Іс-шараның тақырыбы: Ән падишасы – Шәмші аға.
Іс-шараның тақырыбы: Ән падишасы – Шәмші аға.
Мақсаты: Қазақ халқының танымал сазгері Шәмші Қалдаяқовтың өмірімен, шығармашылығымен таныстыру; оның халқына қалдырған мол мұрасын ұрпаққа жеткізе отырып сазгерді, әндерін құрметтеуге шақыру.
Түрі: Әдеби-сазды кеш
Көрнекілігі: интерактивті тақтада «Ән падишасы – Шәмші аға» атты тақырыпта Шәмшінің өмірінен ұстаған заттарының суреттерінен фото – шежіре көрсету, еліміздің көрнекті ақын – жазушыларының, әншілерінің Шәмші туралы жүрек жарды лебіздерінен үзінді көрсету.
Өткізілген уақыты : 25.04.2014ж.
Қатысқандар: сазгер М.Егінбаев, әкімшілік, мұғалімдер, оқушылар.
Ұйымдастырушылар: кітапханашы С.А Төлеубаева, музыка пәнінің мұғалімі А.К. Сапарбеков
1 – жүргізуші: Аса қадірменді қонақтар, аяулы оқушылар, құрметті ұстаздар, бүгінгі біздің «Ән падишасы –Шәмші аға» атты әдеби – сазды кешімізге қош келіпсіздер! Қашанда әр елдің мақтаныш тұтатын ұл-қыздары болады.Соның бірі, бірі емес бірегейі – әнімен әр жүректі әлдилеген , ән падишасы атанып алтын тәжін киген сазгер Шәмші Қалдаяқұлы. Бұл кешіміз Шәмші аға, ән ағаға, арналады.
2 – жүргізуші: Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жердегі қойнауында «Сарыкөл»деген шағын көл бар. Міне, осы көлдің жағасында 1927 жылы бір жағы қысымшылық қуған Қалдаяқ деген кісі келіп, қамыстан күрке салып, осында мекендеп қалады. Қалдаяқтың шын аты Әнәпия екен. Оның оң аяқ балтырындағы үлкен қалды көріп жүрген жеңгелері оны Қалдыаяқ атап, содан осы ат оған сіңісіп кетіпті. Татарлардың гармонын, қазақтың қобызы мен домбырасын құйқылжыта тартатын Қалдаяқтың сол қамыс күркесінде 1930 жылы бір ұл бала дүниеге келеді.
1 – жүргізуші: «Оу, Қалдаяқ, ұлды болдың!» деген хабарды алып үйіне асыға келген әкеге нәрестені ұстата қойыпты. Басқалардай шыңғырып жыламай бір түрлі әуезді ырғаққа ұқсайтын үн шығарған ұлына қарап:
Мен сені қиссадағы Жамшид патшаның атымен атағалы жүр едім. Бірақ мына даусың патшанікі емес, әншінікіне көбірек ұқсайды екен депті. Сол кезде Құдайберген деген құрдасы: — Қалдаяқ , балаң адамдардың емес әннің патшасы болса да тақияңа тар келмес, — депті.
Шәмші Қалдаяқовтын өмір тарихының тізбесі
- 1930 жылы 15 тамызда қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында дүниеге келді.
- 1947-1951 жылдары Сарыағаштағы Қапыланбек малдәрігерлік техникумында білім алды.
- 1951 жылдары жолдама бойынша Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданының Темір кеншарында 9 ай зоотехник қызметін атқарды.
- 1951-1953 жылдары Ресейдің Сахалин портында кіші офицер шенімен әскери борышын өтеді.
- 1953-1954 жылдары Шымкент облысының Темірлан стансасында 1 жыл клуб меңгерушісі қызметін атқарады.
- 1954-1956 жылдары Ташкент қаласында қаласында Хализа Ниязи атындағы музыкалық училищеде оқыды. Ташкентте гастрольге барған Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарованың көмегімен Алматыдағы консерваторияға оқуға ауысты. Ауысуына консерваторияның сол кездегі ректоры Ахмет Жұбановтың үлкен көмегі тиді.
- 1956 жылы25 қазанда белгілі ақын Жұмекен Нәжімеденовпен бірлесіп еліміздің қазіргі гимнына айналған «Менің Қазақстаным» әнін жазды.
- 1956-1962 жылдары Алматы консерваториясында бірнеше мәрте оқудан шығып, қайта қабылданып оқыды.
- 1961 жылы Жәмила апаймен отбасын құрды. Екеуінен Мұхтар, Әбілқасым атты екі ұлы бар.
- 1956-1961 жылдары сазгердің 100 астам тамаша туындылары дүниеге келді. Осы бес жылдағы әндері арқылы Шәмші бүкіл Қазақстанға аты танымал белгілі композитор болып үлгірді.
- 1956 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері атанды.
- 1973-1991 жылдары 18 жыл Тараз қаласының жанындағы Дүнген ауылында өмір сүрді.
- 1991 жылы Қазақстанның Халық әртісі атағын алды
- 1967ж,’’ Әндер жинағы’’ 1971 ‘’ Бақыт құшағында’’ 1978ж ‘’ Сағынышым менің’’ ,1981ж,’’ Менің Қазақстаным’’ және 2000 жылы Шәмші әндерінің әндер жинақтары шықты.
1-жүргізуші
Еліңмен әнің салмайды бөлек іргесін,
Болашаққа барасың, бастап жыр көшін
«Менің Қазақстанымменен» жан аға,
Қазақтың көк байрағыменен біргесің
Гимн
2 – жүргізуші: «Менің Қазақстаным» әнінің тарихы қалай туғанын айтайын, — деді
Ол тұс Ақмоланы Целиноград атап сол жақтағы 5 облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Қазақ жері осылайша бөлшектеніп жатқанда оның асқақтап жырлайтын гимн қажеттілігін сезді. «Менің Қазақстаным» солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді. Бұл әннің өлеңі жөнінде көп ұзамай дау шықты. Әнді баспасөзде жарияламақ болып біз оны «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»)журналына апарған едік. Оның бір дөкейі бізге дүрсе қоя берді.
Коммунистік партия туралы бір ауыз сөз жоқ. Қазіргі айтылмаған, — деді ол даусын қатайтып.
Мен әнімді Қазақстанға арнап отырмын. Өз елімді, өз жерімді ешбір саясатсыз адал көңіліммен жырлағым келеді, — дедім мен.
Жоқ болмайды, партия – заманымыздың ар — ожданы, ол – біздің бастаушымыз. Жеті жылдық жоспар – оның ұраны. Біз алдымен жырлауымыз керек
Ал Қазақстан ше!
Партия туралы ештеңе жазбағаннан сенің олжаңа түскен тұсау аз емес. Сен немене, партияға қарсысың ба? – деп ежірейді анау. Әңгімені қисайтып алмайық деп амал жоқ өлеңнің бір шумағын былай деп жөндедік :
Жеті жыл жоспары
Жеті қыр асқаны.
Думанды бастады
Қазақтың жастары.
Журналға осы өлең басылғанымен радиодағы тексті өзгерткеніміз жоқ. Халық арасына сол нұсқасы тарады. Бұл ән «Елімнің әнұраны»болды. 1986 жылы 17 – желтоқсанда бостандықты аңсаған қазақ жастары Алматыдағы Республика алаңына «Елім – аймен»бірге осы әнді айтып шықты.
Бүгінде халқына рухани қару болған «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы 7 — қаңтар №112 баптың ІІІ тармағында Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес Гимн болып халқына қайта оралды.
1- жүргізуші
Бүгін бізде қонақта жерлесіміз, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі сазгер жерлесміз Мұратхан Солтанбайұлы Егінбаев ағамыз қонаққа келіп отыр. Мұратхан аға төрлетіңіз. Мұратхан аға, 75 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтаймыз. Наурыз айында жаңа кітабыныздың түсау кесері болып, 11 сәуірде І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Елім, саған ән-жырым» атты тамаша кештін куәгері болдық. Қаламыңыз ұштала берсін деп тілейміз. Мұратхан аға, бұгінгі кешіміз Шәмші ағаға арналғандықтан, Шәмші ағамызбен таныстығыңыз 1957 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға түсуге құжаттарыңызды тапсырып жүргеніңізде, жатаханада басталып, 16жыл жақсы қарым-қатынаста араласып тұрыпсыздар.
Сізге бірнеше сұрақ қойсам бола ма?
Шәмші аға қандай адам еді?
Ол кісі өзі жазған әндерінің қайсысын жиі айтушы еді ?
Бірге жүргендегі бастарыңыздан өткізген қызықты бір оқиғаларыңызды айтып берсеңіз?
Cоңғы сұрағым өзіңіз жайында,шығармашылығыңызға қысқаша тоқталып өтсеңіз?
Мұратхан аға, өзіңіз жазған қандай әнді орындап бересіз?
(Қонағымыз қойған сұрақтарға жауап беріп: “Ұстазға ‘’, “ Қаракерей Қабанбай”, “Қазақтың көкпары” әндерін орындап берді).
2-жүргізуші
Ана — теңдесі жоқ таусылмайтын жыр. Өнер қайраткерлерінің қай — қайсысы болмасын өз шығармаларында арнайы сөз етпей кетпейтін болған. «Ана туралы жырдың» тууы.
Әннің шығуына себеп болған Шәмшіні ән дүниесіне жетелеген аяулы анасы Сақыпжамал Бұқарбайқызының мезгілсіз дүние салуы. Ананың арманда кетуі Шәмшіні қатты тебірентті. Жазылмастай дертке шалдыққан анасы Алматыдағы баласын шақыртады.
— Балам, деді көзіне жас алып, жалғыз тілегім: сен аман бол. Бұл өмірде салған әнің айтылмай жатып үзілмесін. Ол әнің ұзаққа жетсін. Бақытты бол балам.
— Апа, қарыздармын саған… Қарыздармын апа. Сенің басыңа кесенеден ескерткіш орнату қолымнан келе қоймас. Бірақ саған әсем әннің ең асылын ешқашан ұмыт болмайтын ескерткіш қалдырамын деді Шәмші. Бұл 1959 ж 4 қыркүйегі болатын. Шәмші анасына берген уәдесін 2 жылдан соң 1961 ж орындады. Бұл ән ана алдындағы ешқашан өтелмейтін борышын сезінген баланың егіле төгілген көз жасы еді.
Сөзі: Ғафу Қайырбековтікі
Әні Ш.Қалдаяковтікі ‘’ Ана туралы жыр’’
Орындайтын Мұратқызы Алима 5а сыныбынан
1-жүргізуші
Шәмші ағаның әндерін тыңдаған ағылшындық мейман Роберт Файлер тілмаш арқылы;
-Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300-ге жуық ән шығару деген-ұлы ерлік. Ескерткіш орнату керек!- деді. Шетелдік қонақтың мақтау сөзін Шәмші аға өте қарапайымдылықпен қабылдаса да көзі жасаурап қалды.
2- жүргізуші
Ал Қасымжомарт Тоқаевтың Шәмші ағамыз туралы пікірі »Қазақ әнімен мәдениетінің алтын қорына елеулі үлес қосқан Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасы — ұлтымыздың баға жетпес байлығы, рухани қазынасы.Халқымыздың жан жүрегіне жақын оның болмысымен үндес Шәмшінің әндері ‘’Жас талғамайтын, мәңгі жасайтын жауһар дүние.
1-жүргізуші
“Ән де адам секілді өз тағдырымен туады» деген рас сөз Шәмшінің 300-ге жуық әр әнінің өзіне тән туу тағдыры бар. Бірде Шәмші ағамыз бір топ жолдастарымен өзеннің жағасында демалып жатып ұйықтап қалса керек. Ояна кетсе, жанында ешкім жоқ, тып-тыныш, тек қана себелеп жаңбыр жауып тұр екен. Шәмші ағамыз кенеттен ‘’Жанадан ән шықты,ән шықты ‘’ деп үйіне қарай жүгіре жөнелген екен. Сондағы шыққан әні-‘’Бақыт құшағында ‘’
Орындайтын .Мекибаева Алия
2-жүргізуші
Шәмші ағамыздың зайыбы Жәмилә апайдың еске алып айтқаны: -«Шәмші екеуміз 1957 жылдың күзінде Алматыда таныстық. Мен 24 — те болсам, ол 26 жаста еді, консерваторияның студенті болатын. Ал мен тігін ательесінде жұмыс істейтінмін. Киноға, би алаңдарына жиі барып жүрдік. Сондай күндердің бірінде ол маған арнап ән жазатынын айтты. Содан мен оның әнін күтіп ұзақ жүрдім. Бірақ қашан жазасың деп қадалып сұраған жоқпын.
Бір күні Жәмилә апайға Шәмші ағамыз: «Саған арнап ән шығарып қойдым, ұнамаса ренжіме. Егер көңіліңнен шықса рахметті алдымен Мақсұтбек Майшекинге айтарсың, өйткені сөзін жазған сол», – деді. Аккордеонды қолына алып, «Бәрінен де сен сұлуды» орындай жөнелді.
Жанатова Надираның орындауында ‘’Бәрінен де сен сүлу’’
Орындайтын Байдүкенова Рухия 9а сыныбынан
1-жүргізуші
Жезтаңдай әнші Роза Бағланова: ‘’Шәмшінің кеудесінен күмбірлеп туған әр әнін шырқаған сайын жайлауда жүргендей әсерге бөленемін ,‘’- деген екен.
2-жүргізуші
‘’Ақиқатына келгенде Шәмшінің Тәңір жаратқан таланты асқақ. Әсем әндері қай атақ, қандай сыйлықтан да жоғары, ‘’- депті композитор Әсет Бейсеуов.
1-жүргізуші
Халық Шәмшіні ‘’Қазақ вальсінің королі ‘’ деп бекер айтпаса керек. Оның көптеген әндері вальс ырғағына жазылған. Шәмші әндеріне вальс билемеген жан бар ма? Біздің әке- шешелеріміз осы вальстің ырғағында жүріп бір-бірімен танысып табысты емес пе?
Cонымен алдарыңызда ‘ Қазақ вальсі ‘’ мектебіміздің мың бұралған қыздарының орындауында көріңіздер. Қобдыкова Алуа,Әлия,Бабайбекова Мөлдір.
2-жүргізуші
Шәмшіге бірі аға , бірі іні болып өлең арнаған Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиев т.б. ақындардың өлеңдері бар. Аспанынан қазақтың ән боп ұшқан, дара туған дарын Ш.Қалдаяқовқа 83 өлең арналыпты.
Тұманбай Молдағалиевтың ‘’ Шәмші ‘’ өлеңін Мұратбеков Темірлан оқып береді. Мұхтар Шахановтың ‘’Қалдаяков өзені’’ өленің Батырхан Ернардың оқып береді. Мұқағали Мақатаев ‘’Шәмілге жазған хаттарынан’’ Қабимолда Ақжолдың орындауында тыңдаңыздар.
1- жүргізуші
Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма
Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма.
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл-ау! Шәмші қайда? Шәмші қайда?
Шәмшіге айт, Тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын жүректі, жандандырсын!
Мәңгі өлмес Махаббатым айта жүрер,
Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын.
Міне, алып тұлғалар арасында өзара сыйластық пен түсіністік осылай болған . Мұқағали мен Шәмшінің бір айдай бірге тұрып 30 шақты ән жазғандары осыны білдірсе керекті.
Сөзі Мұқағали Мақатаевтікі, әні Шәмші Қалдаяқовтікі ‘’Отырардағы той’’орындайтын Айдынова Арайлым
2-жүргізуші
«Ақ ерке – Ақ Жайық»,’’ Арыс жағасында’’, ‘’Сыр сұлу’’, ‘’ Талдықорған –әнім менің’’ , ‘’Мойынқұмда’’,’’ Отырардағы той’’,’’ Өмір-өзен’’,’’ Ақ маңдайлым’’, ‘’ Ақ сұнқарым’’ ‘’ Қайықта’’, ‘’Ақ бантик’’,’’ Әнім сен едің’’,’’ Кешікпей келем’’ ‘’,Бәрінен сен сүлу’’ ,’’Қыз сағынышы’’ ‘’Алғашқы махаббат’’ т.б әндері халық арасына кеңінен тараған.
Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік – Шәмші шығармаларының басты тақырыбы..
Жүргізуші
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей Шәмші Қалдаяқұлы -шашасына шаң жұқтырмайтын қазақ әнінің хас жүйрігі.
Бірде — бір қуаныш дастарханы әуезді әндерінсіз өтпейтін, ешкімді жатырқамайтын кең пейілді Шәмшінің тағдыры қаталдау болды. Үй күйсіз жүрген кездері болған. Шәмші Қалдаяқовтың Жамбылдың түбіндегі дүнгендер ауылында тұрған кезінде шығарған Сөзі: Тұманбай Молдағалиевтікі, ән Шәмші Қалдаяқовтікі
«Дүнген қызы» атты әнін Сапарбеков Азамат Қойшыбайұлының орындауында қабыл алыңыздар.
2-жүргізуші
Ал әнші Мақпал Жүнісова өз сөзіңде былай дейді: » Орталық концерт залында өткен Шәмші ағаның 60-жылдық мерейтойында ұлы композиторды бірінші және ақырғы рет көрдім . ‘’Бақыт құшағында ‘’, ‘’Сен сұлу ‘’ әндерін орындағанымда Шәмші аға ақ батасын берді. Ақ батасын алу-мен үшін үлкен бақыт »
1- Жүргізуші Шәмші аға батасы біз естіп жүрген баталарға еш ұқсамайтын,өзгеше болған.
Көргенін рахат болсын,
Жүрген жерің рабат болсын,
Екі тойын қабат болсын.
Дастарханың берекелі болсын,
Әр күнің мерекелі болсын.
Шәйің қызыл болсын,
Ғұмырың ұзын болсын.
Несібен таса берсін,
Дұшпаның қаша берсін.
Шаңырағын Кремль сарайындай биік болсын,
Босаған Ақсақ Темір дарбазасындай берік болсын.
Беттеріңе түскен әжім қасірет табы емес,
Шаттық,күлкі ізі болсын
Әумин!
2- жүргізуші
«Ән-халықтың көңіл –күйі,ал халықтың көніл-күйін табу мүмкін емес.Бұл шын ақын, композитордың қолынан ғана келмек…» деп Шәмші ағамыз өз пікірін білдірген екен.
Сұлу сазға бөлеген өз өңірін,
Сырға орап жастардың мәз өмірін.
Шәмші аға шығарған асыл әндер
Жадыратқан талайдың пәс көңілін
Төребек Айтолқынның орындауында ‘’ Әнім сен едің’’
2- жүргізуші
Қазақ әнін қырық жыл ән бесігінде тербеткен ұлы композитор Шәмші Қалдаяқұлы 1992 жылы 29 ақпаныңда соңғы келмес сапарға аттанды.
1 -жүргізуші
Әндеріңмен айдынды шалқар көлдейсің,
Көңілімде әлі отырған күліп сол кейпің.
Жер бетінде қазағым аман тұрғанда,
Өлмейсіз аға, өлмейсіз аға, өлмейсің.
Шырқалса әнің қалада, дархан далада,
Тыңдайды ұйып, бесікте жатқан балада.
Соңына өшпес рухани мұра қалдырдың,
Тірісің мәңгі, тірісің мәңгі жан аға.
2-жүргізуші
Қалдыбек Құрманәлінің «Ән аға’’ немесе ’’ Шәмшімен сырласу» әнін Жанатова Надираның орындауында тындаңыздар
Мектеп кітапханашысы С.А.Төлеубаева “Ән әлемінің королі” атты кітап көрмесін ұйымдастырып , сазгердің еңбектеріне және ол кісі жайында жазылған естелік кітаптармен таныстырды.
1-жүргізуші
1992 жылдан бері елімізде сазгерлер мен әншілердің Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау — фестивальдері өткізіліп жатыр. Ш. Қалдаяқов туралы қаншама естеліктер жазылып, кітаптар шығарылып жатыр, ескерткіш орнатылып, көшелер мен оқу орындарының аты берілді, деректі телефильм түсірілді. Шәмші әндерінің әндер жинақтары шықты. “Шәмші” журналы шығып жатыр. 1992 жылдан бері Алматыда , Астанада Шәмші әндеріне арналған дәстүрлі концерттер өткізіліп жүр. 19 маусым 2013 жыл Алматы қаласында Ш. Қалдаяқов туралы деректі көркем фильмнің тұсауы кесілді,бұнын бәрі ән ағаға деген халқының ілтипатының белгісі.
2 –жүргізуші
Шымкент қаласындағы облыстық филармония мен бір көше Шәмші атамыздын есімі берілсе, Алматы қаласындада бір көше және композитордың туған өлкесі – Шәуілдір ауданындағы музыка мектебі Қалдаяқовтың есімімен аталады. Шымкент филармониясының алдына сазгердің ескерткіші орнатылған.
1-жүргізуші
Халқының жүрегінен әндері ерекше орын алған, қазақ халқының өнер әлемінде өшпес із қалдырған сазгер Шәмші Қалдаяқұлының өнегесі, баға жетпес байлығы, рухани мұрасы ешқашан ұмытылмайды.
2- жүргізуші
Осымен әдеби-сазды кешіміз аяқталды, уақыттарынызды бөліп тамашалағандарыңызға рахмет!