Сыныптан тыс шара Мүшелтой
Сыныптан тыс шара
Мүшелтой
Мектеп-интернаттағы оқу-тәрбие үрдісі жеке тұлғаны түзете-дамыта отырып, әлеуметтік-кіріктірілген ортада бейімделуін қалыптастыруға бағытталған. Есту қабілеті бұзылған балалардың сөйлеу тілін дамыта отырып, әлеуметтік өмірге бейімдеу тәрбие жұмысын түрлендіріп отыруды талап етеді. Мұндай оқушылардың есту, сөйлеу қабілеттерін дамытуда күнделікті өмірде болып жатқан құбылыстардың алатын орны ерекше.
5-6 сынып оқушыларының өмірлеріндегі маңызды өзгеріс ол – алғашқы мүшел жас. Мүшел жаста жасалатын ырымдардың мәнін түсіндіріп, мүшелтой туралы кеңінен түсінік беру арқылы есту мүмкіндігі шектеулі оқушыларды әлеуметтік өмірге бейімдеп, халқымыздың дәстүр, жоралғыларын насихаттауды мақсат еттім. Кең көлемде өткен мүшелтой көпшіліктің көңілінен шықты. Өзім жұмыс жасайтын 6 «а» нашар еститін оқушылар сыныбы бұл шараға белсене атсалысты. Сыныптағы белсенді оқушылар – Мұханбетқалиева Ақсәуле және Жайықбай Нұржан мүшелтойдың тамаша жүргізушілері ретінде танылып, өздерінің сөйлеу қабілеттерін, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениетін көрсете алды. Шараға 13 жасқа толған 13 оқушы қатысып, өз өнерлері мен қабілеттерін көрсетті. Мүшелтой иелері сахна төріне арнайы дайындалған үстел басында жайғасып, мүшел жас, мүшелтой туралы білмегендерін үйренді, білгендерін ортаға салды. Өткізілген тәрбиелік шараның есту мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірлік көзқарастарының қалыптасуына, айналадағы құбылыстарды түсінуіне, сөйлеу қабілетінің артуына, оқушы – тәрбиеші – ата-ана үштігінің нығаюына көп септігі тиді.
Тақырыбы: «Мүшелтой»
Мақсаты: оқушыларға бабаларымыздан келе жатқан салтымыз бойынша 13 жас мүшел жасқа толу құрметіне өткізілетін мүшелтой туралы кеңінен түсінік беру; озық дәстүрлерді жалғастырып, оны құрметтеуге тәрбиелеу; тәлімі мол дәстүрлерден рухани азық алуға үйрету;
оқушылардың сөйлеу тілін, есту қабілетін дамыту, шығармашылық белсенділіктерін арттыру
Көрнекілігі: нақыл сөздер, той жоралғылары.
Оқушылар тойға лайық әзірленген, киім киген, сахна безендірілген.
Күй ойнайды.
І жүргізуші: Балғын шағың – балалық шақ арттағы,
Өмір жаңа белесіне бастады.
Нық сеніммен болашаққа қарайды
Жас балғындар13 мүшел жастағы.
ІІ жүргізуші: Халқымыздың жөн-жоралғы дәстүрін
Құрметтейді үлкен-кіші жас бүгін,
Мүшел жастың маңызы мен бағасын
Көрсетеміз өзіңізге тап бүгін.
І жүргізуші: Армысыздар, құрметті қонақтар! Бүгінгі орта буын сыныптары оқушыларының 13 жас мүшел жасқа толу құрметіне арналған мүшелтойымызға қош келдіңіздер!
ІІ жүргізуші: Той — өткендегі ізгіліктер мен жақсылықтарды, озық дәстүрлерді жаңғыртып отыратын тәлімі мол мереке. Той – тәрбие мектебі. Ендеше, бүгінгі мүшел той иелерін ортамызға шақырайық!
Жүргізушілер мүшелтой иелерінің аттарын атап, шақырады.
