтың түрі: аралас
Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, ән- саз.
Сабақтың барысы: 1. Ұйымдастыру кезеңі:
а)Оқушылармен сәлемдесу, түгендеу
ә) Көңіл-күй тренингі
Жақсы оқып сабақты,
Әдеп сақтау сәніміз.
Отыруға тәртіпті
Дайындалдық бәріміз.
- Үй тапсырмасын тексеру.
«Халық қорғаны» мәтіні, мазмұнын айту
1-деңгей: Қабанбайдың шын аты кім?
2-деңгей: Бұқар жыраудың Қабанбай туралы жырын білесің бе?
3-деңгей: Қаракерей Қабанбай туралы жазған мінездемені оқып бер.
Картамен жұмыс.
1724 жылы Түркістан қаласын қорғау шайқасы, 1728 жылы Балқаш көлінің оңтүстік өңіріндегі қол жеткен жеңістер, 80 күнге созылған Шорға соғысы, 1,5 жылға созылған Шаған шайқасы,1730 жылы жоңғарларды Іле өңіріне дейін қуып келу, одан кейін 1750 жылдың соңында Жоңғар қақпасына дейінгі аралықтағы ірі-ірі ұрыстардың бәріне дерлік осы Қабанбай бабамыз қолбасшылық етті.
Жаңа сабақ
Ой шақыру.
- Балалар, мен қазір жырдан үзінді оқимын. Мұқият тыңдап отырыңдар.
Батыр болып киелі,
Батыр болып бір кезде.
Батырлар бастапты.
Қарсыласқан дұшпанды
Қайратымен жасқапты.
Батырлар ғой, батырлар!
Жауға қарсы шапқанда
Халқын оңға бастапты.
-Балалар, бұл жыр кімдер туралы? Сендер батыр деген сөздің мағынасын қалай түсінесіңдер? Қандай қазақ батырларын білесіңдер?
-Тұлғаны заман шығарады. Әрі сол уақытына сай қалыптастырады. Адам қабілеті қоғам қажетсінген күрделі жағдайды шешуге бейімделеді. Бұл өз кезеңінің тұлғаға жүктер міндеті. Жоңғар-қалмақ басқыншылығына қарсы Отан соғысы халқымыздан батырларды көп шығарды. Тіпті сол шақтағы қазақ жұртын бүтіндей батырлардан тұрады деуге де болғандай. Әлбетте, сол көп батырдың ішінде де дарасы, батырларға да батырлықтың өнегесін көрсететіндері болады.Сондай дарабоз батыр — Бөгенбай батыр.
— Олай болса, бүгінгі сабағымыздың тақырыбы— Қанжығалы Бөгенбай туралы ел аузынан алынған «Алмас қылышты ардагер» мәтіні.
Сабағымыздың мақсаты- мәтінмен таныса отырып,Бөгенбай батырдың ерлігі туралы толығырақ мағлұмат алу және шығармашылықпен жұмыс жасау.
Оқулықпен жұмыс. Мәтінді мәнерлеп оқып беру. Іштей оқыту.Тізбектей оқыту. Мәтінді оқушыларға толықтай оқыту.
Дәптермен жұмыс. Күннің жадын жазу. Сөздік жұмыс жасату.
Мәміле- келісім.
Тоқырау – қиын жағдайға тап болу.
Уәж – сөз, пікір.
Ірігенді ширату – есі шыққан шұбырған елге ақыл, бағыт беру.
Буырқану – батылдану.
-Қазақтың ұлтарақтай жерін жауға бермей, қызғыштай қорғаған, халық қорғаны, халықтың сүйікті ұлдарының бірі, батырлар әулетінің ұрпағы Бөгенбай батыр 1690 жылы Бөген өзенінің жағасында дүниеге келіпті. Ұлы атасы Әлдекүн еңсегей бойлы Есім ханның атақты батырларының бірі болған. Әлдекүннің баласы Ақша батыр Тәуке ханның 80 мыңдай қолын бастаған сардар екен.Әлдекүннен екі бала Әлібек, Ақша екеуі бір туысса керек.Ақшадан екі бала: Көлбай, Бөгенбай.
Топтық жұмыс. Тапсырмалар:
1 –топ: Бөгенбай батырдың ерлігі туралы айту.
2- топ: Бөгенбай батыр туралы жыр немесе мақал айту, өлең шығару.
3- топ: Бөгенбай батырды сипаттау, Бөгенбай сөзіне дыбыстық талдау жасау.
4–топ: «Халық қорғаны» мен «Алмас қылышты ардагер» мәтінінсалыстыру. Батырлардың жаумен шайқасқан жер – су аттарын атап беру.
Сергіту сәті Көрініс көрсету «Бөгенбай батырдың ерлігі»
Бейнетаспадан Бөгенбай батырдың қолданған қару – жарақтарының қазіргі таңдағы жағдайы туралы бейне көрініс көрсету.
Ой – толғау. Өзіңді жас батырмын деп есепте. Халықты жауға қарсы күреске шақыру үшін қандай үндеу тастар едің?
Сабақты қорытындылау.
- Мәтінде ел басынан өткізген қандай кезең туралы айтылған?
- Мәтінде аты аталған батыр кім? Ол туралы не білдің?
- Мәтін ұнады ма? Несімен ұнады?
- Балалар, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, ұшса құстың қанаты талатын, шапса жүйріктің тұяғы мүжілетін кең байтақ қазақ жерін жат жерліктерден қорғаған батыр бабаларымызды еліміздің егемендігі үшін жасаған ерліктері үшін бір сәт үнсіздікпен еске алайық.
Батырларды бір сәт үнсіздікпен еске алу.
- Сабағымызды еліміздің тыныштығы үшін «Өз елім» әнімен аяқтаймыз.
Ән «Өз елім»
Оқушыларды бағалау.(Қызыл жұлдызша- 5, көк жұлдызша — 4)
Үйге тапсырма: мәтіннің мазмұнын айту, жырдан үзінді жаттау.