Мамандық таңдауға әсер ететін факторлар

Мақсаты: Оқушыларға мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру, өмірдегі қажетті таңдауды дұрыс жасауына кеңес беру.

Білімділік: Оқушыларға «мамандық», «кәсіпкер», «маман иесі» ұғымдары жайлы түсінік беру;

Тәрбиелік: Оқушыларда бір-біріне, өз мамандығына адал болуына тәрбиелеу;

Дамытушылық: Оқушылардың бойына сүйіспеншілік, мейірімділік қасиеттерін қалыптастыру;

Сабақтың түрі: тренинг, бағыт-бағдар

Пән аралық байланыс:  психология,  мәдениеттану, әлеуметтану, қарым-қатынас психологиясы, кәсіби педагогика

Көрнекі  құрал-жабдықтар:  слайд, видеобейне,  дәйексөз

І.Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларды түгендеу.

ІІ. Негізгі бөлім:

Энергетикалық жаттығу.

Оқушылар дөңгеленіп отырып, 1-2 деген нөмерлерге саналады. 1 нөмерлі оқушылар қолдарын екі жақтағы 1 нөмерлі көршісінің қолдарымен түйістіреді. Ал 2 нөмерлі оқушылар 1-2 деген сандарды жүргізу айтқанда, алдында тұрған екі оқушының қолына пианиноны ұрғандай етіп әрекет жасайды, 3-4 деген бұйрық болғанда барлық оқушылар шапалақ ұрады, келесі 1-2 деген санға 2 нөмерлілер қолдарын жаяды, ал 1 нөмерлілер пианиноны ұрғандай әрекет жасайды. 3-4 дегенде барлығы шапалақ ұрады. Осы жаттығу тағы бір рет қайталанады.

ІІ. Негізгі бөлім.

Психолог:

— Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы «Мамандық таңдауға әсер ететін факторлар» деп аталады. Сабағымыз екі бөлімнен тұрады. І бөлімінде мамандықтар туралы білімімізді ортаға саламыз. Біз «Мамандыққа жол» атты курста әр түрлі мамандықтарға тоқталдық, өздеріңізге ұнаған мамандықтарыңыздың профессиограммасын жасап, оны топ алдында қорғадыңыздар. Осы сабақта сол профессиограммалармен және Е. А. Климовтың сызбасы бойынша жұмыс істейміз. ІІ бөлімінде өздеріңіздің жақындарыңыздың, ата-аналарыңыздың мамандық таңдауда қандай факторлардың әсер ететінін анықтаймыз.

Сонымен біздің бүгінгі сабағымыздың эпиграфы ретінде мына өлең жолдарын алайық:

Мамандық алғың келе ме,

Мамандық өзі немене?

Айналаң толған мамандық,

Айналаң толған өнеге.

  1. Әңгіме.
  • Мамандық дегеніміз не?
  • Білім алу, үйрену.
  • Адамды материалдық жағынан қамтамасыз ететін іс-әрекет түрі.
  • Мамандық адамға ұнау керек.
  • Адамның сол мамандыққа қабілетінің сай келуі, белгілі бір іскерліктердің болуы.

Қорытынды: мамандық дегеніміз – адамның белгілі бір қызмет атқаруына мүмкіндік беретін материалдық не рухани өндірісте алған білімі мен өмірлік дағдысының жиынтығы.

                       Ең қиын мамандық — адам боп қалу

Хосе Хулиан Марти

«Мамандық» сөзі латын сөзінен шыққан, «жұрт алдында сөйлеу, жариялау» дегенге саяды. Есте жоқ ескі заманда мамандықтың қазіргідей түр-түрі болмады. Әр адам барлық жұмыспен өзі ғана айналысатын. Дегенмен, әйелдер мен ерлерге деп бөлінетін жұмыстар болған. Ерлер аң аулап, үй тұрғызып, қару-жарақ жасаса, әйелдер жеуге жарамды өсімдіктерді жинап, тамақ пісірген, киім-кешек тігіп, бала тәрбиелеген.

Заман өзгерген сайын, адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болды. Қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыстар, сәйкесінше, түрлі мамандықтар келді. (Тақырыпқа байланысты слайд көрсету)

Кез келген еңбек мамандық емес. Еңбектің мамандық деп аталуының өзіндік шарттары бар: бірі — маман атануыңыз үшін білім алып, қолыңызға сол саланың дипломын, куәлігін, аттестаты не сертификатын алуыңыз керек болса, екіншісі — еңбегіңізге ақының төлені қажеттілігі.

Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек. Мамандыққа деген махаббат пен карьерист болу екеуі біздіңше екі бөлек нәрсе. Махаббатпен істелген жұмыс қана нәтиже бермек. Екінші сөзбен айтқанда, мамандығыңыз сіздің сүйікті ісіңізге айналуы қажет. Бұл жағдайда адам жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, жұмысынан ләззат алады.

Өз жаныңызға жақын мамандықты іздеп табу да барынша күрделі жұмыс. Өз қалауыңызды білесіз, бірақ мамандығыңыздың қалай аталатынын білмейсіз. Бұндай жағдайда психолог-профконсультант (мектеп психологтары), мектеп мұғалімдері, оқу орындарының оқытушылары, ата-анаңыз, туған-туыстарыңыздың көмектеріне жүгінгеніңіз жөн.

Слайд көрсету: «Интуицияны дамытудың 6 тәсілі», оқушылардың ұбт барысында қажет болар интуицияны дамытудың тәсілдері ұсынылып қысқаша ұғым берілді.
МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДА МЫНАДАЙ БІР ФОРМУЛА БАР:
«ҮЙРЕНГІМ КЕЛЕДІ – ҮЙРЕНЕ АЛАМЫН – ҮЙРЕНУ КЕРЕК».
ҮЙРЕНГІМ КЕЛЕДІ –бұл талап-тілектің, мақсат пен мүдденің, ынта мен ықыластың кеңістігі;
ҮЙРЕНЕ АЛАМЫН – қабілет-қарымның, таланттың, денсаулықтың кеңістігі;
ҮЙРЕНУ КЕРЕК – еңбек рыногындағы сұраныстардың, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық проблемалардың, әлемдік экономикалық даму тенденцияларының кеңістігі.
Кәсіп осы үш дөңгелектің тоғысу нүктесі арқылы оңтайлы таңдалады.

Ал сіздер мамандық таңдауда қандай критерийлерді басшылыққа алған жөн деп есептейсіздер?

Мамандық таңдауда ата-ананың ықпалы қандай дәрежеде болуы мүмкін деп ойлайсыздар?

Оқушыларға пайдалы мәлімет.
Мамандықтың бірнеше классификациясы бар. Олардың неғұрлым белгілілері еңбек пәніне негізделеді. Еңбек пәні бойынша жіктелетін мамандықтар 5 топқа бөлінеді: адам – адам, адам – белгі жүйесі, адам – табиғат, адам – техника, адам – көркем образ.

Видебейнелер көрсету: Назарбаев университеті, Сулейман Демирали университеті, Евразиялық Ұлттық университеті, КИМЭП, ҚазНу.

«Ең, нағыз..» деп аталатын ойын ойнап көрейік.

Қазір сендерге мамандықтардың кейбір ерекше мінездемелері ұсынылатын болады, ал сендер берілген мінездемеге барынша сәйкес келеді деген мамандықтарды атауыңыз керек.
—          Ең жасыл мамандық
—          Ең тәтті мамандық
—          Нағыз ақшалы мамандық
—          Нағыз бала мамандығы
—          Ең күлкілі мамандық
—          Нағыз адамдармен көп араласатын мамандық
—          Ең ауыр мамандық

Қорытындылау

Психолог:

— Мамандық таңдауда қандай факторлардың әсер ететінін байқадық. Сонымен қатар, бүгінгі сабағымызда мамандық таңдау жолының бір адамдарда оңайлықпен өтетінін, екінші адамдарда оның қиын, тіпті бірнеше сатылардан тұратынын, біреулердің өмірден орын таба алмай күйзелген жағдайларын да білдік. Мамандық таңдау жасындағы жастарға көптеген жалған пікірлер әсер етеді. Ол пікірлер жастарды мамандық таңдауда сәтсіздіктерге әкеледі.  Сондықтан да:

Көк жүзіне алаулы,
Міндет емес ай болу.
Ең бастысы қалаулы,
Кәсібіңе сай болу!-демекпін,

Әлемде өзі қаламайтын мамандық иесі болып жүрген қаншама адам бар, өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін адамдардың да саны аз емес. Мамандық таңдаудан жаңылмай, өз өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалауыңызға тілектеспіз.