Балалар сахнаға шығады, шашу шашылады, сахна төріндегі үстел басына жайғасады.
І жүргізуші: Балалықты артқа тастап өткенге,
Жаңа белес тез-ақ келіп жеткен бе?
Құттықтаймыз шын жүректен сіздерді,
Жаңа күннің жаңа нұры төккенде!
ІІ жүргізуші: Күндер жылжып өтуде сағаттар да,
Көңілдерде бүгінгі тағат бар ма?
Бал-бұл жанған жүздері қуаныштан,
Мың қошемет төрдегі қонақтарға!
І жүргізуші: Бүгінгі мерекелік тойымыз 13 жастағы мүшел иелеріне арналмақ. Мүшелтой – бала алғашқы 13 жасқа толғанда жасалатын той. Бұл тойды халқымыз ерекше дәріптеп, барлық кәделерін жасап отырады. «13те – отау иесі» деп, бабаларымыз 13-ке келген ұлдарды «ержетті» деп, отбасылық істерге араластырып отырса, қыздарды «бойжетті» деп, үй тірлігін өз бетінше атқаруына ерекше көңіл бөліп , болашақ өмірге дайындай бастаған. Мүшелтойдың негізгі мәні неде? Мүшелтой қалай тойланады? Бүгінгі мүшелтой иелері бұл туралы не біледі екен?
1-оқушы: Адам баласы туғаннан бастап, өсіп-жетілу кезеңінде қатерлі жылдар болатындығын айтып келеді. Оны мүшел жас деп атайды. Алғашқы мүшел – 13 жас.
2-оқушы: Қазақ халқы адамның өміріне байланысты бірінші мүшелді ананың құрсағындағы мерзімді есептеп 13 деп алған да, қалған өміріне 12 жылды қосып отырған.
Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар, балалар. Олай болса, қандай жылдарды мүшел деп айтуға болады? Кәне, есептеп көрейікші: 1-мүшел – 13 жас, 2-мүшел — … т.б.
Тәрбиеші: Бәрекелді, балалар, сендердің ақыл-ойларың толып, ержеткендеріңе куә болдық.
І жүргізуші: Қазақ халқы тойды ерекше дәріптеген. Тойға келген әрбір адам өзінің ақ тілегін ақтарып, кәделерін ұсынып отырады. Мүшелтойдың тойбастарын «Жігіттер» триосы бастайды.
«Бүгін сенің туған күнің». Ым-ишара әні орындалады.
ІІ жүргізуші: Ақсәуле, мүшелтойда жасалатын қандай ырымдырды білесің?
І жүргізуші: Әр адам баласы мүшел жастан өткен сайын садақа беріп, жеті нан үлестіреді.
ІІ жүргізуші: Бүгін біз де осындай ырымды жасасақ қайтеді?!
Күй ойнайды. Жеті нан таратылады.
І жүргізуші: Сұлулықты іздеп әлем, жер бетінен,
Үміт нұры сезілген келбетінен,
Гәкку әнін өмірдің үнсіз айтып,
Аққу болып теңізде тербетілген сұлу қыздар «Аққу» биін ұсынады.
ІІ жүргізуші: Алғашқы мүшел 13 жас – бұл адамның балалық шақтан ересектік шаққа дейінгі кезеңі. Ол кезде ер балалардың дауыстары өзгеріп, қыз балалардың дене бітімі сүйкімді бола бастайды.
Оқушы: 13-ке келгеннен бастап ер балалар мен қыздар бойларын түзеп, бұрынғыдай балалық тентектікті қойып, жан-жағына сүйкімді көрінуге тырысуы керек.
Оқушы: Біз енді үлкен өмірге аяқ басып, есейдік десек те болады; балалық шағымыз да артта қалды. Біздің тілегіміз – ашық аспан астында, бейбіт заманда ержетіп, елге қалаулы азамат болу.
Оқушы: Ол үшін, әрқайсымыз бүгіннен бастап, мақсатымызға жету жолында шыдамдылық танытып, өзімізді бағалай білейік!
