«Ұстаз – мәртебелі мамандық» ұстаздар мейрамына арналған мерекелік шара
«Ұстаз – мәртебелі мамандық» ұстаздар мейрамына арналған мерекелік шара
І жүргізуші: Темірғалиев Дихан Несіпбайұлы
ІІ жүргізуші: Алиева Дана Төлеутайқызы
ІІІ жүргізуші: Дәулетбаева Лаура Иранқызы
Дихан: Жайна білім ордасы бақ талабым,
Өзің үшін талай сыр ақтарамын.
Сен бергенсің білімнің кәусар нәрін,
Сен айырттың арасын ақ қараның.
Сен аянбай ерледің ақ таң үшін,
Бізге арналды сан жылғы ақтарысың.
Сенсің Ордам білімнің шат бесігі,
Сенсің менің мектебім – мақтанышым!
Лаура: Бүгін бізде үлкен мереке. Бүгін ұстаздар қауымының төл мерекесі! Олай болса бүгінгі күн ұстаздарға арналмақ. Ұстаз -ұлағатты есім. Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз есімі де шәкірттерге күндей жарық береді.
Дана: Ақырын жүріп анық бас.
Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, – деп Абай атамыз айтқандай, шәкірттерінің өзінен озғанын калаған ұстаздар қауымы, мерекелеріңіз
Бірге: Құтты болсын!
Дихан: Данышпан да, дана да оқып сенен,
Атақ-даңқын асырды бар әлемнен.
“Ұстаз” деген аяулы, асыл жанды,
Жақсы көрем, арнаймын жақсы өлең! «Сәлем, саған туған ел!» әнімен сахнада Алимбетова Мөлдір! Қарсы алыңыздар!
Лаура. Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!
Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.
Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,
Күндей боп күлімдеген жарықсыздар! Құрметті ұстаздар сіздердің құрметтеріңізге мың бұралған бишілер үнді биін орындайды. Қабыл алыңыздар!
Дана: Лаура, екеуміз ұстаздар туралы нақыл сөздер айтып жарысып көрсек қайтеді?
Лаура: Ал ендеше баста.
Дана: «Ұстаз болу-өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау»,
Лаура: «Ұстазға қарап шәкірт өседі»
Дана: «Аспаз көрген ат таныр, ұстаз көрген хат таныр»
Лаура: «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла»
Дана: «Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы»
Лаура: Дана, екеуміз Ұстаз туралы қанша мақтау сөз айтсақ та тауыса алмаспыз. Ендеше, қымбатты ұстаздар, шәкірттеріңіздің өздеріңізге арналған өлең-шумақтарына кезек берелік.
Дана: Алдарыңызда өздерінің жарқын тілектерімен «Жас Ұлан» ұйымы. Қарсы алыңыздар!
Лаура: Мұғалім – мамандық, ұстаздық – қасиет. Яғни, ұстаз болу – адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Ендеше, осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған, ұстаздарға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артықтық етпейді.
Дихан: Бүгінгі кешіміздің құрметті қонағы болып, мектебімізде бірталай жыл ерен еңбек еткен, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы , Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің «Құрметті қызметкері» белгісінің иегері, мектебіміздің басшысы қызметін атқарған Толеубаева Гүлнария Әннасқызы сонымен бірге бүкіл ғұмырын бала тәрбиесіне жұмсаған, қазір бейнетінің зейнетін көріп отырған зейнеткер ұстаздарымыз қатысып отыр. Қонақтарымыз:
Лаура: Медеубаева Гүлзейнеп Аманбайқызы
Дихан: Искакова Күлаш Құттиқызы
Лаура: Бақтыбаева Дана Әбікенқызы
Дихан: Айтбаева Бижамал Мырзаханқызы.
Лаура: Құсайынова Балқия Құсайынқызы. Мерекемізге
Бірге: Қош келіпсіздер!
Дихан: Ажырамай ұжымнан бір елі сіз,
Жақсылыққа жаралған жүрегіңіз.
Сөз берелік мектептің басшысына,
Ұстаздарға арналсын тілегіңіз, демекші келген қонақтарымызды, ұстаздарымызды құттықтау үшін сөз мектеп директоры Бектурсынов Серік Боранбаевичке беріледі.
Аққу биі
Лаура: Ал құрметті қонақтар енді ұстаздардың өмірінен бір-екі қалжың келтіре кетсек.
Дана: Мұғалімдер кім болуды армандайды?
Мұғалімдер әсте әртіс, жазушы, сот, бастық, сылақшы, майлаушы, немесе еден сыпырушы болуды армандамайды. Өйткені:
-Әр мұғалімнің жұмыс бөлмесі, отыратын жұмыс үстелі, қарамағында 25-30 оқушысы бар, кішігірім бастық емес пе? Ашса алақанында, жұмса жұдырығында, – дегендей ұрыс, төбелес жөніндегі бала мен ата-ана дауын да бір өзі шешіп отырады.
-Әр мұғалім өз сабағының шебері, яки режиссері, көбінесе басты рөлде де өзі ойнайды. Әртіс демей көр, кәне. Көпшілік көрініске де өзі қатысады.
-Бір тыным жоқ. Кабинет тазалығы да өз мойнында. Демек, майлаушы да өзі, сылаушы да өзі. Безендіруші де өзі.
-Жазушыларға келер болсақ, тіпті кейбір жазушыларыңыз да, мұғалім құсап күнде жазуға отырмас.
