«Шуағы тарқамасын жер үстінің»
«Шуағы тарқамасын жер үстінің»
Мақсаты: . Ұлы Жеңісті дәріптеу, өз Отанын, елін,туған жерін сүю, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру,Отанын, туған елін қорғай білуге тәрбиелеу. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ата – бабаларымыздың ерлік істерін қастерлеп, рухын көтеру, үлгі өнеге тұту.1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы қазақ елінің майданда және тылда көрсеткен ерен еңбегін паш ету, елжандылыққа тәрбиелеу.
Түрі: тәрбие сағаты
Көрнекіліктер: Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлардың портреттері, нақыл сөздер жазылған плакаттар, «Мәңгі от» макеті.
Барысы:
Мұғалім сөзі:
Соғыс өтті жалмап талай өмірді,
Қаншама қан еш жазықсыз төгілді
Соғыс аты естілгенде құлаққа
Елестетер қара тажал өлімді
Келді міне, күндей жайнап гүл көктем
Самал желі шашты тарап, бетті өпкен
Ұмытуға хақымыз жоқ оларды,
Олар біздің бақыт үшін қан төккен.
Өткізді олар сызды окопта күндерін
Елестетем қанды кешіп жүргенін
Естігендей болам жаудың шебіне
Атой салған сарбаздардың үндерін
Талай жанды қиды ажал балтасы
Жауды жеңіп қайтты ауылға қаншасы
Ел қорғаған аталрдың арқасы!
Қадірменді ұстаздар, оқушылар. Ұлы Жеңіс мерекесіне байланысты «Шуағы тарқамасын жер үстінің» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Бүгінгі күн көптен күткен салтанатты күн, зымыраған уақыттың қанатында жеңістің міне 66 ші көктемі де келіп жетті.
Жеңіс жырын айтсын бүгін тіл-көмей,
Абзал досым, мүгедекті жүр демей!
Ел дегенде еңіреп туған ерлерді
Еске алайық бір сәт тұрып үндемей
Ұлы Отан соғысында құрбан болған жандарды 1 минут тыныштықпен еске алайық.
І жүргізуші: Соғыста Отан деп от кешкендердің, елім деп еңіреген ерлердің, өзіңді тосамын деп өмірден өткендердің, ерлігі мен майдан даласында қаза болғандардың, сол апаттан зардап шеккен жандардың, мәңгіге оралмаған, бірақ жүрегімізде шамшырақтай жарқыраған батырлардың рухына тағзым етейік.
ІІ жүргізуші: Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 млн 200мың адам қатысты. Олардың 400 мыңы әйелдер еді. Соғыс кезінде Қазақстаннан барған 500 жауынгер мен офицерлер, оның ішінде 100 қазақ ұлтының азаматы Кеңес Одағының батыры деген ең жоғары атаққа ие болды. Олар біздің мәңгілік мақтанышымыз.
І жүргізуші: Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың. Адам ешқашанда анадан батыр болып тумайды. Айбындылық, батырлық, ерлік аспаннан түспейді. Табандылықтың атасы – татымды тәрбиеден бастау алады деген халық қаһарманы даңқты батыр Бауыржан Момышұлы. Соғыста ерен батырлығымен көзге түскен атақты батырымыз, бір туар еріміз Бауыржын Момышұлының туғанына 100 жыл толып отыр.
ІІ жүргізуші: 1910 жылы 24-желтоқсанда Мыңбұлақтың басында, асқаралы таулардың бөктерінде, желмен ырғала сыбдырлап ән салған қарағайлы, қайыңды, қызғалдақты өлкенің баурайында қазақ халқының бірегей ұлы Бауыржан атамыз дүние есігін ашқан екен.
