Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби- сазды кеш «Өкпелетті дей алман, өмір мені»

Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына

 арналған әдеби- сазды кеш

«Өкпелетті дей алман, өмір мені»

Кештің мақсаты:                                                                       

Ақиық ақын, артына айрықша өшпейтін із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, әндері мен поэмаларымен танысу.

М.Мақатаевтың өлеңдері мен әндері арқылы оқушыларды әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелеу.

Кештің көрнекілігі:

М.Мақатаевтың суреті мен «Өкпелетті дей алман, өмір мені» тақырыбы, шарлар, ақынның шығармасы мен өміріне арналған көрме. Сазды музыка.

Өз дауысы тыңдалады.

(Кеш «Аққу» биі арқылы ашылады.)

1-жүргізуші: Армысыздар, қадірлі ұстаздар мен қымбатты оқушылар! Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы, жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық-шынымен бақытты халық.

2-жүргізуші: Иә, Мұқағали- ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Ол-бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дауыстардан толы алатын жұмбақ ақын. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды.

1-жүргізуші: Қымбатты ұстаздар, қонақтар, оқушылар! Ақиық ақынның шығармашылығына арналған «Өкпелетті дей алман, өмір мені» атты әдеби-сазды кешімізді бастаймыз.

Бүгінгі кешіміз төрт бөлімнен тұрады.

 

І бөлім  «Бақыт деген менің бала күндерім,

                Бақытсыз- ақ бақытты боп жүргенім»

ІІ бөлім  «Арулар асыл жандар»

ІІІ бөлім  «Өтермін сірә да мен бұл өмірден,

                  Мәңгілік қалармын мен ғашық болып».

ІҮ бөлім   «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін»

 

1-жүргізуші:

Аламан бәйгеге оза шауып, өлең-жырда шамасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, талантты тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан. Оны біріміз білсек, біріміз білмейміз. Олай болса, қыран тағдырлы ақын Мұқағали ағаның өмір жолынан деректерге назар аударайық.

/Интерактивті тақтадан Мұқағали Мақатаев туралы бейнеролик жүреді/

Ақиық ақын 1931 жылдың 9-ақпанында Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Мұқағалидың әкесі Сүлеймен шаруа адамы болған. Бастауыш сыныпты Қарасазда оқып, орта мектепті Нарынқолда интернатта оқып бітіреді. Мектепте оқып жүрген кезде ең алғашқы өлеңдерін бастаған болатын.
1948 жылы орта мектепті бітірісімен, мәдени-ағарту саласында түрлі қызметтер атқарды. Мектепте әдебиет пәнінен сабақ берді. Аудандық газетте әдеби қызметкер болып істейді.
2-жүргізуші:
Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды.  Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі

М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады.
1-жүргізуші:
  Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962-1963 жж.), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») (1963-1965 жж.), «Жұлдыз» (1965-1972 жж.) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973 жж.) қызмет атқарады.
Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. Көзінің тірісінде жариялап үлгерген жыр жинақтары:
«Ильич» (1964ж), «Армысыңдар достар» (1966ж), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970ж), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975ж)

«Мұқағали  туралы естеліктер» бейнеролик.
2-жүргізуші:
«Айтылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді деуі мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер тұрманы.»
Иә ,ақын туралы естеліктер де жазылып, лебіздер айтылуда. 5 «ә» сынып оқушылары Ілебай Айдана мен Тілеужан Нұрсұлтанның оқуында  алдымен ақынның өз өмір жолы туралы жазылған «Менің анкетам» өлеңіне кезек берейік.

І бөлім  «Бақыт деген менің бала күндерім,

                Бақытсыз- ақ бақытты боп жүргенім»

1-жүргізуші: Мұқағали жырлары кімнің де болса жүрегін баурап, еріксіз елітіп әкетеді. Ол ананың мұңын, әженің әлдиін, жетім- жесірдің қайғысын, ердің ерлігін, пәк махаббатты, адал достықты жырға қосты. Өзінің балалық шағына тап келген сұм соғыстың салған ылаңына куә болды. Өзі көзімен көріп, бала жүрегімен сезінген ардақты аналардың, аяулы жеңгелердің мұң- зарын жүрегін жарып шыққан жырларына арқау етті.

Жомарттың орындауында «Сәби болғым келеді» әні.

 1-оқушы «Қайран жандар»

 2-оқушы: «Сәби- ана»

 3-оқушы «Қайран жеңгем»

 4-оқушы: «Бала едік, ә»

Әділеттің орындауында «Бақыт  деген»  әні және әнге  қойылған би       3- сынып оқушылары.

 

ІІ бөлім  «Арулар асыл жандар»

2-жүргізуші:                                                                                                                 

Арулар- асыл жандар. Оларға деген махаббат, сүйіспеншілік сезімі- жырдың алтын арқауы. Ана туралы, әйел туралы, жырламаған ақын кемде- кем. Соның ішінде Мұқағалидың әйел туралы жазған өлеңдері ерекше.

Ана – өмір сыйлаушы, бала- бағбаншысы.

Қазақ  ұлтына тән қасиет әйел- ана барлық уақытта әр ошақтың тәрбиешісі, аналарымыз кіршіксіз ақ  жаулықтың, әжелеріміз киелі ақ кимешектің иесі.

 5-оқушы «Ақ кимешек көрінсе»

 6-оқушы: «Шеше, сен бақыттысың»

 7-оқушы «Көшеде»

 8-оқушы: «Қыздарға»

Оралбайдың орындауында «Иіскейін» әні.

 

ІІІ бөлім  «Өтермін сірә да мен бұл өмірден,

                  Мәңгілік қалармын мен ғашық болып».

1-жүргізуші:

Махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына соқпай кететін ақын жоқ. Өйткені махаббат мәселесі – бұл мәңгілік тақырып. Бірақ әр ақын өз сезімін, өзінің ішкі жан дүниесін әр қалай шығарады. Ақынның сезімінде жасандылық жоқ. Махаббатта бір қуаныш, бір үміт, бір өкініш, бір күдік болатындығы жасырын емес.
2- жүргізуші: Ия, махаббат әлемін Мұқағалидай жырлаған адам кем де кем шығар. Ол «нағыз махаббатты армандады», ол махаббатқа бас иді, оның кеудесі сарқылмас сағынышқа толы, ал сағына білген адам сүйе біледі, сағына білген адам өзге жанды түсіне алады, жұбата да алады.
1-жүргізуші:

О, махаббат!
Сен әлі тірі ме едің!?
Көзімнен ғайып болған күнім едің
Гүлім едің
Елтіген түнім едің.
О, махаббат!
Сен әлі тірі ме едің? – деп жырлаған Мұқағали ақын.

2-жүргізуші:

Ендеше, ақынның махаббат тақырыбына жазылған жырларын назарларыңызға ұсынамыз.
Шын зергерлік өнермен өлшенетін ақындық жолында жүрекпен құлаш ұрған Мұқағали  ақын да өшпес мәңгілік тақырыпта махаббатқа қалам тартқан.

Олай болса махаббат лирикасына арналған жырларын тыңдасақ.

9- оқушы: «Махаббат манологы»

10- оқушы: «Сағынғанда»
11- оқушы: «Сен менің»
12- оқушы: «Ғашықпын»

13- оқушы: «Сен бе едің»

Ән  «Құмған алған» 6-сынып оқушысы Жандостың орындауында.

10- сынып оқушылары Оралбай мен Шыңғыстың орындауында «Сенің көзің»

11- сынып оқушысы Ердостың  орындауында «Бала ғашық»

 

ІҮ бөлім   «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін»
1-жүргізуші:
Пай, пай, өмір!
Пай, пай, өмір!
өтесің – ау бір күні,
тиясың ау қуанышты күлкіні.
өмір деген – бір жарқ еткен найзағай,
өмір деген көк аспанның күркірі.
Пай, пай өмір,
Өтесің-ау бір күні!
2-жүргізуші:

Бұл ақынның өмір  туралы толғанысы еді. Мұқағали — өмірдің қыр – сырын білген, аса бақытты жан. Бүгінде самғауы биік қазақ жырының сырлы өлкесінен орын тепкен Мұқағали Мақатаевтың саңлақ үні халық санасына сіңді деп айтуға негіз бар. Ақынның шыншыл, сыршыл қоңыр дауысы әдебиет әлеміне орнықты. Өзімен-өзі арпалысқан мазасыз ақын жүрек миллион жүректі адамгершілік, суреткерлік жалын — жігерімен жылытып келеді.
Арамызда ақын жоқ, бірақ жыры, шығармалары қалды, жыр сүйгіш ұрпақтары қалды.Енді сөз кезегін соларға берейік.

14- оқушы: «Тағдырмен бетпе- бет»

15-оқушы: «Пай, пай, өмір! »

16-оқушы: «Таудағы көктем»

17-оқушы: «Өмір деген не десең?»

11- сынып оқушысы Жансаяның орындауында «Сүрейік өмір алмасып»

 

1-жүргізуші:

Ақын мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік болашақ  ұрпақтың еншісі, қастерлеп, қадірлейтін қазынасы.
Олай болса, жас ұрпақтың «Мұқағали» есіміне арнаған лебізі.

/оқушылар әріптер алып шығады/
М–Мұқағалидың
Ұ–ұрпаққа
Қ–қалдырған
А–аманатын
Ғ–ғасырлар
А–арнасына
Л–лайық деп
И–иіліп , бас иеміз. –барлығы бірге.
Рахмет !!!

 

1-жүргізуші:

Айтылмаған Мұқаңда арман бар ма?

Әр әні толы еді ғой армандарға

Шерте білген мұңдарын жас қайыңға

Дәл Мұқандай қазақта ақын бар ма?

2-жүргізуші: Міне, бүгінгі кешке қатысқан тыңдарман қауым, Мұқағалидың сырлы, әуенді, мұңды жырларына қанық болдыңыздар  деп ойлаймыз.

1-жүргізуші: Жылдар тізіліп өткен сайын Мұқағали ақынның бейнесі тұлғалана, биіктей түседі. Оның рухани қазынасын ұлт иелігіне асыратын XXI ғасырдың жастары- сендерсіңдер!

2-жүргізуші: «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағали жырлары жылдан -жылға, ғасырдан- ғасырға жалғаса бермек!  Мұқағали-мәңгілік өмір!

1-жүргізуші:

Қырансың аға, көптен сен бөлек дарасың,

Хантәңірі сынды заңғар боп мәңгі қаласың.

Жырларың сенің таулардай биік тұлғалы

Шарлап жүр бүгін көк пенен жердің арасын.

1-жүргізуші: Құрметті жыр сүйер қауым! Сонымен, ақиық ақын Мұқағалиға арналған «Өкпелетті дей алман, өмір мені» атты әдеби-сазды кешіміз аяқталды.

2-жүргізуші: Келесі көріскенше амандықта болайық.

Ердостың  орындауында «Күрең күз»