-Соңғы кезде бухгалтер мен кассир де өздері.
Ұстаздарымыз сан алуан қосымша мамандықтар меңгеруде. Ендеше қай мекемеге қандай мамандық иесі өте зәру болса, 2-3 айлық жазғы демалыс кезінде біздің ұстаздарды шақыруларыңызға болады.
ТҮСІНДІРМЕ СӨЗДІК
Дихан: Каникул – жылдың ең қысқа күндері.
Лаура: Күнделік – үлкендерге көп көрсете бермейтін құпиям.
Дана: Математика – мен түгіл әкемнің де тісі бата бермейтін “жаңғақ”.
Дихан: Дос – бақылау жұмысында дәптеріне жазғандарын бақылатып отыратын я қыз, я ұл.
Лаура: Сабақ – үзілісті зарықтыра күттіретін 45 минут.
Дана: Спорт секциясы – әжеме айтатын басты сылтауым.
Дихан:“Апайға айтам” – қыздардың негізгі қаруы.
Лаура: Мектеп деген білім кені, жыр кені,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген тәрбиеші адамға,
Мектеп деген даналардың мекені.
Мектеп сенсің – адалдықты үйреткен,
Мектеп сенсің – жамандықты жиреткен,
Мектеп сенсің – жақсылықты ұран ғып,
Мектеп сенсің – мені жұртқа сый еткен.
Ән «Мектебім» Орындайтын: Айыпхан Айжан
Дихан: Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы – деп ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, мектебімізде сөздері маржан ұстаздарымыздың бар болғанын мақтаныш етеміз. Әрине, ұстаз жүгі–ауыр жүк. Адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?
Дана: «Ұстаз болу-адамның адамдығы«- демекші, бүгінгі таңда ұлтымыздың болашағы — жас жеткіншектерді тәрбиелеуде еңбегі зор ұстазымыздардың бірі, зейнеткерлікке шыққалы отырған тарих пәнінің мұғалімі, ата-аналар комитетнің төрағасы Байтұрымова Алтын Адашевнаны құттықтау үшін сахнаға тарих бірлестігінің атынан Оспанова Мариям Төлеухановна, Омарбеков Қайрат Мақсымович, Құсайынов Бақытбек Амангелдіұлын және Алтын Адашевнаның шәкірттерін шақырамыз!
Лаура: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — дегендей, әр шаңырақтың үміт күткен көптеген ұл-қыздары сіздердің білімдеріңіз бен біліктеріңізге жүгініп, сеніп келгенде, сіздер сол оқушылардың сенімдерінен шыға білдіңіздер! Ел ертеңі болып табылатын ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда сіздердің қосқан үлестеріңіз орасан зор. Құрметті қонақтар сіздердің құрметтеріңізге Мусаинов Баэль «Бала махаббат» әнін орындайды. Қабыл алыңыздар!
Дана: Құрметті сынып жетекшілер! Сіздердің бала көңілдеріңіз əр оқушының жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде. Мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шəкірт ұстазымен мақтанады. «Мектептің жүрегі», «Бала жанының бағбаны»… Иə, бұл мектеп мұғалімі — ұстазға арналған теңеулер. Мұндай мадақтауларды жалғастыра берсек, даналық сөздер тізбегі шексіздікке ұласады. Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сəттілік тілей отырып, оқушылырыңыз өздеріңізге арнап шығарған өлеңдерін қағаз бетіне түсірген екен,соны табыстауға рұқсат етіңіздер! / Әке толғауы биі/
Дихан:Ұстазға керек үлкен жүректілік,
Ала алмас беделді ешкім тілеп тұрып.
Шын бедел ел таңдауы, халық сыйы,
Оны ешкім бере алмайды үлестіріп — деп жырлағандай ұстаз еңбегі өлшемсіз, ұшан теңіз. Барша ұстаздарымызға қыстай мықты денсаулық, көктемдей көңіл, жаздай жайма шуақ өмір, күздей мол табыс тілей отырып сахнаға «Қазақ дәстүрлері» әнімен мектеп ұстаздары Дана Төлеутайқызы мен Лаура Иранқызын шақырамыз! Қарсы алыңыздар!
Павлиндар биі
Дана : Аяулы ұстаз! Өлшемі жоқ бағаңның
Айтыңдаршы, таласады оған кім?
Еленуде елге істеген еңбегің,
Айтады алғыс шәкірттерің саған мың. Сіздердің құрметтеріңізге Төлеухан
Темірлан «Ардақты ұстаз» әнін орындайды. Қабыл алыңыздар!
Дихан:. Тұла бойың тұнған сабыр, кешірім,
Айқара аштың бізге білім есігін.
Өр тұлғаңды балап шыңға, ұстазым,
Мен өзіңе тәнті болсам, несі мін?!
Дана: Бала елдің болашағы болғанда,
Зор пайданы тигізесің қоғамға.
Мамандығың — кәсіптердің абзалы,
Адамдығың қымбат бізге одан да.
Лаура: Ашық болсын нұрға толы көгіміз,
Аман болсын еліміз бен жеріміз.
Аманаттап тапсырамыз тағдырды —
Анамыз деп қабылдадық сені біз!
Дихан: Ардақты да аяулы ұстаздар! Сіздерге тек қана денсаулық!
Лаура: Мол табыс
Дана: Жемісті еңбек
Бірге: Шынайы бақыт тілейміз
Дихан: Мерекелеріңіз
Бірге: Құтты болсын !!!
Лаура: Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар!