Баланың бас ұстазы – ата-ана
Баланың бас ұстазы – ата-ана
Мақсаты: “Баланың бас ұстазы – ата-ана” тақырыбында ата-аналардың пікірін білу, талқыға салу, қатыгездіктің алдын алу үшін қандай мәселелерді ортаға салу арқылы бірлесіп шешу жолдарын қарастыру.
Ата-аналарды пікір айтуға ынталандыру, ортақ шешімді анықтау, болашақта баламен жұмыс істеу міндетін белгілеу, ата-аналармен бетпе-бет кездесе отырып, ас ұрпақ тәрбиесі туралы пікір алысу.
Өткізілу әдісі: дөңгелек үстел (“Ақ жүніс” бағдарламасы үлгісімен)
Барысы:
Мұғалім: Құрметті ата-аналар, бүгінгі хабар қонақтары! «Баланың бас ұстазы – ата-ана» тақырыбында өткелі отырған «Ақ жүніс» бағдарламасына қош келдіңіздер!
«Мен қазақпын, мың өліп мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен
Жылағанжа жүрегім күн тұтылып
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген – деп Ж.Молдағалиев жырлаған халықпыз. Сол халықтың жастары да осал болмауы тиіс. Осал емес те. Бекзат, Бахтияр сынды жастарымыз еліміздің намысын биікке асқақтатты. Бірақ, әттеген-ай дейтін жеріміз де баршылық.
Бұл бүгінгі жасөспірімдердің қылмысқа бой ұрып бара жатқандығы. Яғни, қылмыскерлердің жасы жасарып бара жатыр. Жастардың қатыгездікке, қылмысқа бой алдыруы заман проблемасына айналды. Сондықтан, бүгінгі әңгіме жастар жөнінде, жасөспірімдер арасындағы қылмыс жөнінде болмақ.
Қазір студиямыздың «жұмбақ кейіпкеріне» сөз берейік.
«Мен жанұяда жалғыз бала болдым, сондықтан да әке-шешем айтқанымды жасап, ерке өсірді. 13 жасымнан бастап қасымдағы балаларға еріп, жаман әдеттерге әуес бола бастадым. әке шешем ақшаны аямай беретін болғандықтан, қымбат темекі шегетінмін. Барлық зат оңайлықпен келетін болған соң өмірге жеңіл қарадым.
Қанша реет арақ ішіп, милицияға да ұсталдым. әкем таныстар арқылы ақшасының арқасында шығарып алатын еді. өзімнің жаза тартпайтыныма масайрап сорақы қылықтарға баратын болдым. 17 жасымда әкем жол апатынан қаза болды. Жалғыз аннам маған ештеңе жасай алмады. Сол кезде қасымдағы өзім сияқты жаман жолға түскен балалармен көрші шағын аудандағы Ернар есімді баланы өлімші етіп сабадық. Оның бар жазығы менің досым жақсы көретін Айна деген қызбен достығы еді. Бәріміз де қамалдық. Шығарып алатын әкем жоқ. Осы жерде мен өз өмірімді бүлдіргеніме бірінші реет өкіндім. Үш бала болып бес жылға сотталдық. Темір тордың арғы бетінде өткізген бес жыл мен үшін жүз жылға тең болды. Бүгін де босап келіп жаңа өмір бастап жатырмын. өмірімді қайтадан бастағым келеді.
Жастарға айтарым, кейін өкінбейтіндей өмір сүріңдер. Бар қызық алдарыңда. Арақ, шарап, есірткі бірінші жауларың дегім келеді».
Мұғалім: Ал, құрметті студия қонақтары, «Жұмбақ кейіпкердің» әңгімесін тыңдадыңыздар. «Жұмбақ кейіпкердің» өмірі неліктен қылмыспен басталды. Осы жөнінде ой бөліссек.
- «Жұмбақ кейіпкер» кімді кінәлап отыр?
- Осындай оқиғалар қоғамда жиі белең алып бара жатқаны жасырын емес. Осы тәрізді келеңсіз жағдайларды естігенде сіз қандай күйде боласыз?
- Сіздің жолдастарыңыздың арасында біреуінің баласы осындай жағдайларға ұшырағанда сіз қандай кеңес берер едіңіз?
- «Жұмбақ кейіпкерге» деген көмегіңіз?
(ата-аналардың пікірін тыңдау)
Мұғалім: Сіздердің алдарыңызда бізге келіп түскен тыңдарман хаттарынан үзінділер жатыр.
«Кұрметті редакция! Біздің үй үнемі ұрыс-керістен арылмайды. Кейде жанжал аяқ астынан шығады. Шешем: «Күні бойы үйде болмайсың. Тигізер қолғабысың шамалы» деп ызыңдаудан жалықпайды. Әкем ішіп алғанда талай рет қол жұмсады. Шешем көбінесе екеумізді бөлек тамақтандырады. Мен ата анаммен бірге тұрудан жүрегім айни бастады. Кейде қылмыс жасап түрмегеде түскім келеді. Не істерімді білмей жүрмін».
Арман, Астана
- Мұндай жағдайда не айтуға болады?
- Неліктен Арман өз ата-анасынан безіп қатыгез болып өсіп келеді?
- Жаны жаралы Арманға қандай ақыл қосуға болады?
Телекөпір. (9 сынып оқушыларының ой-пікірлерін тыңдау)
Мұғалім: Біз тәрбиелеп отырған ұл-қыздарымыздың ой-пікірлерін тыңдадық. Олай болса, отбасында бала тәрбиесіне қалай ықпал жасайсыздар? (әкесі, анасы ретінде)
- Бала тәрбиелеу жауапкершілігі кімде деп ойлайсыз?
- Балаға тәрбие беру кезінде үйде ата-ана бірдей ықпал жасай ма?
- Отбасы мүшелерінің қайсысының ролі басым?
- Өзіңіздің балалық шағыңыз туралы балаңызға айтасыз ба?
- Өзіңізді бұрын ата-аналарыңыз қалай тәрбиелейтін еді? Қазіргі бала және Сіздердің уақыттарыңыздағы баланың арасында айырмашылық бар ма, қандай?
- Бала тәрбиесінде сізге кездескен қиыншылықтар, оны шешеудің жолы қандай?
Даналық сөздер
- «Ісін өндіре алмаған қырсыз бала қырсығын әкесінен іздейді»
- «Балаңды беске дейін ештеңеден тыйма, бестен он үшке дейін құлыңдай қина, он үштен ары сырласыңдай сыйла»
Қорытынды: Құрметті, ата-аналар!
Бүгінгі жиналыста сіздер бала тәрбиесінің оңай емес екенін байқаған боларсыздар. Бала тәрбиесінде шыдамды болып, өз балаларыңызға жылуыңызды бере біліңіздер. Сіздің өсірген балаларыңыз сіздерді ылғи да қуантып, қуанышқа бөлей берсін!