Үш жүздің басын біріктірген хан Абылайға 300 жыл.
Тақырыбы: Үш жүздің басын біріктірген хан Абылайға 300 жыл.
Мақсаты:
- Қазақ халқын бір хандыққа біріктіріп, қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған Абылай хан жайында мәлімет бере отырып, оның қазақ тарихындағы орны, ерлік істері жайында және Ұлы ханға биылғы жылы 300 жыл толып отырған тілге тие кету.
- Абылай ханның қазақ тарихындағы алатын орнын анықтай отыра, оқушыларды қаһарман тұлғалардың ерлігін құрметтеуге , ерлікке, отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбилеу.
Әдісі: Әдеби-тарихи кеш
Барысы:
Музыка ойнап тұрады.
- Жүргізуші:
Халық үшін жаратқан Дана-Құдай,
Әруағыңнан айналдым,Хан Абылай.
Шемендеген зар заман шер-сағыныш
Домбырамның сыймайды шанағына-ай.
- Жүргізуші:
Тауқыметін тағдырдың тарқан ханым,
Арқасына нар жүгін артқан ханым.
Иісі қазақ баласын соңына ертіп,
Жолбарыстай жаранып жортқан ханым.
- Жүргізуші:
-Қайырлы күн құрметті қонақтар, оқушылар! Аты аңызға айналған тарихи тұлға Абылай ханға биыл 300 жыл толып отыр.
2- Жүргізуші:
«Үш жүздің басын біріктірген хан Абылайға 300 жыл » атты әдеби монтажға қош келдіңіздер!
1-Жүргізуші:
Абылай хан-қазақ халқының ұлы ханы, дарынды қолбасшы және шебер дипломаты. Ол 1711 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында, Тәшкент маңында дүниеге келсе керек.
Ей,Абылай , Абылай!
Мен өзіңді көргенде,
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің,
Үйсін Төле бидің
Түйесін баққан құл едің!
Жаныс Қарабайдың үйінде
Түнде туған ұл едің,
Ол қазақ халқының басына түскен ең ауыр қасірет «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарында жетім қалып, Төле бидің қолында тәрбиеленеді.
2-жүргізуші
20 жасында қалмақтың атақты батырынан қаймықпай, жекпе—жекке шығып, жеңіске жеткеніне қарағанда, жауынгерлік өнердің мектебін жетік меңгерген.
Көрініс «жекпе-жек»
Автор:Ойраттар 1729-1730 жылдары тағы да кенеттен шекараны бұзып, қалың қолымен қазақ жеріне басып кіреді. Бөгенбай батыр жаудың жолын бөгеймін дегенше, олар бірнеше ауылды өртеп те үлгерген.
Бір уақытта ойраттардың алдыңғы қатары ортадан жарылды да, алға маңғаздана басып, жараулы атқа мінген алып денелі жауынгер шықты. Қаһарлы ойратты бәрі де бірден таныды. Бұл Шарыш деген ойраттардың жауынгері болатын. Шарышпен күш байқасуға бірталай жігіттер ниет білдірді. Әбілмәмбет пен Бөгенбай шын жүрегінен құлшынған бір жас жауынгерге тоқталды.
Жас жігіт:
-Егер мен ойратты жеңсем, осылармен соғыста қаза болған бабаларымның кегін алғаным. Егер өліп кетсем, біздің сарбаздар мен үшін кек алар,-дейді жалындап.
-Ең балмаса, өз атыңды айтшы,-деп қана сұрап үлгерген сұлтанға:
-Сабалақ,-деді де атын тебініп қалып, қаһарлы жауына қарай беттеді.
Шарыш алдындағы қарсыласын көріп, қарқылдап кеп күлді де:
-Ей, қазақтар! Араларыңнан нағыз еркек табылмағаны ма? Мына жас баланы өлімге жіберіп тұрғандарың не масқара?!
Сабалақ ызаға булығып, тістене түісп,ылғалданған алақанына найзасын қатты қысып, жауына ұмтылды.
-Абылаай!Абылай!-деп белінегі семсерін суырып алып, бар күшімен ойратты көздеп сермеп қалды.
Қуаныштан көңілі шаттанған Әбілмәмбет сұлтан әлгі жұмбақ батырды шақыртады. Әбілмәмбет балаң жігітті ұзақ, тәптіштеп тергеуге алды. Ата-анасын, олардың қашан дүние салғанын, кіммен тұрып, қалай өскенін түгел сұрайды.
Әбілмәмбет сұлтан:
-Сабалақ есіміңді ұмыт,-деді хан сөзінің соңында.
-Шын атың-Әбілмансұр. Сені осылай ата-анаң атаған. Бүгіннен бастап халық халық Абылай атайтын болады. Өзіңді алда үлкен болашақ күтіп тұр. Халқыңның сенімінен шыға біл. Сонда сені елің де көкке көтеріп, мәртебеңді асырады.
1- Жүргізуші:
Шарышты жеңіп атағы шыққан соң Абылайды Әбілмәмбет сұлтан Көкшетауға алып кетеді. Абылай сұлтан атанып, ел билеу ісіне араласады. 1734жылы Әбілмәмбет Орта жүздің ханы болып сайланады да, Абылай сұлтан Әбілмәмбетке көмекші болады.
Оқушы:
Ай, Абылай сен он бір жасыңда
Әшейін-ақ ұл едің.
Он бес жасқа келгенде,
Арқада Әбілмәмбет төренің
Түйесін баққан құл едің.
Абылай атың жоқ еді,
Сабалақ атпен жүр едің.
Жиырма жасқа келгенде,
Оны да көрген жерім бар,
Жаныс Қарабайдың қолында
Түнде туған ұл едің .
Жиырма беске келгенде,
Бақты берді басыңа,
Тақты берді астыңа.
Отыз жасқа келгенде
Дүниедей кең едің.
Отыз беске келгенде,
Қара судың бетінде
Сығылып аққан сен едің.
Қырық жасқа келгенде,
Алтын тонның жеңі едің.
Қырық беске келгенде,
Жақсы-жаман демедің;
Елу жасқа келгенде,
Үш жүздің баласының
Атының басын бір кезеңге теңедің.
2-Жүргізуші:
Жүзге, жікке, руға бөлмеген хан,
Екі сөзге егессе келмеген хан.
Иен даланың мәңгілік киесіндей,
Өзі өлседе, рухы өлмеген хан.
Абылай Әбілмәмбеттен батырлық жағынан ғана емес, шешендік пен көсемдік жағынан да алда тұрған. Сол себептен де Әбілмәмбет хан бірнеше рет билік тізгінін Абылайға ұсынған.
1-Жүргізуші:
Абылайдың сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем, жау қашырған батыр екенін көпшілік білгенімен, оның дарынды күйші екенін біреу біліп, біреу білмейді. Абылайдың «Ақ толқын», «Алабайрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «қайран елім», «Қара жорға», «Майда жел», «Шаңды жорық» және т.б. күйлері бізге жеткен.
- жүргізуші:
«Қара жорға »күйі белгілі бір тарихи оқиғалардан бастау алған. …Абылайдың Ұлытау баурайында саясатшылық құрып жүріп, түнгі ұйқыға жатқанда қалмақ қолына түсіп, қапы қалғаны, сөйтіп Қалдан серенге жеткізіліп, екі жылдай тұтқында ұсталғаны белгілі. Қалмақ ханы Абылайды өлтіре алмайдды. Кемеңгерлігі мен ерлігіне құты құлап, қазақ елін билеуде сенімді серігі етуді ойлап, сұлу қарындасы Хошаны Абылайға қосады, атсына су төгілмес қара жорға мінгізіп, үш жүздің әрқайсысынан отыз-отыздан келіп жатқан мәмілегер елшілерге қосып, еліне қайтарады. Ата жаудың тұтқынынан бір тал қылшық қисатпастан азат болғаны өз алдына, Хоша сұлуды алып, қара жорғаны тайпалтып, көңілі өскен хан «Қара жорға» күйін шығарған.
Енді «Қара жорға» күйін тыңдайық.
Күй «Қара жорға»
Көрініс «Абылай жоңғар тұтқынында»
Автор: 1741жылы Абылай саятшылықта жүрген жерінен қалмақтарға тұтқынға түседі.
Қалдан-Серен:
-Қалай, қазақ жауынгері, қолға түстің бе?-деді тісінің арасынан ысылдап.- Осы сәтті мен қанша күттім. Менің ұлым-Шарышты өлтірген сен бе? Жауап бер!
Маңайындағылар:
-Иә,иә, Шарышты өлтірген осы!-деп шулап қоя берді.
-Шарыш ең мықты жауынгер еді!
-Терісін басына қаптау керек!
-Төрт аттың құйрығына байлаңдар!-деген айғайлар жан-жақтан естіліп жатты.
Қалдан-Серен қолын жоғары көтерді. Отырған ойраттар жым-жырт бола қалды да, бәрі Абылайға тесілді.
Абылай:
-Сенің ұлыңды өлімге кескен-менің халқым,- деді салмақпен. – Мен тек үкімді орындадым. Халқымы қастандық жасаған адам өз сазайын тартады.
Қалдан-Серен үнсіз отырып:
-Әкетіңдер!
Абылайды алып кеткен соң. Қалдан-Серен:
-Иә, Абылай тегін адам емес, Ол өлімнен қорықпайды, оның талайын көрген. Ол үшін ең қорқыныштысы-тұтқында қалу. Алтыннан болса да, тордың аты-тор. Ал Абылай-қазақтардың биік рухы. Сондықтан осы рух менде аманат болғаны дұрыс. Оны өлтіруге болмайды. Қайғы жаудың өзін біріктіреді. Абылай олардың туы болып, сол үшін кек алуға келері сөзсіз… Жо-оқ, өлтіруге болмайды, одан да айырбас жасағанымыз пайдалы шығар…
1- Жүргізуші:
Абылай 1743жылы қалмақтың тұтқынынан қайтып келген соң Әбілмәмбет хан Орта жүз билігін Абылайханға тапсырып, өзі Түркістан шаһарына қоныс аударған. Абылайдың азаматтығы сол, Әбілмәмбет өлген соң ғана 1771 жылы оның орнына хан сайланған.
Оқушы:
Алтын тәжін бақыттың киген ханым,
Елі-жұртын еңіреп сүйген ханым.
Алты Алаштың алауыз басын қосу
Еншісіне ең алғаш тиген ханым.
Өшкен оты қайтадан лаулаған хан,
Жан-жүрегін жалпының жаулаған хан.
Мың оралған жерұйық құрағындай,
Ұрпақтары алшынып қаулаған хан.
Кеншінді елеп, кемді де қоштаған хан,
Келешекке кемеңгер бастаған хан.
Дара туған дарбозым, хан Абылай,
Қазағымда өзіңнен аспаған хан…
2-жүргізуші:
1779 жылы Абылай Ресей патшалығының өзіне арналған Орта жүз ханы деген лауазымының ата-белгілерін қабылдау үшін Орынборға келіп қайтуға жіберілген шақыртуынан бас тартты. Себебі, ол өзін Орта жүздің ғана емес, бүкіл қазақтың ханымын деп есептейтін.
Оқушы:
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Артық туған Абылай,
Көтере көр бұл істі.
Көп қытайдың жылқысы
Тұрымтайдай құнысты.
Жау жағадан алғанда,
Ит етектен алғанда,
Ер Абылай қорыққан жоқ.
Әншейін еңкейе бере жылысты.
Бәсентиін Сырымбет
Оқ жіберіп ұрысты.
Ақыл қалмас қашқанда,
Дегбір қалмас сасқанда,
Баяндай ерді көрмессің,
Бұрылып жауды шанышқанда!..
Оқушы:
Қазақтың ұлы ханы Абылай хан,
Көп емес өткеніне аз-ақ заман.
Уәли өз әкесі хан сайланбай,
Қазақтан басқа жаққа қоныс ауған.
Абылай хан хан боп өтті қолы жеткен,
Қазақтың баласына еңбек еткен.
Әкесі Абылайдың Уәли еді,
Өпкелеп хан бола алмай ауып кеткен.
Нағашысы Ғайып ханға кеткен ауып,
Тыныштық тұрып қапты сонда тауып.
Жетім-жесір боп қалды Уәлихан,
Елінен Ғайып ханның қалмақ шауып.
Ақтабан шұбырынды-аштық болып,
Ел кетті бет-бетімен қайың сауып.
Жас бала Әбілмансұр қалды жетім,
Еліне жетер емес қайта тауып.
Іздеп кеп Төле биге сәлем берді.
Таба алмай ата-баба туған елді.
Тағзыммен рұқсат сұрап кірген кезде,
Сәлемін қабыл алып Төле көрді.
Бір бала үсті-басы далба-дұлба,
Күрсініп дем алады анда-санда.
Жылтыр көз тікірейген, сұрғылт-сары,
Жаратқан ерекше қып Алла тағала.
1-жүргізуші: 1771 жылы Еділ қалмақтарының шығыстағы атақонысы Жоңғарияға қазақ жері арқылы көшті. Цин империясы жоңғар хандығын талқандап, халқын қырып-жойғаннан кейін Еділ қалмақтары қаңырап, иесіз ата-бабаларының жеріне қайтуды ұйғарады. 11 мың отбасы өзеннен өте алмай Ресей шегінде қалуға мәжбүр болды. 31 мың отбасы, яғни шамамен 170-180 мың адам қазақ жері арқылы өтуге бел буды. Олардың 40 мың жауынгері болды. Қалмақтар бірнеше қазақ ауылдарын таптап өтіп., Жем өзенінің жағасына Кіші жүздің ханы Нұралы әскерінен жеңіліс тауып, Мойынты өзені жағасына аялдады. Абылай хан бастаған қазақ әскері жауды қоршауға алады. Соғыстың алдындағы уақыттан көрініс ұсынамыз.
Көрініс «Соңғы соғыс»
Автор: -Абылай өз әскерімен жауды Алакөлдің маңында күтті. Соғыс болатын жерге шамамен 80 мың жауынгер жан-жақтан жиналды. 50 мыңға жуық қырғыздар де жетіп, Абылайдың туының астына кірді.
Кешқұрым Абылай өз адамдарын аларап шықты. Оттың қасында жауынгерлермен әңгімелесіп, оларды жігерлендіріп қойды.
Абылай:
-Қалай, ертеңгі күнді ойлап отырсың ба?
Жігіт:
-Аздап толқып отырмын
Абылай:
-Неге толқисың. Өлімнен қорқасың ба?
Жігіт:
-Жо-оқ, өлімнен қорқуға болмайды. Мен ойдағыдай соғыса алмай, менімді ақтай алмай қаламын ба деп қорқамын. Өйткені ауылдағы ел-жұртым жолымды тілеп, атамның өзі батасын беріп аттандырған. Міне, мына семсерді атам сыйлады. Білесің бе, бұл семсер талай соғысты көрген.
Абылай хан:
-Иә, бұл қару-ел қорғаны. Жақсы екен. Атамдікі дейсің бе?
Жігіт:
Иә, Ал, өлімнен қорқуға болмайды.
Абылай:
-Неге олай ойлайсың? /Таңданып/
Жігіт:
-Ол менің есіміме байланысты.
Абылай:
-Сонда сенің есімің кім?
Жігіт:
-Менің есімім-Абылай. Атам солай атаған. Осындай аты бар жігітке қорқуға бола ма?/ деді басын көтеріп/
Біраз үнсіздіктен кейін
Жігіт:
-Ал сіз ше аға? Сіз өлімнен қорықпайсыз ба?
Абылай күлімсіреп:
-Жоқ, енді қорықпаймын, /орнынан тұрып, жас жігітті арқасынан қақты. Оның жүзін есте сақтағысы келгендей, бетіне ұзақ та тесіле қарап. Кетіп баражатып:
Абылай хан:
-Ертең өлуді ойлама. Атаңа не деп айтамыз?
2- Жүргізуші:
Үш тәулік соғысып, қазақ жасақтары қалмақтарды күндіз-түні өкшелей қуып, біртіндеп жоя береді. Шөл мен сансыз шайқастардан қалжыраған қалмақтар қырылып, тірі қалғандары тұтқынға түсумен болды.
- жүргізуші:
Ақтамберді жырау «Күлдір-күлдір кісінетіп» оқитын Альтаева Әсия
- жүргізуші:
Антроплог Оразақ Смағұлұлының зерттеуінше: Абылай орта бойлы, ашаң жүзді, бет сүйегі сопақша келген, сарғылт жүзді адам болған.Дене қимылы өте ширақ, өмір бойы ат үстінде жүргендіктен жамбас сүйектерінің құрылысы аз ғана деформацияға ұшыраған. Әсіресе, ерекше атап өтетін жайт, Абылай белгілі найзагер, қылыштасудың шебері болса керек, оның оң қолының бұлшық еттері жетілген, өте қарулы болған. Абылайдың он екі әйелі, отыз ұлы, қырық қызы болғанына қарағанда, оның денсаулығы зор болған деп болжауға болады. Тіпті, 45 жасында алған ауыр жарақаттан соғыс кезінде сол жақ санының ортан жілігі екіге бөлінген көрінеді. Сол сынық қайтып бітіп кеткен.
Оқушы:
Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей жүрісіп,
Абылайдың қасында
Бастарын бой тігісіп,
Сондай ауыр жорықта.
Қандыжаппен соғыста
Бірге болған батырлар
Мыналар еді егесіп:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Беті қайтпас арыстар,
Шақшақұлы Жәнібек,
Серкеқара Тілеуке,
Қарақалпақ Құлашбек,
Тігіден шыққан Ертерек,
Шапырашты Наурызбай,
Құдаменде Жібекбай қасында,
Бақ-дәулеті басында.
Сеңгібай мен Шүйбекбай,
Таңсыққожа Мамыт бар,
Қасқараұлы Молдабай,
Қатардан жақсы қалдырмай,
Айнақұл, Батый ішінде
Өңкей батырды жиысты,
Абылай салды жарлықты.
Оқушы: «Үш тілек»
- жүргізуші:
1781 жылы Тәшкен жорығынан қайтып келе жатқан жолда Абылай хан өзін жайсыз сезінеді. Әскер тоқтап аялдады. Хан осы жерде бекініс тұрғызуға бұйрық етті. Арыс өзенінің Сырдарияға құяр жеріндегі бұл бекініс халық «Хан қорғаны» деп атап кетті. Осы жылдың мамыр айында ұлы хан дүние салды. Абылайдың сүйегін үш жүздің жақсылары Түркістанда Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне арулап қойды.
- Жүргізуші:
Иә, Абылай аңызға айналған тұлға, бірақ біз ата тарихының бар шындығын ашу үшін сол аңыздан ақиқатты ажыратып алуымыз керек. Және оны өткеннен сабақ, тарихтан тағылым алу үшін жасауымыз керек.
- жүргізуші:
Өзіңсің айбарым да, айбатым да,
Санасқан орыс, қытай, ойратың да.
Ел берген жігер болды жігерің де,
Ел берген қайрат болды қайратың да.
- жүргізуші:
Елің үшін жауластың,
Жерің үшін дауластың,
Уа, Хан ием, Абылай!
Ешкімнен де ықпалдың,
Намыс туын жықпадың,
Маңдайдағы бағым-ай.
Теңіз құсап бұлқындың,
Найзағай болып сілкіндің,
Уа, Хан ием, Абылай!
Осымен «Үш жүздің басын біріктірген хан Абылайға 300 жыл.» атты әдеби-монтажымызды аяқтаймыз. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет!