Рәміздерім- мақтанышым.
Тақырыбы: Рәміздерім- мақтанышым.
Мақсаты: 1. Оқушыларға еліміздің рәміздері (Ту, Елтаңба, Гимні) туралы
түсінік бере отырып, білімдерін кеңейту.
- Оқушылардың ойлау, есте сақтау, сөйлеу дағдыларын,
танымдық қабілеттерін дамыту.
- Оқушыларды еліміздің рәміздерін құрметтей білуге, Отанын,
елін, жерін қорғауға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Рәміздер, мазмұнды суреттер, өлеңдер, шарлар.
Барысы:
І. Кіріспе бөлім.
Оқушылармен сәлемдесу, түгендеу, назарын сабаққа аудару.
Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз.
Сәлем бердік сіздерге,
Құрметпенен біз.
-Балалар, бүгін қандай күн?
— Білім күні.
Балаларды білім күнімен құттықтау. Алғаш мектеп табалдырығын аттап отырғанбүлдіршіндерге тілек айту.
— Балалар, біз қай елде тұрамыз?
ІІ. Негізгі бөлім.
-Балалар, Қазақстан Республикасы- біздің Отанымыз. Отан отбасынан басталады. Отанды қорғауымыз керек. Қане, Отан туралы қандай тақпақтар білеміз?
Ақниет: Отан- жерім, Отан- суым,
Отан қуат нәр береді.
Отан-ұран, Отан-туым.
Отан мәңгі гүлденеді.
Әділбек: Азаматқа лайық,
Отанымның ұлымын.
Отанымды қорғайтын,
Азаматтың бірімін.
Елнұр: Ана тілің арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.
Қазақстан Республикасының гимнін орындау.
-Балалар, сендер қандай ән орындадыңдар?
-Қазақстан Республикасының әнұранын.
-Дұрыс айтасыңдар, балалар, әрбір республиканың өз ерекшелігін
білдіретін гимні, туы, елтаңбасы болады. Біз оны рәміздер деп атаймыз. Рәміздер туралы жеке-жеке түсініктер беру.
Ту- аспан түстес көгілдір, ортасында күн, күннің астында бүркіт ұшып келе жатыр. Сол жағында қазақтың ұлттық оюы бейнеленген.
Елтаңба- елтаңбада шаңырақ, күн сәулесі, бес бұрышты жұлдыз, қанатты пырақтар, «Қазақстан» деген жазу бар.
Гимнің сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов.
— Осы аталған есімдердің ішінде бізге таныс есім бар ма?
— Дұрыс айтасыңдар, Нұрсұлтан Назарбаев.
— Нұрсұлтан Назарбаев –біздің Президентіміз.
— Еліміздің астанасы- Астана қаласы.
— Президент Астана қаласында тұрады.
Сергіту сәті.
Мемлекеттік Рәміздер туралы білетін тақпақтарымызды айтайық:
Әрлен: Қай қиырда болсам да,
Қай мекенді шолсам да.
Елдігімді айғақтап,
Жарқырайды Елтаңба.
Сұлтан: Елтаңбасы елімнің,
Неткен әйбат, әдемі!
Тұнығындай көңілдің,
Ортада- аспан әлемі.
Нұрдана: Көк туымыз бетінде,
Қыран бүркіт қанатты.
Сол қырандай еркіндеп,
Біз өсеміз талапты.
Айзада: Айнымайды аспаннан,
Біздің тудың бояуы.
Оны халық қашан да,
Биікке іліп қояды.
Мерей: Тәуелсіздік жолында,
Талай-талай тер тамған.
Құт береке, шаңырақ,
Орын алған ол төрден.
Айтолқын: Барша халық таныған,
Біздің үміт тілекті.
Шырқалғанда әнұран,
Шаттық кернер жүректі.
ІІІ. Қорытынды бөлім.
Балалар, біздер Отанымыз Қазақстан туралы, оның мемлекеттік рәміздері туралы әңгімеледік.
Еліміздің рәміздерін, соның ішінде қасиетті көк байрағымызды, өз
жанымыздай қастерлеу, оған зор құрметпен қарап, тұмардай сақтау-
бәріміздің абыройлы міндетіміз. Әсіресе еліміздің ертеңгі болашағы сендер үшін бұдан асқан мақтаныш пен міндет болмаса керек. Сондықтан сүйікті Отанымыздың осынау рәміздерін мақтаныш тұтып, қастерлеп қана қоймай, ондағы бейнеленген өрнектердің мәнін-маңызын, түс-реңін жақсы біліп жүрген жөн.
Қазақстан- бүгін еліне достықтың туын тіккен жер. Еліміздің жарқын болашағы жас ұрпақтың, яғни сендердің білімділіктеріңе, отансүйгіштіктеріңе, жауапкершіліктеріңе байланысты. Сондықтан, елімізді қорғайтын, рәміздерімізді құрметтейтін азаматтар болайық!
- Балалар, біз білім еліне аттануға дайынбыз. Білім еліне аттанбас бұрын мына тапсырмаларды шешуіміз керек.
0+0, 1+0, 1+1, 2+1, 3+1, 4+1, 5+1, 6+1, 7+1, 8+1, 9+1, 10
Б І Л І М К Ү Н І М Е Н!
Өрнектің мәнін тапқанда өрнектің артынан Білім күнімен деген сөз шығады.
- Жарайсыңдар балалар, барлығымыз бірге қандай сөз шыққанын оқиық.
- Барлығыңды білім күнімен құттықтаймын!