Денсаулық планетасы

 

Тақырыбы: Денсаулық планетасы

Мақсаты:

  • Қоғамдағы зиянды заттардың адам ағзасын тоздырып, уландыратынын түсіндіре отырып, оқушыларды тазалыққа, жаман әдеттерден аулақ болуға үйрету.
  • Салауатты өмір салтына сай қағидаларды енгізе отырып, оқушыларды болашақтың тірегі болатын дені сау, жан-жақты азамат етіп тәрбиелеу.
  • Оқушылардың танымдық қабілеттерін дамыта отырып, психологиялық іс-әрекет арқылы жеке тұлғаны тәрбиелеу.

Тәрбие сағатының түрі: саяхат сабақ

Құрал-жабдықтар мен көрнекілігі:

Интерактивті тақта, түрлі-түсті қағаздар, ракета макеті, «Аспан әлемі» слайдтары, гигиена құралдары,

Тәрбие сағатының барысы:

І. Психологиялық дайындық.

Оқушыларға түрлі-түсті қағаздарды таңдату, өз есімдері мен сол түсті таңдау себебін айтқызу. М-ы: Менің атым – Айгүл, жасыл түсті таңдау себебім оны мейірімділік пен тыныштықты білдіреді деп ойлаймын.

ІІ. Негізгі бөлім.

М: — Балалар, біздер бүгін саяхатқа шығамыз. Саяхатқа немен шығуға болады?(жауаптарды тыңдау) Біздер аспан әлемін шарлаймыз, сондықтан да біздерге ракета керек. Ал ракетамыз құрылу үшін келесі сұрақтарға жауап берейік.

  • Таңертең ұйқыдан тұрған соң не істеу керек?
  • Қар кешіп, салқын суға шомылатын адамдарды кім дейміз?
  • Тазалық құралдарын атап беріңдер.

М: — Өте жақсы, балалар, ракетамыз құрылды. Енді біздермен бірге «Аспан әлеміне» баратын қонақтарымызды қарсы алайық.

(Сыныпқа Кірқоймас кіреді)

Кірқоймас: — Сәлеметсіңдер ме, балалар? Мен  Кірқоймаспын. Мені сендер жақсы білесіңдер. Күнделікті ертемен жуынасыңдар, үнемі қолдарыңды жуасыңдар.

М: — Сәлеметсіз бе, Кірқоймас! Ракетамызға орналасыңыз. Міне, тағы да бір қонағымыз келді. (Таза, ұқыпты киінген бала кіріп келеді)

1-оқушы: — Бұл бала, қай бала? Пай! Пай!

Қарашы үстіне, өзіне!

Бір кіршік түсті ме көзіңе? Пай! Пай!

2-оқушы: — Тап-таза, ақ қағаздай,

Киімі мұнтаздай. Пай! Пай!

Жарайсың, балақай!

Дейміз біз мадақтай! Пай! Пай!

Таза бала: Мен таза баламын. Кірқоймас екеуіміз доспыз. Мен үнемі таза жүруді ұнатамын.

( Осы кезде есік ашылады)

М: — Қонағымыз түгел келген сияқты еді. Бұл кім болған? Кіріңіз. (Есіктен кір-қожалақ баланы ертіп тазалықшы кіреді)

Тазалықшы: — Осы сыныпқа Кірқоймас пен тазалық сүйгіш балалар келді деген соң, мына Қарабайды алып келдім. Не дейсіңдер?

3-оқушы: : — Бұл бала, қай бала? Ой! Ой!

Қарашы үстіне, өзіне!

Түсті не көзіңе?

Бет-ауыз кір айғыз, бет батпан.

Мойыны күс қатқан.

Тырнағы сояудай. Әй! Әй! Әй!

4-оқушы: — Аяқ-қол жарылған,

Батпаққа малынған. Бай! Бай!

Ұят-ай, балақай,

Дейміз біз мазақтай. Ай! Ай! Ай!

Қарабай: — Балалар, мазақтамаңдаршы, мен қателігімді түсіндім. (жылайды)

Кірқоймас: — Балалар! Қарабай қателігін түсінді. Қарабайға көмектесейік. Ол үшін менің көмекшілерім керек. Кім біледі менің көмекшілерімді? (оқушылар атайды) Енді мына заттармен дос бол, — деп, Қарабайға сабын, сүлгі, тарақ ұсынады.

Қарабай: — Кір болып жүру шынында да ұят екен. Мен жуынып, тап-таза болып, сіздермен саяхатқа барамын.

М: — Дұп-дұрыс-ақ. Жүгір, жуын.

Ән «Кір қуыршақ»

М: — Ал, енді дайын болсақ, аспан әлеміне бет алайық. (Интерактивті тақтадан слайдтар қарап, тамашалау)

1,2,3,4,5               5,4,3,2,1,   Ұштық.

  1. «Жаман әдеттер» планетасы

«Жаман әдет» планетасының тұрғыны:

  • Ха-ха-ха. Мынау келген кімдер? Әй, сендер неге тап-тазасыңдар? Мына парта неге сызылмаған? Біздің елде қалыңдар. Мен сендерге парта сызуды, рогатка жасауды, құс атуды, көршінің бақшасын бұзуды үйретемін.

М: — Қаламыз ба, балалар?  (жауап)

  • Неге? (Балалардың жауаптарын тыңдау)

«Жаман әдет» планетасының тұрғыны:

  • Жарайды. Менің сауалдарымды орындасаңдар жіберемін. Әйтпесе қаласыңдар.
  • Тырнақ өскен, шашы көптен алынбапты. Рахат-ай! Ол кім? (балалардың жауаптары)
  • Ондаша менімен кім күш сынасады? Келіңдер.
  • Ой,ой,ой! Қолымды ауырттың ғой! Тез кетіңдер, менің елімнен. Мен сендермен дос болмаймын!