І жүргізуші: Мәскеу үшін шайқаста Бауыржан Момышұлының басқарған батальон жауынгерлері асқан ерлік көрсетті. Жауынгерлер батырлықтың, достықтың, тәртәптәләктәң, ұйымшылдықтың үлгісін көрсете отырып,өздерінен күші төрт есе басым жаумен бір ай бойы күресіп, дұшпанды ойсырата жеңіліске ұшыратты,жауды тізе бүктірді.
ІІ жүргізуші:
Кешегі өткен ерлерді
Ертеңге қалай апарам
Құлағымнан кетпейді
Қатал жылдағы, қатал ән
Окопта ұйықтап жүрді ерлер
Суықта боран қақаған
Бір боран емес, мың боран
Ызғары өтті жотадан
Жаңбырдай оқтың ішінде
Панфилов Қазақстаннан
Сонау бір қиын тұстарда
Өлмейтін ерлік жасатқан
І жүргізуші:
Ығысқан жауы түрінен
Бауыржан батыр қол бастап,
Москваның түбінен
Ерліктер жасап ол да асқақ
Волокалам жолында
Жауымен талай арбасқан.
ІІ жүргізуші: Соғыста Баукең бастаған полк жауынгерлері ерен ерліктер жасап, еліміздің абыройы мен даңқын арттырды.
«Батыр Бауыржан» атты көріністен үзінді.
(Бауыржан, Жанында екі-үш жауынгері бар)
Бауыржан:
Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін
Я өліп, я болмаса тірілетін.
Жүректе жанып тұрған жұлдызыңды
Жандыратын болмаса, сөндіретін
Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін
Кеудеңмен қорғап қалу жердің бетін
Жас қаның туған жерде босқа ақпасын,
Онсыз сен көре алмайсың жердің бетін!
-Әй, жігіттер, қазақ қазақ болғалы талай-талай қамаудан өткен. Талай шабуыл-жортылдарды басынан кешірген. Халық өз ойлаған мақсатына жеткен. Сонау кездегі Исатай, Абай мен Шоқандар халыққа қызмет етумен есімдерін мәңгі қалдырды. Олар — тарихи адамдар.Халық басына күн туғанда, қалың қауымды бастайтын ері болмаса, ел не болмақ? Халқымыз мұнда бізді қонаққа жіберген жоқ. Майданға , халық бақытын қорғауға жіберді. Жігіттер, істеріңе адал болыңдар. Отан үшін Отқа түс, күймейсің. Өлсек, шейітпіз, халық үшін қазамыз. Ал біріміз осалдық істесек, опасыздық жасағанымыз. Қорқақтық жасасақ – халық алдына абыройымыз жоқ. Халықтың ар-намысына қара күйе жағушы боламыз. Мұндай жағдайдан аулақ болайық, жігіттер. Өлсек те ел намысы дегенді ұмытпайық.
І жауынгер: — Бауыржан, дұрыс айтасың. Міндет те, кім екеніміз де, бұл жерге не үшін келгеніміз де түсінікті. Халқымызға, ел –жұртымызға, қазақ баласы деген атымызға қара таңба салмайық.
Бауыржан: Айтқаның – айбарлы батырдың сөзі. «Төртеу түгел болса, төбедегі келер, алтау ала болса, ауыздағы кетер» деген бар емес пе? «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген халықтың данышпандық сөзін естен шығармайық. Халқымыз бізді мақтан етсін.
ІІ жауынгер: «Ел намысы – ер намысы» деп дұрыс айттыңыз. Біз еркіндегі адамдармыз, қауіп етпеңіз, бастаңыз майданға, біз ердік.
Бауыржан: Панфиловтан бата алып
Артыма ерді мың солдат
Тағдырын маған тапсырып
Ел ұлдары мың солдат
Белуардан қан кешіп
Сынға түсті су кешіп
Жүзден аса соғыста
Бал орнына у ішіп…
Қан майданда қан кешіп
Намыс туын көтердік
Қимылдады мың батыр
Мыңға татып бір батыр
Ата мекен жер үшін
Қасиетті ел үшін
Болмай қалар кім батыр
Жалғыз батыр – жалғыз жан
Майданға тұлға бола алмайды
Азынап жалғыз арыстан
Орманды билеп ала алмайды
Жалғыз батыр болғанша
Жалпы батыр болғаны
Әрине, батыр, батыр ғой
Бастаған батыр ер пірі
Батыр батыр емес
Бастаған батыр!