І жүргізуші: Олай болса, келесі орындалар «Бала тілегі» әні 13 жас иелеріне арналады.
«Бала тілегі» ым-ишара әні орындалады.
І жүргізуші : Ең ғажап күн – адамның туған күні,
Ата-анаңның салтанат құрған күні
Бірімізді-біріміз құттықтайық,
Құтты болсын әркімнің туған күні.
ІІ жүргізуші: Мүшел жас иелерін достары құттықтайды.
1-оқушы: Армандарың алдағы
Жетелесін мұратқа.
Лайық болып өсіңдер
Қазақ деген ұлы атқа!
2-оқушы: Көңілдерің шалқысын,
Бақытты өтсін жаз-қысың!
Мәнді ғұмыр кешіңдер,
Көрмей тағдыр талқысын!
3-оқушы: Туған күн — әйбат күн,
Тұрады жайнап күн.
Таусылмай шаттығың,
Көбейсін жақсы күн!
І жүргізуші: Айтқандарың келсін, балалар! Сендер ержетіп, жақсы азамат болу үшін өздеріңді жақсы жақтарыңнан көрсетіп, ата-ананың, ұстаздарың мен тәрбиешілеріңнің алғысына бөленіп жүріңдер. Ең бастысы – елімізде тыныштық болсын!
«Балдәурен» ым-ишара әні орындалады.
Тәрбиеші: Балалар, бүгін сіздер мүшелтойда жасалатын ең басты кәдені білесіңдер ме? Мүшелге келген әрбір адам мүшелік таратады. Мүшелік – мүшелге келген адамның жақынына, немесе жанашыр досына «мүшел жастан аман-есен өтейін» деген ниетпен, немесе өзінен жасы кіші інісіне не сіңлісіне «сен де мүшелге жет» деген ниетпен тарту ететін киімі.
ІІ жүргізуші. Онда біз қазір осы кәдені де жасамасақ болмас.
Музыка ойналады. Мүшел жас иелері алдын ала дайындап әкелген сыйларын таратады.
Тәрбиеші: Балалар, сендер бүгін мүшелге келгенде жасалатын жоралғылар мен кәделер туралы білдіңдер. Мүшелтойда сіздерге ақ тілектер де жолданды, ән де айтылды, би де биленді, мүшелде жасалатын кәделер де жасалды. Той сыйлықсыз болған ба? Сендерге дайындаған сыйлықтарымыз да бар. Мынау қораптардағы сыйлықты алу үшін, алдымен сұрақтарға жауап берулерің керек.
- Мүшел деген не?
- Алғашқы мүшел қай жастан басталады?
- Мүшелге келгенде қандай той жасалады?
- Мүшелге келгенде қандай ырымдар жасалады?
- Мүшел неше жыл сайын қайталанады?
- 2 мүшелге қай жаста толады?
- Адам өмірі қандай кезеңдерге бөлінеді?
- Балалық шағың туралы не айтасың?
- 13-ке келгенде қандай өзгерістер болады?
- 13 жас қандай кезең?
- Мүшелік деген не?
- Мүшелге толған достарыңа қандай тілек айтасың?
І жүргізуші: Ұлы халқым есептескен текпенен,
Ата салтын ешкім аттап кетпеген
Мың пәледен құтқарады бір бата –
Адам болмас бата алып өспеген.
ІІ жүргізуші: Бүгінгі мүшелтой иелеріне ақсақал бата береді.
Жоғары сынып оқушысы ақасақал киімін киіп, бата береді:
Әумин десең, міне, бата,
Қолдасын Қыдыр ата!
Қыдыр қияласын,
Періште ұяласын
Бақ берсін, бас берсін,
Өміріңе жас берсін!
Құрдасыңа қуаныш бол,
Сырласыңа – сынық бол!
Жылағанға жұбаныш бол,
Туысыңа тұнық бол!
Ана алдында аласа бол,
Ар алдында биік бол!
Әумин!