Музыка ойнап, аспан слайды көрсетіледі.

  1. «Зиянды заттар» планетасы.

М: — Қане, балалар, қай планетаға келдік екен, суретке қарайықшы (суретте темекі).

(Кеудесіне темекі суретін ілген, темекіні бейнелейтін бала алға шығады)

Темекі: — Балалар, мені танисыңдар ма? Менің пайдам өте көп. Мені тек «крутой» балалар ұстайды. Мен тек тәртіпсіз, тентек балалармен дос боламын. Ал, менімен кім дос болғысы келеді? (Балалардың жауабын тыңдау)

М: — Балалар, мультфильм қарауды ұнатамыз ба? Ендеше «Ну, погоди» мультфильмінен үзінді қарап жіберейік.

Мультфильмнен үзінді қарап, талдау.

-Қасқырға не болды?

-Неге ол сондай жағдайға ұшырады?

-Өздеріңнің темекіге көзқарастарың қандай?

-Үйде темекі тартатын адам бар ма?т.б.

  1. «Спортландия» планетасы

(Бір қыз бала спорттық трико киіп шығады)

Ханша: — Қош келдіңіздер, балалар! Мен Спортландия елінің ханшасымын. Біздің елдің адамдары спортпен айналысқандықтан ұзақ өмір сүреді және денсаулықтары жақсы. Ал сіздер спортты жақсы көресіздер ме? (жауаптарын тыңдау)

  • Өте жақсы, енді менің келесі сұрақтарыма жауап бере аласыңдар ма екен?
  • Қазақтың ұлттық ойындарын атап бер.
  • Спорттың қандай түрлерін білесіңдер?
  • Қандай спорт құрал-жабдықтарын білесіңдер?
  • Ақтөбе футбол клубы қалай аталады№
  • Қандай спорттық жаттығулар білесіздер?(әр бала 1 жаттығудан көрсетеді)

Ханша: — Өте жақсы спортпен дос балалар екенсіңдер. Менімен кездескілерің келе ме? Олай болса, күнде ертеңгілік жаттығулар жасаңдар, денелеріңді таза ұстап, спортпен шұғылданыңдар. Мен әркез сендердің қастарыңнан табыламын. Көріскенше қош-сау болыңыздар. (Музыка ойнайды)

М: — 1,2,3,4,5      5,4,3,2,1,  Балалар, міне біз класымызға қайтып келдік. Саяхат ұнады ма? Сіздерге ең ұнағаны қай планета? Несімен ұнады? «Денсаулық планетасы» қай планета екен? «Денсаулық планетасында» тұру үшін нелермен дос болып, нелерден аулақ болу керек? (Әр сұраққа балалар өз жауап-пікірлерін айтады)

  • Ал, енді балалар, ортаға шығып, денсаулық туралы, салауаттылық туралы үйренген өлеңдерімізді оқып берейік.

1.Денсаулық ол – шыныққан,        2.Денсаулық ол – күлуің,

Барлық денең мүшесі.                      Көңіл-күйің жадырай.

Денсаулық ол – тыныққан,              Денсаулық ол – жүруің,

Жүйке тамыр жүйесі.                       Ешбір жерің ауырмай.

3.Жақсы бала құлақ сап,                 4.Жақсы бала ол анық,

Айытқаныңды ұғады.                      Істемейді шалалық.

Төсегінен тұра сап,                          Тап-таза боп жуынып,

Таза ауаға шығады.                          Алады өзі таранып.

6.Темекіден түтін сорсаң улайсың,

Өзіңді-өзің жіпсіз байлап, шырмайсың.

7.Есірткіге жолама,      8.Тозар бала ішімдікке үйір,

Жетелейді молаға.         Болар бала кісілікке үйір.

М: — Балалар, денсаулық туралы мақалдарды оқып, олардың мағынасын түсініп көрейікші. (Слайдтарда жазылған мақалдарды бір-бірден оқып, мағынасын түсіндіру)

  • Денің сау болса, жарлымын деме.    *Бірінші байлық – денсаулық.
  • Тазалық – денсаулық кепілі.
  • Көзің ауырса, қолыңды тый,

Ішің ауырса, аузыңды тый.                 *Тәні саудың, жаны сау.

  • Аурудың жақсысы жоқ,

Дәрінің тәттісі жоқ.

  • Ауырып ем іздегенше,

Ауырмайтын жол ізде.

М: — Ал, қазір жұмбақтар шешейік. Бұл жұмбақтар да денсаулыққа қатысты. (Мұғалім жұмбақтар оқып, оқушылар оларды шешеді)

М: — Рахмет, балалар! Денсаулық туралы көп өлең, мақал, жұмбақтар білесіңдер екен. Мына жұмбақтың да шешуін тауып беріңдерші.

  • Тіс ауырса, іш ауырса саған дәрі береді.

Балаға да, анаға да мейірімін төгеді. Ол кім?

  • Дәрігер.
  • Келесі сөзді мектебіміздің медбикесі Ләззат апайға береміз. (Медбике денсаулықты сақтау жолдары туралы айтады)

ІІІ. Қорытындылау.

Ортаға оқушылар шығып өз тілектерін айтады.

  • Дендерің сау болсын!
  • Ауырмаңыз!
  • Ренжімей, тек қуанайық!
  • Темекі тартпаңдар!
  • Жуынып, таза жүрейік!
  • Ата-анамыз, ұстазымыз, — Жиырма бірінші ғасырда,

Бір тілек айтарымыз:                          Ашық аспан астында.

Берекелі заман болсын,                Денсаулықтарың мықты болсын

Балаларың аман болсын!              Жанұяларың қуанышқа толсын!