ІІ жүргізуші: Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтар ерліктерін көрсетіп, жеңісті жақындатуға үлес қосты. Олардың арасында «Шығыстың қос шынары» аталып жүрген Мәншүк пен Әлия бар.
І жүргізуші: Осынау сұрапыл соғыста майдан даласында жанкешті ғұмыр кешкен батыр жүректі қазақ қызы болды. Небары жиырма жасар қазақ қызы – Мәншүк. Еркін далада еркін өскен қазақ қызының ғұмыры сонау алапат соғыс жылдарында қыршындай үзіліп кете берді. Бірақ ұлы даласы үшін асқан ерлік көрсетті, батырлық танытты.
Қара көз қазақ қызы Мәншүк батыр,
Орнатқан дұшпанына заман ақыр
Сұлатқан сан фашисті баудай турап,
Өнегең отаншылдық сайрап жатыр.
Ерлі-зайыпты Халимулдиндар отбасының естелігінен үзінді. «Мәншүктің жұлдызды сәті» көрініс.
(Мәншүк, жанында 2 жауынгер окопта пулеметімен дұшпанның атыс ұясын бұзып жіберді)
Генерал дүрбімен атыс алаңын бақылап тұр.
Генерал: — Жарайсың, пулемет бөлімшесінің командирі. Қараңдар жолдастар, өзінің бөлімшесін қалай жақсы бастап барады, өзі кіп-кішкентай екен.
Подполковник: — Жолдас генерал,сіз қазір көріп тұрған бөлімшені қыз бастап барады. Ол-пулемет бөлімшесінің командирі, аға сержант Мәншүк Мәметова.
Генерал: — Солай ма? Оны кейін маған таныстырарсың.
Подполковник: — Бөлімшелер бойынша сапқа тұрыңдар!
(Барлығы сапқа тұрады): Саулығыңызды тілейміз, жолдас генерал! (хормен)
Генерал: —Жарайсыңдар, жолдастар! Нағыз шайқастағыдай дәл қимыл жасадыңдар! Барлық жауынгерлер мен командирлерге алғыс жариялаймын!
Хормен: —Отанға адал қызмет етеміз!
Генерал: -Шабуыл кезінде пулеметшілер бөлімшесінің командирі, аға сержант Мәметова өз пулеметін дұрыс пайдаланды. Ол жаудың атыс ұяларын дәл көрсетіп, оқ атуға бұйрықты дәлме-дәл беріп отырды. Пулеметшілер пулеметінің күш-қуатын толығымен пайдаланды. Жолдас Мәметова, бері келіңіз.
Мәншүк:— Жолдас генерал, аға сержант Мәметова алдыңызда!
Генерал:(қыздың қолын қысып) – Рахмет саған, қазақ халқының қызы, сен жақсы пулеметші екенсің!
Мәншүк:— Отаныма адал қызмет етемін!
Генерал: — Жасың нешеде, әрі сен майданға қалай тап болып жүрсің?
Мәншүк:— Жиырма жастамын, жолдас герал, майданға өз еркіммен келдім. Ал өзім Алматы қаласындағы Медицина институтында оқығанмын.
Генерал:- Ал пулемет ісін қай жерде үйреніп жүрсің?
Мәншүк:— Осы соғыста.
Генерал:- Шайқастарда болдың ба?
Мәншүк:— Дәл солай, жолдас генерал!
Генерал:- Алдағы шайқастарда саған табыс тілеймін.-деп қолын қайта қысты. Мәншүк қатарға барып тұрды.
І жүргізуші:
Әлия мен Мәншүкті ардақтау – иісі қазақты ардақтау. Әлия мен Мәншүк намысы-тәуелсіздік туының тұғыры. Әлия мен Мәншүк –халық үшін егіз есім, бір ұғым. Мәншүк те, Әлия да жас еді. Қыз болып бұлаңдап бой жете алмай,ақ желек жамырып, ақ босағаны аттап, келін болып түсе алмай, арманда кетсе де байтақ елдің бостандығы жолында шыбын жанын пида еткен батырлар.
Тверьдің орманы –жас, жері-кәрі,
Ата-қоныс санайды жұрттың бәрі
Сол жерге Әлияның қаны сінген
Соғып тұр мерген қыздың жүрегі әлі
Шаттансаң,қыз тудым деп, қазақ шаттан!
Әлия Ұлы Отанға болған мақтан
Казачиха маңында тұлғасы тұр,
Дегендей: «Ерлікке аттан, жеңіске аттан!»
Сол жермен сонау заман Пушкин өткен
Желдіртіп қоңыраулы атын жеккен
Сол жерді жаудан сақтап қаламын деп
Қазақтың Әлия қызы қанын төккен.
ІІ жүргізуші: Барды Әлия майданға
Қорғайын деп Отанын
Автоматын ол атты.
Бір ысып, бір суынып
Оқты қардай боратты
Белді бекем буынып
Қыршын кетті ол өмірден
Дәл он тоғыз жасында
Шықпайды естен көңілден
Өшпейді ерлік расында!
Қазақ қызы ғажайып,
Мерген болған аты аңыз
Қаһарманы халықтың
Мақтанышы-апамыз!
Әлияның ерлігін еске ала отырып, Әзиза Нұрмаханованың «Шығыс шынары» атты шығармасынан үзінді. Әлия туралы көрініс.
(Ортада мектеп директоры, вожатый, сыныптастары)
Директор: — «Артек» пионер лагеріне үздік оқитын оқушыларды жібереміз. Сондықтан пікірлеріңізді айтыңыздар.
Вожатый: — Молдағұлова барлық сабақтан үздік оқиды, оның үстіне тәртібі де жақсы-деп табельін ұсынды.
Директор: — Орыс тілі мен әдебиеті -5, шет тілі -5, тарих-5, арифметика-5, ботаникадан-4, неге ботаникадан -4?
Вожатый: — Молдағұлова жалғыз рет шала жауап берген болаты… Орыс тілі мен әдебиетін тамаша оқиды. Ой-өрісі кең. Емтихан уақытындағы еркін тақырыпқа жазған жұмысы қандай мазмұнды! Оның ойы да жүйрік, қолы да шебер. Лия жатқан бөлме тазалықтан барлық уақытта бес алады. Олардың төсегі тап-тұйнақтай жиюлы, кітап-қағаздары өз орнында тұрады. Ол өзі де қарап отырмайды, басқа қыздарға да әсерін тигізеді. Бөлмесі бір түрлі әдеміленіп, кірсең шыққың келмейді. Гүл өсіруді жақсы көреді.
Сыныптас: —Ол кесте түгуді жақсы үйренді. Сіздер байқаған боларсыздар, ол өз көйлегінің жағасын, манжетін басқалардан қалайда өзгешелеу етіп кестелеп немесе әдемі, нәзік шілтер тігіп әшекейлеп қояды. Барлық уақытта оның шашы өрулі, үстіндегі киімі үтіктеулі болады. Оның үстіне ол жеңіл атлетикамен шұғылданып жүр. Ол сенбі, жексенбі күндері осындағы ағасының үйіне барып та жәрдем береді, бөпелерін ойнатады.
Вожатый: — Ол жақында бір тамаша іс істеген. Пионерлер сарайына бара жатса, бір кәрі әжеге көзі түседі. Оның қолында дүкеннен сатып алған заттары болады. Лия: «Маған беріңіз, көтерісіп жүремін» деп өтінеді. Әже төртінші қабатта тұрады екен. Бұрын оқытушы болыпты, қазір зейнеткер көрінеді.Бұлар жақсы танысып алыпты. Жақында сол қарт оқытушыдан жүрек тебірентерлік хат алдық.
Сыныптас: — Иә. Оның жүрегі өте нәзік. Кейде 1-сыныпта оқитын кішкене бөбектерге жәрдем береді. Бір күні олардың бөлмесіне барып, көйлектерінің сөгілген қолтықтарын тігіп беріпті. Тағы бірде оларға жазу, оқу үйретеді екен. Білетін ертегілерін айтып беретін көрінеді. Біздіің балалар үйінде Лияны құрметтемейтін адамды табудың өзі қиын-ақ.
Директор:- Онда ұсыныстарың орынды, Лия Молдағұлова Артекке барады, жаңа күшпен қайтадан оқуға кіріседі. Ал Лияның әдемі мінезі мен істерін басқа балаларға үлгі ету үшін оның суреттерінен көрме жасау керек. Сонда оның сабақтағы, жатақан бөлмесіндегі, қолы бос кездеріндегі істеген істерін көрсету керек. Өзіне бір фотоапарат берсек қайтеді, Артекке алып кетсін. Лия Молдағұлованы шақырыңыз!
(Әлия келеді) – Рұқсат па?
Директор:- Лия, біз сені «Артекке» жіберуді ұйғардық.
Неге үндемейсің Артекке барғың келмей ме?
Әлия: — Директор мырза, Артекке кімнің барғысы келмеуші еді. Бірақ…менің бір төртім бар ғой.
Директор:- Енді түсінікті, Лия. Біз сені әдейі сол төртің үшін шақырдық.
Әлия: — Менде бұдан былай төрт болмайды, уәдем сол.
Барлығы: — Біз саған сенеміз!
Ортаға Әлия мен Мәншүктің ролін ойнаған екі қыз шығады:
Әлия: Біз сендердей жаңа ашылған гүл едік
Жерге бақыт, елге бақыт тіледік
Отан ана отқа күйіп жанғанда
Біздер ме едік үй бағатын тірі өлік
Отан ана жылағанда шерленіп
Тапжылмаған шөгеді екен жерге бұлт
Қара бұлтты қақ жарайық дедік те
Қолымызға қару алдық ерленіп
Мәншүк:Қатар тұрмыз, қатар жүріп келеміз
Қатар тұрып қырдан гүлдер тереміз
Біздер өлдік, өлмесін деп басқалар
Қайта туды Отан бізді -ел егіз
Әлия мен Мәншүк: Бірақ ерте, тым ертерек жандық біз
Жанарлардан моншақ болып тамдық біз
Қолымыздан осы болды келгені,
Біздей ерте солмау үшін барлық қыз!
І жүргізуші: Бауырлас ізгі елдердің
Іздерін қалай шаң баспақ
Төлеген, Нұркен, Талғаттар
Жасады және сан ерлік
Баймағанбет сұлтаны
Байсалды туған ер батыр
Жағасын жаудың жыртады
Жолбарыс болып атылып.
Ажал боп төнген жауына
Дауылды көктің қыраны
Оралды Алатауына
Ерліктің өжет бір әні
Таңғалтқан батырлығымен
Тарланбоз Талғат ағамыз.
ІІ жүргізуші: Ұлы күндер тарихтың тізбегінде
Жорық ізі кез келер іздегенге
Майдангерлер есімі ұмыт болса,
Желісі жас пен қарттың үзілгені
9-мамыр күні Жеңіс туы желбіреп,
Әлемді қызғалдақтай нұрға бөлеп.
Тәрбие сағатын Ұлы Отан соғысының әнұранына айналған «Бейбіт күн тілегі» атты әнмен қорытындылаймыз. Сөзін жазған: Жұмекен Нәжмиденов, әні: Шәмші Қалдаяқов