Қ.И. Сәтбаев «Тұманды Альбион» елінде
Қ.И. Сәтбаев «Тұманды Альбион» елінде
Назгүл Ахметова
Қ.И.Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің
ағылшын тілі пәні мұғалімі
Өткен жылдың қыркүйек айында мектебіміздің ашылғанына 10 жыл толды. Мектебіміз Қ.И.Сәтбаев есімімен аталғандықтан оқу-тәрбие жұмысы ұлы тұлға мұрасымен ұштастырыла жүргізіледі. Жылма-жыл сәуір айының 12 жұлдызы Қ.И.Сәтбаевқа арналады. Ғалымның өмірбаяны жайында ғылыми-практикалық конференция өтіп, 5 сынып оқушылары «Болашақ» оқушылар ұйымына қабылданады. Осындай мақсатта өткен іс-шараның бірін ағылшын тілі мұғалімдерінің назарына ұсынып отырмын.
Мақсаты: Қазақ халқының ұлы перзенті, ғасырымыздың көрнекті ғалым- геологы, қазақтың алғашқы кен инженері, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш Президенті Қ.И.Сәтбаевтың Лондонға сапары туралы әңгімелеу.
Тәрбиелік мәні: Шығыс аспанындағы жарық жұлдыздай сәулесін молынан шашқан ғұлама ғалым, кемеңгер ақыл-ой иесінің өмірін ХХІ ғасыр баспалдағын аттап отырған бүгінгі ұрпақ ізбасарларына үлгі- өнеге ету.
Сабақтың әдісі: әңгіме, диалог.
Түрі: ашық сабақ.
Көрнекілігі: Қазақстан және Ұлыбритания елдерінің карталары, Ұлыбританияның көрнекі жерлері слайдтар,
Компьютер, интерактивті тақта, кітаптар.
Мұғалім: Лондонмен танысуды Кеңес елінен келген қонақтар күллі дүние жүзінің мәдениеті мен өнерінің небір асыл мұралары сақталатын Британия музейін көруден бастаған-ды.
Әсіресе өткен тарихына мұқият және өзгеше ыждағатпен қарайтын ағылшын халқының ұлттық дәстүрге беріктігі, тарихи ескерткіштерге деген ылтипаты ерекше сүйсіндірген.
1912 жылы Оңтүстік полюске жетіп, қайтар жолда мерт болған капитан Скоттың музейге қойылған жолжазбасының соңғы бетіне ержүрек саяхатшы “Осы күнделігімді әйеліме тапсыруды өтінемін” деп жазыпты да ақырғы әйеліме деген сөзді сызып “жесіріме” деп түзетіпті.
Немесе адмирал Нелсонның апат болған кемесінің Портсмут портында мүлтіксіз сақталуы, тіпті корабльді күтімде ұстайтын матростардың Наполеон Бонапарт заманын еске түсіргендей көне үлгіде киінуі көрермендерін қызықтыра түскен.
Делегацияның Қ.Сәтбаев бастаған ғалымдар тобы Оксфорд пен Кембридж университеттеріне барып қайтқан-ды. Мұнда Ньютон лабораториясы иесі күні кеше ғана қалдырып кеткендей күйде тұрғаны да аса таң қалдырған.
Қаныш Имантайұлының алуан қырлылығын дәлелі-оның қазақ халқының әдебиеті мен тарихына деген құштарлығында екені белгілі. Осында Британия музейін аралаған күні ол өзі көптен іздеп жүрген ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсонның революцияға дейін қазақ даласынан көрген-білгенін, халықтың жұмысы мен әдет-ғұрпы, табиғаты мен табиғи байлығын тәптештей жазып кеткен күнделік кітабын кездестірді. Түрлі түсті литографиялық суреттермен безендіріліп тамаша басылған осы ғажап төлтуындының көшірмесін жасатып, елге алып қайтты.
Ірі өндіріс орталықтары Ньюкасль мен Шеффильд қалаларын көру, әсіресе соңғы қаланың болат құюшы шеберлерінің өнерімен танысуы, осында сабына әрқайсысының есімдері жазылған әдемі кездік тарту етуі, осы жолы ғалымдар Уэльске барып орта ғасырдан бері көмір шығарып келе жатқан Кардиф қазанауыз алып шұңқырларды да көріп таң қалды.
Қаныш Имантайұлы бір айдан аса уақыт ішінде тұманды Альбион елінің қонаққа көрсетер мақтанышы атанған атақты орындары Гайд-парк, Ұлттық галерея, Сити мен Пикадили, Вестминстер аббатствасы, Эдинбург пен Стратфурд, Вальтер Скоттың ескерткіші, Шотландиядағы Стерлинг замогы, Мария-Стюарт тұрған сарайлар, Айрширдегі Роберт Бернс ақынның сабан шатырлы үйі, әйгілі Ковент-Гарди театры, оның корольдер ғана тыңдайтын операсы совет делегациясына есіктерін айқара ашып, ерекше ізет көрсеткен.
Таңертеңгі ас үстінде делегация мүшелеріне күндізгі программа жария етілді. Темза бойымен серуен жоспарланған екен. Ал кейбір қонақтарға дербес саяхат ұсынылады.
-Мистер Сатпаеф, сіздің тілегіңізді компания қабыл алады. Қайда баруды қош көресіз,-деп сұрады
“Жер шарының қақ жартысына жуығына талай заман иелік еткен, тіпті қанды шеңгел тырнағын қиырдағы қазақ даласына дейін батырған Британияда қонақта болып, оның минералдар көрмесін көрмей, таныспай кетуім жөн бе” деп ойлаған ғалым-геолог өздеріне жолбасшы болып жүрген үкімет адамына тілегін білдірген .
Қисыны келіп тұрған істі кейінге қалдырғысы келмей ғалым сол күні-ақ баруға ниет білдірген. Сөйтіп “Бритиш Саут Африка компани” деп аталатын кәсіпшілер қоғамы қабылдап тас ғимараттың төменгі қабатына түсті. Төрт қабырға түгел-шынылы шкафтар, бәрі де неше алуан тастар мен жыныстар үлгілеріне толы. Бағасына пұл жетпес небір асылдар, қадір-қасиетін айтып тұрғандай.
Ғалым дән риза болды. Тас көмір мен болмашы темір кендерінен өзге қазба байлыққа жұтаң аралда қаншама экспонаттар мол,-деп таңданды. Байырғы геологтың кәнігі көзі залда тұрған экспонаттар сапынан Африка емес Азия, Европа, тіпті Американың да асылдарын ұшыратты.
Ортаңғы ашық тоғандағы ат басындай табиғи тұнба мыстың (самородок) қасына келген сәт еді. Мейман мұнан әрі қозғалмастан ұзағырақ тұрып қалды.
Қонақтың таңданысын өзінше түсінген жолбастаушы мынау қызғылтым хрезолит, ал оның қасындағы Амозонка агаты. Екі тас та алқызыл нұр шашып көз тартады.
-Ал мына кесек мыс-Трансваальдан әкелінген табиғи мыс. Сонда ғана ғалым:
-Мистер Билли мына экспонаттың паспортына менің шүбәм бар,-деді сыпайы езу тартып. Бұл кесек мыс қазақ даласының қазынасы. Алынған мекенін де айтайын, “Джезь-Казган” деңіз. Лондонның “Атбасар джоин-сток компани оф копи” акционерлер қоғамы қазақ даласынан бірнеше жыл кен қазған.
Компания қызметкерлері қонақтың сөзі ар-намыстарына тигенімен артық дауласқан жоқ. Ертеңгілікте отель қызметшісі кешегі компания көрмесіндегі келеңсіздік үшін кешірім өтініп экспонаттың этикеткасының ауыстырылып қойылғанын түсіндіріп, қонаққа рахмет айтуды да ұмытпапты. Әлде өтірік, әлде шын. Ал бәрінен мерейің үстем шығып ақсүйек, намысқой, білімпаз ағылшынды мойындатып тұр емес пе? Туған жердің асыл қазынасы ағылшын астанасында тұрып елінің қадір-қасиетін асқақтатып тұр емес пе?
Енді оқушылардың орындауындағы Қ.Сәтбаев бастаған шағын делегацияның Англияның бұрынғы премьері, ол кезде оппозицияға шыққан дипломатияның ежелгі сырттаны Уинстон Черчилльде қонақта болуынан көріністі қараңыздар.
(У.Черчиль рөлінде-Ералиев Ғалимат, Қ.Сәтбаев рөлінде-Бақытжанов Азат, аудармашы-Тасқалиева Анель және делегация мүшелері)
Черчилль: I cannot define your nationality?
Аудармашы: Черчилль мырза сіздің ұлтыңызды айыра алмай тұр.
Сәтбаев: Қазақ деңіз.
Аудармашы: Kazakh.
Черчилль: Kazak? Do Kazak people look like you? I am surprised. I am very surprised.
Аудармашы: Қазақ?..Қазақтардың келбеті сіздей ме еді?!Таңмын.Тіпті де таңмын.
Сәтбаев: Ғапу етіңіз, сэр. Сіз мені казак-орыстарға балап тұрсыз. Ал мен көшпелілердің ұрпағымын, қазірде Қазақстан атанатын.
Аудармашы: Excuse me, sir. You confuse me to kazak-russians. I am the descendant of nomads, and now my country is called Kazakhstan.
Черчилль: Isn’t it? And do all Kazakh people as tall as you?
Аудармашы:Солай ма?!Сонда барлық қазақтар нақ сіздей алып тұлғалы, әрі бойшаң жаралған ба?
Сәтбаев:О, жоқ, Черчилль мырза, халқым менен әлдеқайда биік!
Аудармашы: Оh, no, mister Cherchel, my people are taller than me!
Черчилль: I am very surprised! My people consider me as the expert on Russia, and you see I know nothing about people, which is 11 times larger than Albion. It turns out the statement was not justified that Englishmen occupy all globe.
Аудармашы: Таңмын. Отандастарым мені Ресейдің білгірі деп ойлайды, ал мен, көріп тұрсыз, жер ауданы біздің Альбион елінің аумағын он бір мәрте орап алатын халық жайында еш нәрсе білмейтін болып шықтым. Демек, ағылшындар жер шарын түгел жайлады деген сөз де бекер!..
Қаныш Имантайұлының Англияға жасаған құрметті ғалым ретіндегі сапарын кейінгі ұрпақтары жалғастырды. Күні бүгін Альбион елімен Қазақстанның арасында достық — дипломатиялық әр түрлі байланыс мол.
Елбасы Н.Назарбаевтың Англияға барған сапарында сол елдің бұрынғы премьері Тони Блэрдің қазақ елінің салт-дәстүрін сақтап, құрметпен елбасынан кішкентай сәбиіне бата алуы, елімізді тануы, өркениетті елдер қатарына қосуы деп түсінеміз.
Бұл Қ.И.Сәтбаевтың “Менің халқым менен де биік” деген асыл сөзін дәлелдей түседі.