Мектеп бітіру кешінің жоспары

 «Мектеп бітіру кешінің « жоспары

Қайырлы кеш! Құрметті бүгінгі салтанатты кешімізге жиналған қадірлі ұстаздарымыз бен ата-аналарымыз және біздің 11 жыл бойы өз балаларымыздай болып ер жетіп, бүгін қолдарына аттестат алып, балалық шақпен қоштасып, жаңа өмір жолына қадам басқалы отырған мектеп бітіруші түлектеріміз.Сіздер тағы бір ұмытылмас ерекше мерекенің куәгері болып отырсыздар.Біздің мектебімізде жас түлектердің мейрамы-қоштасу кеші.Бүгінгі «Қош бол, ұстаз, алтын ұя мектебім!» атты кешімізге хош келдіңіздер!

Биылғы 2011-2012 оқу жылында 54 шәкіртіміз білім нәрімен сусындап, алтын ұя мектебінен қанат қаққалы отыр.Олардың барлығы жақсы оқуымен қатар, үлгілі тәртібімен, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуымен өзге оқушыларға үлгі бола білді.Өз мектебінің намысын қорғап, түрлі іс-шараларға қатынасты.Осылай ер жеткен олар, бүгінде ер жетіп, ел бірлігін ойлайтын, жауапкершілік жүгін арттыратын, ата-ана мен ұстаз еңбегін ақтайтын шаққа жетіп, бізді бір қуантпақ.

Бұл жиынымыз да алдағы өмірге бағыт берер жиын.Кешімізді бастамас бұрын, қымбатты ата-аналар сіздердің балаларыңыздың атынан және ұстаздар атынан тәрбиелік мәні бар, жақсы кеш ұйымдастырып отырғандарыңызға алғыс айтамыз.

Сіздерге арналған дастарханнан дәм алыңыздар.

(Музыкалық сәлем )

Өмірде өшпейтін іс-балаға берген білімің, қамқор пейілің.Ол-болашақ.Болашақтың бүр жарған сабағына құйған білім нәрің мәңгілік.Осынау мәңгілік борышты ауырсынбай, аянбай, өзімнің адамгершілік парызым деп түсінетін, әр ісімен өзгеге үлгі бола білетін мектебіміздің басшысы Берік Ғарапшаұлына салтанатты кешіміздің алғашқы құттықтау сөзі беріледі.

 

Әрі қарай, 10 оқушы өз ата-аналарыңды ортаға алып шығыңыздар.

Ата- аналар лебіздерін тыңдар кезде  ақын Мұзафар Әлімбаевтың  мына өлеңін оқып бергенді жөн көріп отырмын:

Қипақтайды қит етсе анаң, әкең:

-Қайтсем ғана осыны адам етем?

Басқалардың осындай балалары,

Тап осындай жаңғалақ шала ма екен?

Ойым емес, оллаһи, біздікінің

Енжарлығы  елде жоқ ала бөтен…

Туа сала тұлпардың жалын тартқан,

Қырғиларға қызығып қарап өтем.

Жарық сыйлап маңына жылу сыйлап,

Бұ да бір күн алаудай жанар ма екен?

…Үміт пенен күдіктің ортасында

Ата – ананың үміті талады екен!

Міне осылайша өз баласының болашағына алаңдап, «Қайтсем де баламды адам етем» деген ата – ананың үміт арманы баласымен бірге жасайды.Яғни,

Бұл күні ұл-қызым азамат болды, бойы өсіп, ойы толысты, қолына аттестат алды, білімін шыңдап келеді деп қуанып, бүгінгі салтанатты жиынымызды ұйымдастырып отырған ата-аналар атынан  Қанафин Әлібектің ата-анасы Есенжан ағай мен Дүйсенова Айдананың ата-анасы Саутова Әлиманы және Орал қаласынан келіп оқып жатырған Хайруллин Ернардың ата-анасы, осы мектептің 22 жыл бұрынғы түлегі Сариев Қайратты  жылы лебіздерін білдіру үшін ортаға шақырамыз.

 «Байқағыштық»

Мақсаты: Ананың өз баласын тануы, сезімталдығын анықтау.

5 сыныптың оқушылары және 3-4 ата-ана ортаға шығамыз. Балалар алақандарын жайып тұрады, ана көзі байлаулы балалардың  алақандарын сипап сезіну арқылы , өз баласын тауып алады.

Ата-анаға сұрақ:

-Өз балаңызды қалай таныдыңыз, қандай сезім болды?

-Балаларға қандай тілек айтар едіңіз? (таба алмаған жағдайда).

(Музыкалық сәлем)

 

-Ендеше біздің жұмысымызда кездесетін анкеталық әдіспен оқушыларға мынадай сауалнаманы ауызша қоямын.Бәріміз бірге жауап беріп көрейікші.

-Сіздерге сабақ берген ұстаздарыңның ішінде оқушы жүрегіне жол таба алатын ұстаз кім?

-Ең қатал ұстаз кім?

-Талапшыл ұстаз кім?

-Ең сабырлы ұстаз кім?

«Ұстаздық  еткен  жалықпас,  үйретуден  балаға»  деп ұлы  Абай  айтқандай ,  үлгілі  ұстаз  ғана    дарынды  шәкірт   тәрбиелей  алады.Сөз маржанын терген ақын-жазушы да, көк күмбезіне самғаған ғарышкер де, тіпті Елбасының өзі де ұстаз алдында тағзым ететіні рас.Өз уақытын аямаған, шәкіртінің уақытын аялаған  әріптестеріміз, ұстаздар қауымын өз шәкірттеріне деген ықылас-тілектерін айту үшін ортаға шақырамыз. Рахмет.Ендеше осы ұстаздарымыз, 1 оқушысының есте қалған қылығын айту үшін және сол оқушыны сипаттап ауызша мінездеме беруіміз керек.Ол үшін сіздерге бір-бір оқушыны жетектеп алып келуді ұсынамыз.

Асыл қасиет жас жүрекке ектіңіз,

Шәкірттердің бойына білім нәрін септіңіз.

Мектептің абыройын биік ұстап,

Мектебіңе адал қызмет еттіңіз-деген тілекпен осы мектеп түлектерімен,  пән мұғалімдерімен, сынып жетекшілермен, ата-анамен бірге қиындығы мен қызығы қатар жүрген, мектептің жұмысын алға апару мақсатында аянбай еңбек етіп жүрген мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Мираш Спортқызы мен Тойжан Болатқызын өз лебіздерін білдіру үшін ортаға шақырамыз.Рахмет.

(Музыкалық сәлем)

 

 

Ұстаз-екінші ата-анамыз болса, мектеп -екінші үйіміз.Киелі қара шаңырақпен қоштасу қандай қиын десеңізші! Алғашқы ақ бантик, алғашқы қоңырау, алғашқы мұғалім, алғашқы дос, алғашқы махаббат та-бәрі-бәрі қайта оралмас сағым. Қош бол, әрі қызық, әрі қиын, әрі мәнді бал дәурен шақ, мектебім-жыр дастаным.Жақсы мен жаманды үйреткен партам, сенімен қоштасар сәт туды.

 

Енді біздің құлағымыз күмбірлеген қоңыраудың үнін естімейді

 

Енді біз ең қызықты сәттерімізді өткізген мынау мектебіміздің ауласында жарыса жүгіріп, сыныбымыздағы парталарымызға таласа тармаса отырмаймыз.

 

Енді біз 11 жыл бойы біздің «еркелігіміз бен тентектігімізді» көтерген ұстаздарымыздың сабақтарында отырмаймыз, тақтаға шығып, сабақ айтпаймыз, тестпен жұмыстанбаймыз-деп іштей ойға беріліп отырған шәкірттерімізді ортаға шақырып, лебіздерін тыңдайық.

 

Хор: «Аттандық сапарға» оқушылар орындайды.

«Қымбатты түлектер! Үлкен өмірге қанат қағып барасыңдар.Қанаттарың талмасын, тек қана биіктен көрініңдер.Мұхит атындағы орта мектептің түлектері деген атқа лайық болыңдар».Отанын қорғайтын, өркениетін өрістететін, алтын ұя мектебінің, ұстаздарының намысын қорғай алатын, мерейін үстем ететін білікті, адал, парасатты адам болыңдар, еліміздің қай түкпірінде жүрсеңдерде, тай құлындай тебісіп бірге өскен сыныптастарыңды, аяулы ұстаздарыңызды, алтын ұя мектептеріңізді ешқашан ұмытпаңыздар-деп, Құрметті қонақтар, ата-аналар, ұстаздар 11 сынып түлектеріне арналған кешіміз аяқтала келді. Қуанышпен қайта қауышқанша аман-сау болыңыздар.

 

Биге ұласады.

 

 

 

Андирова Айман Амандыққызы, Мектеп психологы

Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы.