«Гимназия аруы-2010»
«Гимназия аруы-2010»
Мақсаты:
Қыз балаларды ұлттық тәрбие негіздері мен салт-дәстүрді білуге, халықтық әдеп пен өнерді дәріптеуге үйрету. Жас қыз бабалардың бойындағы қасиеттерін, өнерлерін, білімдерін, ептіліктерін жұрт алдына көрсете білулері керек. Соныменқатар, әдемілікке, ұқыптылыққа, тазалыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктері:
Тақырыпты ашатын нақыл сөздер, презентациялар, мақал-мәтелдер.
1-жүргізуші: Құрметті ақ жаулықты асыл аналар, қыз-қызғалдақтар, қадірлі ұстаздар!
2-жүргізуші: Көктемде жарқыраған гүл мерекелеріңіз, күн мерекелеріңіз құтты болсын!
1-жүргізуші:
Ана-жарық сыйлаған жан екенсің,
Ана-шуақ шашатын таң екенсің.
«Ана-өмір, ана-бақыт, ана-жүрек»
Деп соққан жүрегімнің әні екенсің.
2-жүргізуші:
Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,
Ана дейміз бәрімізде жарқылдап,.
Ана деген – бәйтерегі өмірдің,
Ана деген- алтын қазық, алтын бақ.
1-жүргізуші:
Ана деген асыл жандар болаттай,
Ана деген мөлдір жандар бұлақтай.
О, адамдар қадірлей біл ананы,
Жат қылыққа ақыл-ойды тонатпай.
2-жүргізуші:
Дүниеде ең кемеңгер дананы,
Ана табады, аялайды, бағады.
Сол үшін де құдіретіне бас иіп,
Құрметтейік қасиетті ананы.
1-жүргізуші:
Сіздерге тек қана дүниенің жақсылығын, атқан таңның арайын, күн сәулесінің шапағын тілейміз!
БІРГЕ: Мереке құтты болсын құрметті аналар!
«Ана туралы ән»
1-жүргізуші: Құрметті қауым, бүгін біз 8-10 сыныптар арасында өтетін «Гимназияның аруы-2010» атты мерекелік сайысымызды бастағалы отырмыз.
2-жүргізуші: Иә, бұл сайыс қыз балаларды ұлттық тәрбие негіздері мен салт-дәстүрді білуге, дәріптеуге үйретіп қана қоймай, олардың бойындағы қасиеттерін, өнерлерін, білімдерін, ептіліктерін жұрт алдына көрсете білуге тәрбиелейді.
1-жүргізуші:
Өнер, білім, өнеге тұнған дарын,
Өнерліге өз басым таң қаламын.
Аруларды әділдікпен бағалайтын,
Таныстырайын әділ қазы алқаларын.
Олар:
- Нұрғалиева Күлзия – қазақ тілі, әдебиет пәнінің мұғалімі
- Жакупбаева Ләззат – гимназияның қыз балаларымен жұмыс жүргізуші
- Шеризатов Арман – 11 сынып оқушысы
2-жүргізуші:
Мың бұралған арулар аңдап басып,
Келеді міне ортаға толқып тасып,
Аруларын сыйлаған халқым менің,
Қыздарды қошеметпен қарсы алайық.
(ортаға қыздарды шақырамыз)
1-жүргізуші:
Жас ботаның көзіндей мөлдіреген,
Қызғалдақтай құлпырған кезі ме екен?
Ортаға шықты міне Аяжан да,
Көктемдегі бәйшешектей уілдеген.
2-жүргізуші:
Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты,
Алдымызға келді ару Айнұр атты.
Парасатты бойжеткен аталамын,
Деп өзінің сыныбын алға тартты.
1-жүргізуші:
Әуезі ән, жаны раушан, күй жүрегі
Шөл басқан сезімді де идіреді.
Ортада Қаламқас қыз мың бұралса,
Жер тербеліп, аспанымда Күн күледі.
2-жүргізуші:
Мінезі ашық, жарқын, жүзі жылы,
Түрінен көрінеді ішкі сыры.
Айымдай келді міне білімді қыз,
Аспаннан шашылғандай күннің нұры.
1-жүргізуші:
Қандай әсем, көрікті үлбіреген,
Билейді әуенімен тебіренткен.
Арайлым атты аруым шықты ортаға, Дайындықпен сайысқа бүгін келген.
2-жүргізуші:
Жеребе арқылы қыздарымыздың кезегін анықтап алайық. (Сандар жазылған асықтарды ұсынамыз. Номерлерін анықтаймыз. )
Рахмет!
1-жүргізуші:
Аруларымызды сайысымыздың шартымен таныстырайық.
— Таныстыру
— Сайыскерлер өз өнерлерін ортаға салады.
— «Шашылайын шуақ боп…» атты тақырыпта мәнерлеп жатқа оқу.
— Қолөнер. Он саусағынан өнер тамған аруларға кесте тігу тапсырмасы беріледі.
— Салт-дәстүрге байланысты сұрақ-жауап (Білім сайысы).
2-жүргізуші:
Той деп бүгін көңіл шіркін тасады.
Той деп бүгін халқым шашу шашады.
Мектептегі бүгін болар сайыстың,
Әнші шығып әнмен бетін ашады.
(Ән айтылу керек. Арулар шығып кетеді.)
1-жүргізуші:
Гүл көңілің қуаныштан өрілді,
Жанарыңнан жалын нұры төгілді.
Жыр ұшқындап тұр ғой әне үніңнен,
Көпшілікке таныстыршы өзіңді.
2-жүргізуші:
Бақ сынап кете жарысар,
Білімді көппен табысар.
Әр қызымыз бір дастан,
Ерекше келіп танысар, — деп, қыздарымызды өздерін таныстыруға шақырамыз.
(Қыздар бір-бірден шығып өздерін таныстырады.)
1-жүргізуші:
Әділқазылар бағаларын шығарғанша, жанкүйерлер атынан ән шашуды қабыл алыңыздар!
2-жүргізуші:
Домбырам екі шекті қолға алайын,
Қайырып он екі алуан ән салайын.
«Нұр жауар талапты ерге» деген сөз бар,
Мен неге бұл талаптан құр қалайын, — дегендей, сайысымыздың бұл бөлімінде арулар өз өнерін ортаға салып, көпшілікті қуанта отырып, өнерлерінің бағасын алады.
1-жүргізуші:
Дауысың қандай сырлы еді,
Табиғатты тыңдатқан.
Көркің қандай нұрлы еді,
Таң шолпанмен астасқан.
Өнеріңді кәне бүгін көрсетші,
Мына жұртқа, қошеметпен қол соққан.
(Арулар өз өнерлерін көрсетеді.)
2-жүргізуші:
Ендігі сөз кезегі әділқазыларда!
2-жүргізуші:
Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы, — деген Абай атамыздың сөзі халықтың өз ұрпағын өлең, сөзді қадірлеуге шақырған даналық деп ойлаймыз.
1-жүргізуші:
Ендеше, сайысымыздың келесі бөлімі «Шашылайын шуақ боп…». Қыздарымызды мәнерлеп жатқа оқуға шақырамыз.
(Қыздар мәнерлеп кезек-кезек оқиды.)
2-жүргізуші:
Әділқазылардың сайыскерлерімізді бғалауларын сұраймыз.
1-жүргізуші:
«Әке көрген – оқ жонар,
Шеше көрген – тон пішер.
Ешқайсысы жоқ сияқты
Бір бірінен кем түсер» демекші, біздің қыздарымыз іс тігуден кенде емес сияқты.
2-жүргізуші:
Ендеше аруларымызды ортаға шақырамыз. Қазір сіздердің алдарыңызға бірдей гүлдің сурет салынған материал, кергіш, ине-жіп беріледі. Осы заттарды пайдаланып, кесте тігу қажет. Кестенің әдемілігі, жақсы тігілгені бағаланады. Кесте тігу уақыты 7 минут. Шарт түсінікті болса, кезекті қыздарға береміз.
1-жүргізуші:
Жанкүйерлердің сәлемдерін тамашалай отырайық.
(Кесте тігіліп болған соң, әділқазыларға беріледі. Олар бағалау парағын толтырады)
2-жүргізуші:
Иә, міне, қыздарымыздың «сегіз қырлы, бір сырлы» екеніне көзіміз жетті.
1-жүргізуші:
Дұрыс айтасың. Енді, сайысымыздың соңғы бөлімі «білім сайысынада» келіп жеттік.
Жас ару жас ғұмырдың талғамысың,
Қуантқан әрбір үйдің арманысың.
Дәл бүгін қанат сомдап, сыналарда, Сан сұрақтан сүрінбей, самғап ұшқын.
1-жүргізуші:
Қыз емес, қыздың аты- қызыл алтын,
Көрінер толғанайдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын, — демекші, сұрақтар салт-дәстүрге байланысты болмақ.
2-жүргізуші:
Аруларға экраннан 9 ұяшық беріледі. Тартылған жеребе бойынша қыздар сұрақтың номерін таңдайды. Әр ұяшықта екі сұрақтан беріледі.
1-жүргізуші:
Аруларымызға сәттілік тілейміз!
(Қыздар кезектесіп сұрақтарды таңдайды.)
1-жүргізуші:
Әділқазылардың барлық бөлімнің қорытындылары шыққанша сыныптың ән шашуын тамашалайық.
(Әнді тыңдап болған соң…)
2-жүргізуші:
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» демекші, сайысымызда аяқталып келеді. Сіздер бүгін қыздарымыздың жанжақтылығын байқадыңыздар. Кезек әділқазылар алғасында. (қорытындыны айтып болған соң…)
1-жүргізуші:
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, бүгінгі бағын сынап отырған аруларымыздың өнерлері де, білімдері де ананың берген тәрбиесі деп білеміз.
2-жүргізуші:
Ендеше, осы аналарымызды тағы да мерекелерімен құттықтаймыз.
Арулар жеңістерің құтты болсын!
1-жүргізуші:
Құттықтау сөздің кезегі гимназияның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Түсіпова Гаухарға береміз.
Осымен көктем мерекесіне арналған шағын сайысымыз, концертіміз аяқталды. Келгендеріңізге көп рахмет! (Соңы)